Бала күнімде үйде 4-5 ит болатын. Естілігі сонша, малдың шетін қайырып, қораға кіргізіп адамша қолғабыс ететін. Апам итке жуынды құйғанда итаяққа көз тастап қана күтіп жататын. Әудем жерге ұзағанша келмеуші еді. Тіпті жерге түсіп қалған нанды итаяғына салмаса жемейтін. Апам иттің заты сондай болады, жуынды құйғанда қолыңды жалаған итте қасиет болмайды деп, ондай итті асыратпайтын. Үйдегі иттердің қаншалықты қабаған болса да, көкемдермен үйге кіріп, қайта шыққан қонаққа үрмейтініне таң қалатынмын. Қала берді итке ат қоюда да үлкен мән бар ма деп ойлаймын. Содан болар біздің үйдегі иттердің аттары да мағыналы болып келетін.
Әлі есімде. Бір күні ағам аттай қалап бір қойшыдан сабалақ жүнді сары күшік әкелді. Ағамның әдеті сол жүрген жерінде жақсы ит пен ат көрсе жаяу қайтса да соны алмай қайтпайтын. Содан әлгі күшікке “Тілеулес” деп ат қойды. Апам күнде арнайы итке атала істейтін. Сары күшігіміз тез өсті. Тіпті бойы адам бойынан асатын, түрінен адам шошитын дәу төбет болды. Үйге келген адамды қауып алар деп үнемі шынжырмен байлап қоятын болдық. Ағам өзі әкелген күшігі осыншалық дәу ит болғанына дән риза еді. Оған арнап ағаштан әдемі үйшік те соғып қойды.
Тілеулес дәу ит қана емес, тым ақылды да еді. Алайда көршіміздің кіші баласы шынжырда тұрған итке үнемі тас атып ызасын келтіргенді әдетке айналдырып, Тілеулесті жиі арпылдатып жататын. Ондайда ашуға булыққан ағам: “Бір күні босатып жіберем, сосын сені жейді. Байлаулы тұрған иттің ызасын келтірме!”-дейтін. Оған әлгі есерсоқ қойсын ба, итке тас атуын қоймады. Содан не керек, бір күні түс әлпетінде алдымызға апам асты әкелгені сол еді, Тілеулестің арпылдаған ызалы дауысы тағы естілді. Естілді де іле-шала көршіміздің баласының шыңғырған жан дауысы шыққанға үйден жапатармағай бәріміз далаға жүгіре шықсақ, қорқынышты әрі таңғажайып көріністің куәсі болдық. Атпен кетіп бара жатып әлгі бала Тілеулеске тас атып, ызасына тигені сол шынжыр үзіліп кетеді де, қоршалған сым шарбақтан секірген Тілеулес оқтай атылып барып ат үстіндегі баланы жерге жұлып түсірген ғой. Сым шарбақ адам бойымен бірдей биік-тін. Бірақ денесіне мүлдем тіс тигізбеген, тек баланы жерге жұлып түсіріп, кеудесінен алдынғы бір аяғымен басып тұрған бойы ырылдап қана тұрған сәтінде біз шыққанбыз ғой. Ағам жүгіріп барып, Тілеулестің басынан сипағанда баланы босата салды да орынына қайта беттеген оған бәріміз таң қалдық. Апам болса әлгі баланың үстін қағып, бетіне су бүркіп, су ішкізіп әлек. Қызық болғанда ит балаға мүлдем тиіспеген, жай ғана қорқытқан болып тұр. Ызасына әбден тиген соң көрсетейін саған деген болар. Басқа ит болса талап тастар ма еді?.. Ал астына мінген аты жібін сүйреткен бойда ұзап кетіпті. Көршіміздің баласында тіл жоқ. Қатты қорықса керек. Кейін мүлдем итке жоламайтын болды. Апам Тілеулестің естілігін әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Шіркін, нағыз қазақы төбет еді!
Қазір иттің итінен емес, адамның итінен қорқатын заманда тыныш қана жүрген дұрыс-ау…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here