Мен Алматыға таудай арман арқалап келдім. Пәк күйімде, бұлыңғыр сезімде… Арманым осы жақта қалып қоймасын деп ҚазҰУ-дің табалдырығын аттадым. Маған үміт бер, Алатау! Шексіз қиялым мен жүрек қалауым үшін сөкпе. Тонау шалғайда жатқан Еділ мен Жайық төсіндегі Бөкей сұлтанның Ордасынан мынау арман қалаға құр бекер арқаланып келгенім жоқ қой. Әкемнің қара шаңырағында көз жанары төртеу боп жолымды тосып отырған кәрі анам қалды. Ағайын-туыстың үмітін ақтау үшін алаң көңіл мені осы жаққа жетелеп алып келді. Үкілеп тұрған үмітім, жазылып бітпес дастаным, өміршеңдеу өлеңім, қыз қиялым бар. Соным үшін алдыға мақсат қоюды үйрет! Мұрсат бер!
Ол шыны аяқтағы кофесін үстелдің үстіне қойды да, күншығысқа көз тастады. Ақ бас Алатаудың арасынан төбе көрсетпей сығалап тұрған күннің шуақтары көз жанарына шағылысты. Кәрі тауларға көз тастап тұрып, ол Алматының таңғы самалына әуелі маңдайын сүйдірді, кейін қою қара қолаң шаштарын сипатты.
Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар… Тас жолдың арғы бетінен бергі бетіне қарай ағылып жатқан көліктер… Төмендегі дүңгіршектен шығып жатқан радио дауысы. Шәмшінің “Қуаныш вальсі”… Жәй ғана жан бағу үшін емес, еңбектің нанын табу үшін құмырсқаша қаумаласып жатқан қалың жұрт. Бірі жұмысына, енді бірі оқуына асығады. Күн шығар-шықпас бұл қаланың күндегідей қауырт тірлігі тура осылай басталып кеткен-ді. Тіпті түнінің өзінде де шуылдаған көліктердің дыбысы қала тіршілігінің тына қоймағандығынан хабар беріп тұратын. Оған Алматының күнінен гөрі, осы түні жақынырақ еді. Алғаш келген жылдары жанындағысының бәрін өгейсініп жүрді. Кеудесіне тығылған сағынышы жүрек қылын қозғағанда мынау алып шаһардың төсіне сыймай, өзді-өзімен шыр-пыр болатын.
Айрандай ұйыған жатақхана. Аядай ғана бөлме. Тағдырдың құлдығына бас ұрып, арманын арқалап келген өзі секілді өрімдей жастар. Бәрінің қалауы айда, тек ол ғана өзгелерден ерек болатын. Жүрекке жауыздық орнатқан Оралынан безініп, жат қаланың алақанына келіп қонақтады. Алматы тіптен жат емес-ті ол үшін. Ес білгелі өмірі өз көзімен көрмеген бұл қала – ең алғаш келген сәттен бастап оны бауырына басты. Жалындап тұрған жастық шағының жаршысына айналды. Өзін бөтен сезінбесін, көңіліне кірбің түспесін деп жақсы жандармен таныстырды. Табыстырды кейін. Ол балконнан мәңгі ұйқыға кеткен кәрі тауларға қарап тұрып терең демалды. Сөйтті де ешкімге, ешнәрсеге тәуелсіз өмірінің ләззатын тағы бір мәрте анық сезінгендей болды.
***
Бүгін ҚазҰУ-дың туған күні. ҚазҰУ-ы емес, құдды өзі жаңа туылып жатқандай күй кешті. Көмекейге тығылған ащы өксіктің орнын сыңғырлаған тәтті күлкісі, жанарына тығылған шық тамшының орнын жалт-жұлт еткен шырақтардың сәулесі, өзеурі өлеңінің орнын қуаныштың жазбасы алмастырды. Алматының өзін ешқашан жылаттырмасын біледі ол. Жан-жүрегімен сезеді. Өмірі таңдаудан тұрды. Ал ол өз таңдауын жаңылыспай жасады. Ешкім иемденбеген бақытқа жету үшін, кезігіп тұрып артынша қоштасумен бетпе-бет келмеу үшін, өз өмірін өзі көркемдеп суреттеу үшін өткенге қайырылып қарамады…
Ең алғаш журналистика факультетінің қара шаңырағына айналған ҚазҰУ-дың табалдырғын аттағанда ол не бары он жеті-ақ жаста еді. Ессіздігін, есерсоқтығын, аңғалдығын бәрін-бәрін өткеннің еншісіне тастап, ересек өмірге қадам басты. Содан бері 5 жыл… Сол бес жылдың ішінде Алматы оны бұзған жоқ. Бұл қалада оған құшағын айқара ашып, алдынан тосқан ешкім болған емес. Тек сынақ қана. Мойнындағы ауыр жүгімен арқаланып келіп, ҚазҰУ жатақханасынан бір-ақ шықты. Басқалары сияқты студенттік думанның буына масайып, отына күймеді. Жалғыз қуықтай ғана бөлме мен төрт қабырға, балконның арғы жағындағы қаланың тыншуы кеткен көрінісі оның осынау бар мұңы мен іштегі алай-дүлей сезімдерін құлақ түріп тыңдайтын… Алматы – оның ғашық жүрегін сөйлетті… Тағдыр тақтасының бояуын қанық ете түсті. Мамыражай маусымы мен тамылжыған тамызы көкірек кеудесіне жылылық ұялатса, қоңыр күзі сағыныштың мелодрамасына айналды. Қылышын сүйретіп келетін кәрі қыс, үскірік аяз, ысқырған боран тұла бойын тоңдырса да, жүрек түкпірін ешқашан дір еткізбеді… Ал, көктем – мына тұрған өзі. Ол, тым әдемі ғұмыр кешу үшін жақсы көре білу керек екендігін ерте ұғынды… Көктөбеден алақандағыдай боп көрінетін Алматы – өзін сол алақанына салып мәпелейтінгіне еш шүбә келтірмеді…
Үстел бетінде сияға малынған ақ парақтар үйіліп жатты. Бірінде ауылға жазған хаттары, бірінде аяқсыз қалған өлеңдер, енді бірінде Алматыға деген ып-ыстық махаббат пен толғаныстар. Қарасаң көзің тоймайтын қызғалдақтар өрілген қырдың ұлан-ғайыр етегін сағынып жүргенін жазыпты. Өкшесіне батқан тікенек, самайын есіп өткен самал жел, бейітке айналған құм төбе. Соңында өкпелімін делінген… Мен асыр сап ойын-сауық құрған құм төбе енді ғана ес білген шағымда Әкемді мәңгілікке бауырына басқаны үшін өкпелімін деп айна қатесіз жазылулы тұр. Анасына жазған хаттардың бәрінде мөлдір сағыныш. Алаң көңіл. Көл-көсір мейірім. Күн батып, ымырт жабылып барады. Көкті қап-қара түнек торлауға таяп, түннің мүлгіген тыныштығына бас июге әзір тұр. Көктебе жақтан бір сәуле лып етеді. Алматым, мен сенің түніңді сүйем! Заңғар көкке ұмтылдырған Көктөбе, биігіңді сүйем. Мөп-мөлдір шағыңды сүйем. Арайлы таңыңды сүйем! Ессіздеу еркелікті, тым тәтті тентектікті сүйем. Балауса кезімді сүйем! Нөсерлі жауынды сүйем! Бұрқасын дауылды сүйем! Сендік болмасам да, өгей демеген дәл осы кезімді сүйем! Сағынышым мен сезімімді табалай көрме. Қателігім үшін жазалай көрме! Өкшеміз күні-түн тиетін сұр асфальт, ҚазҰУ қалашығы, темір жолдар мен вагондар. Осының бәрін жазылмаған тағдыр етейін. Мені биігіңе әкетші…
Күнбатыстың көкжиек бетінен алабыртып күннің ұясына қалай баяу батып бара жатқандығын тапжылмай тұрып тамашалады. Сол сәттегі әсем бейне тамыр-талшықтарында өлең боп өрнектеліп жатты. Күн ұясына батқаннан кейін балконнан Алматының түнгі ызғары сезілді…
“Көкірек кеудеге құштарлық сезімін ұялатқан бұл Алматы – талайлардың алғашқы махаббаты. Мен – шер толы, мұң толы, сағыныш пен махаббат толы жүрегіммен дәл осы шаһарды риясыз сүйдім. Сүйікті еткен – анау ақ бас Алатау, ғашықтық сезімінің ошағына айналған мынау Көктөбе, арманым мен болашағыма қанат бітірген ҚазҰУ. ҚазҰУ болмаса, маған сен сол күйі арман болып қала берер ме едің, кім білсін?… Өткеннің бұлыңғыр елесін ұмыту үшін менің бауырыма келіп тығылды деп жазғырмашы мені…
Оның тамағын өксік қысып жіберді. Ернін тістегені сонша, маржандай аппақ тістері астыңғы ерніне із салды демде. Басын төмен салбыратып тағы да ауыр күрсінді. Бұл күрсіну алдыңғы күрсінулерден мүлде өзгешелеу-тұғын. Алмадай домаланған екі беті бозарып, жәутеңдеген жанарымен Әл-Фараби даңғылының бойында жағылып тұрған әр бір шыраққа көз тастады. Ботадай көздерінен сұмдық бір шарасыздық, түңіліс пен қайғының табы байқалады. Тұңғиықтың тереңіне сүңгіді де кетті. Тек жүрек қана дамылсыз соғуда.
– Сен маған үміт бердің,-деді мағынасыз, діріл қаққан дауыспен. Дауысы анық емес шықты. Қиялыма ерік бердің, жүрегімді сөйлеттің, кеудеме махаббатың ұшқын отын ұялаттың. Өлеңіме бас идің. Жұтаңқы көшелеріңе өкшем тиді, түнерген түндеріңе өкпемді айттым. Сені сүймеу мүмкін емес қой. Өткен күннің еншісінде қалып кеткен көлеңкелі күндерімді ұмыттырдың. Орал мені осылай бауырына бассашы… Әттең… Туған қалам деп жүргенде оның өзектен тым оңай теберін мен байғұс білдім бе?.. Бітпейтін мұңмен, орны толмас дертпен саған қайдан ғана келдім екен, армандарымның қаласы? Көңіліңе қаяу түсірдім-ау… Батпандай ауыр оймен, ерке-шолжаң мінезіммен мені алақаныңда әлі күнге дейін аялап келе жатқан сен мықтысың ғой, мықты. Қыз басын шайқалақтатып, мырс күліп жіберді.
– Мен бүгін тағы да ұйықтамаймын. Үнсіз тілдесейікші. Ептеп балконның кіре берісінде тұрған темір орындыққа жайғасты да, ақ бас тауларға алыстан көз тастады. Түнгі Алматының тыныштығын күзеткен кәрі таулар, бәрі-бәрі шырт ұйқыға кеткен. Тек қыз ғана балконның жарығын өшірмей ояу күйі сол орнында әлі отыр.
Дәл осы балкон бірер сағаттардаң соң оны күншығыстан шығар күннің ыстық шапағатымен қайта қауыштырады…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here