ШИЛІ ӨЗЕН

 

         Оңаша купеде екеуі Аякөзге жеткенше көбіне үн-түнсіз ұйықтап келді. Поезға кірген бетте біразға дейін жолаушы жүруге бойы үйренгенше тағы да күні бойғы айтып келе жатқан әңгімелерін жалғап, еркін жайғасып күлісіп отырды. Әңгімелері біткенде бір-біріне ештеңе демесе де айтпақ ойларын үнсіз түсініп, төсек орындарын алып, киімдерін жеңілдеп, терезеден қарап отырғанда поезд Алматыдан шығып, қаладан ұзағанша қалыпты ырғақпен бастаған жүрісін қаладан алыстаған сайын ширата түсті. Қала маңындағы станция үйлері мен ауылдар бірте-бірте сиреп, жол алыстаған сайын поездың жылдамдығы үдей түсіп, терезеге қарап отырған адамды зеріктіретіндей көріністер де біркелкі жиілеп, елсіз дала қысқы кейпінде біртүрлі томсарған көңілсіз тартты. Көпшілік вагоны емес екеуінің алғаны жеке купе еді, мұнда жолаушылар да, әрі-бері жүрген бос адамдар да кездесе бермейді. Ешкім мазалап, еркін дем алуға  бөгет болмаған соң таңертең ерте тұрған екеуі әлгі оңашалыққа мүлгіп, күн батпай-ақ ұйықтап кетіп еді.

         Алматыдан шыққанда қар еріп жатқан. Түн ортасында Үштөбеге жеткенде күн суыта түсті. Мұнда қар қалың жауыпты. Перронда сауда жасап сапырылысқан, қайыр сұрап сарнаған жұрт. Киімдері жүдеу. Көбі жанын әрең бағып, алып-сатумен күн көріп жүргендер. Бірдеңе сатып алсаң қуанады. Көпшілік вагондары сықиған жүк. Адамнан қарны қампиған ала дорба көп.

         Қали Лепсіде бір оянып, содан Ақтоғайға дейін тағы ұйықтап кетті. Поезд таңға жуық бұрынғы әдетінше Ақтоғайда көмір алып, су алып, бірталай бөгелді. Перронда айқайлап, дабырлап, асығып жүрген жолаушылар. Қыстың суығына қарамай мұнда да барын перронға алып шығып, балық, сусын, ішімдік, тамақ сатып жүргендер. Ақтоғайдың ежелгі суық желі екпіндей соғып, вагонды сықырлата шайқап тұр. Жазда да осы. Аңызақ, ыстық жел құм дауылын көтеріп, суырып соғады да тұрады.

         Қали басын көтеріп терезеден тысқа қарады. Жұмажан да ояу екен сәл көтеріліп отырды. Тағы да Қалидың көңілсіз әңгімесі басталды. Станция басындағы ана бір сұрғылт үйде сырахана болушы еді. Жетпісінші жылдары көпшілік орынның ең қызықтысы Алматыда да осы сыраханалар болатын. Жаз уағында оған демалыс күндері бас сұқпайтын адамдар сирек еді. Кім жоқ дейсің онда, студент те, ғалым да, жұмысшы да, қызметкер де сонда. Тек сыра ғана емес онымен қосып кепкен балықтың не түрі сатылады. Басқа жерде айтылмайтын, газетте жазылмайтын, көлденең, қызықты деген еркін әңгіменің бәрі осында. Сол жерге Қали да ерте, студент кезінен үйір болатын. Жазғы демалыс алып ауылға барғанда апайының үйінде біраз күн жатып, одан кейін Ақтоғайдағы Алдияр ағасыныкіне келетін. Сонда осы жерде талай отырып еді. Ол кезде жас, денсаулық мықты. Алдияр да Қали сияқты ешкімге зілі жоқ ақкөңіл. Не айтса да дегеніне көне беруші еді. Ақыры онымен де ішкіліктің кесірінен аралары суынды. Алдиярдай емес Қалиды осы арақ жолдан тайдырып, адам кейпінен ерте кетірген.

         – Осы сенің немере ағаңның балалары бар еді. Олар қайда?–деп сұрады досының туыстарын түгелге жуық танитын Жұмажан.

         – Әрине бар. Олардың тұрмысы да, туысқа деген, бір-біріне деген қайырымы да бізден әлдеқайда жақсы. Тұрмыс шығар, бірақ пайда қуып мезі ететіні де күшті. Дүниенің тетігі ақша дей берген соң өзің білесің, аса қадірлей берген нәрсенің бағасы да біз ойлағандай бола бермейді ғой. Әкем өлгенде мен тым кішкене едім. Он бір жасар. Үлкен апайым мені неге қолына алмағанын түсінбедім. Кішкене бала не білсін. Әйелі тым ерте қайтыс болған соң немере ағам мені өзінің балаларымен бірге Семейдегі мектеп интернатқа берді. Менің бақытсыздығым содан басталды. Кім біледі, туыстар Семей үлкен қала, содан оқып, үлкен білім алсын деген шығар. Ал ауылдағы кіші апайым мен Алдияр ағамның мені асырап алуға жағдайы келмеді. Ия, ол сылтау ғана ғой. Әйтпесе соғыс кезінде де одан да қиын өмірді бастан кешкен халық емес пе? Бірақ туыстарға да не сөгіс бар, бала-шағасы көп. Тұрмыстары жұқа. Асырайтыны бір-екі қара, табыстары өзің білесің, тиын-тебен. Мені асырап алу мүмкіндігі тек үлкен апайымда болды. Бірақ Дәрменқұл ағам қалада оқығанымды жөн деді ме, әлде тәтеме ақылдасып үлгермеді ме, әйтеуір балалар үйіне түстім. Кейін үлкен апайым талай іздеп келді. Талай қонақта да болдым үйінде. Бірақ бұл – бәрібір бір қанатым сынған кез еді. Көп ұзамай ол кісі де көз жұмды. Менің жартыкеш бақытымды да, талай қайғымды да көрді.

         Ақтоғайдан Аякөзге дейін поезбен төрт-бес сағаттық жол. Арамызда айтылмаған сыр қалмасын, күнде кезігіп жатқан жоқпыз, оның үстіне он бес жылдан бері көріп тұрғанымыз осы екен деп ойлады. Енді қайтып, қашан жолығарын кім білсін. Сөз біте бергенде тағы бірдеңе табылады. Қали баратын жерге таяған сайын:  

         – Сені енді қашан көрем, – деп досын қимай қайта-қайта құшақтай берді. Сөйтіп отырып қалғып кеткен екен, олар поезд Аякөзге келіп тоқтағанда бірақ оянды. Қали тез киініп, сөмкесін алып далаға шықса перронда боран соғып тұр. Алдында ғана қар жауыпты. Жұмажан вокзалға дейін жүгін көтерісіп әкеп, қайта-қайта қимай құшақтап, зорға қоштасты. Алпыстан асса да бала күнгі досы Қалидан әлдеқайда жас. Өзі Семейде тұратын. Баласы Атырауда мұнайшы еді. Қалтасында ақшасы, қолында мүмкіндігі барда туыстарыңа жүр деп Қалиды ертіп шыққан сол еді. 

        

*   *   *

 

         Таңғы төрт. Қала ұйқыда. Вокзал іші суық. Отырған адамға пана болмайды. Қали немере ағасы Дәрмен-құлдың үйіне барсам ба деп ойлады. Бірақ ол ойынан айнып қалды. Баратын үйі ішкен адамды мүлде жақтырмайтын. Ал Қалидың неше күннен бері ішкені бар. Оның үстіне үлкен адамдарды таңғы ұйқысынан оятып, абыр-сабыр қылмай-ақ қояйын деп тоңса да жарық түскенше вокзалда отырды. Аякөз елу мың халқы бар ұйқысыз қала. Халқы да еңбеккер, тынымсыз. Тіпті ерте оянады.                

         Асхана ашылды. Мұнда кіріп шыққандар мүлде аз. Әлгінде поездан түскендердің кейбірін таксилер, енді бірін туыстары көлікпен қарсы алып, бас-аяғы жарты сағаттың ішінде вокзал басында әдеткі тыныштық орнады. Асхананың бұрышында шарап сатады екен, асқа зауқы болмай, басы ауырып тұрған соң Қали үлкен қырлы стақанға құйғызып арзандау шараптан ішті. Кешеден жөнді тамақ ішпеген еді әлгі шарап дем алмастан жұтып жібергенде әп-сәтте-ақ бойына ыстық қан жүгіргендей бірден күш, белгісіз қызу беріп, өз-өзіне деген сенім пайда болды. Әлгінде ауырып тұрған басы да ап-анық, тез ойлайтын қалпына келіп, бүкіл денесімен бірге жеп-жеңіл боп сала бергендей. Қатар-қатар столдағы орындықтардың біріне отыра салып еді. Сол отырған бойы жалғыз басы ерте келген бұған басқа адам келіп қосылған жоқ. Әдетте Қали бейтаныс біреулерді тауып алып оны-мұны айтып, осындай жерде сөйлесіп жөн біліскенді ұнатушы еді. Ол ішпесе сау күнінде адам баласымен сөйлесуге зауқы жоқ, өзінен өзі сүлесапа болатын да жүретін. Сөйлескен адамымен сөзі де жараса бермейді. Осындай жерлерде небір адамдармен танысып, артынан одан естіген әңгімелеріне өзі таң болушы еді. Өйткені, дүние ісінен мүлде аулақтап қалған, жан дүниесі бала сияқты бұл адамға өзінен басқаның бәрі ақылды әрі қайтпас қайсар табанды боп көрінетін. Өзі туралы ештеңе айтпаса да шашы жоқ, көзі шүңірейген, үнемі ойда отыратын дембелше шалдың сөйлегенде тамағын кеней бергені, әр сөзін салмақтап, сараң сөйлегені, күлгенде селкілдеп беріле күлетіні оқыған адам екенін айтып тұратын. Онымен біраз сөйлескенде бұрынғы қызмет адамынан ештеңе қалмағанын көріп, ішкіліктің қанша тағдырларды қор ететінін бірден көрер еді. Ондай аса сезімтал жандарға өзі де үйір емес. Мұнымен сөйлесетіндер көбі ауыл адамдары. Қали қырық жыл Алматыда тұрса да қала заңына үйрене алмай-ақ кетті. Барған жерінде қолына шанышқы ұстамай тамақты қолмен жейтіні, бір ауыз орысша қоспай таза сөйлейтіні, ауыл адамдарын өздерінен төмен санап тұратын қалалық қызметкердей емес, керісінше жай адамдарға жақын жүріп, сол ескі ғұрыпты сақтап қалғандығы Қалидың бойындағы өзгермей келе жатқан қасиеттері. Оны тіпті адамды аң ғып жіберетін арақ сияқты тажалдың өзі де жеңе алмаған. Қазіргі Дәрменқұл ағасының үйіне бармай отыруы да үлкен адам ғой, мына түрімді көріп ренжіп жүрер деген сыпайылық еді. Әйтпесе сол Дәкең мұның осы кемшілігін талай бетіне басып, қойғызбақ боп, ұрсып, дәрігерге қаратып, ақыры қойдыра алмағанда да екеуінің арасындаға талай ренішті Қали кек қып сақтаған емес. Қайта есіне түссе соншалық қамқорлыққа көнбей өзімді-өзім жерлеген ақымақпын деп еріксіз мойнына алатын. 

         Асханаға біреулер кіріп, тамақ ішіп, дабырлап аспазшы әйелмен күннің суытып кеткені туралы сөйлеп, бірдеңе айтып жатыр. Оның артынан аяқтарына етік киген үстілерінде қалың күпәйкесі бар киімдері бірдей бірнеше адам кірді. “Жұмысшылар болар” деп ойлады Қали. Кім білсін баяғыда солай киінетін, қазір басқа заман. Осындай адамдар армандай ма екен деп ойлады. Жас күнінде мұның арманы зор еді. Сенімі де күшті болатын. Бірақ мінезі морт болып көп қабылетпен жете алмай-ақ кетті сол армандарына. Жиырма жыл бұрын ойлаушы еді, “күнделікті өмірді ғана ойлайтын адамдар қандай ұсақ”  деп. Сондай да арман бола ма деп күлуші еді.                        

         Ол қарны ашқанын сезсе де асқа зауқы соқпады. Елу мың халқы бар қалада өзін жалғыз сезінді. Қасыңда біреу отырмаған соң көп адамнан дәл қазір қандай пайда, көңіліңді жұбатып, қасыңда отыра алмаса, қарсы алып келгеніңе қуанбаса, туысың туыс болып бірге жүрмесе. Ол неше жылдан бері әбден жалғызсыраған еді. Көзіне кеп іркілген жасты ешкімге байқатпай саусағымен іліп тастады. Қасында тұрған сөмкеге қарады. Оның ішінде Жұмажан алып берген көп сыйлықтар бар еді:                               

         – Апайыңды бір қуантшы. Көп жыл бармапсың. Жүр менімен бірге, жолымыз бір болсын. Енді бармасаң мүлде кеш қаласың. Өзің де қартайдың, апайың да жас емес. Туыс емес пе, іздеп барғаныңа қуанып қалады ғой, – деп Қалиды әбден үгіттеген. Соның қалпаштауымен үйден шығып кетсе де, ақыр келіп қалған соң бұл сапарға Қали өкіне қоймап еді. Досының мұны қасынан қалдырмай неше күн сыйлағаны, бастабында үйін іздеп таба алмай қиналса да, бұрынғы тұрған жерлеріне барып сұрау салғаны, тауып алғаннан кейін де “бұл тамтығы қалмай ішкіш боп кетіпті” демей сапарға ілестіріп шығуы Қалидың көңілін босатты. Соны ойлауы мұң екен көзінен ыстық жас парлап кетті. Қалтасынан орамалын алып, бет-аузын, көзін сүртті. Таңғы қараңғылық сейіліп, далада жарық түсе бастады. Ол енді бұл жерде ұзақ отырудың жөні жоқ екенін біліп, такси алып автовокзалға келді. Бұрынғы автовокзал мешіт боп кетіпті. Ал автобекет жоқ, оның есесіне базардың маңайынан ауылға жеке меншік көліктер жүреді екен. Бірақ түс мезгіліне таяғанда кетеді. Қараса сағат тоғыздан жаңа кетіпті. Арқаның қара суық желі аязбен қосылып, үскіре соғып тұр. Қали әлгі “шарапты бекер іштім-ау, аздап дем алып ап, Дәрменқұл ағамдыкіне баратын едім әйтпесе. Енді баруға болмайды онда” деп ойлады.   

         Базарға келгендегі көргені кешегі жолдағы саудагерлердің күйінен де бетер, асып түсті. Неше қатар темір сөрелері бар сауда алаңын темір қаңылтырмен айнала қоршап тастапты, оны өңсіздеу көк бояумен бояп қойған. Базардың іші-сырты күннің суығына қарамай қайнаған адам. Сатушылар көбі әйелдер, тасып, әкеліп, көмектесіп жүргендер балалары мен ерлері. Бірен-саран арба сүйреп, ұн арқалап, жүк түсіріп жүрген қарулы жастар бар. Күні бойы желдің өтінде, далада жүріп өңдері қарайып тотыққан. Киімдері жұпыны. Алматыдағыдай емес, адамдардың түрлерінен үлкен салқындық, кесек кекселік білінеді. Ақыр Дәрменқұл ағасыныкіне бармайтын болғасын Қали “үйге бармайтын болдым ғой түске дейін жылы жер тауып отыра тұрайын” деп Алматыдағы әдетімен сол маңдағы бұрылыста тұрған елеусіз жердегі кафеге кірді. Біраз суықта жүргенге тоңып қалған екен, жылы жерге кіргесін асықпай тамақ ішіп, ішімдік алып мұнда да ұзақ отырды.           

         Түске таяу әбден шаршағанын сезді. Түнгі ұйқының шалалығы бар, бойға тарап кеткен шараптың қызуы бар, жатып бір ұйықтағысы келді.     

         Көшеде аяз. Қарлы боран ішін тартып, ұлып соғып тұр. Қали малақайын баса киіп, қалың қарды кешіп, адымдап келеді. Базарға тақай бергенде көз алды бұлдырап, аяғының астынан жер көшкендей тайғанақтап, зырылдай жөнелді. Дүние төңкеріліп бара жатты. Ол құлап түсті.

 

*   *   *

 

         Таңғы үште қараңғы бөлмеде шөлдеп оянды. Басы сынып ауырып жатыр, шойын құйғандай бүкіл денесі, басы ап-ауыр. Көзін ашып, ақырын басын көтеріп қараса, жатқан жері үй емес. Қатар-қатар салынған ағаш төсектегі кір-кір төсеніште қорылдап, сандырақтап ұйықтап жатқан көп адам. Аяқ-қолы ербеңдеген біреу дүңкілдетіп, “ашыңдар” деп есікті төбелеп жүр. Алғашында аурухана ма деп соған ұқсатып еді, айықтырғышта жатқанын айналасына қарап, бірте-бірте, есін жинап барып түсінді. Мұндай жерде Алматыда да талай жатқан. Шығарда үнемі айып төлететін. Онсыз шығармайтын болғасын үйге телефон соғып, әйелі кеп ақша төлеп, босатып алушы еді. Іш киімшең кір-кір төсенішке қалай жатқам деп алғаш түскенде ыза болған. Мас адамға бәрі бір екен. Білмепті. Ертеңінде таңертең екі сержант келіп, алдына салып, ішкиімшең күйінде басқа бір бөлмеге жалаңаяқ айдап әкелді. Кәркестеу келген бет-аузы мыж-мыж қазақ капитаны:              

         – Иә, бауырым, қалай ұйықтап шықтың, қане, – деді. Дәл бір түнімен қонақасы беріп, құс жастық пен ақ төсекке жатқызғандай аузын толтыра сөйледі.                         

         – Рахмет, өте жақсы,–деді бұл кекесінмен.

         – Аты-жөніңіз кім?                                

         – Қали Қасымов…

         Одан ары тұратын жерін, мекен-жайын, жұмыс орнын сұрап: –Қалтаңызда қанша ақша бар еді? –  деді.

         – Ақша,– деді бұл, – екі жүз елу сом…

         – Атаңның басы, – деді капитан. – Ақшашылын мұның. Естеріңді білмей ішесіңдер. Ненің қайда қалғанын білмейсіңдер. Ақшаң болса неге келген бетте мына жерге жаздырып, қол қойдырып қоймадың. Жазылмаған. Яғни, ақша жоқ. Болмаған да…  

         – Болған, – деді Қали. – Кеше айлық алғам…         

         – Сонда сенің ақшаң бар болған болса, киім кешегіңді алғанда қалтаңнан шықпаса, мұндағы сіздің қалтаңызда не болғандығы туралы жазбада көрсетілмесе, онда не істейміз? Сізді көпе-көрнеу милиция тонап алған боп шыға ма?                                                                                                        – ??                                                                                                          –А, үндемейсің бе? Бұл жер бала бақша емес еркелеп, не болса соны айта беретін. Әне қаншасы күтіп тұр сен сияқты еркелердің. Өзің көп-көрім қызметкер екенсің білуің керек қой  мемлекеттің тәртібі не екенін. Осылай ойына келгенін әркім істесе не болады? – деп капитан жеке бөлмеге отырғызып арыз жаздырды. Қалтасында қанша ақшасы болғанын, оны қалай жоғалтуы мүмкін екенін мөлшерлеп анық білмеген соң жуықтап қағазға түсіріп берді. Бірақ онысынан еш нәтиже болмай, қойшы, әйтеуір со жолы Қали айлық ақшасынан да, араб елінен бажасы Байдалы әкеп берген әдемі жейдесінен де айырылып еді. Әйелінен де оңбай сөз естіген. Ішкілікті со беті қоймаса әлі талай тоналарын білмепті ғой сорлы басы.         

 

*   *   *

 

         Өзін-өзі ұмытып басқа бірдеңені ойлап кеткенде болмаса басы ауырған адамда қайбір береке бар. Тілі аузына сыймай шөлдеп, шүйдесі мен екі шекесі қан тамыры соққан сайын солқ-солқ етіп, бір жұтым суға зар болып, бұл жерде шыдамнан басқа амал жоғын мойындап үнсіз жатты. Енді не болса да таңның тезірек атуын күту керек. Жеті түнде әкеп қамаған адамдары не боп жатса да арнайы кеп ешкім көрмейді. Бұның іші де темекі, кір, шаң иісі сіңген сұрғылт мекен. Екеуіне түсетін адамдардың тағдыры ұқсас. Әлденеден жаза басып қателеседі, аяғы ұлғая келе осы мекеменің тұтқыны болып шығады. Қали да өзін уақытша тұтқын сезінді. Бас еркің жоқ. Ешқайда шыға алмайсың. Жатасың өстіп. Бұған ендігісі бәрібір сияқты. Үйде жаттың не, ауылға бардың не, қамауда отырдың не бәрібір. Осы ащы өмір таңдайына тигелі көріп келе атқаны бір қамау. Интернатта өсті, суық үй, салқын жай, әскерге барды сұп-сұр казарма, оқуға түскенде аздап жылы алақан көріп еді, ол да ұзаққа созылмады. Бос уақыты тиын-тебен үшін әркімнің жұмысын істеп пәтерден-пәтерге көшумен кетті. Өмірі көрген түс сияқты. Өкінішпен бітіп отыратын жақсы түс. Осы ойлармен Қали таң атқанша көз ілген жоқ. Төбеге қарап, әрнені бір ойлап жатты да қойды. Есіне көп уақыт өткеннен кейін барып Жұмажан түсті. Күндегіше төсекте мондалин шертіп, “Шилі өзенді” айтып жатушы еді үйде. 

                           

                                      Шилі өзен қамыс-ай,

                                      Бізді ойлай жүр таныс-ай,–

 

деп қайырар еді ыңылдап. Осы өлең бастағы қайғы-қапасының бәрін еске түсіруші еді. Ол елді, алыс ауылды, әлдеқашан жатбауыр боп кеткен туыстарды сағынғанда осы әнді ыңылдап, көзінен ыстық жасы аға беруші еді. Қанша сағынып іздегенмен енді ештеңе қалпына келмейтінін, өмірдің бәрбір жалғыз, тағдырың қосақтаған адаммен, бала деп, табыс, атақ-дәреже деп жүріп өте беретінін білген сайын кеудесінде суық жел ескен әлдебір қараңғы түпкір ұлғая, жұта түсуші еді. Уайым деген осы бір қара үңгір еді оның нәп-нәзік жанын жегідей жеп тауысып бара жатқан. Содан өзі де қашып қанша құтылмақ болды. Туыстар қанша талап қылды. Жатбауыр еді Қали. Сол суықтық ақыры азынаған боран боп жан гүлін солдырып, шуақты күн шықса бұлт боп үйіріліп басынан кетпей қоятын. Ақыры әкелді, міне жеткізетін жеріне. Есіне досы Жұмажан түскенде оның “апайыңа ала бар” деп сыйлық әпергенін, “ең үлкен сыйлық өзіңсің” деп өзін бірге ертіп шыққанын, Аякөзге келгенде поездан қалай түсіп, көлік тосатын жерде жүргенін үзік-үзік есіне түсірді. Үйде болса ащы шайдан ішіп, не басын жазып, қалай болса да өстіп өлік боп жатпас еді. Тым болмаса біреуден қарыз алса да күндіз, түніне қарамай бабына келіп алушы еді. Бөлменің терезесі жоқ, қабырғасы қалың. Бұл жерге сырттан еш дыбыс жетпейді. Уақыттың қанша болғанын да білу мүмкін емес. Анда-санда есік тарс-тұрс ашылып, милиционер біреулерді итеріп кіргізіп, “айыққандар бар мА” деп келіп кетеді. Мастардың да неше түрлісі бар, ішінде есін білмейтіні, тынышы аз. Көбі түрмені басына көтере айғайлап, милиционерге бой бермей у-шу боп жатады. Бір-екі мас есікті тепкілеп, мұндағыларды ұрып, бәрін бұрыш-бұрышқа тығып әуре қылды. Ақыры он шақты милиционер жабылып оларды да бөлек әкетті.                  

         Таң ағарып, көп күттіріп, әрең атқанда дауысы шіңкілдеген, жіңішке сары жігіт бұны киіндіріп бастықтарына алып келді. Бастықтың шені майор екен. Көзі күлімсіреген, жүзі жылы жігіттің отырған отырысы орнықты боп көрінді. Келген жерден бұған ықылас танытып, сөйлесуге ынтық болған адамша сұрақ қоя бастады. – Амансыз ба, аға? Алматыдан келген сіз бе? – деді. Оның бүйтіп жылы сөйлегенінен Қали мені біреумен шатыстырып тұр-ау, – деп ойлады. Бастық Қалидың аты-жөнін, қайдан келгенін білген соң да күлімсіреген, жылы жүзді күйінен танған жоқ.                                              

         – Пәлі, ағай, туыс боп шықтық-ау. Сіздің жиен бауырыңыз менің қарындасымды алушы еді. Қап, қарашы өстіп анда-санда бір қыдырып келгеніңізде, – деп ендігі қызметтің бәрін өзінің мойнына алып, Қалидың сөмкесін түгендетіп, құжатын қайтарып, өзін ақысыз босатып, көпке дейін жібермей қасына отырғызып қойды.   

         – Аға, сіз енді келетін жерге келдім деп есептеп, ешқайда асықпаңыз, – деді. – Көлікті де табам, апайыңызға да апарам, – деп кеңсесінде біраз айналды. Өстіп біреудің сөзін сене тыңдайтын адамды Қали өмірде сирек кездестіріп еді.  

         – Үйде үлкен адам бар-ау, – деді Қанайға бойы үйрене бастап. Сосын бала күнінде апайының осы ауылға келін боп түскеннен кейінгі кезде мектеп интернаттан каникулға осы жаққа талай рет келгенін әңгімелеп берді.         – Бұл қызық екен, – деді Қанай Қалидың ауыл балаларын әлі атымен атап отырғанын таң көріп. Олардың бәрі бала емес қазір қаусыған шал еді. Әңгіме үстінде Қали елу жыл бұрынғы бастан өткен кейбір оқиғаларды, тентек ұлдардың мінезін, кейбірінің түр-түсіне дейін суреттеп айтып бергенде Қанай анда-санда:  – Иә, иә. Дұрыс айтасыз. Ол әлі бар, немесе мінезі сол баяғыша,– деп бұл да балаша қостап кетіп отырды. Осының бәрі, әдеттен тыс оқиға сияқтанып, отыз жылдан артық туған апайын көрмеген адам осындай болады екен ғой дегендей Қалиға таңырқай қарап қояды. Бұл кісі ашуланып, не ренжіп жүрер демей, – Сонда отыз жылдан бері не істегенсіз іздеп бір келмей? – деді.                                                                  

         – Өзің білесің жездем марқұм қиын еді ғой. Соның апайыма жасаған кей қылығын көрмесем деуші едім. Бірақ ол да тағдыр ғой, – деді Қали тағы бір себебін айтып. Оның да егжей-тегжейін Қамай үлкендерден талай естіген. Жас күнінде отбасына жайсыз боп, көлденең жүріске түсіп, бертін келе балалар есейген соң орнықты тірлікке көшті десетін үлкендер Қалидың жездесін. Сол тарихтың бәрі енді міне, тірі күйінде алдынан шығып отыр. Қанай қазір қасында отырған арақтан басқа ештеңеге зәбірі жоқ елеусіз шалдың кейбір қызықты, басқаға ұқсай бермейтін өмір деректерін құдаларынан талай естіген. Оның оқуға түк қиналмай бітіріп, қызметті де жақсы істеп, ел қатарлы үйленіп, балалы-шағалы болып, ақыры жер ортадан асқанда соның бәрінен жерігендей теріс айналып кетіп, өмірін өкінішті, суық та қайғылы арнаға бұрып әкеткенін түсінбеуші еді. Кім біледі адам жаны тұңғиық терең қарасу тәрізді ғой. Оның қалай ағып, ішінде не боп жатқанын ажыратып алу мүмкін емес-ау, сірә.                                                               – Аға, сіз ойлап қалмаңыз, бұл мені танымайды екен деп. Жақсы танып отырмын. Сыйлас адамдардың туысы маған да туыс. Сондықтан, поездан түсіпті деп сізді осы күйіңізде ауылға алып барсам туыстар қалай қарайды. Аз күнге, қыдырып келе жатқан соң қазір үйге барып, моншаға түсіп, біраз қонақ болып, кішкене ретке келіп дегендей, ауылға сонан соң қаласаңыз өзім алып барайын. Егер жалғыз барам десеңіз көлік тауып берем, – деді Қанай. Осы айтқанының бәрі рас болса бұл тегін жігіт болмады деп ойлады Қали. Дәрменқұл ағасының балалары осы өңірде өте беделді деп еститін. Сол естігендері расқа шығып, міне жақсылығының бір шеті өзіне де тиіп отыр. Әйтпесе басқа біреу жолығып, танымайтын адам болса мұны қайтер еді. Дәл осылай ойламаса да Қалидың ішкі есебі жуық мөлшерде осыған келетін. Тағы да әдетіне бағып, өзін әкесіндей сыйлап отырған Қанайды ренжітіп алмасам жарар еді дегенді де есінен шығармай енді сақтанып сөйледі. Кейде мұның өзін емес жұрт әйелінің шыққан атақты жерін айтып, соған қарай қызмет қылатын. Бұған алғашқы кезде риза боп жүрсе де келе-келе өз басы көлеңкеде қалып қоя берген соң сақтықпен, кейде тіпті ашық ұнатпай қарайтын болды. Кейін қызметте де, талай рет қонақта да, ел аралағанда да өзіне қайын жұртының атағы зор боп тұрғанын біреулер қолпаштап, көтере түсіп айтып отыратынын ұмытпайды. Сонда өзі туралы ештеңе айтпағанға бұл онша көңілі бабына келмей, тіпті біртүрлі із-түзсіз тапталып кеткендей әсер де алушы еді. Дәл қазір алдынан шығып отырған сый да өзіне емес туыстарына, осы өңірді билеп отырған әулеттеріне жасалып отырған құрмет сияқтанып, көмескілене беретіндей. Бұрын ол жайында айтпай ішке сақтап жүре беретін, оның үстіне бұның ішкіштігін айтып шетқақпай қылатындықтан ақшасы не шамасы жетпей тілек қып тұрған ісіне олар үлкен бір көмек қып көрген емес. Осының бәрін ойлағанда жай адамға айтса мынаның дені сау ма өз туысын өзі жамандап деп айтатын сияқтанып, Қали өмірі ол туралы жұмған аузын ашпаушы еді. Сол көзқарас қазір алдынан шыққанда да еріксіз елдің түсінігі солай ғой менікі бөтен ой болар деп, өзіне пейілі түсіп отырған Қанайды ренжітіп алмауға тырысты. Ол да Қалидың ойланып қалғанын көріп бірдеңеге ренжітіп алдым ба деп қабағына қарап отыр еді. Күн райындай көңіл көзі тез жадырап ашылғанда Қанай өзінің мейірімді күлкісімен күліп тұрып:

         – Тәтем сияқты ақ көңіл екенсіз, – деп отырған жерінде құшақтап, мақтау айтып арқасынан қағып қойды. Қанайдың уәдесі құр сөз емес бірінен бірі асып тұрған жақсының шын көңілмен істеген ісі болды. Сол күні ол Қалиды үйіне қонақ та ғып, асықпай моншаға да түсіріп, жүрдек көлік те тауып, арасында Дәрменқұл ағасыныкіне сәлем бергізіп, кешке қарай ауылға ертіп әкеліп еді.

         Ауылға жете бергенде тау жақтан қатты жел тұрып, қиыршық қар ұшқындады. Күн кешкірген сайын күндізгі аяздың ызғары күшейе түсті. Алдыға ауылдың күнделікті жүріп, осы жолдың қыр-сырын білетін көліктерін салып, олар бұған да көп бөгелген жоқ. Жолды қар алып қалып жете алмай кейін қайтамыз ба деген де күдік бар еді. Ол күдік сейіліп алдыдағы алыстан бұлдырап көрінген тау баурайындағы ауыл жақындаған сайын Қали біртүрлі көңілі алабұртып, мазасыздана бастады. Машина терезесінен қараған сайын ескі, бала кездегі ат шанамен жүрген жолдар елестеп, тағы да өткен өмір соқпақтарымен қыдыра жөнелді. Ауыл үлкейіп кеткен екен. Бірақ осыдан отыз жыл бұрынғы үйлер де сол қалпында қора жайымен ескі қалпында бұрынғының көзімін дегендей сақталып қалыпты. Кешкі ауыл қар астында бұйығып, әдеттегіден тыныш әрі ойлы боп көрінді. Машина үлкен жолдан бұрылып келіп, ауылдың өзен жағындағы оңашада тұрған үйдің есік алдына тоқтады. Үстіне күпәйке киген, аяғында пимасы бар, басына түбіт салы ораған Дәмелі қора жақтан қолтықтап отын әкеле жатыр. Бұларды көргенде, аулаға кіргенше кім екенін жыға танымай, сыртынан тесіле қарап тұрды. Топ адам таяп келгенде көп ішінен Қалиды жүрген жүрісі мен бала күнгі жымиған күлкісінен танып, қолтығындағы отынын тастай салып, “ой, құлыным-ау, бармысың”, – деп жыламсырап құшақтай алды. Апайы құшақтап, екі бетінен кезек сүйіп жатқанда ішкі дүниесі босап кеткен Қали жас балаша екі көзінен жасы ағып, жылап тұрды…                             


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here