Әңгімедегі әрекетсіз мәселе

 

Қазіргі әдебиеттегі ең бір өзекті нәрсе кейіпкер мәселесі. Көп-көрім мазмұны бар, қат-қабат оқиғалар суреттелетін көлемді әңгімелерді оқып шыққан соң оның ішіндегі кейіпкердің әрекетіне қарап ойланып қаласыз. Бұл қандай адам деген сұрақ туады. Осындай адам бүгінгі қоғамда бар ма екен, бар болса мына айтып отырған жағдайда ол өзінің характерін қалай көрсеткен болар еді. Жалпы осы әңгімелерде адам характерінің жоғалып бара жатуы, әлсіз көрсетілуі, бірінен-бірі аумай суреттеліп жүруі сыншыларды, оқушыны алаңдатпай ма екен деп ойлайсыз. Біздің ғалымдарымыз қазіргі заман кейіпкерлерін сырлап, боямалап, көтеріп пәленше жазушының романындағы адам образы деп жазып та жатады.

Қазіргі заман адамын, оның қилы әрекеттерін әдебиеттен көргенде соған көңіліміз тоғая ма, олардың бұрынғы заман әдебиетіндегі кейіпкерлерден қандай ерекшеліктері бар екен деген сұраққа жауап табу қиын. Иә, бізде әдебиет те, әңгіме де, кейіпкер де жетерлік. Бірақ соны саралап, талдап, оқушыға айтып жағы кемшін сияқтанады.

Қазақ әдебиетінде әңгіме жазбайтын жазушы кем де кем. Олай болса осы шағын жанрдың жұлдызы жанып, ілгерілеп-ақ кетуі керек еді. Бірақ аңдап, барлап қарайтын болсақ сол топырлап шығып жатқан әңгімелердің ішінде әдебиет шартына толатын, оқырман көңілінен шығатын, осы кейінгі жылдың табысы-ау дейтін әңгімелерді тауып айтуға мойнымыз бұрыла бермейді. Біздегінің бәрі жақсы дегіміз келеді. Жаманынан жақсысын айыра алмай пұшаймын боламыз.

Барымызды бар дегеннен ешкім олқы болмайды. Қазіргі М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Т.Әбдік, Т.Нұрмағамбет сияқты алдыңғы лек жазып жүрген көркем әңгімелердің кейінгіге әсері мол. Оларда бұрынғы әдебиеттің дәстүрлі жолы жақсы сақталған. Сомдаған кейіпкерлері мен суреттеген оқиғалары ойда қаларлық дүниелер алдыңғы лек қаламгерлерде баршылық. Мұндағы басты тақырыптар да көрініп тұрады. Қоғамдағы адамгершілік, ата салт, ұрпақ келешегі, елдің жағдайы бірінші орында тұр. Көркемдік қуаты жағынан да бұған дейінгі әдебиеттегі ең озық жақсы туындылармен сабақтасып, соларды толықтырып, байытып жатады.

Өткен әдебиетімізді 1960-70-ші, одан бері 80-90-жылдар әдебиеті деп  қарайтын болсақ соңғысынан бұрынғы жылдарға қарағанда бірталай өзгешеліктерді байқаймыз. 1960-70-жылдары ұлттық дәстүрге, ата тарихқа көп көңіл бөлген жазушыларымыздың бұл жолын 1980-90 жылдардағы буындар өздерінше жалғастырмақ болып бірталай еңбектенгені байқалады. Бірақ олардың өмір сүрген ортасы, сол дәуірдегі кеңестік саясаттың өзгешеліктері бұған мойын бұрғызбады.

Алдыңғы лектен кейінгі Т.Әбдік, С.Елубай, Д.Исабек, Т.Нұрмағанбет, С.Сматаев, Б.Нұржеке сияқты жазушылардан соң әдебиетке келген ұрпақ өкілдері көркем әдебиетте өзінің кіші бауыры журналистикамен тамырласып, күнделікті саясат ықпалында кеткен тұсында қызмет еткен қаламгерлердің бүгінде атын білсек те оқырманға берген бірен-саран болмаса ірі еңбектерін есімізге түсіре алмай қиналамыз. Көркемдік құбылыс боларлық сүйекті шығармалар азайды. Әдебиет тоқырады деп жар салатын кез осы еді.

Содан бергі отыз жыл өтті. Көптеген шығармалар жазылды. Проза жанрының алдында барлаушы сияқты әр түрлі тақырыптарды жазуға ыңғайлы саналатын әңгімеге де мазмұны, тұрпаты, оған қойылатын шарттары жағынан түрлі талаптарға мойын бұрып бақты.

Көркем әңгіме былай жазылуы керек деп әркім өзінің көзқарасын айтып жүргеннен әдебиет дамымайды. Әдебиетке тұғыр болатын әр кезеңде туған талантты туындылар кейінгі ұрпақ өкілдеріне үлгі болады. Бұл уақыттың үйрететін оқуы.

Қазіргі әдеби сын жарық көріп жатқан әңгімелерге композициясы мынадай екен, кейіпкері оқырман көңіліне толарлық емес, пәлендей олқылықтары бар деп талап қойып жатқан жоқ. Сол себепті де әркім білгенін жазып, өзінше еңбектеніп жүрген уақыттағы шығып жатқан кітап арасынан мынау әңгіме оқырманға керек-ау деп бөліп алып іздеп жүрген әдебиет сұраушысы болуға, жұрт талғамымын таласқа түсіп жақсыны жаманынан айырып алуға, мынау өнер бұйымын қадірлейік дейтіндей сөз айтуға батылдық қылатындар сиреді.

Қалай айтсақ та бүгінгі оқырманға да осы жауапкершіліктің бір ұшын қалдырып, өздеріне ұнаған шығарманы таңдап алып, пікір айтып жүрген саналы жұртқа әдебиет келешегінің бір тал болса да жібін ұстап келе жатқанына үміт етеміз.    

                                                                                                 8.10.2019

 

 

  

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here