КӨҢІЛ ТОЛҚЫНЫ
Ал,тыңда мені ағайын,
Өлеңнің отын жағайын.
Құлдида құлди құлдилап,
Құлагер аттай шабайын.
Тау суындай сылдырлап,
Сылдырда сылдыр ағайын.
Тебірентіп тербейін,
Жүректердің талайын.
Қазақ болып туған соң,
Домбырамды қағайын.
Жырға бөлеп кетейін,
Астанамның маңайын.
Шабытым келіп тұрғанда,
Ашайын көңіл сарайын.
Өнерім барда кеудемде,
Қызырың болып қалайын.
Өсірер ерді ел екен,
Өлеңді бүгін сел етем.
Ынтымақ, ырыс елімде,
Тарқамасын мерекем.
Қариясы қазына,
Ақылы дария көл екен.
Қазақтың өлең өнері,
Асқақ-асқақ бел екен.
Қазағымның пейілі
Жұмақтың жайсаң төрі екен.
Əр қазағым ғажайып,
Биіктермен тең екен.
Өнеріне қарасам,
Соққан дауыл, жел екен.
Мінезіне қарасам,
Даладай дархан өр екен.
Басыңнан бағың таймасын,
Тасқындай берсін берекең.