***
Не түрлі ой көңілімді бөледі,
Қазір бəлкім, ұйықтағаным жөн еді.
Түсініксіз түс көру де бір қызық,
Түсініксіз пендемін ғой себебі.

Кейде баққа көктем болып оралып,
Көбелектей гүлден жүрем нəр алып.
Əр əріпі махаббаттан құралған,
Маңдайымда тəтті сөздің бары анық.

Жас жаныма күмбірлеген күй сыңар,
Түн – ақынға Тəңір берген сый шығар.
Өмір, саған жырдан əтір себейін,
Ол əтірде ұлылықтың иісі бар.

Кеңдігіңе қарап көңіл жылынар,
Мені сендей, сені мендей кім ұғар?
Аспан, саған өлең оқып берейін,
Өлеңімде сағыныштың үні бар.

Жаз да жетті, төгіп бізге таң нұрын,
Адамзаттың бірдей көріп барлығын.
Бұл жаздың да кететіні белгілі,
Сары түске бояп алып тағдырын.

Сағат тілі түнгі үшке таяды,
Мазалайды мені сол бір ой əлі.
Жүрек дейді:
“Бəрі жақсы болады!”,
Түк етпейді, өмір ғой бұл баяғы…

Арайлым Мұраталиева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here