Базар ішіндегі абыр-сабырдан қолдарындағы сөмкелерімен әрең сытылып шыққан анасы мен баласы жолдың шетінде тұрған жеңіл көліктеріне жете бергені сол еді, алдындағы адамдардың жиіркене мұрындарын басып, жерде жатқан қайыршыдан айналып өтіп жатқанын көріп ұлы: «Қап, көліктің алдына жатып алыпты ғой, енді сүйреп тұрғызбасаң мұндай маскүнем қайыршылардың тұрып кете салуы екі талай» деп айтып аузын жиғанынша, көзі әлгі қайыршының оң жақ бетіндегі үлкен қара меңіне түсті. Ол өз көзіне өзі сене алмай алда кетіп бара жатқан шешесінің жеңінен тартқылады. Қапелімде аузына сөз түсер емес. Іштей «ол емес, мүмкін емес» деп сан қайталап үлгерсе де, тілі байланып қалғандай шешесінің жеңін тартқылай берді. Баласының оқыс қылығына таңдана қараған ол қайыршыны бір көргеннен тани алмады. Тек бетіндегі меңіне көзі түскен кезде ғана төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей қолындағы базарлық толы сөмкесін тастай сала сылқ етіп отыра кетті. Көзі де қарауытып кеткендей. Буын-буындарын әл кеткендей тіпті қозғала алмады. Қасына адам жолай алмайтын қайыршының қолаңса иісі бұл екеуін осы араға жіпсіз байлап қойғандай. Екеуі бір-біріне қарап, үнсіз ұғысты. Шешімді әуелі ұлы айтты.
– алып кетейік…
– өзің білерсің, балам…
Шешесі де, ұлы да бұдан артық тілге бармады. Өз ойларымен арпалыса жүріп, әлгі қайыршыны жеңіл көлікке сүйрелеп әкеліп тықты да, зуылдап тартып отырды.
Қалдар мен Айбибі шаңырақ көтерген кезде бұлардан асқан бақытты жандар жұмыр жердің бетінде жоқтай көрінген. Араға жыл салып тұңғышы Азамат өмірге келгенде тіпті бақыттары еселене түскен еді. Сол жылдары Қалдардың тасы өрге домалап, аудандағы белгілі адамдардың қатарына қосылған. Не ішем, не кием демеді. Үйде айдай сұлу жары, тәп-тәтті ұлы, астында ел әлі мініп те көрмеген су жаңа көлігі, бастысы түкірігі жерге түспейтін дөкейдің өзі болды. Оңды-солды шашса да ақша шіркін түбі жоқтай көрініп, біраз шалқып-тасыды. Қызметте де тез көтеріліп, тірлігі алға басқан сайын қанат біткендей еркін самғады. Араға екі жыл салып Айбибі қыз босанған жылы Қалдардың жүрісі сұйыла берді. Ақша мен мансап, билік пенде шіркінді тез-ақ өзгертеді екен ғой. Қалдар тез өзгерді. Жаңа туған нәрестесін қолына да алмай, есіл-дерті көшеге қарап, қайдағы қатын-қалаштарға қарап ұлыды да тұрды. Әсіресе анау жұмысындағы Қатира күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырды. Жетегіндегі қос бірдей қошқарына да қарамай, соның аты аталған жерде бұл байыз тауып отыра алмайтын дәрежеге жетті. Пенде шіркінді шайтан азғырмасын деңіз. Әйтпесе сол Қатира Айбибінің шаңына да ілесе алмайтын салпыетек біреу. Бірақ қандай сиқыры барын еркек біткен сол десе әукесін салбыратып, пысқырынып шыға келетіні несі екен? Қатира Қалдарды уысына мықтап түсірді. Қалдар Қатираға қолы жеткеніне қайран. Ал қыздай алған өз жары көзінің жасын көлдетіп, көлеңкеге айналып, Қалдардың қасынан қалмады. Дайын күйеуді кім тегін бере қойсын? Әрі екі бірдей перзентіне Қалдардан өзге кім әке бола алар? Айбибі қанша тырысса да қолынан келер қайран болмады. Қалдардың қайтып оралар ойы да жоқ, ол былай тұрсын «үйді босатыңдар!» деуге көшкені отызға да толмаған жас келіншектің жүрегін тілім-тілім етті. Айбибі Қалдардан кетер жылы қыс қатты болды. Үйде жағарға көмір, ағаш деген атымен таусылып, шырылдаған жас балаларымен суық тамда әбден әбіржіді. Қалдар үй бетін мүлдем көрмей, бұлардың бар екенінен бейхабар адамдай теріс айналған. Жұмыс орнына бірнеше мәрте іздеп те барды. «Тым құрыса көмір әпер. Ішерге асымыз қалмады, ана екі балаңа обал ғой» деген мұның жан айқайын елемеді де. Бар айтқаны «Үйді босат. Боссыңдар. Мен үйленемін» болды. Сол қыста кішкентай қызы қатты суықтап, ауруы әбден асқынып шетінеп кетті. Аңырап бұл қалды. Азаматы сөз ұғып қалған. Шешесінің көз жасын күнде көріп, іштей әкесін сағынса да бала жүрегі бір жамандықты сезетін. Жасқа тола қоймаған қызы шетінеп қалған соң Қалдар бір жұмадай ғана отбасының қасында болды. Азамат әкесінің келгеніне қатты қуанған сонда. Ал кетерінде… кетерінде анасының Қалдардың аяғына жығыла жылағанын әлі де ұмытқан жоқ. Аяғын құша жылаған Айбибіні бір теуіп ш екесін жарған күйі ұлына да қарамастан кете барған. Анасының бет жүзі қанға малынып, әлдебір әйелді тұңғыш рет қарғап, Азамат әкесін алғаш рет жек көрген сонда. Одан бері отыз жылың да ойқастап өте шығыпты. Азамат әкесін мүлдем көрмеді. Көргісі де, іздегісі де келген емес. Тек әкесінің оң жақ бетінде қара меңі бары ғана есінде емес-еміс сақталып қалыпты. Ал сол әкесін, әкесі дейді-ау , әке деуге аузы бармайтын жан бүгін аяғының астында ескі шөншіктей иленіп жатты. Кезінде бұларды тастап кетсе де, азаматтық ары жібермеді, өзімен ала кетті. Көлік ішіндегі иіс адам төзгісіз сасығанына қарамай алға жылжи берді. Жүйткіген көлік ақ шаңқан үлкен үйдің алдына келіп тоқтағанда түс әлпеті болып қалған. Іштен үйелмелі-сүйелмелі екі немересі жүгіре шыққанда үшіншісі аяғын әлтек-тәлтек басатын, жасы бірден енді ғана асқан Айсана үлкен ағаларынан қалып қойғанына ызалана шыңғырып, боз-бораны шығып, есік алдына аунап жата қалды. Апасы көліктен түсе сала Айсананы бауырына қысып, мейірлене иіскеп қойды. Бұзық қыздың ашуы тез тарқай қоймай, әдейі өршелене беріп еді, көлік ішінен әкесі сұрықсыз, үсті-басы адам шошырлық әлдекімді түсіріп жатқанын көріп, кілт тоқтай қалды. Ентіге жеткен екі ұл да таңқиған танауларын басып, кері шегіне берді. «Неткен сасық!» -деп бір-біріне қарасқан олар әкесінен сұрауға бата алмады. Ал әлгі шақал-мұрты өсіп, үсті сауыс-сауыс болған шалды еңселі жігіттің қарулы қолдары артық қимылдауға мұршасын келтірмей, тік көтерген күйі үйдегі жуыну бөлмесіне әкетіп бара жатқанын көргенде тіпті аңырап қалған кішкентайлар сұрақ тұнған жанарларын енді апасына бұрды. Айбибі болса іштей өз ойымен әуреленіп, оларды үйге кіріңдер дегендей қабағымен жасқап, үнсіз Айсананы көтерген бойда баласының артынан үйге қарай беттеді. Ас үйден шыққан келіні түкке түсінбеген күйі орамалымен мұрнын басып, қабағын кіржите қойып еді, енесінің жанарына көзі түскені сол еді, үнсіз жүгіре басып, ваннаға ыстық су толтыра бастады. Бұл уақытта әлгі қайыршыны шешіндіре бастаған Азамат шығып тұр дегендей келіншегіне бір қарағанда, күйеуінің қабағынан әр ойын танитын Ақбала зып беріп ас үйге кетті. Іштей: «Қайдағы қайыршыны әкелгені несі! Енем де қызық, танымайтын біреуді алып келіп, бұларға не болған өзі? Бұл адам кім? Түу, иісінің жаманын-ай, шомылдырып болған соң ваннаны хлорлап әбден жуу керек, кім білет тағы ауру ма болса ше? Азаматты айтам, кішкентай балалар бар демейді, жерден жеті қоян тапқандай үйге әкелгені несі?». Ақбала өзімен –өзі сөйлеп жүріп, түскі асын кең дастарқан үстіне әкеліп, енді тек Азаматтың жуыну бөлмесінен шыққанын күтті.
– Балаларға тамақтарын бере бер,- деген енесінің сөзіне селк ете қалған Ақбала әлдене сұрауға оқталды да, бірақ батпады. Енесі де ашылып ештеңе дей қоймаған соң балаларды тамақтандыру қамына кірісіп кетті.
Әлдебір қарулы қол тік көтеріп әкеліп жұлмалай шешіндіре бастағанда Қалдар өң мен түстің арасында жатты. Түсінде мұны біреулер соққыға жығып, ұрып жатқандай болды, бірақ мұның еш жері ауырмайды екен дейді. Енді бірде жып –жылы суға салып әлдекім жуындыра бастағанда өзін өліп қалып, содан ештеңе сезбей жатқан болармын деген Қалдар шақал-мұртын алып жатқанда да мастығынан айыға алмай, тұңғиық түпсіз қараңғылықта жатқандай көзін тарс жұмған күйі тегеурінді қолдың дегеніне көніп жата берді. Әрі өзіне жағып та бара жатқандай. Мұның кірден бүртіктеніп кеткен денесіне су тимегелі қашшан. Есін жиып, көзін ашқанда ақ төсектің үстінде жатқанын көріп, «өліп қалған екенмін. Жұмаққа келгенмін бе? Мен оған лайық емеспін ғой» – деген ол айналаға көз жүгірте бастады. Мұнтаздай бөлме іші жарық әрі биік екен. Әр зат өз орындарына мұқият жиналғаны сонша, бөлме ішіндегі гүлдерге дейін керемет үйресім тапқан. «Жұмақта екенмін» деп күбір еткен ол «осылай өле салғаным да мұнша жақсы болар ма?» деп зорлана жымиған болды. Бірақ басы сырқырап әкетіп барады. Құлағына былдырлай шықылықтап күлген балалардың күлкісі естілгенде ол тәлтіректеп орнынан тұруға әрекет жасап көріп еді, онысынан түк шықпады. Шалқасына жатқан күйі бөлменің төбесіне көз салды. «Жұмақта жатырмын ба, мен осыған лайықпын ба өзі?» деп ойлағаны сол-ақ екен, есікті кішкентай қыз ашып: Мұнда бабай бай, қоқамын, аға, қайасай, бабай!- деп қайта жапқанда Қалдар жұмақты аралап көруге шын бекінді. «Не деген тәтті періште!» деген ол бойдағы бар қайратын жиып, аяқтары дірілдегне күйі екі аттам есікке зорға жетті. Басын ғана шығарып қараған ол арғы жақтағы әлемнің тіпті керемет екеніне көзі жетті. Мұрнына тамақтың тәтті иісі келгенде асқазаны ұлып сала берді. Мына иіс есіне әлдекімдерді түсіреді екен. Бір кездері мұны да келіншегі осындай иісі аңқыған асм мәзірімен қарсы алушы еді, ол күндер сағымдай бұлдырап, қол жеткізбей кеткелі қаншама жылдардың жүзі болды. Бәріне өзі кінәлі, әттең, өткен күндерді қайтара алса, шіркін!
Айбибі тәлтіректеген Қалдарды көргенде жүрек тұсы шым ете қалды. Жылдар бойы шемен боп қатқан ыза, өксік, ашу – бәрі астасып, жұдырықтай жүрегі тас болып қатып еді, енді келіп Қалдарды көргенде жұдырықтай еттің шым кете қалғаны несі. Оны іштей аяйтын да, аямайтын да секілді. Кешіре алмайтындай көрінген. Бірақ ұлының әкесіне деген көзқарасынан соң мұның да ішкі ойы сеңдей бұзыла бастады. Бірақ оны күйеуі ретінде емес, ұлының әкесі ретінде ғана сыйлай алатындай. Ал өзіне келсе Қалдардың орны мұның жүрегінен де, өмірінен де мүлдем сызылып тасталғалы қаншама жылдар өтті. Тіпті не тірі, не өлісі ойлантқан емес. Себебі, Қалдар да бұларды бір іздеген пенде емес қой. Сонда да бірге өткізген жылдардың өтеуіне, ұлының көңілі үшін үйге алып келуіне қарсы болмады емес пе.
Қалдар есіктен бергі дүниеге шыққанда барып өзінің тірі екеніне көзі жетті. Мына адамдар кімдер деп ойлауы мұң еді, мұны көріп қорыққанынан шыңғырып жіберген Айсана бір кездері шетінеп кеткен өзінің Айзересінен аумай қалғандығына қарап, күректей күс басқан қос қолымен көздерін ұқалай берді. Ас бөлмеден жүгіре шыққан жас келін шырылдаған қызды көтеріп алып, босағада аңырап тұрған мұны көріп, иіліп сәлем салғанда тіпті аузына сөз түспеді. Бірдеңе айтпаққа оқталып еді, тілі икемге келмей күрмеле берді. Кенет қарсы беттегі үлкен айнадан өзін көргенде тіпті есі шықты. Үсі-басы мұнтаздай, сақал-шашы алынған, киімдерінің бәрі су жаңа. Апырмай, мынадай құрметке қашан лайық болдым деген ол ештеңенің байыбына бара алмады. Оның орнынан тұрғанын сезген Айбибі қарсы беттегі бөлмеден шығып, қасына жақын келді де:
– Ояндың ба, жүр тамағыңды ыстықтай ішіп ал.
– Мен қайдамын? Кімсіңдер? Танымай тұрмын… Кімсің?
– Мені танудың қажеті де жоқ. Сен бізді әлдеқашан ұмытқансың. Одан да ыстықтай тамақтанып ал. Қалғанын сосын айта жатарсың,- деді де, мұның жауабын күтпестен ас үйге өзі бастап алып барды. Мына әйелдің өзіне өктем әрі тым сенімді сөйлегені ұнамаса да, нәр татпаған асқазаны аш қасқырдай ұлып тұр. Бастың жайын айтпаса да түсінікті. Осындайда бір жарты болса… ас үйдің тәбет ашатын иісі енді мұны ештеңеге ойландыра қоймады. Алдына буы бұрқырап ыстық сорпа келгенде қалтыраған икемсіз қолдары қасықты дірілдей ұстап, астан өзгені ойлатпай, сораптай берді. Әуелгіде мұны көрген кішкентайлар үрке кейін шегінсе, Айзере шешесінің етегіне оратылып, жылауға шақ тұр. Айбибі мен Ақбалада үн жоқ. Қабақтары да соншалықты жадыраңқы емес. Осы көріністі сырттай ғана бақылаған Азамат Қалдардың қушиған денесіне қарап, өткен күндердің бетін парақтап үлгерді. Анасының қан жуған жүзі, аңыраған дауысы арада отыз жыл өтсе де әлі көз алдында. Кешіре алмаспын деп ойлаушы еді. Енді біртүрлі аяйтын секілді. Іштей қанша сағынған кезі болса да, көрмеспін, бетіне қарамаушы ем дейтін. Бірақ өзі үйге алып келді. Не де болса әкесі ғой. Азаматтың ойын асқа шақырған Ақбала бұзды. Қол шайып келген ол әкесінің іргесін ал жайғасты. Қарсы бетте шешесі отыр. Жүзінен не ойлағанын ұлы бағамдай алмады. Іштей ол да қалың ой құшағында отырғаны анық. Азамат қасына келіп отырғанша мойын бұрмаған, енді қараса қасында өзінің жас кезіндегі бейнесіні көшірмесіндей болған еңгезердей жігіт отыр. Тек бетіндегі меңі жоқ демесең, сойып қаптап қойған ба дерсің. Қалдар мән -жайды енді ұғына бастаған секілді. Араққа әбден уланған санасына сыздықтап жарық сәуле еніп жатқандай. Бағаналы құныға ұрттаған ас енді жұтқыншағынан ары өтер емес. Әжім басқан жүзінің әр саласын ыстық жасы еріксіз дірілдей қасық ұстаған қолдарына тама бастады. Ол ол ма, қушиған екі иығы селкілдеп, еңкілдей жөнеледі. Қалдар қанша жыл іздеген асылдары тап бүгін өзін осылай түк болмағандай қарсы алар деп әсте ойламаған.Тіпті мұнда қалай тап келгеніне де миы жетер емес. Бірақ мыналардың үнсіз қатынасы мұны көрінбес қанжармен кескілегеннен кем түспеді. Орнынан тәлтіректеп көтерілген ол Азаматын қапсыра құшақтап, кемсендеп әлденені айтқысы келсе де, тілі күрмеліп, ештеңе айта алмай тек басын шайқай береді…
Қалдар отбасымен қайта қауышқалы айдан аса уақыт болды. Бұл кез тамыздың тамылжыған соңғы күндерінің бірі еді. Ұлы әке қарсылығына қарамастан оңалту орталығынан арнайы мамандар алдыртып, көз алдарында емдетіп жүр. Араққа тәуелділіктен біржола айыға алмаса да рең-басы бері қарап, бетіне қызыл шырай жүгіре бастады. Әуелгіде жатырқаған немерелер де жайлап шекесін иіскететін болған. Келіні Ақбала да қабақ шытпай иіліп тұрады.Ұлы да қасына кеп әңгімелесетінді шығарды.Тек Айбибі, иә, Айбибі ғана маңына жолар емес. Өзімен өзі томаға тұйық. Ақтарылып сөйлеген де емес. Дастарқан басында бірге отырғаны болмаса не жұмысқа кетеді, не бөлмесінен шықпайды. Мұның болса жатар орны әуелгі жалғыз төсекті бүйірдегі бөлме. Өздігінен батып Айбибіге тіл де қата алмай, оның алдынада өзін кешіре алмай, жас баладай имене берді. Оған жасаған қиянаты мұның да көкейінде кешірілмес күнәдай бекініп алған. Қаншама жыл шарқ ұрып іздеп шаршағанын да айта алмайды. Таба алмады ғой, әтпесе іздемеді емес, іздеді. Ұлын сағынды. Тауып алса аяғына жығылып кешірім сұрағысы келген. Бірақ бұлар көкке ұшқандай ізім –қайым жоқ болды. Сонымен бар досы да, серігі де бөтелке болды. Одан ажырай алмай, ақыры құрдымның қақпанына өзі кеп түсті. Бір кездері басын жадылап алған Қатира мұнан өз керегін алған соң, сырт айналған. Оған керегі Қалдар емес екенін бұл ақымақ тақырға отырғанда бір-ақ білді. Есін жиғанда бәрі кеш еді, содан еңсені езген ессіз күндерге кеткен есесін тек арақтан алып күн кешті. Тіктеліп қайта тұруға Қалдарда әл-дәрмен қалмады, морт сынды. Жаратқан тосыннан сый жасаймын десе демде екен, ойламаған жерден отыз жыл таппаған қымбат адамдары мұны өздері тауып алды. Қалаға қалай келгені, кіммен келгені есінде жоқ. Есін жиғанда құдайдың мықтап жарылқағанына қуанды бұл бейбақ. Адамның бәрі пенде, мүсәпір боламын десе демде екенін Қалдардай кім ұғына алар. Қалдардың өмірі біршама жақсарып, адам қатарына қосылғанына өзі де сене алмай жүргенде күздің алғашқы айы басталып та кетті. Бұл үйде Қалдарға алданыш болатын біршама жұмыстар да табыла бастады. Немерелеріне арнап ойын алаңын салып, оған құм төгіп, одан қала берді есік алдындағы еркек қолын қажет ететін біршама жұмыстарды өз мойнына алған. Жексенбі күні есік алдындағы моншаны қыздырып, үй ішімен соған түсіп алды. Бұрынғыдай емес, Айсанадан басқа екі немересі аталап қасынан қалмайтын болған. Тек Айсана апасының, не шешесінің етегіне оралып, бұған жуыса қоймайды. Кей күндері апасының қойнына да жатып қалады. Жексенбі күні ыстық моншадан соң Қалдар өзін сергек сезінді. Елдің алды ұйқыға кеткен тұста мысық табандап барып, Айбибінің есігін жаймен ашты. Ай қараңғы, бөлме іші күңгірт, ақ төсектің сонадайдан нобайы байқалғаны болмаса, Қалдар тек ішкі түйсікпен ғана сезініп, ұйқыдағы Айбибіге жақындай түсті. Жүрек құрғыр асаудай тулап, тар кеудесінен аузына кеп тығылып, аяқ аттам жерге жетуі мұң болды. Алпысты алқымдаған жасы кеудедегі дүрсілге тосқауыл бола алмайтын сияқты. Ол ештеңе ойлағысы келмеді. Жете құшағына алып, ақ селеу түскен шашынан иіскегісі келді. Жас кезіндегідей танауынан тартып, құшырлана сүйгісі келгендей алқынып келеді.
Ұйқысы сергек әйел бұл уақытта оянып та үлгеріп, мамық жастықтан басын жұлып алды. Босағада қараңдаған сұлбаның өзіне аш қасқырдай төніп келе жатқанын байқап:
– Кім-ей бұл?-дегені сол еді, әлгі қараңдаған аяғын қос қолдап ұстап, тізеге қарай көтеріле бергенде әйелдің қолы қабырғадағы жарықты жағып та үлгерген еді…
Айбибі жарық жаққанда қарсы алдындағы Қалдарды көріп:
– Мұнда не істеп жүрсің? Өз орныңа бар.
– Бибі, мен саған… айтайын дегенім…
– Маған ештеңе айтпай-ақ қой. Мен үшін сен әлдеқашан кеткен адамсың. Енді қасыма келгенің жарамас. Қалағаныңша осы үйде тұрсаң тұр, жалғыз ұл тұрған кезде бөтенім болмассың. Бірақ жаныма жақын келер жақыным да емессің. Дұрысы өз орныңа бар!
– Бибі, тыңдашы,- деген Қалдар іштегісін түгел ақтармақ болғанымен оны тыңдар Айбибінің түрі болмады. Дауысы қаттырақ шығып, қойнында жатқан немересі түндегі тосын айқай-шуға аңырап қоя берді. Қалдар қапелімде не істерін білмей состиып қалды. Кішкентай қыздың шыңғырған дауысынан келін мен бала қатар оянып, есікті жұлқа ашқанда Азамат әкесін көріп тосылып қалды. Шашы қобыраған келіншегіне бұрыла қарап:
– Саған не жоқ, орныңа бар, – деді ділсіз ғана. Түкке түсінбеген ол атасын көріп, іштей күлкі қысқан күйі жатын бөлмесіне зып берді.
– Мен кетейін онда,- деп міңгірледі Қалдар.
– Әке, сен бізден әлдеқашан кетіп қалғансыз! Отыз жыл бойы өз дегеніңізбен жүргенсіз. Енді шешемнің айтқаны айтқан, ол не десе сол болады.
– Ұлым, мені қара басты… адастым, бірақ іздемеді деме, таппадым…
– Енді оның маңызы жоқ! Әке, сен…
– Тоқта, балам, әкеңнің бетіне қарсы келме! Мен тоң болсам, оның өз себебі бар. Сен қарсы келме, оған қақың жоқ. Жынды болса да әкенің аты әке. Баққаның баққан, қарағаның қараған.
– Бибі, мен…
– Жарайды, баланың мазасын алмайық, өз бөлмелеріңе барыңдар, қызым екеуміз ұйықтайық,- деп сөзді шорт кескен Айбибі жарықты сөндіріп, есікті жабыңдар деп зілсіз бұйыра немересін бауырына қысқан күйі терең ойға сүңгіп кетті. Айбибі ес білгелі ата-анасын көрген емес. Білуінше бұл жастан асқан кезде жол апаты екуін бірдей жалмап, бұл нағашы ағасының қолында қалған. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болған осы – Хамит пен Халима. Нағашысы біртоға тұйық, мінезі ауыр болса, жеңгесі сайтан мінезді бірде көл, бірде шөл кісі. Бұған деген Халиманың бар мейірімі «көйлегің кірлепті, жуыныа алсай» дегеннен әрі асқан есес. Тірлікке жараған шағында сол үйдің бар тірлігі қаршадай қыздың мойнына артылған. Көңілі түссе жеңгесі ескі тарылып қалған көйлегін кигізіп, мұны қуантқансиды, көңілі түспесе ішкен бір тостақ асын бұлданатын. Айбибі ондайда ағыл –тегіл еңіреп алып, тірлігін қайта істеп кете беретін. Іштей мектеп бітіруді, осы үйден аулақ кетуді де армандайтын. Оқуға түсіп, жұмыс істеп, өз күшімен аяққа тұруды көксейтін. Нағашысы болса мұнымен аса шаруасы бола қоймады, оның үстіне жұмыстан босамайтын. Ара-тұра Халимадан тығып, қолына тиын –тебен ұстатқаннан өзге қамқорлық таныта алмады. Тағдыры о бастан бар ауыртпалығын ұсынса да, Айбибі мектепті үздік оқып, қалаған жоғары оқу орнынының студенті атанды. Ары қарай артына қарайламай бар күшін оқуға салды. Білімі жағынан да, сырт келбеті жағынан да қатарының алды болды. Содан да болар жүрген жеріне сыйы арта түсті. Сабақтан тыс уақытта жұмыс істеп, қосымша табыс тауып, ешкімге алақан жаймады. Алған степендиясы өзіне артығымен жететін-ді. Қасындағы кейбір құрбылары секілді қызық та қумады. Студенттік жылдардың орта тұсында ғана алдағы өмірі жайлы, болашақта бірге болатындай ер азаматтың керек екені жайлы ойланып, сөз салған жігіттерді іштей өзінше саралай бастады. Сол кезде Айбек есімді қараторы, сыпайы жігітпен танысқан. Қарапайым, аулдан шыққан ұяң жігіт мұны бір көргеннен ұнатып, артына қалмай қойған еді. Ол жайлы енді ойланып жүрген шақта Қалдарды жолықтырды. Сөзге шешен, жайдары, келбетті жігіт мұны бірден баурап алған. Өзіне жарасатын оң жақ бетіндегі меңі де оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Басынан мұншалық таңғажайып сезімді өткеріп көрмеген бұл оған ес-түссіз ғашық болды. Тағдырының алда қандай сый тосып тұрғанын бұл қайдан білсін, Қалдардың етегінен ұстаған күйі қол ұстатсып кете барды. Ал Айбек болса сол бойы хабарсыз кетті. Ол жайлы ойлауға Айбибіде уақыт та болған жоқ.
Қалдармен айырылысқан жылы Азаматын жетектеп нағашысының үйіне қайта келгенде жеңгесі тіпті тоң-теріс қалып танытты. Қыз кезінде сыймаған бұл үйге тіркемесімен қайдан сыйсын. Уақытша болсын паналап, жан бағудың әрекетіне көшті. Жұмыс іздеп, ұлын сүйрелеген күйі талай табалдырықты тоздырды. Бір күні ұлымен екеуі бүрсең қағып келе жатқанда байқаусызда жеңіл авто көлікті байқамаған екен, шиқылдап барып әзер тоқтағанда барып ес жинап қараса, көлік ішінен көзге таныс бейне өзіне қарай жақындап қалған екен. Келген бойда:
– Қарындас, көзіңізге қарасаңызшы, жол болса көк мұз, көлікті әзер тоқтаттым, қағып кетсем не болады? Оның үстіне жас бала жетектеп алғансыз. Мына күннің суығында көшеде не бар?- деп тынымсыз сөйлеген жігіттті әуелгіде қайдан көргенін есіне түсіре алмады.
– Айбибі, бұл сен ба? Өз көзіме өзім сене алар емеспін. Мұнда қайдан жүрсің, сені де көрер күн бар екен ғой! Тоңып қалдыңдар, жүр көлікке отырыңдар, жеткізіп салайын,- дегенде барып:
– Айбек, сен ба? Танымай қалдым ғой, қалай өзгеріп кеткенсің!- деп таңданысын жасыра алмаған ол мына әбіржіге сиқынан қысылса да, қарсылық танытпастан ұлын көлікке қарай икемдей берген. Айбек болса бұл кезде қаладағы үлкен мектептердің бірінде директор болып үлгерген екен. Жолай дәмханалардың біріне кіріп, асықпай тамақтана отырып, өткен –сөз етіскен олар көп жайттың басын қайырды. Мұның өмірінен түгел хабардар болған соң кезінде қолы жетпеген қызды жас баласымен қыстыгүні далаға тастай алмаған Айбек жұмысқа орналастыруға, азды-көпті қарайласуға уәде беріп, кейін бұларды жалғызілікті орыс кемпірдің үйіне орналастырып, өзін мектепке жұмысқа алды. Нина Феодоровна жалғыз ұлы Мәскеуге осыдан он шақты жыл бұрын кетіп, содан жалғыз қалған, қараусыз кемпір. Ұлы тек жылына бір хабар алғаны болмаса төбе көрсетпеген. Айбек бұларды көшіріп әкелгенде орыс кемпір қатты қуанған. Пәтерінде ақысыз тұра беруге де келісім берген. Нина Феодоровна ұлты орыс демесең, заты бөлек жан еді. Бес жылдай тату-тәтті өмір кешкен бұлар кемпір бақиға аттанарда қатты қайғырып, туған апасындай қабырғасы қайысқан. Тіпті өз үйін Айбибіге басы бүтін аударып бергені де ешкімнің қолынан келе бермес сирек жомарттық еді. Міне, ойламаған жерден Айбибі үйлі де болды. Айбек болса бұларды аяқтан нық тұрып, бүгінгі деңгейге жетуіне бірден-бір себепкер жан. Ұлы есейіп, ер жеткен шақта тыраштанып жүріп осы үйге қол жеткізді, ұлын үйлендірді, әйтеуір өз арбасын өздері сүйреп келеді. Ал Айбектің алдында мәңгі қарыздар сезінеді өзін. Ол жасаған жақсылықты жалғыз нағашысы да жасай алмаған. Бірақ оған не өкпе? Содан бері күнді түн алмастырып, өмір ағысы өз арнасымен арада талай жылды жылжытып әкетті. Қалдардан соң қайта тұрыс құруды ойға да алмаған ол өзінің әйел екенін ұмытқалы қашшан. Қамкөңіл мұны ренжіткісі келмеді ме, әлде адамгершіліктен аттай алмады ма, Айбек тек көмек қолын созып, сыртынан қорған болғаны болмаса, одан артыққа бара алмаған. Міне, Қалдарсыз Айбибінің отыз жылы осылай өткен-ді. Құдай мұны қашанғы сынасын, кейінгі өмірі өзіне жайлы. Қалдарды ойлауды мүлдем ұмытқан тұста қарсы алдына тап келді. Бүгінгі қылығы болса мынау. Енді қартайған шағында оны қалай қабылдай алмақ? Осылай өткенді шарлаған Айбибінің түн баласына кірпігі айқаспады.
Ойға алғаны орындала қоймаған Қалдар басы салбырап өз төсегіне жантайды. Тек алғашқы кездер ғана болмаса кейінгі жылдар тұтастай қап-қара, есінде дым жоқ. Сонда да бақыт толы тегештің қай кезде ақтарылып қалғанын есіне түсіргісі келді. Өткеніне тек өзін кінәлай, ары-бері дөңбекшіп, мазасы қашты. Осылай екі бөлмеде екі жан таңды ұйқысыз қарсы алды.
Ертеңіне түскі асқа бірақ оянған Қалдар Айбибіні көре алмады. Бөлмесінің есігіне жалтақтап қарағаны болмаса ішіне кіруге жүрегі дауаламаған. Келіннен сұрауға тағы батпады. Түскі астан соң есік алдындағы майда тірлікті жайғастырмақ болып тысқа шықты. Күннің көзі жылтырап тұрғанымен ызғырық жел бар. «Бүгін түскі асқа келмеді ғой, әлде жұмыста ма, болмаса бөлмесінде ма екен? Түндегім ұят болды-ау, маған не жоқ тыныш жүрмей. Оның кешірмесін біле тұра несін жетіп бардым? Қап, қанша уақыт қор болып текке өтті-ау! Не деген ақымақ едім? Бақытын байладым. Ол менің бағым еді, бағалай алмадым. Қадіріне жете алмадым, кешір мені! Ұлымды осы күнге дейін жалғыз өсіріп, ел қызығатын азамат еткеніңе рақмет! Менің сендерден өзге кімім бар? Осы күнге жеткізген жаратқанға мың тәубе! Енді арақты аузыма алмас түгілі маңына жоламаспын. Бөтелкеге сыйғанымен, ішіңе сыймайтын құрғырды кім шығарды осы…» -деп өз-өзімен іштей күбірлесіп, қымбат жандарынан қайта-кешірім сұрай берді. Әйтеуір бір күні кешірер деген ойдан да ада емес. Іштей оған сенетін де сияқты. Қалдардың ойын Ақбаланың:
– Ата, Айсананы көрмедіңіз ба? Жаңа далада ойнап жүрген сияқты еді, дыбысы шықпай қалды.
– Жоқ, қарағым, көрмедім, байқамадым,- деп жан –жағына көз салғанда көше жақ беттің есігі ашық тұрғанын байқап, жүрегі зу ете қалды. Үлкен жолдың бойы болғандықтан көліктер күн, түн демей зулап жататын бұл жер жас бала тұрмақ, үлкен кісіге де оңай өткел емес. Жалма-жан есікке беттеген ол сапырылысқан көліктен өзгені көзі шалмады. Тек жолдың бойына шыққанда ғана қозы көш жер ұзап кеткен немересінің сұлбасын байқады. Құлдыраңдаған немересі қараусыз қалған қасьқағым сәтте осынша ұзап шығып кетер деп кім ойлаған. Жан ұшыра жүгірген Қалдар зулаған көліктердің арасымен жетем дегенше жан терге түсті. Ақбаланың дауысы сірә қатты шықты, содан ба бүгіндікке төбе көрсетпеген Айбибі де жаулығы жалбырап, бұлардың соңын ала екі өкпесін қолына ала жүгіріп келеді. Жүгіріп келеді деген аты болмаса, жетем дегенше арада қанша жер жеткізсейші шіркін. Қимылы өнбей, етегі аяғына оратыла берді. Оның қолынан көз алдындағы екудің тек амандығын тілеуден өзге келмейтінін түсінген ол сонда да соларға жетіп жығылуды көздеп келеді. Қалдар немересіне енді жеткен шақта қаперімде қиылыстан шыққан жеңіл көліктің қасына таяп кеп қалғанын кеш аңғарды. Бойдағы бар күшін жиып, немересін жолдан алып үлгергені сол, аспан аударылып сала берді. Құлағы тарс еткен дыбыстан тұнып қалғандай ештеңе естіместен, жол жиегіне ұшып түсті. Алқынып жеткен Айбибі шыңғырған немересін келініне қарай итеріп, Қалдарға ұмтыла берді. Ұмтыла беріп, аяғы шалынысып құлаған ол Қалдарға еңбектеп әзер жетті. Жетті де дыбысы шықпай, сұлап жатқанды құшаұтай алды. Жаулығымен қан жуған Қалдардың жүзін сүртіп, көзінен жасы бұршақтап, әлденелерді айтып жатты. Бірақ Қалдар оның бірін де естіген жоқ. Тек оған сөйлемек болып оқталды да, ештеңе айта алмады. Айбибінің ыстық алақаны маңдайын сипағанда зорлана жымиған болды да, талықсып кетті. Айнала жұрт топырлап, дабырласып жүріп жедел жәрдем шақырғанда Ақбала ақ халаттылармен көлікке бірге мінген. Қалдардың жып-жылы қолын ұстап отырып, ажалға бергісі келмейтінін ұққан Айбибінің жан дүниесі бұл шақта айқара төңкеріліп жатты. Ол Қалдар үшін өмірдің ақ парағы қайта ашыларына, тағдыр тәлкегі бұл жолы оны айналып өтеріне бек сеніммен алға жылжи берді.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here