Түн жылыстап , таңғы арай көріссе,

Есік ашық кезек күткен көп іске.

Біреу ерте жұмысына қамданса,

Біреу ерте мал шығарды өріске.

Ұйқысынан оянып ап жас -кәрі,

Етке сіңген қозғалысын бастады.

Жарқын жүзді сауыншылар ырза тым,

Шелек-шелек сүтке толы астауы.

Әне бір жан қазандыққа от беріп,

Отар -отар қойлар түгел кетті өріп.

Бір үй әне той қамына кірісті,

Бүгінгі күн қуанышпен шектеліп.

Әне бір үй қалай , осы мұңды ма?

Оған шаттық әкелмепті күн мына,

Өткен түнде бір адамы мерт болды,

Жай оғындай суық хабар ,сұмдық – ә.

Әне біреу сапар шығып барады,

Межеге ұстап гүл желекті қаланы,

Бала – бақша ұясына асығып,

Әне бір жан жетектейді баланы.

Біреу әне тракторын баптады,

Әне біреу үйін әкпен ақтады.

Күйбең-күйбең тіршіліктің қамы бұл,

Енді біреу сырлап жатыр қақпаны.

Тұрмыс күйі қажетіне қанық ол,

Әне біреу сарай салып әбігер.

Әне бір жан қойын қырқып аулада,

Ал бір сырқат шақыртуда дәрігер.

Ауылдың бұл тірлігіне бол таныс,

Шат -шадыман күйге толы ортамыз.

Қала көркі бүйрек бұрып тұрсада,

Ауыл сәнін мақтаныш қып айтамыз.

Кезек күтіп бір ісімен – бір ісім,

Жырға қостым таңғы ауыл тынысын.

Сенен жырақ кете алмаймын қашанда,

Өзіңде ғой бақытым мен ырысым.

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here