Туған ауылым – тұнған шежірем!

 

      «Туған жер – алтын бесік» деген халық даналығының тереңіне үңілсем, неше уақыт өтсе де түрі мен түсін жоғалтпайтын алтындай бағалы, қасиеті мен киесі мол бесіктей қадірлі болатын кіндік қаным тамған топырағымның қымбаттығын сезінемін. Сезінемін де оның маған дейнгі ұрпағын тербеткеніне сан жылдар өтіп, талай сырға толы тарихты басынан өткергенін ұғынамын…

Иә, ата-баба шежіресін, туған жеріңнің кешегі тарихын, басынан өткізген ақиқатын білу үшін алдымен халық санасына, ғұламалар  зерттеуіне, сонымен қатар сарғайған архив сөрелеріне, көне шежіре беттеріне үңілеміз.

Әрбір адамға ең жақын, ең қымбат, ең қасиетті мекені – туған жері және оның тарихы. Н.Ә.Назарбаевтың «Өз тарихын сыйламаған халық өзін де сыйламайды» деген қағидасы осыны растайды. Қашанда көрегенділігімен дараланған көшбасшымыздың осы пікірін негізге ала отырып, мен де өзім туып-өскен ауылым,  Атырау облысының бұрынғы Балықшы ауданына қарасты Дамбы елді мекенінде орналасқан Амангелді ауылының тарихы туралы сыр шертпекпін.

Забурындағы «Амангелді». Забурын селолық Кеңесі қазіргі Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылынан оңтүстік батысқа қарай 70-80 шақырымдай жерде. Аталарымыз отырған аймақта «Көкарна» деген үлкен өзек болған. Қазір тек сұлбасы ғана қалған. Заманында сол өзекке «Пароход кірген, парызды үлкен, кіші кеме, қайықтармен алты құлаш ақ таяудың ұшымен, ақ білектің күшіменен Көкарна бойын шарлағанбыз»,- деп көне көз қариялар  еске алып отырған. Көкарна бойында балық қабылдайтын бірнеше батаға болған. Оны «Күйген», «Көзді арал», «Жіңішке арал», «Шәкір арал», «Ұзын арал» дегендей атаулармен атаған екен. Басқа жұмыстың реті келмеген жігіттер мен қыз-келіншектер сол жердегі  батаға қожайындарына жалданып, нанын тауып отырған.

Ал  мұрағат жазбаларында  Амангелді атындағы колхоздың  алғашқы ұйымдасуы мен өркендеуі – қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы территориясында болған. Бұл өңірдегі негізгі шаруашылық балық аулау болғандықтан, алғашқы кезде «Рыболовецкое кредитное товарищество» деген серіктік құрылып, оған ауылдағы бар адамдар біріктіріле бастаған. Сөйтіп, 1929 жылы наурызда Забурын ауылдық советіне қарайтын әр түрлі серіктіктер құрылған. [1] Серіктік алғашқы құрылған жылы 120-130-дай ғана мүшесі болса, көп кешікпей серіктік мүшелерінің саны 1480 адамға жеткен. Колхоз құрылған жылы оған мүше болған адамдардың бірі – Құттығұлов Қайыр деген кісі болған. Ол өзінің Жарылғап және Жарылғасын деген екі ұлын колхозға мүше етіп кіргізу үшін өзінің атын сатып, қайық жасатқан. Сөйтіп өзі ау тоқып, екі баласын колхозға кіргізген.

1930 жылдың 5 шілдесінде бұл серіктіктен «Социалистік жол» атты колхоз құрылған. Оның алғашқы председателі болып Ерен Таспанов деген кісі сайланған. Ол сол кезге дейін ауылдық Советте председатель болған, орысша хат танитын адам болған.

1934 жылы қаңтар айында бұл колхоздан екі колхоз құрылады. Олар: «Социалистік жол» колхозы – Забурын орталығында және «Ораз» колхозы – Көкарна орталығында. 1935 жылы  Ораз Исаев  «Алашордашы» деп қуғындалып, үкімет басынан аластатылып, соған байланысты  колхоздың атын өзгертіп, азамат соғысының батыры Амангелді Имановтың есімімен аталады. «Ораз»  колхозы  қазіргі таңда тарихы жазылып отырған Амангелді атындағы колхоздың негізі болатын. Бұл – мұрағат дерегі.

Амангелді колхозын әр отбасы  алдындағы жалғыз торпағын, колхозға керек деген құрал-саймандарын ортаға салып, ұжымдасқан. Елден жиналған ау құралдары, стойка, бударка қайықтары жөндеудің күшімен 1954 жылдарға дейін пайдаға асқан. Колхоз шаруашылығының негізгі саласы – балық аулау болды. Балық аулау және оны тапсыру түгелдей қол күшімен атқарылған. Жазда реюшка, жаға қайығы (бударка), қыста мұз үстінен ақанмен ақ балық, осетр аулау, тюлен соғумен айналысқан. Колхозға мүше болған балықшылар колхоз меншігіне 40-50 ірілі-уақты қайықтарын берген. Ат-шана, уақ құрал-саймандарын балықшылардың өздері сақтаған. Ақан сеткісін өздері тоқып, осетр мен тюлен аулау үшін балықшылардың әрқайсысы ат шанасымен 8-10 адамнан топтасып, мұз үстінде ай бойы, шанасын толық жүктегенше, жұмыс істеген. 1940-45 жылға дейін балықшылар қысты  күні де теңізден балық аулаған. Оған жеке колхозшылардың жарау аты бар, ат шана әбзелдері толық адамдар ғана қатыстырылған. Әр шанада бір адам.  Бұл  жұмысқа өте тәжірибелі, қайратты, алғыр адамдарды ғана алған.

1934-35 жылдары «Ораз» колхозы болып құралғанда балықшылықтан басқа, төрт түлік өсіруді кәсіп еткен.Түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкі сынды мал басы 1941 жылдарға қарай көбейіп, ұжымдық шаруашылыққа пайдасын тигізген. Осыған байланысты Амангелдіден жаңадан «Родина» атты жылқы өсіру колхозы бөлініп шығады. Оған басшы болып Аюпов Арон деген адам сайланады.Арон атаның Отанға деген адалдығы, мемлекет мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоюы, ұйымдастырушылық қабілеті, халқына жасаған қайырымдылығы, белгіленген жоспарды асыра орындау жолындағы қажырлы еңбегі ескеріліп, СССР Жоғары Кеңесінің шешімімен,  сол кездегі ең жоғарғы награда «Ленин» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады.

1934-39  жылдары  Амангелді колхозының алғашқы басқарма төрағасы  болып Төкен  Доспаев деген кісі сайланып, одан кейін 1939-43 жылдары Даулетияров Қожабек, Төлегенов Тлепберген деген  кісілер ұжымшарға басшылық жасаса, 1943-61 жылдары Бермағамбетов Жалмұқан сынды аталарымыз колхозды басқарған.

Дамбыдағы «Амангелді». Колхоз Дамбы елді мекеніне 1956 жылы келіп қоныстанған. Бұл жерге көшіп келудің басты себебі: балық аулау флоты, аулау құралдары осы Жайық бойындағы МДС-та (моторлы балық аулау станциясы) қалады да, адамдар Забурынға кетеді. Екі аралық біршама жер. Флотты, аулау құралдарын дайындау, жөндеу жұмыстары қиындыққа соққан. Бұл жұмыстарды орындау үшін балықшыларға жылына бірнеше ай бойы үйінен бөлек  Гурьев қаласында орналасқан МДС-та қызмет етеді. Сондықтан қалаға жақын жерге көшуді ойластырған ел ағалары осындай шешімге келген.

1962 жылы МДС таратылып, флот та, аулау құралдары да колхоздың өз меншігіне аударылған. Теңізден сеткамен балық аулауды тоқтатып, ставной неводпен майшабақ аулауға ғана рұқсат берілген. Содан болса керек балық  аз болып, балықшыларға табыс өте  төмен болған. Мал да аз, егін өнімі де мардымсыз болып халықтың әл-аухаты нашар күй кешкен. Колхоздың осындай қиын жағдайға тап  болғанын  Облыстық партия комитеті ескеріп, 1964 жылы Гословта болған Дамбы тартымын  Амангелді колхозына пайдалануға беру туралы шешім шығарған. Осындай жоғарғы дәрежедегі еңбекті ұйымдастыру  жолға қойылғанмен, алғашқы жылдары тартымнан ауланған балық көлемі 1968-1970 жылдар аралығында күрт төмендеп кеткен. Осы жайды байқаған сол кездегі колхоздың партия комитетінің хатшысы Мурсалимов Қабидолла (Шашен)  «Су асты жер деңгейінің (рельефінің) өзгергенін, сол себепті тартымда тереңдік азайып, тайызға айналып қатты ағыс қарсы бетпен ағып отырғандығын» колхоз басқармасы мен мүшелеріне өз ойын айтып, мәселені  сол кездегі управление бастығына жеткізген. Осы кісінің ойымен 1971 жылы күзде қазу жұмыстары жүргізілген. Қыруар қаржыны  (28 мың сом) шығындандырған жұмыстың колхоз үшін мол табысқа кенелтетіні сол кезде көптің күмәнін тудырған. Шашен атаны да қыс бойы «қалай болар екен?» деген үлкен күдік мазалаған. Расымен де, шыққан шығынның есесі келер жылы көктемде бірнеше есеге қайтарылып, бұл тартымнан жылдан-жылға балық мол ауланған.

Балық аулау көлемі шұғыл өсуіне байланысты ауланған балық көлеміне сай колхозшылар табысы да артып, жағдай мүлдем өзгерген.

1971-76 жылдар аралығында колхозға басқарма болып Мүрсәлімұлы Қабидолла сайланады. Ол осы жылдарда колхоз экономикасы мен мәдениетінің  қарыштап дамып, колхоз еңбеккерлерінің де тұрмыстық жағдайы оңалған кез болған. Қабиболла аға шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыруымен қатар, ауыл мәдениетінің өркендеуіне де ерекше көңіл бөлген. Сол жылдары 80 орындық балабақша салдырып, 180 бала қамтылатын екі қабатты мектеп үйінің құрылысын бастаған. 1974 жылы 160 орындық мәдениет үйі мен колхоз басқармасы үйі салынып, пайдалануға берілген. Ескі , шағын шикі тас үйлердің орнына жаңа үлкен үйлер салынып, көгалдандыру, абаттандыру  жұмысы жүргізілген. Ағаш көшеттері әкелініп, ағаш шарбақтар 10 данадан әр үйге тегін таратылған. Әр отбасы кем дегенде 3-4 түп ағаштан отырғызып, өсіру міндеттелінген.

Ауылдың күншығыс жағынан 500-600 метрдей жерде алма бағы бой көтеріп, өз жемісін берген. Кейін соған жалғас жүзім плантациясы отырғызылып, колхозшылардың дастарханынан жүзім мен алма үзілмейтін дәмге айналған. Жайыққа жақын тұсынан 8000 шаршы метрдей жылыжай салынып, қыс мезгілінде де қызанақ пен қияр дақылдарын халқының еркін пайдалануына мүмкіндік жасаған. Егін көлемі ұлғайтылып, 1972 жылы 120 га жерге егін салған. Егіннен жыл сайын 70-80 мың таза пайда алған. 

Алма мен жүзім бағында Едіге Ғұмаров, жылыжай, егін шаруашылығында  агроном Енсанов Дүйсенбай ағаларымыз өнімнің шығымдылығына, сапалығына жауапкершілікпен қарайтын маман-басшы екендігін әркез таныта білген. Облыс, аудан көлемінде егін шаруашылығы алғашқылар қатарында болып, жоғары табыс биігінен  көріне білген ұжым болған. Облыстық ауылшаруашылығы жетістіктері көрмесінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған жылдары көп  екен. Егіншілік жұмыста ерен еңбектің үлгісін көрсете білген  апа-әжелеріміздің есімдерін атайтын болсам: Әбілхайырова Мақташ, Әбілғазиева Әмина, Тілепбергенова Бима, Нысанғалиева Қалі, Жарылғасынова Қоңырша, Шаңбаева Қамида, Есқалиева Рухаш, Шынтаева Зияш, Әділбаева Бапытай, Әбілхайырова Күнсұлу, Сұпиева Раша, Тапенова Ұлпаш, Төлеуова Зүлпат, т.с.с. егіншілер есімі сол кездегі  «Коммунистік еңбек» газетіне жарияланып, үлкен марапатқа ие болған.

Ата-бабамызбен бірге жасасып келе жатқан  төрт түлігін өсіруді Амангелді колхозы қашанда жоспарлаған. Сонау 1934-35 жылдары Забурыннан бастау алған мал шаруашылығы жалғасын тапқан. 1964 жылы 84 бас аналық сиыры болса, 1972-73 жылдары оны 180-190 басқа өсірген. Жүз сиырға шаққанда 85-90 бұзау, әр сиырдан 2 мың литрге дейін сүт сауылған. Колхоз мал шаруашылығынан 30-40 мың таза пайда алған.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында амангелділіктер жанқиярлықпен еңбек етіп, майданға 92 мың 568 жылы киім жөнелткен. [1] Сондай-ақ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатының деректеріне қарағанда 1942 жылдың 1-ші мартында балық аулау жоспары 168 процентке артығымен орындалып, балықшы колхоздар Одағынан Ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған. Колхозды  ұйымдастыруға өздері жете араласып және де аштық, жоқшылық кезде, әсіресе Ұлы Отан соғысы кезінде бірнеше жыл бойы өмірін теңіз үстінде өткізген, қаншама қиыншылық көрсе де мойымаған, шын мағынасында ардагер ақиық ата- ағаларымның атын атап өтсем: Ізмағамбетов Дияр, Рахым, Сейтеш, Айшабозов Шамархан, Қарамалаев Жұмабай, Шаңбаев Шарапиден, Халханов Сүпиян сынды қариялар тәжірибелі балықшылар болған. Сонау соғыс жылдарында колхоз председателінің орынбасары болған, колхоз өмірінде ерекше орны бар, алғашқы ұйымдастырушылардың бірі – Төлегенов Тілепберген атаның есімін ел адамдары аса құрметпен атайды. [3]

Амангелділіктер өз еңбектерінің табысымен жеңісті жақындатуға атсалысқан ел. Сол кезде ауылда қалған жерлестеріміз өз көмектерін материалдық жағынан көрсете білген. Мысалы: Қызыл Армияға көмек ретінде танк коллоннасын жасақтау үшін Әжіғали Құрманбаев 150 мың сом, Сәрсенов Ізғали деген кісі 50 мың сом ақшалай көмек берген. Бұл адамдарға осы көмектері үшін «рахмет» айтып, Қорғаныс комитетінің председателі И.В.Сталин телеграмма салған. Бұл телеграммамен колхоз еңбекшілері 1943 жылдың 21 қаңтарында колхозшылардың жалпы жиналысында  хабардар болған екен.

Соғыс аяқталып, көптің күткен ел тыныштығы орнады. Ұзын сапты күрек пен аудың қатты да, берік арқандарын сағынып қалған солдаттар енді салған зардаптарды жою үшін қиын да, жемісті жұмысқа кірісіп кетті. Олар  Ұлы Отан соғысында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, ел патриоты болып оралған Арыстанов Мардан, Әбілғазиев Нәби, Бекмағамбетов Жардем, Есқалиев Нәбиғали, Ескалиев Әбілхайыр, Байзуллин Шора, Баймұқанов Каким, Тапенов Хамит, Орынбасаров Әмір, Мұратов Сәдер, Мұратова Шамшат, Әбілқасымова Узиға сынды соғыс ардагерлері еді.  Ерлік әрқашан да өлмек те, өшпек те емес. 70 жыл уақыт өтсе де, ер есімін елі мәңгі сақтап, ауыл ортасынан Жеңісті жақындату үшін  құрбан болып, майдан даласынан оралмаған боздақтарға арнап ескерткіш тақта орнатқан. Біз сияқты келер ұрпаққа  қан майданда  бейбіт өмір сыйлау үшін  өлімнен қорықпай, Отан үшін от кешкенін ұмытпауға, ерлікке бас иіп, тағзым етуге арнап орнатылған ескерткіш тақтасының маңызы зор.

«Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды» деп Б.Момышұлы атамыз айтқандай осылайша ерлік-жігердің, күш-қайраттың, ақыл-парасаттың, ар-ожданның иесі болған жерлестеріміз, яғни Ұлы Отан соғысына қатысқан колхоз еңбеккерлері, олардың ерлігі, тылдағы еңбекшілердің Отан қорғауға көрсеткен материалдық көмегі қазіргі жас ұрпақтың бойында өз ата-бабасына деген мақтаныш сезімін тудырары сөзсіз.

Ел іші – өнер кеніші. Колхоз шаруашылығының өркендеуіне сай ауылда мәдени жұмыстар да, көркемөнерпаздар коллективі де жақсы ұйымдасып, оның құрамында 70-80 тарта жастар болған. Хор, оркестр, бишілер тобы аудан, облыс көлемінде ауыз толтырып айтарлықтай, мақтан етерліктей дәрежеде өнер көрсеткен. Оның айғағы аудандық көркемөнерпаздар байқауынан бірнеше рет жүлделі бірінші орын иемденіп, үш жыл облыстық байқауда 1-орын алған. Колхоздың мәдени-көпшілік жұмыстарына сол кездегі №7 орта мектебі (кейін Амангелді орта мектебі атанған) оқытушылары мен оқушылары, мектеп директоры Шапауов Ғинаят, оқу ісінің меңгерушісі Бултаков Идеят сынды ұстаздардың бастауымен, солардың ұйымдастыруымен көптеген жетістікке қол жеткізген.

Ақ Жайық бойын жайлаған жайлаған Амангелді ауылындағы мәдени ошақта «Амангелді» халық театры сонау 1972 жылдары өз жұмысын бастап, халықты өнерге баулуға игі қызмет еткен. Уахит Қоңқатаев, Мәдениет Дәриев, Ғалымжан Азбергенов, Бисенбай Байзуллин, Ерболат Қайыров, Қарашаш Кенжеғараева, Жұмағыз Сралиеа, Рабиға, Рахима Ибрагимовалар сынды аға-апаларымыз өнерге құлшыныс танытып, алғаш ескі клубтың сахнасына аудандық «Каспий таңы» газетінің тілшісі Абдолла Қожиевтің «Жайық жағасында» атты шағын ғана пьесасын сахналаған. Міне, содан бері драма үйірмесі жылдар өте келе ауыл жастарының бас қосар сүйікті ісіне айналып Уахит Қоңқатаев сынды ағамыздың басшылығымен 1979 жылы Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін сахнаға шығарып, халық арасында үлкен аброй-бедел жинаған. Осы кісінің бастамасымен құрылған драма үйірмесі жыл өткен сайын шыңдалып, көптеген спектакльдерді дүниеге әкелген. Атап айтатын болсам, Қ.Мұқанбетжанның «Қуырдақ дайын», К.сатыбалдиннің «Аягөз ару», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық», С.Шаймерденовтың «Қайдасың  Зарина», Т.Ахтановтың «Боран», С.Адамбековтың «Кремль күзетшілері», Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалім», Д.Исабековтың «Қараспан процессі», О.Бөкеевтің «Құлыным менің», С.Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр», Р.Шотбаеваның «Құйынбайдың қылықтары», О.Бодықовтың «Ойбай, күйеу керек» секілді спектакльдері сахналанып, театр репертуарының тақырыптық диапазонын үнемі өсіріп отырған. Уахит ағайдың өзі басты рольдерді сомдап, халықтық зор ілтипатына бөленген. Оның режисерлігімен қойылған спектакльдердің бірнешеуі облыстық байқаудың жеңімпазы атанған.

1989 жылы Мәдениет Министрлігі комиссиясының шешімімен Амангелді селолық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесіне «Халық театры» атағы берілген.

1991 жылы Алматы қаласында өткен «Халық театрларының» республикалық байқауында С.Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр» спектаклімен М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында өнер көрсетіп, байқаудың «Бас жүлдесн» жеңіп алып, Республиканың бір қиырында жатқан шағын балықшы ауылы Амангелді колхозының мәртебесін аспанға бір көтеріп қайтқан екен.  Өнерден тума таланты болмаса да сол кездегі колхоз председателі болған Алиев Қайыржан Ізтелеуұлы халықты ұйымдастырып, республикалық байқауға өзі бастап барған. [2]

Біраз үзілістен соң, жаңа режиссер Ақылбек Губашевтің келуімен театр ұжымы қайта жасақталып, ауыл жастарының актерлік шеберліктерінің өсіп, дамуына зор ықпалын тигізген. Сахналық қойылымдарда актерлер ойынына қоса декорация, жарық, музыка, дыбыс секілді бейнелеу құралдарын пайдалану арқылы өзара біртұтас көркем образ жасауға пайдалана білген. Осының арқасында М.Өтемісұлының «Туған ұлдан не пайда?», Б.Қойшиевтің «Қарт қойнында қалаш бар», К.Жұмабековтың «Ата парызы» спектакльдері сахналанып,  ауыл халқының өнерге деген құлшынысын оята білген.

Заман талабының қиыншылықтарына қарамастан, өнер атты бәйгенің қиындығына мойымаған театр мүшелері 2004 жылы  Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектаклін, 2005 жылы С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер», 2006 жылы М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай», 2007 жылы С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз»Ж.Жұматаевтың «Тірі жан» спектакльдерін мәдениет министрлігінен келген комиссия алдында сахналап, «Халық театры» атағын қорғаған. Осынау абыройлы  атақты сақтап қалуда  алдыңғы буын ағаларының ісін жалғастырып келе жатқан Қ.Мүтиев пен Е.Хамзаев сынды ағаларымыздың ел мәдениетін көтеруге қосқан үлесі еді.

Ия, кәрі Каспий төрінде, буырқанған Ақ Жайықтың айдынында  Амангелділіктердің қоныстанғанына міне, 60 жылдай  уақыт  болыпты.  Дүлдүл толқындармен алысып, телегей теңіз бетінде күш сынасып, жастық жалынының отты кезеңінің еншісін сыйға тартқан  балықшылар ауылының тарихы осындай. Осындай өмір белестерінен  өткен Амангелді атындағы колхозды құру үшін бала-шағасының аузынан жырып алдындағы жалғыз торпағын, тірнектеп жиған құрал-сайманын ортаға салған ата-ағаларымыз бен  әже-аналарымыздың «Колхоз үшін» ұранымен шыбындай жанын шүберекке түйіп өткен  өнегелі ғұмырын келешек ұрпақ ұмытпауға тиіспіз. Бір өкініштісі, кезінде тырнақтап жиған  колхоз мүлкі жекеменшікке ауысып, ел игілігі үшін емес, жеке кәсіпкерге қызмет атқарып жатқандығы қариялардың жанына батады. «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» дегендей, бұл 21 ғасыр талабы деп білемін. Ең ғажабы, мәдениеті мен өнері арқылы әлі күнге дейін халықты біріктіріп, сонау кеңес заманынан бергі ізін жоғалтпай сақтап келе жатқан «Халық театры» менің ауылымның бойтұмары іспетті. Өнер мен өнегеге толы тарихын келешек ұрпаққа үлгі қылып, мирас етіп жүрген аға-әпкелерімнің еңбегі зая болмай, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келе жатырғандығы біз үшін мақтаныш. Осындай ауылымыздың абыройын асқақтатып жүрген зиялы қауымның қатарына кіру –  мен үшін мақсат. Көп кешікпей мен де қанат қағып, алтын ұя мектебіммен қоштасып, аңсаған арманыма қол жеткізуге талаптанамын.  Сонау жиырмасыншы ғасырдан тарихы тереңге бойлаған елімнің көркеюіне өз үлесімді қосамын деген сенімдемін. Жобамды дайындау барысында ауылымның тарихын іздеп, зерттеп, біле келе, біздегі мақтан тұтар өмірі өнегеге толы адамдар болғанын біле түстім. Үлкен шыңға ешкімде жеңіл жолмен жетпейтінін түсіндім. Біздің ауылдың тарихында ізі қалған, мақтанышпен айтар қуаныштардың бәрі маңдай тер еңбекпен жүзеге асқан. Осындай шағын ауылдың әдемі тарихы бізге үлгі. Алдағы уақыттарда осы әдемі тарих беттерін көбейтіп, саналы ұрпақты тәрбиелеп, өнерлі жастарды таныта отырып, ауылымыздың атын шығарамыз деген ойдамын. Туған ауылымның осындай жарасымды, шуақты, сәулелі, қуанышы мол өмір өткелдерінен ләззат алып отырған шағынан еш ажырамағай деген жүрегімнен шыққан тілегімді жолдаймын. Егеменді ел болып, еңсемізді тіктейтін шақта қазақылығы бұзылмаған, салт-дәстүр мен ата жолын жалғастырып келе жатқан ауылдарымыздың ғұмыры мәңгі болғай дегім келеді!

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты; 1215-қор, 231-іс, 4-байлам.
  2. Орынғали Исабаев «Ғасыр перзенті». Атырау қаласы, 1993 жыл.
  3. М.Дәриев «Есен бері аталық шежіресі». Атырау-2015 жыл.
  4. Атырау энциклопедиясы. Алматы «Атамұра», 2000 жыл.

 

                                   

 

                                                                

                                                               Әл-Фараби атындағы Қазақ

                                                                  ұлттық университетінің

                                                                  4-курс студенті

                                                                  Фариза Мустахимова

                                                                  Тел: 8 (701) 800-17-98

                                                                  Почта: gadilbekovna1998@mail.ru

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here