Көл бетiндегi бейне

Аспан мен жердiң арасында орналасқан сиқырлы ел бар екен. Бұл елдiң ерекшелiгi – оның тұрғындары қауырсын қанаттарын тағып, көздерiн жұмса, әп-сәттiң арасында қалаған жерлерiнен шығатын. Аспан мен жердiң арасында көшiп жүретiн ол елдiң мекен-тұрағын тауып, анықтау да қиын болатын. Себебi, оның тұрғындары бiр мезгiлде бiрнеше өлшемде өмiр сүретiн-дi. Кез-келген өлшемде өмiр сүре беретiндiктен олар дүние-мүлiк, байлық сынды фәни жалғанның алдамшы қызықтарын қажет етпейтiн. Таңғажайып, тамаша елдiң тұрғындарын қолға түсiрiп, жұмбақ сырын ашуға тырысқан кейбiр тайпалар шабуылға шыққанда олар зәулiм сарай, үйлерiн көздi ашып-жұмғанша жиып үлгiрiп, келесi өлшемге көше беретiн. Жан-жақтан тосқауыл қойып: “Уһ, қолға түсiрдiм-ау” деп демiн ендi алған жау: “Қап, бәлем” деп санын соғып қалатын. Басты байлығы Махаббат пен Сұлулық болып саналатын бұл елдi данышпан патша билейтiн. Патшаның көрген жанды ақылдан адастырар ғажайып сұлу қызы бар едi. Көркiнен күн тұтылар жас аруға жүрегiн ұсынып, құда түсушiлер легi тынбай ағылса да, патша олардың бәрiнiң бетiн қайтара беретiн. Қызы дүниеге келер түнi бабасының аруағы аян берiп, ол жер бетiнiң патшасының ұлымен – ханзадамен тұрмыс құрып, жерде өмiр сүретiнiн айтқан-ды. “Сол арқылы ғана екi әлемнiң арасындағы тепе-теңдiктi қалпына келтiре аласың” – деген-дi ол. Кезiнде патша жер бетiнiң қызына ғашық болып, алып қашып, үйленген едi. Әлемдiк тепе-теңдiктi сақтау үшiн оның орнына қызын жiберу керек екенiн, өз елiнiң еркi мен құдiретiн сол арқылы ғана сақтап қала алатынын патша сол жолы ұғып едi. Бетiнен қақпай, ерке өсiрген қызы ғаламның қай түкпiрiне жол тартса да, патша титтей де қарсылық көрсетпейтiн. Қандай қиын жағдайда қызы тапқырлықпен жол тауып, өзiне мәлiм, өзгеге беймәлiм өлшемдердiң бiрiне сiңiп, ғайып болатынына патша кәмiл сенетiн. Анасының қалауымен жер бетiнен алынған арғымаққа мiнiп, бой жазып қайтуға жиналған аруға кенет: “Жерге түсiп, сейiлдеп қайтсам қайтедi?” деген ой келдi. Айтты – бiттi. Көзiн жұмып: “Жер бетi. Жасыл жайлау. Адам аяғы баспаған қиян түкпiр” деген қыз қас-қағым сәтте қалаған жерiнде тұрды. Бұл жер бетiнiң жәннатқа бергiсiз аса көркем өңiрлерiнiң бiрi-тұғын. Сыңсыған ну орманның ортасында орналасқан алаңқайды қақ жарып, айнакөл ағып жатты. Көлдi қос қапталдан қаумалай қоршап, жұпар иiсi iшпей-жемей мас қылған алқызыл гүлдер құлпыра жайнап, көз жауын алуда. Белуардан келген көкорай шалғынға армансыз аунап, гүл толы алаңқайда көңiл көтерiп, бiраз жүрген қыз көл жағасына келiп, өз бейнесiне үңiлдi. Көл түбiнен өзiне күлiмдей қараған ай жүзiнен көзiн алмай, қыз бiраз тұрып қалды. Қыз көлдiң сиқырлы көл екенiн бiлмейтiн. Оған келiп, қараған әрбiр жанның бейнесi су бетiнде сурет болып, сақталып қалатын. Қайтуға жиналған қыз арғымақ атын таппай, табанынан таусылды. Кенет, оның есiне анасының: ”Қызым, байқа! Жер бетiне саяхатқа аттансаң, тұлпарыңнан бiржола айрыласың. Туған жерiн таныған ат бiзге қайта оралуды қаламай, амалын тауып, сонда қалады” деген сөзi түстi. Басын шайқап, жан-жағына мұңая қараған қыз сүйiктi тұлпарымен iштей хош айтысты да, өз елiне қайыра ұшып кеттi. Араға артық-кемi жоқ жыл салып, көл жағасына бүкiл әлемнiң билiгiн қолына алған құдiреттi патшаның жан дегенде жалғыз ұлы келдi. Үш жыл бұрын оның көрген жанды ғашықтық отына өртеген сұлу көркiне қызыққан ғафрит ұйқтап жатқан жерiнен ұрлап алып, жердiң қиыр шетiне, өз мекенiне алып қашқан едi. Ғафриттiң сан қырлы алдау-арбау, айласына бой алдырмаған жiгiт ақыры оның өзiн алдап соғып, тұтқынынан қашып шығып едi. Ендi ғана есiн жиып, қай бағытқа бет аларын бiлмей, төңiрегiн шолып тұрған жiгiттi көлеңкесi күндi көлегейлеген екi басты самұрық құс iлiп алып, көл жағасына әкелiп, топ еткiздi. Арасынан ине өтпейтiн ну орманға түңiле қараған ханзада тағдырына шындап налыды. Ойға батып, бiраз тұрғасын: ”Әуелi шөлiмдi қандырып, жемiс-жидек жеп алып, қалған iске сосын барып кiрiсейiн” деп шешкен жiгiт көлге келiп, үңiлген бетте өз көзiне өзi сенбей, көл бетiне қадалды да қалды. “Құдай-ау, өңiм бе бұл, түсiм бе?” Су бетiндегi жансыз бейнеге ерiксiз арбалған жiгiт жүрегi өртенiп, үш күн, үш түн ақылынан адасып, талып жатты. Есiн жиған бетте ғажайып суретке көз алмай, қайта қадалған жiгiт: ”Бұл қыз қайда жүрсе де, қай елдi мекендесе де тауып алып, тек осыған үйленемiн, – деп шештi. – Бiрақ, әуелi бұл “тұтқыннан” шығудың амалын қарастыру керек қой.” Ой тұңғиығына шомған жiгiт ту сыртынан ат тұяғының дүбiрi естiлгенде ерiксiз жалт бұрылды. Аузынан жалын шашқан суреттей сұлу арғымақ – қанатты ат тұяғымен жер тарпып, оған қадала қарап тұр едi. Ханзада өзiне бұрылған бетте пырақ басын иiп: – Армысың, қожайыным! – деп саңқ еттi. Жiгiт селт еттi: – Қожайыным?! – Иә. Мен өзiңдi бiр жылдан берi күтудемiн. Ал қазiр, арқама отыр да, жалымнан мықтап ұстан. Туған жерiңнiң топырағына табаның тиiп, ата-анаңмен қауышар күнiң жақын. Жiгiт сөзге келместен, қанатты атқа қарғып мiндi. “Құдайым-ау, бұл не ғажап?” деп қояды күбiрлеп. Әбден күдерiн үзiп, өлдiге санаған ұлдары пыраққа мiнiп оралғанда кәрi патша мен ханым өз көздерiне өздерi сенер-сенбесiн бiлмей, көкiректерiн кернеген қуаныштары лықси төгiлiп, сүйiктi ұлдарын құшақтарына қыса берсе керек. Қара жамылып, қайғы оранған сарай iшi де күлкi мен шаттыққа толып, жанданып жүре бередi. Жан дегенде жалғыз ұлы туған ұясына аман-сау оралғанына жүрегi жарыла қуанған патша алты алашқа ат шаптырып, ұлы-дүбiр той жасайды. Сонымен қатар, ұлының аяғын тұсап, өзiне лайық жар табуды армандаған әке жер-көктегi көзге түсер сұлуларды тойға арнайы шақырады. Алайда, көл бетiнде көрген таңғажайып арудың арман-бейнесiн жүрегiнде сақтаған жiгiт көрген жанды күндiз күлкi, түнде ұйқыдан айырған айтулы сұлулардың бiр де бiрiне көз қиығын салмайды. Бұны байқаған патша бiр күнi ұлын оңаша шақырып алып: – Балам, жүрегiңдi жеген уайым бар ғой? – деп сұрайды. Жiгiт жасырмастан көл бетiндегi жұмбақ сурет жайлы баяндап бередi. – Е-е-е, – деп патша қалың қабағын түйiп, ойға батады. Ендi ғана қауышып, көзайым болған сүйiктi ұлын беймәлiм, алыс сапарға аттандыруға тура келетiнiн айтқызбай ұққан данагөй қарт жолына бөгет болмай, өз бақытын табуға мүмкiндiк-мұрсат берудi ойлайды. “Алла өзi сақтар” деп шешедi ол. Мүлгiген қалың ойдан басын көтерген патша: – Кiндiк шешеңе барып, сәлем бермедiң ғой, – дейдi оған қуақылана қарап. – Маған келсек… Ал, балам, алақаныңды жай. Бердiм батамды! Қуанышы қойнына сыймаған жiгiт алақанын жайып, тiзерлеп отыра қалады. Әкесiнен бата алған бетте ол анасының алдынан өтiп, қанатты атқа отырып, ел шетiне жол тартады. Айлық жердi қас-қағымда алатын қанатты ат көздi ашып-жұмғанша алты қанат ақ боз үйдiң алдында тұрды. Тысқа шығып, көзiн күннен көлегейлеп, құбыла жаққа зер сала қараған кейуана кiндiк баласын көрген бетте: – Өзiм де сенi келедi-ау деп жол тосып тұр едiм, – дейдi оған, құшағын жайып. – Кешiр, апа. Ертерек келе алмадым, – дейдi ханзада, кейуананы құшағына қысып. – Оқасы жоқ, балам. Демалып, тынығып ал. Сосын… сенi ұзақ жол күтуде ғой. – Апа, сiз менiң… – Иә, балам. Көл бетiнен көрген жұмбақ суреттiң сыры мәлiм маған. Сәл демалып, жүрек жалғағасын кiндiк шешесi ханзадаға күмiс жүзiк ұсынып: – Бұл жүзiктi саусағыңа салсаң болды; сол сәтте сүйгенiңнiң алдында тұрасың. Есiңде болсын: оның анасы – менiң туған сiңлiм. Осы жүзiк арқылы ол сенi сөзсiз тануға тиiс, – дейдi. – Сақ бол. Сәтсiздiкке ұшырасаң, бөгелмей, бiрден маған келгейсiң. Ал, жолың болсын, – деп кiндiк баласын сапарға аттандырады. Кейуананың айтқанын айнытпай орындаған жiгiт көзiн ашқанда өңi түгiл түсiнде көрмеген таңғажайып тамаша сарайда тұрғанын көрiп, өз көзiне өзi сенбейдi. Қарсы алдында ай мен күндей жарқырап, сүйген қызы тұр едi. Оған көзi түсуi мұң, асықтықтың өртiне күйiп-жанған мәжнүн бар әлемдi ұмытып, есiнен танып, құлап түседi. Есiн жиған бетте жан-жағына көз салған жiгiт өзiне таңдана үңiлген патша мен патшайымды көрiп, қолын кеудесiне қойып, басын иiп, сәлем бередi. Осы сәтте оның саусағындағы күмiс жүзiкке көзi түскен ханым ерiксiз алға ұмсынып: – Бәсе, бұл – жердiң адамы. Және жай адам емес, жер бетiндегi ең ұлы, ең әйгiлi патшаның мұрагерi, – дейдi. – Ал, менiң апамның жүзiгi сенде қайдан жүр? – Ол – менiң кiндiк шешем, – дейдi ханзада, iркiлмей жауап қатып. – Сiзге сәлем айтуда. Мән-жайға қанығып, ханзадамен танысқасын патша: – М-м-м, – дейдi ойға батып. – Қызымның маңдайына жазылған жер бетiнiң ханзадасы осы болғаны ғой. Қанатты аттың бұны бiр жыл бойы күтуi – тегiн емес. Әрi бабам берген аянда: ”Күйеу балаңның қолында күмiс жүзiк болады” деп едi ғой. Қыз жiгiттi көргенде бар әлемдi ұмытып, жүрегiнде махаббат оты тұтанған-ды. Екi жастың бiр-бiрiмен тiлсiз ұғысып, табысқандарын бiрден сезген данышпан патша сөзге келмей, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қос ғашықты қосып, жер бетiне шығарып салады. Ханзада оларға жер бетiне жеткесiн көп кешiкпей тойға шақырып, ата-анасымен таныстыруға уәде берiп, жан жарымен бiрге атқа қонады. Көршi елдердiң бiрiнде ғұмырын тек зұлымдық пен қастандыққа арнаған Қумүйiз атты сиқыршы бар едi. Қумүйiз атанған себебi, оның жалтыраған тақыр басының қақ төбесiнде қуарған жалғыз мүйiз өсiп тұратын. Оның бар күш-қуаты сол мүйiзде-тұғын. Қумүйiз сиқыршы аспан мен жер арасында өмiр сүретiн көшпелi елдiң айдай әлемге атағы жайылған ару қызына өлердей ғашық едi. Жылдар бойы тер төгiп, қызды қолға түсiрудiң амалын таппай, дiңкесi құрыған сиқыршы күндердiң бiр күнiнде оның жер бетiнiң ханзадасына тұрмысқа шығып, соның елiне аттанғалы жатқанын бiлiп, қыз бен жiгiттiң жолына тосқауыл қойып, аңдуға кiрiседi. Қыздың ата-анасымен хош айтысып, жер бетiне жол тартқан қос ғашық бұл әлемдегi ең бақытты жандар едi. Ел шетiне ендi iлiгiп, күмiс жүзiктi саусағына сала берген жiгiт сүйгенiнiң кенет сағымға айналып, бұлдырап, ерiп бара жатқанын көрiп, ақылынан адаса жаздайды. Ойы сан-саққа жүгiрiп, қайғының қалың тұманына батқан жiгiттiң есiне кiндiк шешесiнiң: ”Сәтсiздiкке ұшырасаң, бөгелмей, маған келгейсiң”, – деген сөзi түсiп, кiндiк шешесiнiң үйiне бет алады. Салы суға кеткен ханзаданы көрген бетте бар жәйттi айтқызбай ұққан кейуана сиқырлы айнаны алып, әлдене деп күбiрлеп, дем салуға кiрiседi. – Сүйгенiң Қумүйiз сиқыршының қолына түсiптi, – дейдi ол, сәлден кейiн. – Оның көзiн бiржола құртпай тұрып, жан жарыңмен табысу мүмкiн емес. – Осыны айтып, ол жiгiтке алтын жүзiк пен көрiнбейтiн жамылғы берiп, ғашығының бейнесiн алғаш көрген көлге барып, бiр құты су алу керектiгiн айтады. – Суды алғасын көрiнбейтiн жамылғыны жамылып, саусағыңа күмiс жүзiктi салып, көзiңдi жұмғайсың. Көзiңдi ашқан бетте алдыңда өрiм-өрiм жыртық шапанға оранған қайыршы тұрар. Қумүйiз сиқыршы – сол. Сен сүйгенiңдi iздеп келерiңдi бiлiп, қапыда бас салып, сиқырлап алайын деп әдейi аңдып жүр. Төбесiндегi мүйiзi жыбырлап, сиқыршыға белгi бергенде құтыдағы суды шашып жiбергейсiң. Әйтпесе, күнiң қараң. Мүйiзi арқылы ол сенi көрiнбейтiн жамылғыдан да танып, тауып, сиқырлап үлгiредi. Қумүйiз сиқыршыдан құтылар жалғыз жол осы. Қумүйiздiң елiнде оның сиқырының құрбандығына айналған адамдар көп. Сиқыршының көзi жойылған бетте олардың бәрi адам бейнесiне қайта енедi. Алайда, жан жарыңды олардың арасынан табамын деп үмiттенбе. Жауыз сиқыршы оны сарайының астынан қырық қабат құдық қаздырып, ақ сазанға айналдырып, сол құдықтың түбiнде сақтауда. Ол жерге қанатты атың бара алмайды. Дереу алтын жүзiктi алып, саусағыңа салып, көзiңдi жұм. Сол сәтте сазан балықтың жанында тұрарсың. Сүйгенiң – сол. Алтын жүзiк денесiне тиген бетте ол бiрден өз бейнесiне енедi. Қатты қысып, құшақтап ал да, көзiңдi жұм. Көзiңдi ашқанда Қумүйiз сиқыршының сарайының алдында тұрарсың, – деп кiндiк шешесi сәт-сапар тiлеп, ханзадамен хош айтысады. Кiндiк шешесiнiң бар айтқанын бұлжытпай орындаған жiгiт Қумүйiз сиқыршыға құтыдағы суды шашып жiбергенде ол шыбын-шiркей, құрт-құмырсқаға айналып, әп-сәтте көзден ғайып болады. Сүйгенiне асыққан жiгiт алды-артына қарайламай, алтын жүзiктi саусағына салып, көзiн жұмады. Көзiн ашқанда ол, айтқандай-ақ, құдық түбiнде, өзiне жалынышты жүзбен жәудiрей қараған аппақ сазан балықтың жанында тұр едi. Балыққа алтын жүзiктi тигiзген бетте ол өзiнiң ғашығына – жан жарына айналады. Бар әлемдi ұмытып, бiр-бiрiне айқара құшақ жайған екi жас көздi ашып-жұмғанша Қумүйiз сиқыршының сарайының алдында тұрады. Сарай алдындағы алаң қаптаған қарақұрым халыққа толы едi. Құмырсқаның илеуiндей гулеген топтың арасынан сақалы омырауын жапқан салиқалы адам суырылып шығып: – Бiз – осы елдiң байырғы тұрғындарымыз. Жер астынан жiк боп шығып, екi құлағы тiк боп шыққан Қумүйiз сиқыршы қаланың қақ ортасын ойып, өзiне сарай салдырып, дүйiм елдi түп-тұқиянымен, тайлы-таяғын қалдырмай құртуды мақсат етiп, бәрiмiздi бiрдей сиқырлап, жан-жануар, хайуанаттарға, өсiмдiк, тастарға айналдырып жiберiп едi. Басымызға төнген қара бұлтты сейiлтiп, жауыз сиқыршыдан құтқарған сiздерге айтар алғысымыз шексiз. Ел билiгiн қолдарыңызға алып, патша тағына отыруларыңызды өтiнемiз, – дейдi. Ол сөзiн аяқтаған бетте алаңға жиналған халық қоғадай жапырылып, бастарын жерге жеткiзе иiп, топ бастаушының сөзiн бiрауыздан қостайтындарын бiлдiредi. – Ниеттерiңiзге, сенiмдерiңiзге ризамыз, – дейдi жiгiт, сүйгенiмен ақылдасып. – Өкiнiшке қарай, тiлектерiңiздi қабылдай алмаймыз. Алыста екi көзi төрт болып күтiп отырған ата-анамыз, елiмiз бен жерiмiз бар. Қарсы болмасаңыздар, араларыңыздан ел сенiмiн арқалай алатын бiр адамды патша етiп, сайлап кетсек қайтедi? – Таңдау еркiн сiздерге бердiк, – дейдi халық. Жiгiт алтын жүзiктi қолына алып, алдындағы топқа бағыттағанда ол топ бастаушыны нұсқайды. Ол, расында, елдiң ең сыйлы адамдарының бiрi едi. Қуанышы қойнына сыймаған халық оны төбесiне көтерiп әкетедi. Жаңа патшаны таққа отырғызып, көл-көсiр сый-сияпатқа бөленген қыз бен жiгiт араға бiрер күн салып, қанатты атқа отырып, өз елдерiне бет алады. Сарайға енген бетте өз ата-анасының қалыңдығының ата-анасымен бiрге отырғанын көрген жiгiт тiл-ауыздан айрыла жаздайды. Қыздың анасы өзiнiң кiндiк шешесiмен алаңсыз әңгiме-дүкен құруда едi. – Жер бетiн, бiздiң елдi қалай тауып келдiңiздер? – деген оның сауалына қайын атасы күлiп: – Қарағым-ау, бiз үшiн арақашықтық, уақыт жоқ қой. Әлем кеңiстiгiнiң әр түкпiрi – өз үйiмiз. Қалаған сәтте кез-келген жерден шыға беремiз, – дейдi. Ой, ұлан-асыр той басталып бердi дейсiң. Аспан мен жер арасындағы сиқырлы ел мен жер бетiнiң тұрғындары бiрiккен бұл тойға жиналған жанның көпшiлiгi соншалық, күннiң көзiн тұтылдыра жаздапты. Қанатты атқа мiнiп, алтын, күмiс жүзiктердi саусақтарына салып, аспан мен жер арасын емiн-еркiн шарлаған ханзада мен ханша жүрген жерлерiне мейiрiм-шапағат шашып, барша армандарына жетсе керек.

Айнаш Мәукен


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here