Жазушы Сайын Мұратбеков

 

Жазушы Сайын Мұратбеков туралы өзінің қатарластары жазған бірталай естеліктер баршылық. Оның көркемдігі ерекше, нәзік иірімге толы әңгімелері кезінде талай мақалаға арқау болып, ол жайында айнала төңірегі шамасы келгенше төгілте жазған еді. Алғашқы қадамынан-ақ жазушы ретінде ол қандай да мақтауларға лайық болды. Жас кезінде-ақ сирек талантымен көзге түскен қаламгер сол көркемдік тұрғыдан биік деңгейдегі шығармаларымен әр шыққан кітабында оқырманды өз талантымен баурап отырды. Сайын кітаптарында нашар әңгіме, босбелбеу шығарма кездеспейді. Бұл жағынан алғанда ол кейбір қатарластарына қарағанда зор талғаммен сирек жазса да өз биігіндегі ізденіспен әр еңбегінде жеке ғана емес қазақ әдебиетінің мүмкіндік шеңберін кеңейте түсті.

Кейде көркем шығарма өз кезінде қолдан-қолға өтіп, көп оқылып, кейін ұмыт болып кететіні де кездеседі. Бірақ Сайын Мұратбеков әңгімелері олай деуге келмейді. Оның өмір сүрген кеңестік дәуірі өткеніне отыз жылға жуықтады. Әлі күнге кейінгі жазушылар арасында, әдебиет тарихында Сайын сомдаған ауыл адамының бейнесі, оның салған жолы сол күйінде сайрап жатыр. Оның бағындырған биіктерін игеріп, жаңаша бірдеңелер жазу үшін ізденістер жасаған қаламгерлер бар болса да бүкіл шығармашыл сапары, рухани әлемі жағынан, кейіпкерлерінің сүйкімділігі, эстетикалық әсері жағынан Сайын ағаның жетістіктерін қайталаған жазушы сирек. Санаулы ғана. Неге бұлай дегенде жазушының өз рухани дүниесінен шығатын оның бөлекше болмысы назар аудару керек.

Осы кішкене естелікте Сайын ағаның кейбір адам ретіндегі өзім көрген, куә болған ерекшеліктерін айтып өткім келді. Ол кезде жас болдық. Олар бізден жиырма жастай үлкен еді. Бала күннен кітаптарын оқып өстік. Мұхтар, Әбіш, Қалихан, Әкім, Қабдеш, Рамазан ағалардың кітаптары ауыл кітапханасында көп болатын. Кейін қызмет барысында осы ағалардан сұхбат алу, шығармаларын журналға дайындау сияқты әдеби қызметтерде жақын танып білдік.

Сайын аға өте кішіпейіл, әсіресе жастарға көмегін аямайтын жан еді. Бір көрген адамын әсте ұмытпайтын. Жастарға сенім көрсететін. Ауылда өзім оқыған мектепте оқытушы бола жүріп алғашқы жазған әңгімелерімді бірде Сайын аға көрсеткен едім. Ол кезде Олжастан кейінгі хатшы болатын. Әлгі әңгімелер мәшіңкеге де басылмаған. Шамамен 1985 жылдардан былайғы кез. Кабинетіне кіріп сәлемдескен соң жөн сұрасты. Қолымдағы қағазға қарады да

–Әңгіме жазасың ба? – деді. Мен өзімше ауылдан келгенімді, аздап жарияланып жүргенімді айтсам керек. Сайын аға мынау қолжазба екен деп қомсынбады. Жазуым маржандай еді. Жазуың жақсы, анық екен деп көтермелеп қойды. –Оқып қояйын пәленше күні кел,– деген еді. Ол күнге дейін мазам кетіп, бекер болды-ау ұнатпаса ұят болады-ау, –деген ойлар мазалап жүрді.

Айтылған күні келсем Сайын аға кабинетіне кіре берісте жүр екен. Көре сала «кел-кел» – деп кабинетіне енгізді. Өзі асықпай орнына жайғасқан соң тартпадан асықпай қолжазбаны суырды.

– Көп дайындалған екенсің, –деп бастады қолжазбаға қарап отырып, –Мұны мәшинкеге бастырып әкел, алдына сәт сапар жазып берейін. Мен пысынап терлей бастадым. Кейбіреулер сияқты кімді оқисың деп сұраған жоқ. Сайын аға ойланып қалды да –қайда берсек болады мұны?–деді.

Мен ойымды әрең жинақтап –Аға мен оны жариялайын деп ойлаған жоқ едім. Тек пікіріңізді білсем болады. Сайын аға мұны күтпесе керек жымиып күлді.

– Әңгімелерің көп пе?–деді. –Қашаннан бері жазасың?

Біраз әңгімені аудан, облыс көлемінде жариялап жүргенімді білді де бізде баспалар бар ғой, жинап әкеп өткіз,–деп кеңес берді. Ауылда тұратынымды білген соң әдебиеттен қол үзбе, келіп тұр,–деп көптен танитын ескі таныстар сияқты шығарып салды.

 

                                         ***

Жазушы ағамен бұдан кейін талай кезігіп әңгімелестік. Жұмыс орнына талай іздеп келдік. Бірақ сол алғашқы кездесу есте қалды. Бірде каникул кезінде ескі мәшіңкеге әңгімелерді басып, қолжазбаны газетке ұсынайын деп баспалдақтан көтеріліп келе жатсам Сайын аға түсіп келеді екен. Кейбір ағалар сияқты ұмытып қалған шығар, амандассам таныр ма екен деген қауіппен жай амандасып қолымды ұсындым. Ол кісі тоқтай қалды.

–Ауылың аман ба? Қалың қалай?–деп сұрап жатыр.

–Жақсы,–деп қоям.

–Маған келе жатырсың ба? Қазір асығып барам. Түстен кейін сағат 3-тен өте кел,–деді.

–Жарайды, аға,– дедім.

Менің бұл кісіге не керегім болды екен деп түс қайта айтылған мезгілді келсем Сайын аға кабинетінде отыр екен. Хатшы қызға айтып едім.

– Кіріңіз,– деді.

Сайын аға өзінің бір шаруаларымен айналысып отыр.

–Кел, отыр,–деді де жылтырап тұрған кең столға ақ қағаз тастап –Өтініш жаз,– деді.

Мен әлі ештеңеге түсінбей сұраулы пішімен қарап едім, Сайын аға Одақта әдеби қор деген бар екенін айтып, соның деректіріне 50 сом көмек беріңіз,– деп жаз,–деді. Танымайтын адамнан ақша сұрап өтініш жазу қиын көрінсе керек мен ыңғайсыздана бастадым.

–Жаз, жаз, ұялма,–деді. –Қағаз, мәшіңкеңе лента сатып аласың,–деді.

Өтінішке өзі қол қойып, мөрін басты.

–Бірінші қабатта Қашағанов деген ағаң бар, соған барсаң ақша береді, –деп қағазды қолыма ұстатты.

Сайын ағаның айтқаны тура шықты. Айтқан бөлмедегі адам сөзге келмей өтінішті алған соң тиісті деген ақшаны санап берген еді. Оны алған соң көп ақша көрініп Гоголь көшесіндегі кітап дүкеніне тартқан едім.

 

                                            ***

 

Енді Сайын ағаны көрсем қарыз алғандай көрмеген, танымаған адамдай болып жүру керек сияқты болды. Соны біліп қойғандай –сәлем қайда? –деп байқамай қалған жерде өзі сәлемдесіп жататын. Кейбір жиындарда, Одақтағы бас қосуларда кезіккенде көрсе амандаспай өткен емес. Жасым отыздан асқанда мен де талай адаммен таныс, біліс болып, бұрынғы таныс деген адамдар теріс айналып, амандаспай кететінін,  мұны кейбірі есеппен, қасақана істейтінін байқай бастадым. Сайын ағада ондай бақай есеп, істеген жақсылығын бұлдайтын іштарлық жоқ еді. Мұны уақыт өте бұрын танысқан талай ағаларымыз сәлемді алмай, жорта танымай кеткен кездерде білдім. Иә, жақсылығын сатпай істеу тек қас жақсыларға тән екен-ау деп ойлайтын едім.

Өзгеше назар аударып айтатын нәрсе әдеби ортаның да өзіне тән қилы  адамдары, соған орай түрлі мінез-құлқы болатынын байқай бастадым. Оған да көнуге тура келген кездер болды.

Кейінгі тәуелсіздік жылдарында Сайын аға Семей-Невада қозғалысының газетін бас редактор ретінде шығарып тұрды. Қазақ радиосынан кейінгі 1997 жылдар маған да бірнеше жыл жұмыссыз жүру «қызығы» бұйырды. Сайын аға оны білетін еді. Бірде – мақала жазуға қалайсың, тез жазасың ба? –деп сұрады.

–Аға, атамаңыз. Ең шабан жорналист мен болуым мүмкін,–дедім. Ол кісі жылы жымиып күлді.

–Басқа біреу болса жұмысқа алыңыз, мен қатырам дер еді, бірақ сен өтірік айтпайсың ғой,–деді. –қатардағыдай жазсаң жұмысқа алайын деп едім.

– Аға, маған асықпай отырып істейтін шаруа керек. Мақала жазам деп шапқыласам жазуым қалып кетеді ғой, –дедім.

– Рас, рас. Жазуды ұмытпағаның жөн.

 

                                               ***

 

Жазушылар Одағында жыл қорытындысы өтіп тұрады. Мүше болмасақ та әдебиет жайлы әңгімелерін тыңдауға келіп жүреміз. Міне, тағы да жыл қорытындысы болайын деп жатыр. Адамдар топ-топ болып жиналып, кіре берісте, залдың кеңдеу жерінде, енді біреулері коридарда әңгімелесіп тұр. Жиын өтетін залға қарай өтіп, елеусіздеу бір жерге отырмақ болып орын іздеп тұр едім, жақын маңда Сайын аға отыр екен. Қасындағы орын бос тұр.

–Мұнда отыр,– деп шақырды. Онда мықтылардың көбінің көзі тірі. Бірақ мұндай жиынға көбі келе бермейді.

Алдыңғы бетіміз ашықтау, алаңқайы бар орын екен. Адамдар өтіп жатыр. Әлгі орынға жайғасқан соң Сайын аға:

–Бос отырғанша әңгіме болсын. Саған бір қызық айтайын,–деді. Алдан өтіп жүгіріп жүрген Одақтың шалдау қызметкерін –Мынау Мыңбай, –деді залда жүрген Мыңбай Рәшевті көрсетіп. –Онда «Лениншіл жас газетінде істейді. Мен ол кезде студентпін. «Менің қарындасым» деген әңгімені жазып әкелдім. Қой мынауыңды. «Мен» деп жазатын сен Горький емессің ғой. Давай, қайта жаз, –деді. Содан тауым шығылып әлгіні «Жұлдызға» апарып едім, жолым болып содан олар журналға басып жіберді,–деп күлді.

 – Әлгі пікірді есту үшін Мыңбайдың соңында жарты жыл жүрдім. Жас кезде адам жүрдек. Пәленше күні кел дейді. Келесің. Әлі қарағам жоқ жиі келе берме анда-санда кел,–дейді.

Араға бірер ай салып барам. Командиропкіден келдім, жұмыс көп, екі айдан кейін кел,–дейді. Жазған құлда шаршау жоқ. Айтқан уағында тағы келем. Сондағы айтқан пікірі әлгіндей,–дейді Сайын аға күліп. Менің мәз болып қызара күлгенімді көріп одан әрі күледі.

Сайын ағамен әңгімелескен бір ғана сәтіміз осы. Қазіргі күні ойлаймын үйіне іздеп барып ағамен емен-жарқын отырып әңгімелессем бұл естеліктің бағасы зор болар еді-ау,– деп.   

 

                                                  ***

 

 Өмір сенің дегеніңдей болмайды. Небір осымен бірге жүрсем-ау деген, қимайтын адамдармен де бөлек кететін, қоштасатын, ұмытатын кездер болады. Өмірдің бір шалғайында жүріп «Шіркін сол адам қазір бар ма екен. Бар болса не істеп жүр екен. Менің бастан кешкен қиындығымды білсе қайтер еді. Не ақыл айтар еді. Не көмек берер еді. Соның бір артқан үмітін ақтай алмадым-ау,–деп кейде ойлап та қоясың. Қолдан келсең бір жақсылық болса да жасар едің. Бірақ қасыңда жоқ қой.

Менің әдебиет төңірегінен кетіп жұмыссыз жүруім бірнеше жылға созылды да Сайын аға кезіге қалса оған кәдімгідей алаңдайтын болды.

–Апырай, қолда түк жоқ. Саған түк көмегім тимегені-ай,–деді бірде.

Бұл сөздер мені қамшымен осып өткендей болды.

–Аға, –дедім. Әдебиет төңірегінен кеткенмен өмірде бар адаммын. Ал, тіршілікте нанын тауып жеу үшін дені сау адам қолынан келгеннің бәрін істейді. Сөйтіп жүрмін. Бұл маған пайдалы болуы да мүмкін. Мен қызмет істемеді дегеніңіз болмаса бос жүрген адам емеспін. Өзіме-өзім бостандық жариялап жүрмін,–дедім.

Сайын аға риза болған күлкісімен жадырап жымия күлді. 

 

                                       ***

Бір жылдары «Нарық нақыштары» деген атпен 1980-2000 жылдары жарық көрген авторлардың жинағы жарық көрді. Осы жинаққа Сайын аға алғысөз жазыпты. Енді бір жолыққанымды амандықтан соң өзінің тауда, дачада тұрып жатқанын, денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтерілетінін айтып, -үйге қайтып қарамын,–деді. Сосын кілт тоқтап, бұрылды да:

–«Нарық нақыштары» деген кітапқа алғы сөз жазып бер деп берген екен. Ішінде сенің әңгімелеріңді көрмедім ғой,–деді.

–Аға, ол кітапқа жастар да кейінгілер де, үлкендер де араласып кеткен екен. Сосын ынта білдірмедім,–дедім.

–Жарайды,–деді Сайын аға,–өзің білесің ғой!

 

                                          ***

 

Мұның алдында ғана Сайын аға маған Одаққа мүшелікке өтуге кепілдеме жазып берген еді. Оның қолжазбасын ұсынып тұрып мәшіңкеге өзің бастырып аларсың деген. Сол қолжазба әлі күнге менде аяулы ағаның қолы тиген, сезімі өрілген әдеби ескерткіш болып сақтаулы тұр. Сайын аға осы кепілдемеде « Келіс Рахымжановтың әңгімелері қазақ әдебиетінің 1980-90 жылдардағы қомақты табысы» деп жазған екен. Содан біраз ғана бұрын:

–Жаңа кітап шығаратын болсаң қолжазбасын маған алып кел, алғысөз жазып берем,– деген ағаның шын көңілімен айтқан сөздерін кейін ысырғандай болып:

–Аға, мен 35-тен асып кеттім ғой. Жас жазушы емеспін. Маған алғы сөз жазған енді ыңғайсыз шығар,– деген едім.

Бұл сөзімнің асығыс болғанын кейін уақыт шіркін өзі білдірді. Осы күні ойлаймын: Сайын аға сонда не жазбақ болды екен. Алғысөз жазған болса, бәлкім қазіргі замандас айтпаған, менің өзім байқамаған шығарманың әлдебір қырын ашып берер ме еді, кім білсін. Кей оқырман мен жазған кітапты қолына алып, кейде Сайын ағаның әңгімелеріне ұқсастық тапса мен оған қуанам. Сайын аға туралы жазылған естеліктерді де шыққан бойында ол кісінің бойында мен байқамаған кейбір қасиеттер айтылып, жұмбақ бейнесі айқынырақ жарқырап көрінсе ғой деген тілекпен қолға аламын да ойланып қаламын. Уақыт алыстаған сайын талантты адамдардың да айтпай қалған жұмбағы, сырлары, ашылмаған құпиялары көбейе беретін сияқты.  

                                                                                                  17.10.2019

 

 

  

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here