Өмірімде тірі ақынды бірінші рет жеті жасымда көрдім. Ол – Қанипа Бұғыбаева еді. Ақынды Қарасуға Ұзынағаштан арнайы іздеп бардық. Теледидардан көріп тамашалап жүрген, әнші  Шакизада орындайтын «Аққу арманым» әнінің авторы – біздің мектептегі музыка пәнінің мұғалімі, Қыдырбек Мәлібеков  екенін білгенде қатты таңданғам. Ал әннің сөзін жазған автордың кеші жақын арада көрші ауылда болғалы жатқанын  домбырашы, әнші Базаркүл Әгіқожаевадан естіп, концертке әкеммен бардық.  Сол кеште  ақын Қанипа Бұғыбаеваны алғашқы және соңғы рет көріппін.  Бибігүл Төлегенова сынды, дауысы сыңғырлап, ән шырқап, толғанып өлең оқып, өте қарапайым болмысымен халықтың қошеметіне бөленіп тұрды…

Қадыр Мырза-Әли өзінің естелігінде:

«Қанипаның өлеңдерін осы күнге шейін жақсы көремін. Ол – ақындықты ешқашан сатқан жоқ. Ол кәдімгі ауылда, ана болып, бірнеше бала асырап, жар болып қанша жылдары кетті. Кеудесін соғып,  «Мен мынандай нәрсе жасап едім, мен мынандай нәрсеге лайық едім» деп бір әдепсіздік жасағанын мен көргем жоқ. Жалпы біреуді мақтау үшін біреуді төмендету,  немесе біреуді төмендету үшін біреуді мақтау ұят болады. Әйтпесе мен талай, өзім көріп жүрген қарындастарым мен жақын адамдарды білем, болсын, болмасын бермесе де тартып алады, табиғаттан. Ол да керек қасиет қой, адам болғаннан кейін. Бірақ, Қанипа , ол –  ондай болған жоқ.»- дейді.

Ақынның 60-жылдық мерейтойында Есенқұл Жақыпбек:

« Көрнекті ақын дегенді қимай жатамыз, көбіне. Қанекеңді қазақтың халық жазушысы деп қабылдауымыз керек. Канеке, білесіз бе,  Қадыр Мырзалиевтің бір өлеңі бар,

…Бір иттер болады,  күніне үш мезгіл ваннаға түсіп, балконда өледі, бірақ кеудесі толған медаль деп келеді де, өлеңнің соңында айтады:

Қорамда, ақ боранда, жел өтінде.

Көзге түртсе көргісіз пәле түнде.

Түні бойы қасқырмен соғысатын –

Бір медаль жоқ  қойшының төбетінде. – деп. Сол сияқты, сізде де  бір медаль жоқ. Бірақ, қазақтың көрнекті ақыны екеніңізді бүкіл әлем мойындайды.

Мемлекеттік сыйлықты алуға сіз әбден лайықсыз.»-деп, ақынға төмендегі арнауын оқыды.

…Торқалы той үстінде мақталарсың,

Мақталарсың сонда да күнделерсің.

Мейлі, мейлі, соларға-ақ жүлде берсін.

Өйткені дүниеге күнде келмей,

Нағыз ақын болға соң, бір келерсің.

Нағыз ақын болған соң, күнде өлерсің.

Сен туған наурыз-көктем шырайлы ай ма?

Төгілер нұр-шапағат күн-айдан да.

Дегенмен, не жетеді ақын үшін-

Оңаша той үстінде мұңайғанға?

Адамдар қастық көрер адамдардан-,

Ақындар қастық көрер құдайдан да.

…Амал-айла кәсіп болған заманда,

Мені де жұрт санамайды адамға,

Сені де жұрт санамайды адамға.

Сонда да бір жалаңаштап жан-сырын,

Барлық сырын айтамыз-ау соларға.

Ақын деген – адам емес шынында,

Адам болса, соншама аңқау бола ма?

Той өтеді-ау, сосын басып ойларың,

Қарсы алдында мұңаясың айнаның.

Күнде неге тойламайды мына жұрт,

Ақындарды алдай салар, сірә, жұрт.

Қартайғанда бірақ жасап тойларын…»

Димаштың жанкүйерлері 1989 жылы Қанипа Бұғыбаеваның сөзіне жазылған Қанат Айтбаевтың  “Келмедің” деген әнін Светлана Айтбаевның орындауында тыңдап, тамсанып көптеген пікір білдіріп жатыр екен.  Бүгін соның ішінде «…періштенің дауысы не жайлы айтып тұр екен»,  «маған аудармасы керек» деген пікірлерді оқып, ішім жылып, көзіме жас келді.  Кеудемді қуаныш кернеді. Жақсы өлең  –  өміршең.  Поэзия, өнер, қарапайымдылық  –  тот баспайтын құндылық екенін көзіме көрсетіп, сезіндіргені үшін, өмірге, өлеңге және осы өнер адамдарына шексіз алғыс айтамын. Қанипа Бұғыбаеваның том-том өлеңдерінің дәуірі келе жатқандай.  Есенқұл Жақыпбектің : «Сіз – қазақтың көрнекті ақыны екеніңізді әлем мойындайды» дегені тегін емес, сірә.

Салтанат Қайырбек


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here