Қазақтың қазақтығы

 

 Бүгінгі саясат бөлек. Барлық халықтар ұлт ретінде өз ерекшеліктерін танып, басқаларға жұтылып кетпес үшін, айнала қарап, дербес саясат құруға көшті. Біз де сөйттік. Бірақ көп нәрсені ылғи шеттен аламыз. Өзіміздің ел болу тарихымызды ұмытып қалғамыз. Өз тарихымыздың ерекшеліктерін ескере бермейміз. Бізді көбінесе орыстанған қазақтар басқарып, орысқа жалтақтап заңымыз да, тұрмысымыз да, тіршілігіміз де адам танымастай өзгерген.

Енді баяғы қазақ күйімізге қайта көшпесек уақыт талабына сай бола алмай артта қаламыз. Бұл рухани ғана емес тарихи мәселе. Баяғы қазақ дегенде алаш қайраткерлері айтқан, Абай, Әл-Фараби сомдаған ел басқаратын адамдары бар, білімі күшті, өзінің дербес экономикасы бар елге айналуымыз қажет.

 

Қазақтың ұлттық сана-сезімі мен мінез құлқының бұзылуына себеп көп. Оның бірі саясат. Бізде кеңестік саясат барлық ұлттар тең дегенді сөз жүзінде  айтып, орыстан өзге кіші халықтардың бәріне орыстандыру саясатын әккілікпен жүргізді. Мұны алаш қайраткерлері «кеңестік колонизаторлық саясат» деп атады. Қазақтың жерін, суын алып өзін қу далаға көшіріп, оған келімсектерді қонықтандыру бертінге дейін жүрді. Қазақта тарих болмаған, кеңестік кезде ғана мәдениет келді деген де бертінге дейінгі саясаттың басты ұстанымы қылды.

Арғы тарихымыз айтылмады. Алаш қайраткерлеріне тыйым салынды. Бұның арғы жағында компартияның халықтар теңдігі, жаңа советтік ұлт жасау саясаты тұрды. Қазіргі өз тілін ұмытқан орыстанған оқығандар осы саясаттың құрбандары. Олар ұзақ уақыт алғы шепте, халықты бастайтын ұрандарды айтып жүрді. Бұл жалған ұрандарды қазіргі уақыт қажет етпейді. Енді осы орысшыл қазақтар тіл үйреніп, жалған намысты қойып қайта қазақтық қалпына келуі керек. Егер өйте алмаса бұрынғы саясатты айтып, соны жүргіземін деп елдің басын қатырмауы керек.

 

Елді кеңестендіру саясатының құрбанына қараша халық қана емес оның оқыған, есті деген басты адамдары да айналды. Ақын-жазушылар партияның саясатына құлақ асты. Көнбегендері қуғандалды. 1934 жылы Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков абақтыдан босап, кеңестік жүйеден кешірім сұрап ашық хат жазған. Сол хатты оқығанда шетелде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай «Бейшара Ғалымхан мен Мұқтар еш жазығы болмаса да кеңес үкіметінің алдында кешірім сұрап хат жазды» деп кеңестік әділетсіз жүйенің аярлық қылықтарын әшкерелеген.

1927 жылдардан басталған саяси террор қазақтың ең асыл ұлдарын түгелге жуық Сталиндік лагерлерге қамады. Айдауға, түрмелерге салды. Бұл қорқынышты хал қазақ халқын есеңгіретіп қана қойған жоқ, оны ұзақ уақыт ұлттық ерекшелігі туралы айта алмайтын, жай ғана айдағанға жүретін, айтқанды істейтін рухани өмірсіз тобыр болып өмір сүруге мәжбүрледі. Бірақ тумысынан талантты халықты бұл да жасыта алған жоқ. Қайта туған ұрпақ өкілдері өзінің тамырын іздеуден тынбады.

 

Осы тарихтың бәрі қазақтың қазақтығы үшін күрес еді. Әрбір саясатты жүргізгенде ұлт зиялылары екіге жарылып отырды. Бірінші жоғарыдан түскен партия ұрындарын бұлжытпай орындаушылар да, екіншісі осы ұранның астарында не тұрғанын сезіп, оны ұлттық ерекшеліктерге, жергілікті халықтың ұғымына сәйкестеп атқарушылар. Немесе, ұлтқа қарсы саясатты мүлде қолдамау саясаты. Ұлт зиялылары өстіп партия саясатын қолдамай оның қателігін әшкерелегені үшін «халық жаулары» атанды.

Өз ойларынан жазаға ұшыраса да бас тартқан жоқ. Маркстік-лениндік теориямен уланбады. Олардың осындай ұстанымы үшін елден аластап, мүлде көзін жоғалту саясаты ресейде «қызыл террор» деп аталды. Мұны ресей тарихшылары орыс зиялылары жеріне жеткізе әдебиетте суреттей алды. Бірақ қазақ оқығандары әлі күнге кеңестік саясаттың осындай қате ұстаным, қасіретті беттері төңірегінде көп нәрсені ашып, тарихи тұрғыдан дәлелдеп, көркемдік жағынан айқын көрсетуге шорқақ болып келеміз.  

 

Біздің әдебиетте кеңестік тарихты аттап, одан бұрынғы дәуірді жазу бар. Бұл жазушылардың әлі де дайындығы жетпей жатқанын, әдебиетіміздің үлкен тақырыптарды қозғағанда қимылын үдету орнына шабандап, өндіріп қызмет ете алмай жүргенін көрсетеді. Қазақ репрессияға ұшырамаған сияқты. Шетелге қашқан қазақтар туралы да көп айтылып келеді. Оны жазуға көбінесе шетелдегі қазақ жазушылары белсенді түрде еңбектенуде. Ал, өз ішімізде болған кеңестік өзгерістерді жазған көрнекті шығармаларды айта бастасақ санаулы ғана.

 

Кейінгі отыз жылғы тарихымыз да қиындықтарға толы. Әдебиетке көңіл бөлу орнына оны саясаттан тысқары, рухани өмірге көп жақындатпай тек адамды ойландырмайын даңғаза кино, шындыққа жанаса бермейтін театр, өмірден алшақтап кеткен суы көп еліктеуші кітаптарды шығару арқылы бос орынды толтырып келеміз. Отыз жылда қазаққа мұсылмандықтың оралуы, діни сауатының жақсаруы рухани күш беріп келеді. Өз дініне әуелден берік болған халқымыздың арасында бірен-саран жат діндерге әуестенудің шығуы бұл да кеңестік жалған саясаттың кезіндегі дінсіз атеистік қоғамнан қалған ескі сарқыншақ тәрізді қылықтар.

 

Біздің әдебиетте ғана емес ғылымда да кеңестік жүйенің ескіліктері толып жүр. Мектептен бастап оқулықтар баяу жаңаруда. Ғалымдар ылғи ескірген, саясиланған, әлеуметтенген кеңестік жүйе оқулықтарын әлі күнге қолданып жүр. Қазақ ұлтына ештеңе бермейтін батыстың бірдеңелерін әкеліп аударып, елдің миын ашытып жүрген «әсіре жаңалықшыл» әдебиешілер баспасөз бетін бермейді. Әдеби сынымыздың күйі де осы айтылғанның ар жақ бер жағында.

Біздегі қоғамдық ұйымдар, тиісті мекемелер халқымыздың қазіргі мәдени-рухани, ағарту саласындағы даму барысына шынайы жанашырлық көңілмен, осы саладағы ең білімді кадрларды жұмылдыра әрекет ететін жаңаша іс-қимылдың келешек ұрпақ үшін керек боп тұрғаны анық.

 

 

                                                                                                        17.09.2019

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here