Құлқынсәріден көні кеуіп оянған Инеш сәске түстен кейін де жата алмады. Түскі шайды ана жалғызына алаңдап, ішіп жарытпады. Енді міне, тамағы қурап, шөл қысып бара жатқаны оны ақыры орнынан тұрғызды. Сүйретіліп барып есік алдындағы ескі сарайға кірді. Кіргені сол ескі сарайдың күлімсі иісі қолқаны қапты. Ұқыпсыз, қалай болса солай тастай салған заттар шашылып, ол әуелгіде нені іздеп келгенін ұмытып, есік аузында біршама состиып тұрып қалды. «Жинаса қайтеді осыны» деп іштей келіні Зағираға кейігендей болды. Содан аяғын сүйрете басып, көзіне ыстық көрінген үлкен жез самаурынды өрмекші әбден торлап тастаған қуыстан тысқа алып шықты. Самаурынның шаңы бес елі, тіпті астының күлі де қағылмаған екен. Сусып түскен шаң аралас топырағымен ішінің күлі қоса із салып, құдық басына алып барды. Одан құмғанына су толтырып, самаурынды тазалауға құдық басына қайта келді. Осы құдықты алғаш келін болып түскен жылы атасы ақысына бір тай беріп көрші Әлмәмбетке қаздырған еді. Атасының да, Әлмәмбеттің де кетіп қалғанына қанша жыл. Құдық әлі сол қалпы. Суы мөлдір, әрі тұщы. Қайбір жылдары үй-үйге су құбыры тартылғанда Есентай көміп тастамаққа бекінген, сонда бұл кемпір ұлының сөзіне қарсы шығып көмдірмеген. Шешесінің сөзін қимады ма, әлде көмуге қиналды ма, Есентай құдықтың бетіне жалпақ тақтай жауып қоя салған. Ішіне ештеңе түспесін деп Инеш те жаман қамзолымен қымтап, таспен бастырып қойған-ды. Құдықтың бетін ашқаны сол еді, кемпірдің әжімді жүзін салқын леп сипай, ақ қырау шалған самай шашын жаймен талдап өткендей болды. Ал мына жез самаурын мұның жасауының алды. Шешесі Күләнда татар саудагерден аттай қалап сатып алып, жасауына қосқан. Содан бірге жасасып келе жатқан еді, тек Зағира түскелі самаурын қоюға ерінді ме, ескі сарайдан орын алған. Неге екенін қайдам, Инештің осы самаурыннан ішпесе шөлі қанбайтындай көрінді. Кәрі кеудесін сүйретіп, ескі құдықтың басында тазалап отырысы мынау. Күн болса ми қайнатар ыстық. Келінге не өкпе, Есентайдың ішкен арағынан әбден мезі болып, кей шаруаны мүлде ысырып тастады. Келгелі балағынан баласы домалап, 5-6 немерені кемпірдің етегіне салды да қойды. Бірақ басынан таяқ, көзінен жас арылмаған келінін бір сәт іштей аяп та кетеді. Тап өзінің жас кезіндегі көрген құқайды келіні де айналып өтпеді. Инеш тірлікке сарамжал епті еді. Бірақ құрсағына құдай Есентайды ғана берді. Зағираның тірлікке ебі де, құлқы да жоқ. Бірақ құрсағы алтын болды. Айырмасы тек сол ғана. Зағира азаннан кешке дейін мектепке кетіп, кеш болғанда үйге сүріне-қабына зорға жетеді. Әуелгіде ене болып тірлігіне мін тағатын. Ондайда Есентай Зағираны шаштан сүйреп, тепкінің астына алатын. Көгала қойдай болған келінін ақырында өзі әрең ұлынынан арашалап алатын. Кейін әл-дәрмені кеткен соң мүлде сөйлемейтін де болды. «Осының өзіне керек тірлігі ғой, мен көріме әкетемін бе?» деп көз жұма қарауға да еті үйренді.
Кейуана құдық басында ұзақ отырды. Жез самаурын күнге шағылысып жалт –жұлт кеткенде бұл да өзінің аңқасы кеуіп, тілі таңдайына жабысып, аузы құрғап кеткенін сезді де, қауғамен су тарта бастады. Түбі тесік қауғаның суы құдықтан шыққанша орта бүйіріне таяп, кемпір самаурынға азын-аулақ су құйып, бір шайқап төкті де, қалғанын ақтара сала жерден майда шырпы теріп әкеліп, самаурынды ұштамақ болғанда сіріңке керек екені есіне түсті. Оған да үйге бару керек деп отырғанда ақ жемі шыққан мәсісінің қонышына немерелерінен алып қойған сіріңкені көріп, қуанып кетті. Самаурынды ұштап, тағы да ойға кетті.
Келіні задында жаман қатын емес. Қолында күректей дипломы бар көрші ауылдың қызы. Әке-шешесі де момын жандар. Есентайының тоқпағына шыдап, төркінге бір де бір рет қашпағаны қуантады бұны. Елдің қатынын көріп-ақ жүр ғой, қит етсе шашы жалбырап төркінге жүгіретін. Зағираның мұғалім екенін естігенде қайнысы Торсанға жүгірген. Торсан әке-шешеден тұл жетім қалып, немере ағасы, яғни мұның қайын атасының үйін паналаған еті тірі, пысық жігіт. Бұл келін болып түскенде тырнақтай қара бала еді, жатсынбай бауырына басты. Маңдайынан сипап, қою көжесін алаламай беретін Инешті қайнысы да кәдімгідей пана тұтатын. Инештің қолында ер жетті, ширақтығынан оқуға түсті, ақыры міне мектеп директоры болды. Есентайының басы екеу болып қуанғаны бар, әрі өзі оқымаған соң мұғалім дегенді құдайдай көретіні бар, әйтеуір Зағира осыларды бір ұшпаққа шығарар деген үлкен үміті мұны Торсанға құстай ұшырып алып келген. Торсан ішкен көжесін, жеген нанын ақтады. Өткен күндері көкейінде сайрап тұрса керек, бір сөзге келместен жұмысқа алды. Арақтан аузы босамаған Есентайы да сонда қарауыл. Бір –біріне сеп болып, ел болып кетер деген ой мұныкі. Сол күні Инештің төбесі көкке жеткендей масаттанған. Бірақ Есентай бәрібір арағын тастай алмады. Кейде Торсанның ағалық ақылын да аяққа таптап, ұятқа қалдырып жүрді. Сонда да Торсан Инеш алдындағы ұятты бәрінен жоғары қойды. Есентайдың кей қылығын көрсе де, көрмегендей сыңай танытты.
Екі иығынан дем алған самаурын ысқыра жөнелгенде Инеш кенет селк ете қалды. Қойған шайының әне-міне қайнап қалғанына балаша мәз болған күйі тік көтеріп алмақ болып еді, белі кілт ете қалды. Білектен де, белден де күш кеткелі қашшан. Инеш ауыр күрсінді де, бүкірейген қалпы зілдей самаурынды сақылдатып үйге әрең жеткізді. Иісі бұрқыраған құрғақ шайды уыстап салып, қою етіп демдеп, сүт қатып, дастарқан басына бел жаза отыра кетті. Кеседегі күрең шай ерніне тигені сол еді, зырқыраған белді ұмытып, шекесі жазыла берді. Ыстық шай тамыр- тамырды қуалап, жанын жадыратып, әп-сәтте шеміршектей қатқан қара кемпірдің буын-буынын босатып, бұрқ еткізіп тер шығарды. Осы шайды аңсағалы қанша күн. Діңкесі құрып, өзі шай қоя алмасын сезіп, токтың шайын місе тұтпай, қабағынан кіржің кетпей жүр еді, енді міне, бүгінгі ширақ қимылына өзі де риза сияқты бір серпіліп, көңілі марқайып қалды. Жалғыз өзі бабы келіскен ыстық шайды сораптап ұзақ ішті. Көні қурап, аңқасы кеуіп-ақ қалған екен. «Құдық суына, самаурынның шайына не жетеді?!» – деді іштей масайрап. «Е-е, байдан, баладан көрмеген рақатты шайдан көрдік-ау»-деді бір сәт ауыр күрсініп. Бағанағыдай емес, кәрі сүлдері жеңілдеп, маңдайынан шыққан шып-шып терді көйлегінің кең етегіне сүрте салды да, тысқа шықты. «Осы шай екен ғой мені құртып жүрген. Баяғылы бері өзім осылай қойып ішсемші» деген оймен есік алдындағы көлеңкеге келіп, дөңбек үстіне отыра кетті. Түс ауып, күн қызуы қайтыпты. «Әлгі жалғыз осындай ми қайнатар ыстықта қайда жүр екен, тағы да ішіп жүрмесе не қылсын» деген ой кемпірді тағы шырмап алды. Алма ағашынан алысқа түспейді дегені рас екен. Осы Есентайын бетінен қақпай өбектеп өсіріп, алдына барын тосты. Бірақ ауызы арақтан құрғамаған әкесі Байғараның нақ көшірмесі бола қойды. Байғарадан Инеш перзент сүйгені болмаса, шекесі шылқып қызық көрмеді, арақтың соңында құрдымға кетті. Адам қылам деп қанша сүйреледі, болмады. Ақыры ажалға беріп, араша тапты. Атасы жарықтық сондай асыл кісі еді, Байғараның араққа неге үйір болғанына Инештің ақылы жетпейді. Кейуана сыртта өз ойымен арпалысып отырғанда шашы қобырап Зағира шықты. Қолына ұстаған орамалымен ебет-себет шашын жинай салды да, енесіне естіртпей: «Мынау да жатпайды екен, жарбиып отырысын қарашы. Шай қояйын. Ана атауыңды ішкірі жоқ қой тағы»- деп күбір ете қалды. Кіре берістен ток шәйнекті алып, кранды ашып су толтырып, ішке алып кіріп кетті де, артынша әлі суып үлгермеген самаурынды алып шықты.
– Сіз де қайдағыны шығарады да жүреді екенсіз, мен бір шайдан қағып жүргендей не мынау?- деп енесінің алдын діңк еткізіп тастай салды. Ыстық су лақ етіп кемпірдің тізесіне, одан мәсісінің қонышынан сорғалай аяғына төгілді. Мәсісін шеше алмай қалбалақтаған күйде:
– Ойпырмай, шырағым, күйдірдің ғой!- деген кемпірдің үні аянышты естілді. Сонысы сол- ақ екен, қайдан сап ете қалғаны белгісіз Есентай шыға келді. Манағы көріністің бәрін сырттай көрсе керек, келе не істерін білмей аңыраған Зағираны құлақ шекеден қойып қалды. Зағираның ащы даусы баж етіп, орамалы бір жаққа, өзі бір жаққа ұшып түсті. Шашы жалбырап қашуға ыңғайлана берген оны Есентай тырп еткізбей басы-көзіне шойын жұдырығымен төпелей берді. Зағираның бет-аузы лезде қанжоса болып шыға келді. Аяғы шала күйген Инеш «өлтіретін болды-ау жүгермек» деп, әлі келмесе де ара түспек болып баласының шаужайына жармаса кетіп, шамасы келмесе де баласынан келінін қорғалай берді.
– Шешеме не істедің сен қатын?- деп аузы боқтыққа толған дәу қара ештеңеге қаратар емес. Үстінен арақ иісі мүңкіген оған керегі де осы жанжал сияқты. Жан ұшыра қалбалақтаған бір жапырақ кемпірге Зағираға сілтеген тоқпақтай қолы кеп тигенде кейуана мұрттай ұшып, самаурынды құшақтай қимылсыз жатып қалды. Қыңқ деп дыбыс шығаруға да дәрмені жетпеді. Тыстағы шудан үрке оянған үлкен немересі құстай ұшып келіп, «Апа!» деп шыңғыра құшақтай алғанда ғана нойс ұл кілт тоқтады. Қимылсыз кемпірдің басынан аққан қара қан самаурынды айғыздай жерге тырс – тырс тамып жатыр екен. Зағира:
– Апа!- деп баж ете қалды.
– Апам өліп қалды ма, сіз өлтірдіңіз бе? Апа, көзіңді ашшы, апа, маған қарашы… –деп немересі аңырай жөнелгенде Есентай сілейіп тұрып қалды. Артынша шүйкедей кемпірді жерден тік көтеріп алғанда кемпір әлсіз ғана дем алды да, үзіліп кетті. Аяқтарынан жан кете дірілдеп, қара жерге қос тізерлеп отыра кеткен маскүнем ұл есін жиғандай анасын қапсыра құшақтаған күйі өкіріп қоя берді. Аулаға біртіндеп көрші-қолаң жиналып қалды. Бәрі үрпиісіп, Есентайға жақындауға батпай, әр тұстан әйелдер дауыс сала бастады. Мастығы тарқаған Есентай анасының жансыз денесін алып құшағынан босатпаған қалпы бір айтқан сөзін мың қайталап, өзегін ит тырнап, кешірім сұрап өкіре берді…
Содан бері біраз жыл өтті.
Күнде жез самаурынды жалтырата тазалап Зағира шай қояды. Есентай сол бір жылдан кейін аузына мүлдем алмайтын болған. Қайта Зағираға жалтақтап, шай қоюын жиі өтінетін болды. Тұңғыш ұлдары алдағы айда келін әкелмек. Соның тірлігіне Зағира ары-бері шапқылап әуре. Есентай ішуді қойғалы үйге береке мен жылу кіргендей. Енді келін келсе, арғысы шешесіне арнап ас беру көптен ойында жүр…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

2 ПІКІРЛЕР

  1. Салтанның әңгімелерін бір деммен отырып оқып шығамын. Сөз саптауың керемет . Қаламың мұқалмасын, Салтош!

  2. Қандай әсерлі әңгіме болған. Әттең шешесің тірі кезінде арағын қойып бір сәт болса да ана бақытын сыйлағанда дейсің. Келінді сөгуге болмайды,күйеуінен рахат кормегенен кейін жасаған қателігі. Қаламың ұштала берсін!!!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here