Қарашаңырақтан қонақ үзілмейтін. Мен тоғыз оқығанша апам қолына келін ұстаған емес. Келген кісінің бәрін қабақ шытпай қарсы алып, барын, жылы жұмсағын алдына тосып, қазаны оттан, шәйнегі шоқтан түскен емес. Сонда келетін қонақтар көкемнің ағалары, ағайындары еді. Біз өсіп-өнген үлкен әулетпіз. Арғы бабамыз Бекбауылұлы Тыныбектен тараған ұрпақ бүгінде бір қауым ел болды. Балалық шақтың санамда қалған суреттерін ақ қағазға түсіруді жөн көріп отырмын…
Үшінші не төртінші оқитын кезімде мұғалім үйде жеті аталарыңды жаттап келіңдер деп тапсырма берді. Көкеме айтсам:
– Бүгін Шолаққорғаннан аталарың келеді. Сұрап, жазып аласың,- деп қысқа қайырды.
– Әділбек атам болса айтпайды…- дедім мен бұртиып. Себебі, ол кісінің құлағы ауырлау еді де, түсінбей бара жатса жекіп тастай салатын сұсты кісі еді. Ал Смат атам болса тіпті басқаша. Балажан, көкірек көзі қарақты, сөзге шешен, шежіре кісі еді. Смат атам келсе айналшықтап қасынан шықпайтынмын, тіпті сол күні үйде кішігірім той болатын. Сандықтағы бар тәтті, апамның бар тыққаны дастарқанда жайнайтын. Ондайда апам алпысқа жақындағанына қарамастан сәлемін салып, қайын ағаларының алдында бар пейілін аямайтын. Бізге де тәйт демейтін. Артық қылығымызға да күліп қоя салатын. Соны білетін біз атамның алдына отырып алып, патшадайын бір жырғап қалушы едік.
Сол жолы келгенде Смат атам 7 ата былай тұрсын, арғы 12 атамызды түгелдеп жазғызып берді. Сонда деймін, баламын ғой, 12 ата деген болмайды ғой, бізге 7 ата деген деп өзімше тон пішіп, тек соңғы 7 атамызды ғана сақтап, жаттап алдым. Кейін көкем жарықтық та сол Смат атам айтқан 7 атамызды жаттап жүріпті. Жарықтық атамыз өмірден өткеннен кейін де көкем күнде қырға шығып, жол қарап жүретін. Бауырын сағынатын болса керек. Апам болса, “Жәкемнің сыбағасы”-деп бұрынғыдай қазы-қарта, жал-жаясын бөлек алып қоймайтын болды… Бірақ “Жәкем айтушы еді, Жакем айтатын, Жәкемнің айтқанындай”-деп үнемі аузынан тастамай отыратын. Міне, “қарты бар елдің қазынасы бар” дегенге қалайша бас имейсің? Кім қандай туыс, қай жағынан жақын соның бәрін тәппіштеп түсіндіруден Смат атам еш жалықпайтын. Ол кезде аса құйма құлақ болмасам керек, сонда да болса ағайын, жақынды танып өстік. Қазір осындай қариялар бар ма екен? Жатқан жерің жайлы болсын, көрегенкөз, пейілі дархан қариям! Аталас ағайын тұрмақ, туған бауырыңның үйіне шақыртусыз барудан қалған жоқпыз ба? Айында көрмесең ағайын жат, жылында көрмесең жегжатың жат болған тасбауыр қоғамда атақ пен мансап, ақша, дүние қуып өмір сүріп жатырмыз. Сонда да болса жалғанған жердің әрқашан амандығын тілер тілеулестік көңілден жаратқан айырмасын деп тілеймін!
Ал жеті атамызды әрқашан жаттап жүрейік!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here