Қыс еді. Біздің ауыл 50-60 үйден ғана тұратын аядай ауыл. Сол жылы қар қалың жауған. Әйтпесе Созақтың желі жауғанын жауғанынша-ақ үрлеп, үйіріп әкетіп, адыр-адырдың басын қарайтып тастайтын. Айсберг секілді үрме қарды үңгіп ойнап, қызығын біз көруші едік. Ауылдың батыс беткейінде сұлудың қос бұрымындай қатар керіліп Қоссеңгір көлбеп жататын. Арғы беткейі – Көкжон. Қысы-жазы дүрс-дүрс жерді сілкінтіп бізге сыры беймәлім бір жарылыстан топырақ қопарылып, шаң-тозаңы бейне бір тұман басқандай біразға дейін бозамық тартып жататын. Ондайда үлкендер: “Тау жарылып жатыр” дегеннен өзге мандытып ештеңе айтпайтын. Күн ашықта тау-тау болып үйілген үйінділерді байқау әсте қиын емес еді. Одан ары Жаңатас қаласы жалғасып кететін.
Бір күні кешкі малды жайғап, ел орынға отырған шақта жойқын дауыс жер астынан шыққандай үйді сілкінтіп жіберді. Терезелердің бәрі тау атылғанда теңселіп, кейбірі шытынап сынып кететін. Үйдегілер “астапыраласын” айтып, мен болсам тысқа атып шықтым. Біздің үй ауылдың басында күн батыс жақтағы шеткі үй еді. Батыс беткей жазық, арқа тұста түйе өркеш қыр жататын. Қырға шығып карамасақ та Көкжонды анық көруге болатын еді. Сол мезет аспан жап-жарық болып, отқа ұқсаған домалақ шар Қоссеңгірдің үстіне барып жалп етіп, жоқ болды. Артынша әлгі жойқын дауыс қайта естіліп, жер сілкініп, үйдегілер үрпиісе тысқа шықты. Менің бақырайған көзім шарасынан шығып, жағым жерге жетердей аузым аңқиып сілейіп тұрмын. Тамаша әрі қорқынышты көрініс еді. Шар секілді ғана от алып аспанды қалайша жарық қылғанына миым жетер емес.
Ертеңіне мектепке келсем күллі оқушы, мұғалімдердің аузында түндегі ғажайып сәт. Сол жылы физика пәнін енді бастап өтіп жатқанбыз. Физикадан беретін Есенбай ағай тұздай көк көзін бір жыпылықтатып алды да, түнде кімнің не көргенін сұрай бастады. Бәріміз жамырай шуылдап жатқанда есікті айқара ашып, мектеп директоры Алпысбай ағай кірді. Сынып сілтідей тына қалды. Алпамсадай кесек тұлғалы, реңді кісі еді, жарықтық. Әсілі ол кісіге де түндегі жағдай қатты әсер етсе керек, бірақ өзі көріп тамашалап үлгермей қалғанын айтып, кімнің не көргенін тәппіштеп сұрай бастады. Кезек маған келгенде бар көргенімді қолмен қойғандай баяндап бердім. Тіпті әлгі шар секілді жарық оттың қай тұсқа түскенін де көргенімді айтып, “мені көрдіңдер ме!” дегендей қоқиланып та қойдым. Мені мұқият тыңдаған директор:
– Бұл тегін жайт емес… -деп Есенбай ағайға қарады. – Не болуы мүмкін?
– Метеорит түскен шығар?
– Ә-ә, солай болуы да әбден мүмкін ғой… Сен қыз анық көрдің ғой?-деп менен пысықтап бір сұрап алды да, – Кеттік, Қоссеңгір жақты өз көзімізбен көріп қайтайық. Жақын жерге құлаған-сынды,- деді өзінше жорамал жасап. Оның сөзін Есенбай ағай да құптай кетті.
– Кәне, сөмкеңді ал, жинал, үшеуміз сонда барайық, -деді. Ұрыста тұрыс бар ма? Әрі ғажайыпқа бүкіл мектептен бір өзім ғана нақты куәгер болсам. Мұндайда қос білекті сыбана кірісер мен әп-сәтте жолға дайын болдым. Сонымен жаяулатып, екі ағайға жол бастап, аспаннан түскен ғажайыпты өз көзімізбен көруге Қоссеңгірге қарай тартып кеттік.

Біздің ауыл едәуір ойпаңда орналасқан соң сеңгірге қарай тіке өрлеуден қиялай тартқан жөн. Әрі барар межеміз де алда. Бет алысымыз әлгі ғажайыптың құлады деп болжам жасаған тұсымыз. Күртік қарды омбылай жүріп келеміз. Менің салмағымды көтергенімен, арттағы ағайларымның кейде қарға күмп етіп түсіп кеткендерін көріп, бір қызықтап алып, жол бастап алға ұзай бердім. Сеңгірге көтерілген сайын жел де азынай түсті. Қойын-қонышыңды тінтіп, қалтыратып, екі бетім домбығып, алмадай болғанымды көзбен көрмесем де іштей сезіп келемін. Кейде арттағы ағайларыма бір қарайлап қоямын. Олар болса ұзын сонар бір әңгіменің арқауын тарқатумен келеді. Есенбай ағайдың шикіл сары жүзінің жұрнағы жоқ. Суықтан батар күндей алаулап қызарып кеткен. Ара-тұра екі қолын аузына апарып үрлеп, ысқылап қояды. Алпысбай ағай болса сыртқы күртесінің алдын да жаппапты. Еңгезердей кісі жаураудың орнына шып-шып терлеп келе жатқандай қалтасынан көрпедей беторамалымен бетін, маңдайымен қоса мойнына дейін бір сүртіп қойып, алға адымдап келе жатыр. Мектеп те, ауыл да бізден алыстап артта қала берді.

Жол -жөнекей Есенбай ағай жайлы ойладым. Физика пәнін осы жылы ғана жаңадан бастадық. Сыныпта екі үздік окушы ғана бар. Бірі өзім, екіншісі осы ағайдың қызы. Бірақ сабақты үнемі менен ғана сұрайды. Өз қызынан сабақ сұрағанын әлі сыныпта ешкім көрген емес. Тек есеп шығартқаны болмаса. Іштей соны көре алмаушы едім. Ол аздай физика бірінші сабақ болатын еді да, неге екенін қайдам, мен үнемі кешігіп келетінмін. Басқа күндері емес, тек физика болатын күні. Сыныпқа кіре салысымен орныма отырғызбастан менен сабақ сұрайтын. Сабақ айтып болған соң ғана жайғасуға рұқсат беретін. Ал үйде тек физика оқуыма тура келетін. Тіпті жолшыбай оқып келген күндерім де болды. Журналда бос орын болмаса да сабақ сұрай беретініне іштей тіс қайрап жүрген кезімде тағы да кешігіп келдім. Есенбай ағай сол әдетіне басып:
– Сен қыз осы әдейі сабағыма кешігіп келесің бе? Ал, сабақ айт, әйтпесе отырмайсың-деді. Сол жолы сабаққа дайын болсам да қитығым ұстады.
– Неге мен ғана сабақ айта беруім керек? Дайын болсам да айтпаймын!-дедім безірейіп.
– Отыр, екі!- деді сызданып ағай да.
– Сволыш!-дедім тістеніп. Ағайдың көзі шытынай қарап, түрі өрт сөндіргендей тұтығып шыға келді. Көзіне тайсалмай тік қарап, қарсы алдында отыра бердім. Тіпті оқулықтарымды алуға да зауқым соқпады. Сол күні физикадан ешкім сабақ айтпады. Ағай болса үйге тапсырманы үйіп-төгіп берді де, қоңыраудың соғылғанын күтпестен шығып кетті. Артынша сынып жетекшіміз Маржан апай ентіге жетіп, демін қасыма келіп бір-ақ алды.
– Сен қыз не бүлдіріп жүрсің? Ұят емес пе, мұғалімге солай сөйлеуге бола ма? Тым шектен шығып барасың. Сен мектеп бітіргенде жеті шелпек таратамын!-деді тоқтаусыз сөйлеп.
– Бәлкім жетпіс жеті таратарсыз?
– Жетер, сен қыз бетіңмен кеттің…
– Аяқпен кетейін онда?- солай деп есікке беттегенім сол-ақ еді:
– Жарайды, тоқта! Сенің ақылың бар ғой. Одан да ағайдан кешірім сұрасаң қайтеді?- деді жалынышты үнмен бағанағы арыны басылып.
– Сұрамаймын! Тоқсан түгілі, жылдыққа екі қойып берсе де деп есіктен шығып кеттім. Ал физиканың келесі сабағына әдейі асықпай кешігіп келдім. Бұл жолы ағай себебін де, үй тапсырмасын да сұрамастан отырғыза салды. Тіпті өткен жағдай жайлы тіс жармады. Іштей алдағы болатын ерегіске дайын келгенмін. Үй тапсырмасына да жақсы дайындалған едім. Бірақ ағайдың мына қылығы мені таң қалдырды. Тіпті өз әркетімнен өзім енді ұяла бастадым. Сабақ ортасына қарай қол көтерсем де бағамның жеткілікті екенін айтып, тақтаға шығармады. Ағайдың бұл әрекетінен қуыстана бастадым. Сабақ біткен соң журналды қалайда көру керектігін ойладым. Солай істедім де. Кілең тізілген бестіктен бөтен баға жоқ. Тіпті алдыңғы сабаққа да екі қоймаған. Ағайдан кешірім сұрау керектігін түсіндім. Бірақ қалай? Бұл тығырықтан ағайдың өзі шығарып алды.
Келесі сабағына кешікпей ерте бардым. Қол көтеріп, тақтаға да алғашқы болып шықтым. Бұл әлгі сөзімді жуып-шайған әрекетім еді. Орныма отыра бере ағай сыбырлап қана:
– Сонымен доспыз ба?-деді.
– Доспыз!-дедім күлімдеп. Мені кешіріңіз, ағай!
– Жарайды, бұзық болма- деді де сабағын ары қарай жалғастырып әкетті. Үстімнен бір жүк түскендей жеңілдеп сала бердім. Міне, Есенбай ағай әкемнен үлкен кісі болса да, қатемді түзетуге осылай мүмкіндік берген еді.
Артыма қарасам ағайлар менен едәуір қалып кетіпті. Сеңгірдің төбесі аңызақ жел. Жаурап кеткенімді енді сездім. Ағайлар келгенше күтіп отыруды ойлап, бір қойтастың үстіне отыра бергенім сол еді:
– Қызым-ау, әлгі жарық құлаған тұсқа жеттік па?- деген Алпысбай ағайдың даусы қарлыға шықты. Иығымды қиқаң еткіздім.
– Осы жоба болуы керек…
– Ә, онда ол құлаған жер кәдімгідей ойылып, тіпті терең шұңқыр болып қалуы керек. Солай ма?-деп бар денесімен Есенбай ағайға қарады.
– Әрине, шұңқыр болуы мүмкін. Қанша дегенмен оның массасы, жылдамдығы…-деп физикалық тұрғыдан түсіндіре кетті.
Сол күні түс қайтқанша қанша шарласақ та құлаған ғажайыптың орнын таба алмай бос сенделдік. Қарнымыз ашқаны сонша, шегіміз шұрылдап аш қасқырдай ұлып кетті. Ақыры болмаған соң Есенбай ағай:
– Бұл әлгі Көкжоннан атылған ұшқын болуы да мүмкін. Кеш жарылып, түнде елдің мазасын алған. Болмаса құлаған зат бұл маңайдан әлдеқайда алыста. Қазір қайтайық- деді.
– Солай да болуы мүмкін ба?-деді директорымыз әлі де сенгісі келмегендей.
– Мүмкін! Өмірде бәрі болуы мүмкін ғой…
– Иә, онда қайтайық- десті бір-біріне қараған екеуі. Мен үнсіз тағы да алға түсіп құлдыраңдай жөнелдім.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

1 Пікір

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here