Өмір I

 

Қыс – тоңазытқыш сияқты…

Жаз – тоң арытқыш сияқты…

Күз – тоңазытқыштау сияқты…

Көк – тоң арытқыштау сияқты…

 

Секунд – өте баяу сияқты…

Минут – қаражаяу сияқты…

Сағат – өте сырдаң сияқты…

Уақыт – өте жылдам сияқты…

 

Жүрек – мейірімді сияқты…

Бауыр – мейірімсіз сияқты…

Сана – аңғал-саңғал сияқты…

Ақыл – кірер-шығар сияқты…

 

Қатын – мәңгі өмірлік сияқты…

Сұлу – бәңгі өмірлік сияқты…

Ару – бақытты әйел сияқты…

Тоқал – екінші әйел сияқты…

 

Мезгіл – төрт түрлі сияқты…

Уақыт – үш түрлі сияқты…

Бақыт – екі түрлі сияқты…

Ал, ӨМІР – біртүрлі сияқты…

 

Өмір ІІ

 

Хайуандар – адамға айналады,

Адамдар – хайуанға айналады.

Сәбилер – сексен жылдан соң

кәріге…

Кәрілер – сәбиге айналады…

 

Жануар – көлікке айналады,

Сұлулар – бөрікке айналады.

Еріккен – бір айналады,

Айналса, шыр айналады…

 

Аналар – қызға айналады,

Қыз деген – мұзға айналады,

Әкелер – жігітке айналар,

Жігіттер – құзға айналады…

 

Ақындар – пақырға айналар,

Пақырлар – ақынға айналар,

Екеуіне жылтырақ қаптап,

Екі ғасырда сатуға айналар…

 

Табиғат – маған айналар,

Ғаламшар – саған айналар,

Жер шары – ентігіп қалса,

Күн өзі жерді айналар…

 

Жыласам, қасым ойланар,

Байысам, досым ойланар,

Айналғыш дүние жайлы,

Бір минут биікте ойлансам,

Бір сағат басым айналар…

 

Көз

 

Жаным, көзіме қарашы!

Ағынан ажырап бара ма қарасы?..

Біз солай ажырап кеткенде бір күні,

Күлкілі ойларға толықсыр санасы

адамның…

 

Жараңның,

жарамның бұл күні бар ма емі?

Адам да болайық әлсіздеу хәлдегі.

Өтінем!

жо-жо-оқ өтінбеймін мен,

Еркекке өтіну – белсіздік пәрмені!..

 

Әр нені есіңе алмасаң…

бар мезгіл:

шетінен керемет, ғажайып, кербез-дүр.

Көздерің мендегі сәулені көрмесе,

Соқырлық емес бұл,

жай ғана көр кез бір…

 

жаныңда – мейірім,

Ерніңде – ұлы дәм,

Тәніңде – тазалық,

Ақындар, біз осы ғажапты жазалық!

Бірақ та ғажаппен жаралған Қыз өңі –

босанған ананың өңіндей бозарып,

қажыған…

 

Ақындар – кескінді жырлауды білгенмен,

Жанарды жырлауды білмейді!

Кім көрген?

Мөп-мөлдір көздердің мап-мамық езумен,

Жарасып кетерін кісінеп күлгеннен…

 

Мен оған ғашықпын, оған мен ғашықпын!

Көзіне ғашықпын, өзіне ғашықпын!

Сөзіне ғашықпын,

кеудесін жасырған бөзіне ғашықпын!

Шынында ғашық боп, есінен ауысқан,

Туғаннан есалаң өзіме ғашықпын!..

 

Арудың жанары, ақынның – өлеңі,

Ақынның жанары, арудың – өлеңі.

Сол қыздың көздерін жырлайын бір сөзбен:

Ол қыздың көздері барлығын көреді!..

ЖЕЛ

 Жел – 
әр түрлі жанның дауысын салады, 
Әр түрлі аңның дауысын салады.
Әр түрлі түсті көздерді жұмдырып, 
Әр түрлі діңді дүниені сындырып, 
Әр түрлі үйдің есігін қағады…

Желдің бойында ерекше кісілік 
бар екен… ешқандай көрмеген кісі ұғып.
Қарапайымдылығы соншалық… 
бір мысал:
түс қайта оянар келіннің, қояды, 
ыбырсық қаптаған ауласын сыпырып…

Жел тиген кедейдің қарыны тоқ екен, 
Жел ашқан молданың жиғаны көп екен… 
Жел сүйген сұлудың еріні шоқ екен, 
Жел тепкен шалкөде даланың добы екен… 
Жел шашқан күл-қоқыс қаланың соры екен…

Жүйткіген самалдың бар ма екен жетпесі, 
Ентіктіретін жоқ оның өкпесі. 
(Жел ұшырған жанның жоқ емес сөкпесі)
Жел ұрған әкімнің таз екен кәлласы, 
Жел ұрған “сұлудың” жоқ екен бөксесі…

 

Жел ұрса адамды – табиғи қамшылау! 
Бұл қандай қаһарлы жел екен, ғаршым-ау? 
Бұл қандай ақ жұпар жел екен алшын-ау? 
Жаны бар пенденің желі бар демей ме? 
Бұл – мендік іштегі жел екен ащылау…

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here