Қазіргі әңгімедегі кейбір өзгерістер

 

Қазіргі қазақ әңгімелерінің көркемдік құрылымы дегенде ең алғашқы ойға түсетіні шығармадағы оқиға мен кейіпкер. Әңгіме композициясы әдетте шағын болады. Көлемі жағынан повеске жуық күрделі оқиғалы әңгімелер де бар. Оған М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов әңгімелерін жатқызар едік. Көркем әңгіменің қарқынды дамыған шағы кеңестік әдебиет жылдары. 1930-60, 60-90 жылдар туған әңгімелер сол уақыттың жемісі. Алайда уақыт, кейіпкер, көркемдік тұрғысынан бірталай өзгерістер осы кезге тән.

Енді 1990 жылдардан бергі әңгімелерде ұлттық дәстүрдің сақталуы дегенге келсек бұл да сөз етуге тұратын нәрсе. Жалпы қазіргі әңгімеден екі түрлі бағытты көруге болады. Бірі бұрынғы дәстүрлі бағыттағы, екіншісі осы күнгі аралас, әр түрлі әдеби ағымдарға еліктеп жазылған шығармалар. Жасы 60-70-тен асқан аға буын бұрынғы дәстүрді сақтауға бейім. Одан кейінгі буындар біртіндеп өздеріне қолайлы, оқыған кітаптарынан, басқа тілдегі әдебиет үлгілерінен алып келген жаңалықтарын енгізгісі келеді. Оның сәттісі де, сәтсізі де бар.

Осы жаңалықтарға қарасақ бірінші көзге ұратын нәрсе кейіпкердің адам танымастай болып өзгеруі. Қазақ қаламгері өз ұлтының қасиетін, мінез-әрекетін, дүние танымын суреттесе оны өзге ұлт өкілі қазақ әдебиетінің шығармасы деп қабылдайды. Сол себепті де әдебиетте кейіпкердің ұлттық болмысы айқын болуы керек.

Кейінгі буын өкілдерінен әдебиеттің көп үнді, астарлы, неше қатпарлы мазмұнын табу қиын. Кейіпкер уақыттың мақсат-мүддесінен алшақтаған, қоғам, ата-ана, туыстармен қарым-қатынасы толық емес. Өздерінің шектеулі рухани әлемі бар. Соның ішінде тұйықталып өмір кешуге бейім. Өздерін бір шексіз әлем деп есептейді. Бұрынғы адамдардың бүкіл әлемнің кішкене бөлшегі екенін сезініп соны түсінуге, ашуға талпынатын мақсаты оларда көрінбейді.

Орта буын қаламгерлерде кеңестік кезде түрлі саяси көзқараспен өскен космолиттік танымдардың әлдебір гуманистік қоғамды аңсайтын бұлдыр санасы жиі суреттеледі. Олардың шығармасында кейіпкер басындағы жақсылық та, жамандық та адамның еркінен тыс әлдебір сыртқы күштердің әрекетінен жасалып жатады.

Ж.Шаштайұлы, М.Құлкенов, Д.Әшімхан, Ә.Асқар, Қ.Түменбай, А.Алтай әңгімелерінде мұндай сарындар жиі ұшырасады. Ірі характер, өмірлік тартыс, ширыққан оқиға, бас-аяғы жұмыр өрілген құрылымның болмауы тәуір оқиға, көлемді әңгімелерде көркемдік қиялмен шеберлікке жақындауға мүмкіндік бермейді.

Әдебиетте толыққанды бейненің солғындауы 1930 жылғы саясаттан кейін 1970-80-жылдары қайталанды. Бұл уақыттағы көркем шығарма тілі де әдеби тілден гөрі газеттің ресми сөз қолданысына ұқсас, көркемдік құралдар бірізді  болып келеді.

                                                                                                     22.10.2019


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here