Әке мен бала

Кішкентай сәбиінің алғашқы іңгәлаған дауысын ұялыдан естіген Арман көзінен қуаныш жастары тамшылап, Аллаға шүкіршілігін айтып жатыр. Намазын асықпай, бір әуезге салып, шын ниетімен беріліп оқыды. Соңында қол жайып:

– Я, Аллам, саған мың да бір шүкір. Саған жасаған құлшылығымда өзіңнен сәби тілеген едім, міне, енді сол жасаған дұғамды кері қайтармай, бүгін сәби сыйладың. Сол ұрпағымды иманды ет. Өзіңнің разылығыңа бөленген құлдарыңның қатарында болуды нәсіп ет, әумин, – деп бетін сипады.

Қуанышында шек жоқ. Әдемі киімін киіп, әтірін сеуіп, үйінен шықты. Жолда дүкенге кірді де, жұбайына қажетті азық-түлік пен гүл шоғын алды. Перзентханаға келіп медбикеге мән-жайын түсіндірді.

-Сіз Айшаның жұбайысыз ба? Құттықтаймын, сіз ұлды болдыңыз, қазір дәрігерлер қажетті тексерістерін біткен соң, сізді жұбайыңызға алып барамын, – деп ішке қарай кіріп кетті.

Перзентхананың ішінде жылаған 2-3 сәбидің дауысы шығып жатты. «Қайсысы менің ұлым екен?» деп, өмір есігін ашқан кішкентай ғана Асланмен алғашқы кездесуін асыға күтіп тұр. Көп уақыт өтпей медбике де келіп, Арманды жұбайы мен ұлы жатқан бөлмеге ертіп әкелді. Ұлын емізіп отқан жұбайын көрді де, көзі мөлдірей кетті. «Сәбидің иісі – жәннат иісі» демекші, ұлының иісіне тоймай, бөлмеде ұзақ отырып қалды.

-Анасы мен баласы демалу керек, сіз енді үйіңізге қайтыңыз, біраз күн өткен соң жұбайыңыз бен ұлыңызды алып кетесіз, – деді медбике.

-Мебдике ханым, осындай қуанышты сәтімде қалай ғана кетіп қалайын? Осы күнді мен қанша күттім, ал сіз болсаңыз қуып жатырсыз, – деп Арман күліп қойды.

-О не дегеніңіз, қуып жатқаным емес, перзентхана ережесіне сәйкес келген адамдар 15 минуттан артық отырмауы тиіс. Тек сізді ғана осындай бақытты сәтіңізде көп мазаламадық, сондықтан бізді де түсінуіңізді сұраймыз, – деп медбике алып келген қағаздарын толықтыра бастады.

Жұбайының маңдайынан бір сүйіп, ұлын иіскеп алды да, үйіне қайтты.

Арада күндер өтіп Арманмен бірге туыстары мен достары келіп, перзентхананың алдында дүбірлі тойын жасады. Гүл ұстаған әпке-жеңгелері, домбыра тартып ән шырқаған достары, Айша мен Асланды күтіп алды. Сыйлықтарын беріп, құттықтап, жүрекжарды тілектерін айтып үйге қарай жол тартты. Үйге келіп бөлмеде бір-біріне алғысын айтып жатқан Арман мен Айшаның қуанышында шек жоқ. Екеуі де бақытты.

Жеті жыл өтті. Аслан әжептәуір өсіп қалған. Өмірге басқаша көзқараспен қарайды. Тіпті, өзінің сыныптастары арасында ерекше көзге түседі. Сыныптастары қызық қуып, ойын ойнаса, Асланның қызығушылығы басқа. Бос уақытында табиғат тамашалап, айналадағы болып жатқан құбылыстарды зерттеп жүреді. Өзін үнемі салмақты, мейірімді ұстауға тырысады.

Көктем мезгілі. Дала тып-тыныш. Үйдің жанындағы мешіттен шыққан дауысты ұйықтап жатқан Аслан бірден естіді. Әкесі құмғанға суын құйып далаға шығып кетті. Аслан орнынан тұрды да, әкесінің намаз оқитын бөлмесіне барып отырды. Әкесі даладан дәретін алып келді де, бөлмеге кіріп жайнамазын жайып намазға тұрды. Далаға жарық әлі түспеген соң, бөлменің іші қараңғы болды. Арман Асланның отырғанын байқамай да қалды. Ернін жыбырлатып, екі қолын құлағына апарды да «Аллаһу Әкбар» деп намазын бастады. Аслан қызыға қарады. Әкесі Құранды әдемі әуезге салып, бірінші Фатиха, артынан Мүлік сүресін оқыды. Аслан әкесінің оқыған Құран сүрелерін тамсана тыңдап отырды. Арман намазын оқып болып, қолына тәсбих алғанда Аслан да қасына келіп отырды да, екінші тәсбихты алып әкесін күтті. Арман ішінен дұғаларын оқып зікір айтуға кірісті. Аслан да бірге қосылып зікір айтты. Әкесі баласының істегеніне тәнті болып зікір айтып болған соң, қолдарын жайды да дұға жасады. Дұғасында: «Я, Раббым, ұлымның жүрегін иманмен толтыра гөр, расында тек Сен барлық мақтауларға лайықсың, біз саған ғана құлшылық қылып, сенен ғана жәрдем тілейміз» – деп бетін сипады. Жайнамазын жинап болып Арман Асланды алдына алып отырды да, Құран кітабын ашып сүрелерді оқыды. Аслан әкесінің Құран оқығандағы әуезін сүйсініп тыңдайтын. Құран оқып болған соң:

-Әке, осы намаз бен Құранды бір Алла разылығы үшін оқисыз, бұл бізге неліктен парыз болды? – деген сұрағын қойды.

Әкесі күлімдеп қарады да:

-Ұлым, біз құлшылық жасау үшін жаратылғанбыз. Біз осы дүниеде қаншалықты жақсы іс жасап, игі амалдарды орындап, құлшылыққа бет бұрсақ, Алла Тағала Ақырет күні осы амалдарымыз үшін бізді жәннатқа кіргізеді. Ал, жәннат ол Ақыреттегі ең керемет мекен, – деп жауап берді.

-Әрине, әке, сіз әр намаз оқыған сайын маған осы ақылыңызды үнемі айтып отырасыз. Менде сіздер үшін Алладан дұға тілеймін. Ал, неге Алла тағала бізді бірден жәннатқа кіргізбейді?

-Біз, балам, адам болып жаратылған соң Алланың бұйрығын орындауымыз керек. Алланың даналығы өте үстем, Алла – Пәк, Алла – бүкіл ғаламның иесі. Біз жәннатқа кіру үшін оған лайық болуымыз керек. Сен мектепте жақсы баға алу үшін сынақ тапсырасың. Бестік баға алғың келсе, 5-ке лайықты жауап беруің керек. Сол сияқты жәннатқа кіру үшін, біз Алланың алдына лайық болып баруымыз керек. Алла өзінің құлдарын ерекше жақсы көреді, ерекше мейірімділік танытады. Неге десең, бізде сендей ақылды, білімді ұлымыз бар, сенде мен және анаң бар, бәрімізде намаз бар. Осының өзі мен үшін үлкен бақыт, Алланың берген сыйы деп білемін.

-Иә, әке, Алланың берген сыйы.

-Міне, балам, адам өмірінде өзіне берілген сынақтары болады. Сол сынақтардан сүрінбей өтіп, айналадағы адамдарға мейріміділік танытып, табиғатты аялап, құлшылығыңды шын ниетіңмен жасап, Аллаға деген махаббатың шынайы болса, онда сен бұл өмірде барлық армандарыңа жетесің. Әлбетте, Алланың қалауымен. Сондықтан балам, ешқашан Алланы жүрегіңнен шығарма, кез келген ісіңді «бісміллә»-мен баста. Алла Тағала әрдайым біздің жүрегімізде екенін ұмытпа балам, – деп әкесі сөзін тәмамдады.

-Мақұл, әке, онда намазға тұрып, Алладан дұға тілейікші, – деп Аслан жайнамазды жайып жіберді.

Әкесінің қасына қатарласып тұрды да, Аслан алғашқы намазын оқыды.

Өмірде ұрпақтың саналы, тәрбиелі, иманжүзді болуы әр отбасының берген ақылына, тәрбиесіне байланысты болады. Құран Кәрімде: «Раббым! Маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла. Анығында, Сен – тілекті Естушісің» – деп, Әли Имран сүресінің 38-аятында айтылған. Алладан игі ұрпақ тілеп, бұл дүниеде иман жолына тәрбиелесек, жер беті ерекше бір нұрға бөленбек.

Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы

№ 49 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Наурызбаев Олжас Бауыржанұлы


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here