Ол төртбұрыштың арбауында әлі де ұзақ отырар ма еді?  Ыңырана ашылған есіктің әлсіз дыбысы мұның назарын еріксіз аударды. Әлгінде ғана жұтқыр әйнектің көз нұрын сорғылап жатқанын шыбын шаққандай көрмеп еді. Енді міне, одан ажыраған сайын жүйке талшықтары жалмауыздың өрмегіндей шатаса бастады. Тәнін қарып өткен сайқал леп жүрегін шымырлатты. Қараңғыда бірдеңе жыбырлағандай. Жараланатын жері қалмаған жүрегін үрейге тіпті де билете қоймады. Көптен күткені сияқты. Елегізіп, құштар көңіл білгенше асық. Алтыншы сезімі мұның дәл өзі екеніне еш зорлықсыз сендіре түсті. Иә, осы, нақ өзі. Сандаған жылдар бойы сарыла тосқаны. Бар әлемді қиялымен шарласа да, таппағаны.

Оның баяу күрсінісі ауада  еріп бара жатты…

-Сен кешіктің…

– Білемін. Тас қаланы сіз де жақсы білесіз.

– Әрине. Мен осында екінші рет тудым, талай рет өлдім ғой.

– “Феникс” туралы мифті шынымен гректер ойлап тапты ма екен?!

Белгісіз бейне оның құлақ тұсынан сыбыр етті.Дыбыссыз сөздері миыңды тесіп өтер жебе тәрізді, ал үні, неткен нәзік, күлкісі қандай шынайы…

-Сіздің белгісіз, түсініксіз және біртүрлі екеніңіз жан қинар азап!

Ол Белгісіз бейненің өзін не үшін кінәлап тұрғанын терең ұғына алмаса да, ұйқыдағы ұяты селк етіп оянды. Ақталуға жан-дәрмен ұмтыла беріп еді, даусы құмығып, шықпай қойды.

-Менің шынайы бейнемді көріп, шошып кетпедіңіз бе? Белгісіз бейне аядай бөлмені аялай қарады.

-Жасандылық- өтіріктің сыңары, шынайылық- шындықтың. Қорқынышты киноларды көруге жүрегім дауаламайды. Оларды айналамнан да көріп жүрмін ғой. Қысқасы, сүйкімдісің.

-Жалған! Менде де айна бар шығар…

-Сенде менің көзім жоқ қой, солай ма?

Жылы жымиды. Шығыс шайырының патшаға берген бұл жауабы есінде қалай қалғанына таңқалды.

-Сен мені белгісізсің дедің ғой, иә?

-Иә. Ішіңізде “Ұлы Қытай қорғаны”.

-Дара өстім. Мектепке барар-қайтар ұзақ жолда өзіммен-өзім сөйлесетін едім. Жынды сияқты тап бір. Тағы? Түсініксізсің дедің бе?

-Иәәә…(түсінуге тырыспайтынын жасыра түскісі келгендей даусы бәсең шықты).

-Тым түсінікті болғаны сонша, дым түсініксіз болып көрінеді. Адамзат дербес шындығының тасасынан қарайды. Құдық түбіндегі бақылды естіп тұрмысың?!

-Ауылым есіме түсіп кетті. Кішкентай “Мен” қазір де қараңғы бөлмедегі терезе түбінде жылап тұр.

-“Қара көзілдірігіңді” шешіп берші маған. Сосын, мені біртүрлісің дедің бе?

-Иә. Сіз- таза жындысыз ғой. Әлде, жындының образын сомдайсыз ба?

-Білесің бе? Кішкентай кезімде екі-ақ арманым бар еді. Бірі- әртіс болу, екіншісі- балмаскарадқа бару болатын.

-Енді? Армандарыңыз орындалды ма?

-Ооо, иәәә, әлбетте. Мен ол кезде өмірдің өзі театр екенін білмеген екенмін. Балалық қой (ақталуға тым жақсы сылтау). Шынайы адамдарға бетперде сыртынан өтірік күлуден тіпті де қысылмайтын болып алдым.

-Не болса да, қалай болса да.Өлгенге дейін өмір сүру керек, бәрібір.

Сағаттың тілі жалықпастан айнала берді. Тілі тап бір ажалдың шалғысы іспеттес. Өзінің тықылы Оның жүрек соғысымен үндескенде, ғаламда жоқ әуен пайда болды.

-Бір уақыт келеді… Бәрі жақсы болатын.  

Оның көзінен үміттің әлсіз шырағы өлімсірей жанып тұрды. Ал, Белгісіз бейне мұны мысқылдағандай, сыпайы ғана мырс етті. Жазықсыз болса да, сенімсіздіктің табы білінгендей.

-Уақыт тек өтеді. Біз уақытты өлтіріп жатқанда, уақыт бізді өлтіріп жатады. Мұны көбі түсінбейді.

-Дәлел? (тұңғыш рет сұрақ қойған еді, өзі қысылып қалды)

-Уақыттың өтуін мереке қылып тойлауда. Қуанады, соған тым…

-Өзгенің кішкене қуанышын көпсінбесеңші. Үлкен қайғысын ұмытуға тырысқаны шығар…

-Мен уақыт жайында айтып жатырмын. Адам баласы уақыттың қадіріне жеткен емес. Егер уақыттың құнын білсе, туған күндері мен “Жаңа жылды” егіліп жылаумен тойлар еді.

Күндерді тірі өлік сияқты, түндерді кірпік ілмей ауыстыратын Ол бұның сырын түсінгісі келді. Өзгені түсінбеуің мүмкін ғой, өзіңді түсінбеуің қасірет емес пе?! Оның өңі бірден сұрланып сала берді. Басында сансыз ойлар құмырсқаша жыпырлайды. Оқыс шыққан даусынан өзі де үркіп қалғандай.

-Қарғыс атқыр!

-Қандай зиянды әдеттен арыла алмай жүрсіз? (жамандық келеді ғой бірінші)

-Ойлану мен ойлау.

-Не үшін?

-Пайдалы болғандықтан.

Белгісіз бейне тас қабырғаларды жібек алақандарымен сипай жүріп, Одан көз айырмады. Қадала қараған жанардан сескенген Оның аузынан үзіліп түскен тамшы сөз, толқындана барып тыныштыққа сіңіп кетті.

-Жалғыздығым…

Оның тұнық түндей жанарында жұлдыздар жымыңдайды. Ал, езуінде күміс күлкісі жылтырайды. Таң қылаң беріпті…

@Belgisizuly. 

09.01.20

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here