Ол өмірге іңкәр еді. Әсіресе табиғат аясында серуен құрғанды жаны сүйетін. Атқа мініп, тау шатқалын кезіп, тау бөктерінен құшақ толтыра хош иісі аңқыған тау қызғалдағын тергенді сүйетін. Ол кездер не деген керемет шақ еді. Көрген түстей бұлдырап көзден ұшқан албырт шақ… Күннің сәулесі терезеден бетіне түскенде Қызғалдақ өзінің әдеттегіден кеш оянғанын сезді. Осындайда терезені айқара ашып, таңғы жұпарды мейірі қанғанша мынау тәмпіш мұрынымен еркін иіскер ме еді? Шешесі күнде жатарда көпсітіп қоятын мамық құс жастық та жата-жата шөншіктей иленіп қалған тәрізді. Әйтеуір ол да қыздың шаршаңқы көңіліне жайлылық сыйлай алмады. Күнмен бірге күліп-ақ оянғысы келсе де күндегісі осы, ұйқыдан сергек оянбағанына қаншама жыл өтті. Биыл тура жетінші жылға аяқ басты. Иығына түсетін қара шашы да ұйпаланып, самал желге таратып алшы дегендей. Маңдайын күнге сүйдіріп, шашын желге таратқан күндер қайта айналып келер ме екен өзі? Бәрінен бұрын етегін қызғалдаққа толтырып, жусанды далада жалаң аяқ жүгірер ме еді? Құлағына алыстан талып әлдебір жағымды әуен келеді. Сол әуенді ести түссем екен дейді. Бірақ жастықтан басын көтергеннен әріге бара алмады. Көз алдында төсі қызғалдаққа толы дала. Ән салып жатқан дала. Қыз жүрегіндегі сағыныш әнін салып жатқан дала. Қызғалдақтың сол далаға жеткізе алмаған әнін салып жатыр. Сол даланың дауысы мұны әлдилеп уатқандай болады. Сол даланың майда қоңыр әуені жұдырықтай жүрегін қытықтап, көңіліне нұр құйғандай. Танауына қызғалдақтың жұпар иісі келетіндей. Қарақат көзін найза кірпіктерімен қорғай, жанарын жұма түседі. Өзі айта алмаған даланың осынау әнін ести түссем екен дейді. Шіркін, дала әнін құмарың қанып естігенге не жетсін! О, туған жер! Бұл жалғанда сенің әніңе жетер ән бар ма екен өзі? Жоқ та шығар-ау… әншілер ән салуды даладан үйренсін! Сырттан пойыз дүрсілі естілді. Тасыр- тұсыр, тасыр-тұсыр… одан қала берді жеңіл көліктердің әдеттегі сапырылысы қыздың ойын бөліп жіберді. О, тәңірім, бағанағы ән де, керім дала да, құшақ тола қызғалдақ та жоқ. Тек қыздың сарғайған сағынышы, сол далаға деген сарқылмас сағынышы ғана бар.
Қызғалдақ орнынан тұрғысы келді. Ескі кереуеттің сықырынан қызының оянғанын сезген шешесі бөлмеге есік жақтауында тұрған қоларбаны сүйрете келіп, қызын орнынан көтермелеп, арбаға отырғызуға икемдей берді. Қызғалдақтың реңі бүгін де солыңқы. Түнімен ұйықтай алмай шыққанын ана жүрегі қабағы мен көздің астындағы қалталанған ісіктен бағамдады. Іштей ауыр күрсінсе де, күрсінісін сырқа шығармай үнсіз жұтып қойды.
– Ботам, таңғы асқа тәтті тоқаш пісірдім. Біраздан тоқаш пісірмей кеттік. Бетіңді жуып, дастарқанға келе ғой.
– Анашым! Дүниеде сіздің бар болғаныңыздың өзі қандай жақсы! Бүгін қатты ұйықтап қалыппын- деді анасынан түнгі қиналысын жасырмақ ниетпен.
– Бүгін күннің көзі жылтырап тұр. Таңғы астан соң сыртқа шығып қайт. Бәлкім баққа барып келерсің?
– Сөйтейінші. Өзім де соны ойладым. Қысымен үйден шықпай ішім толып кетті. Қыз күлімдей қарағанда қарақат көзінен ұшқын атты.
-Жарығым сол, сөйте ғой. Мен сенің төсегіңді тысқа жайып алайын. Жел қағып, иісі жаңарсын. Әрі көпсіп, күнқақты болады.
Шешесінің самайынан бұйралана орамалдан қашқан ақ селеу суыртпақтары күн өткен сайын көбейіп, жазық маңдайында шиырланған әжімдер тереңдей түсіп, көз алдында қажып бара жатқаны Қызғалдаққа да оңай соқпады. Сондықтан шешесіне тек күліп қарауды әдетке айналдырған. Таңғы астан кейін Қызғалдақ көптен киілмеген ақ күртешесін, басына ақ қалпағын киіп, тысқа шығудың қамына кірісті. Қара күзде шешесі аяғына аппақ етік әперген. Соны да шешесінің көмегімен киіп, қол арбасына қымтана қайта отырды.
– Қандай жарасып кетті! Не кисең де үстіңе қона кетеді, күнім сол! Жолдан абайлап өткейсің, машина деген құжынап жатыр. Көп кешікпей қайтарсың. Жаурап қалма. Екі аялдама болғанымен құрғыр жаяу адамға біршама жер. Сөйте ғой, алтыным!
– Анашым, уайымдамашы. Талай барып жүрген жерім ғой. Әрі шаршасам түнде жақсы ұйықтаймын ,- деді Қызғалдақ еркелей.
Қоларбадағы кісіге екі аялдама деген оңай емесін Қызғалдақ біледі. Сонда да баққа барып, енді тебіндеп келе жатқан көктің иісін иіскеп, еркін тыныстап қайтқанға не жетсін. Әрі анасынан басқа адам көрмей әбден үйкүшік болып алды.
Жол бойы ию-қию тіршіліктен құлағы тұнса да Қызғалдақ межелі жеріне жетуге асықты. Ұқыр-шұқырына дейін көзге таныс үйреншікті жер болса да, бәрі жаңа дүниедей көз арбайды. Биыл көктем лебі ерте білінді. Көше жағалай сап түзеген тал-теректер бүршік жаруға пәрмен күтіп тұрған сыңайлы. Бір жауын төксе ештеңеге қарамай, жапырақ жүректері желмен шайқатыла мына қаланы көкке боямақ. Қызғалдақ саябаққа жете бере жол жиегіне көз тастап, жоқ іздеген кісіше кідіріп қалды. Ерте көктемде осында қызғалдақтар бой көтеріп, қала реңіне рең қосатын. Биыл да көгеріш тартқанға сонадайдан мойнын соза түсіп, қылтиған жапырақтарын көргенде балаша шаттанып сала берді. Баққа кірмес бұрын осында аялдаған ол ерінбей әр бір түбін санауға бар еді, алайда ары-бері өткендерден қымсынды. Қайсыбірі қоларбада отырған мұны мүсіркей қарайтындай, кейбірі бұған не жоқ дегендей кекетінді пішін танытардай, әйтеуір ұзақ тұрмай жылжи түсті. Сонда да саябақтың орта тұсына енбей, шеткерірек орналасқан, оңашалау қалтарысқа кеп жайғасты. Жайғасты деген аты болмаса, мұның жайы белгілі ғой. Осы саябақ Қызғалдақтың үнсіз сырласына айналғанына да биыл жетінші көктем. Қыз көкейіндегіні үнсіз ғана тыңдап, үнсіз ғана жұбатады. Дала қызы өмірінде орман көрмесе де, осы бақ оған ну ормандай көрінеді кейде.
– Осы орманды жападан –жалғыз аралар ма едім? Тұла бойымды үрей мен үміт қатар билеп, тәкәппар қайың діңіне маңдайымды төсеп, ағыл да тегіл өксіп жылар ма едім… жоқ, әлде, жұлдызды шатыр тіккен қою түннің тылсым тыныштығын жарықшақ даусыммен бұзып, еш пенде естімен қоңыр да баяу әнге салар ма едім? Мүмкін, жұлдыздардан моншақ тізіп, қызғалдақтан тәж жасасам ше, әлде мұңлы күлкімді мөлдір бұлақ сыңғырына мәңгі айырбастармын?.. Жалғыздық! Мен сені қаншалықты жек көретінімді білесің бе? Әй, білмейсің-ау, егер білсең маған жиі соқпас едің. Естисің бе, мен сені жек көремін!- Қызғалдақ өз дауысынан өзі селк ете қалды. Өз-өзімен іштей тілдесіп, оңашада күбірлесу әдетіне айналғанына өзі де үйреніп кеткен. Бірақ бұл жолы дауысы қатты шықты білем. Ұрлана айналасына қарады. Әбүйір болғанда маңайында ешкім көзге шалынбады.
– Өтіп жатқан әйтеуір бір күн. Кешегі күннен бүгінгі күннің еш айырмашылығы жоқ тәрізді, тіпті, бірінен – бірін айырып болғысыз. Иә, уақыт көші керуендей тізіліп өтуде… ноқтасыз уақыт, байлаусыз күндер. Ешбір алтынға айырбастамас жастығымның есіл сағаттары жүрдек пойыздай шабан-ау. Өтпелі де тұрлаусыз дүние. Келер күнге ынтық еткен, өткен күніңді сағыныш етіп, үзілмес үміттің ноқтасына теліген алдамшы уақыт… бәрін де қойшы, өткен күндер тек түсім тәрізді. Қазіргімнің құны жоқ, жалғыздыққа жем болған жас өмірім! Тәнімді қойшы, кеудеде құр жаным жүр. Күйшіл жанымды қайда тығып қоярымды білмей аласұрамын. Көкейімді тілгілеп тасыған тасқынның не құмарлық, не құштарлық, яки жек көру, болмаса кек пе, не екенін айыра алмай дал боламын. Жалғыздық күйін шерткен жұдырықтай жүрегіме, жаныма тыныштық бер. Жанымды жалғызсыратып, мені жөн-жосықсыз азаптай беретінің не? Мен мұңаймаймын ендеше! Бұл ноқтаны да бір күні сыпырармын!
Қыз да қайыңнан қалыспай тәкәппарлана қарады. Кенет:
– Қарындас, қатарыңызға жайғассам, рұқсат па?- деген жігіттің дауысы қыздың ойын бөліп жіберді. Бөгде жігіттің ен бақтың ішінен орын таппағандай мұның қасына келгенін іштей жаратпаса да:
– Жайғасыңыз…-деді қыз ерін ұшымен ғана. Алайда, қарсылық көрсетпеді. Жанындағы орынды көз қиығымен нұсқап көрсетіп, жігітке тіктеп қарамады да.
– Таңат,- деді жігіт жайғаса бере күректей қолын ұсынып. Қыздың ауызы әнтек ашыла түсті.
– Қызғалдақ –деді қыз да сүйрік саусақтарын жігітке еріне ұсынып.
– Әдемі есім екен. Өзіңіз одан да…-деп, қолынан ұзақ ұстаған жігіт қыздың алақаны қызарып, күлдіреп қалғанын байқады. – Сірә, ұзақ жүріп келген сияқтысыз, қайтарда өзім жеткізіп салсам бола ма? –деді бастырмалата. Келе сала еге бола салған жігіттің мына сөзі қыздың қитығына тиіп кетті.
– Алаң болмаңыз. Көптен келмегенге… әлдене айтып салғысы келді де, райынан тез қайтты. Жігіттің ыстық алақанының табы қыздың бетіне дейін жетіп, Қызғалдақ қысыла қолын тартып алды. Өз ойымен отырып аңғармаған екен. Алақандары күлдіреп, дуылдап ашып кетті.
– Сіздей перизатты шығарып салған да біздей пақырға мәртебе емес пе?
– Сіз де айтасыз-ау…
– Несі бар? Менің жарым деп мақтанарлық жан екенсіз.
– Көп мақтай бермеңіз, шынымен сеніп қалармын. Қыздың риясыз жымиысына жігіт те сүйсіне қарады.
– Осы маңайда тұрасыз ба?
– Иә. Екі аялдама ілгері жүргендегі жер үйлердің бірінде.
– Жақсы екен. Есіміңізді айтам, «Қызғалдақ» деген есімді алғаш естіп тұрмын. Кім қойған?
– Әкем қойған.
– Қандай да бір себебі бар шығар?
– Қызғалдақ атауы туралы көптеген болжам бар. Ең көп тарағаны-“тюльпан”-парсы сөзі “толибан” немесе “долбент”, яғни қызғалдақ қауызының осы шығыс бас киіміне ұқсастығымен түсіндіріледі. Әкемнің мені осы гүлдей әдемі болсын деген игі тілегі шығар. Қазақстан табиғатында қызғалдақтың 35 түрі бар. Осы себепті де Қазақстан – қызғалдақтың отаны болып саналады. Мен 36 – түрімін,- деді Қызғалдақ сөз аяғын әзілге бұрып. Жігіт риясыз жымиды. Екеуінің кездейсоқ кездесуінің ақыры ескі таныстардай қызықты әңгімелерге ойысты. Өзгелерден өзін оқшаулай беретін қыздың бүгінгі ақтарылысы да ерекше. Екеуіне қызықты ортақ тақырыптары да көп екен. Жігіт қыздан едәуір үлкен, сөзге ұста, ақыл тоқтатқан есті жігіт көрінді. Ең бастысы жанары сондай мейірімге толы еді. Қызғалдақ Таңатты жатырқамай, тез тіл табысуы да оның осы мейірімге толы жанары еді. Анасынан өзге жанның жанарынан мейірім көрмеген қыздың жан дүниесі мейірімге шөлдеген еді. Содан да болар Қызғалдақ көкейдегі сұрағын тіке қойды.
– Салт басты емес шығарсыз?
– Салт басты, сабау қамшылының нақ өзімін,- деді жігіт жұлып алғандай. – Қазақта «сүрбойдақ» дейтін бе еді мендейлерді?
– Неге осы кезге дейін бір қуды ілмеді екен деген ой келеді екен басыңа.
– Іздеп жүрмін…
– Көңіл қойнауына сақтаған қимасыңыз бар ма еді?
– Иә… Бір періште аруды құлай сүйдім. Кейін көз жазып қалып, соны бір кездестірермін деп осы қаладан кетіп қалсам да, қайта айналып келе беремін.
– Қызық екен… Қызғалдақ іштей томсырайып қалды.
– Қызық болғанда да қызық. Ол мендей пақырдың өзін іздеп жүргенімнен де бейхабар ғой. Кездестіре қалсам, бәрін ақтара саламын деп серт бергенмін өзіме.
– Көп болды ма іздегеніңізге?
– Бәлкім көп емес. Ғұмырымның соңғы сағаттарына дейін іздесем де тапсам деймін.
– Мына әңгімеңіз қызықтырып жіберді ғой.
– Онда тыңда, қарындас. Ақыры бастадым, аяғына дейін айтайын. Ол қыз да өзің сияқты киіктің лағындай үркек, жаңбыр тамшысындай мөлдір, періште еді. Қолаң қара шашы тізесін қағатын. Қарақаттай көзі жалт қарағанда ақыл-естен айырып, аяқтарым дірілдейтін. Ол кезде мен жиырма үштен асқан кезім. Он сегізге дейін балалар үйінде тәрбиелендім. Кейін жатақхана ауласын сыпырушы болып жұмысқа орналастым. Оқуға түсіп, оқу оқитын мүмкіндік болмады менде. Бір күн қарын тойғанын қанағат тұтып жүріп жаттым. Күндіз аула сыпырып, түнде вагоннан жүк таситынмын. Қыз қарау қайда, бізге кім қарасын. Сөйтіп жүргенде жатақханадан сол қызды көріп, өміріме жаңа бір леп кірді. Жұмысқа соны сыртынан бір көру үшін асығып тұратынмын. Қарсы алдымнан шыға қалса, тілімді жұтып қойғандай, жанарына тік қарауға дәтім жетпей теріс айналатынмын. Өне бойымда ток жүріп өткендей, сол әсерден күні бойы арыла алмайтын ем. Ол қыз да осы саябаққа жиі келетін, бірақ үнемі жалғыз. Қолында үлкен кітабы. Көктем кезінде қызғалдақтардың қасынан жиі ұшырасатын. Бірақ танысуға, тіл қатуға мен ынжық жарамадым. Әрі үстімде оңған киім де жоқ. Ескі-құсқыны иыққа ілгенімнен намыстанатын ем. Қасына барып тіл қатсам, көкке ұшып кетердей, мәңгі көре алмай қалатындай сезінетінмін. Тек алыстан көргеніме мәз болып, көзбен ғана иеленіп жүрдім. Бір күні әдеттегідей аула сыпыруға таң атпай ерте келдім. Көктем кезі еді. Жерде қатқақ қар, суық ызғар да бар. Ескі күртешемді кисем де ызғырық жел қойны-қонышымды тінтіп, түк таппай әуре. Жатақхананың алдын тазалап болып, артына айнала бергенім сол еді, сонадайдан жерде жатқан адамның сұлбасын көзім шалды. Дала бозамық, әлі ала көлеңке. Бұл маңай тыныш, қайыршы, маскүнем дегендерден ада, таза жер еді, мынау кім деген оймен қасына жақын бардым. Анықтап қарасам жердегі жатқан қыз бала екен. Нобайы терезеден секіргенге ұқсайды. Қап-қара шашы бет-ауызымен қоса тұла бойын көмкеріп жауып жатыр. Тек сумақай жел ғана қыздың аппақ тәнін арагідік жарқ еткізіп, қайта жабады. Қыздың кеудесі ғана жарым-жартылай жалаңаш екен. Аппақ тәні жарқ еткенде менде ес қалмады. Атақты суретшінің мінсіз салған суретіндей мына көріністен өзімнің атымды ұмыта жаздадым. Аппақ еді, шіркін! Ал жүзін көргенде… қаққан қазықтай тұрған орнымда қаттым да қалдым. Әлден уақытта барып қос тізем дірілдей жерге отыра кеттім. Мен армандаған аруым аяғымның астында жатыр. Сонда барып есімді жинап, өлі не тірісін білмекке оңтайланып, жүрек тұсына басымды қойдым. Қол тигізу қайда. Бұрын- соңды мұндай ғажапты кім көріпті, қыздың жұмсақ жалаңаш етіне басым тигенде қыздың жұпар иісіне елтігенім соншалық, жүрегінің дүрсілін дұрыстап тыңдай да алмадым. Бұл бір сондай ғажап, әрі қорқынышты сәт еді. Ол қыздан мәңгіге айрылып қалудан шындап қорықтым. Сонда да болса санамда тек «тірі» деген ой тұрды. Содан үстімдегі көнетоз күртешемді шешіп, қыздың кеудесіне жаптым. Тер мен кірден жалтырап кеткен күртешеммен қыз тәнін жасыра сала, жатақханаға жүгірдім. Таяқ тастам жер мұншалық ұзап кетер ме? Алға басқан қадамым кері кетіп, зорға жеттім. Елдің әлі таңғы тәтті ұйқыдағы кезі. Есікті оңайлықпен ешкім аша қоймады. Әлден уақытта барып есік ашылып, самарқау сары қатын мені ала көбен ата жөн сұрады, мән-жайға қаныққан соң ғана жатақхана дүрбелеңге толып кетті. Әбүйір болғанда жедел жәрдем тез келіп, қызды алып кетті. Көрер жарығы бар екен, қыз тірі қалды, бірақ содан қайта оны мүлдем көре алмадым. Ал қызды осы күйге жеткізген әлгі еркексымақты сол күні-ақ құрықтаған. Ақыры сотталып, он бес жылға қатаң режимдегі абақтыға тоғытылып кете барды. Сотына қатыстым. Ол жерден оның енді сау шықпасы белгілі. Қыздың аман қалғанын естігенімнің өзі жанға қуат. Қыздың иісі сіңген сол ескі күртешемді содан кейін мүлде иыққа ілмедім. Кисем қыздың сіңген иісі кетер деп сол бойда сақтап қойдым. Сол күртеше әлі бар. Бірақ қыздың жұпар иісі жоқ. Кейін қалада көп жүрмей, Астанаға кеттім. Сонда құрылысқа араласып, жағдайымды біршама түзеп алдым. Оқу оқи алмасам да өз жеке бизнесімді аштым. Ол бөлек әңгіме. Көктем сайын осы баққа келіп отырып кетемін. Ондағы ойым сол қызды бір көріп қалармын деген дәме. Бүгін міне, үшінші күн келіп отырмын. Бірақ сізден өзге ешбір аруды кездестірмедім,- деді жігіт қызға күлімсірей қарап. Қараторы, қыр мұрынды, ұзын бойлы жігіттің манадан әңгімесін бөлмей, үнсіз тыңдаған қыз әлемтапырақ күйде еді. Жұқалтың ақ бетіне қызыл арай жүгіріп, құлақтарына дейін ысып, қызарып кетсе де үндемей қалуға реті келмесін сезіп:
– Ол қыздың есімі кім еді? –деді.
– Есімі есімде қалмапты…- деді жігіт әлденені айтқысы келмегендей күмілжіп:
– Бірақ сіз сол қызға қатты ұқсайды екенсіз. Оның шашы сүмбіл еді. Төгіліп, бүкіл денесін жабатын. Әрі уылжыған жас еді. Қазір сізбен қатарлас шығар… Жігіт әңгімесін аяқтап болып:
– Күннің көзі жылтырағанымен алдамшы, тоңып қалмадыңыз ба?
– Аздап… Қыздың ыңғайсыз жағдайда қалғанын сезген жігіт әңгіме рауанын бұрғысы келген. Қызғалдақ «ол қыз мен едім» деуге тілі бармаса, жігіт «сені ақыры таптым-ау!» деген ішкі қуанышын іркіп қалды.
– Рұқсат болса мен жүрейін. Бірталай отырып қалдық. Анам уайымдап жүрер. Қыз қипақтап, кетуге оңтайланды.
– Қызғалдақ, шығарып салайын.
– Еркіңіз білсін…
Таңат Қызғалдақты жаяулатып, үйіне дейін жеткізіп салды. Жол-жөнекей қызға тәттілер әперіп, әңгімелері толастамады. Ертеңіне екеуі тағы жолықпаққа уағдаласып, әлдебір қимастықпен тарасқан.
Қызғалдақ үйге жеткенде анасы да кешіккеніне алаңдап байыз таппай отыр екен. Қызының жадыраңқы жүзін көріп, үндемеді. Қызғалдақ болса бүгінгі әсерінен көпке дейін арыла алмады. Таңаттың кескін – келбеті, сөйлеген сөзі бір көргеннен-ақ баурап алған сықылды. Тек өткенін есіне оралтар сол бір көктемді айтпағанда…
Ол кезде Қызғалдақ университет табалдырығын енді ғана аттаған балауса қыз еді. Қолаң қара шашы толқынданып, тірсегін қағатын. Албыраған бетінің ақтығы, найзадай кірпік пен мойылдай қара көздері кімнің болса да өзегіне от түсірмей қоймайтын. Алайда қыз томаға-тұйық еді. Ешкіммен артық сөзі жоқ, тек кітап бетіне үңіліп, алдына қойған мақсатына жетуге талпынып, қылтың-сылтыңмен ісі болмады. Манағы өздері отырған бақтың артында жатақхана бар. Сонда төрт қыз бірге тұрды. Олардың екеуі қайда жиын, қайда той десе бір иықтарын беріп тұратын қақатұяқтар болса, бірі Қызғалдақ секілді момын ғана шаруа қыз еді. Бірде бұлардың бөлмесіне қонақ жігіттер келді. Бәленің бәрі сол қонақтардан басталды. Ішіндегі Мәжит есімді көк көз, бұжыр бет, оспадарсыз, менмен жігіт келген бойда уыздай қыздың келбетіне ішіп-жеп, сұқтана қараған. Сол сәттен бастап қызды қалайда уысына түсіруді көздесе керек, соңына түсіп қалмады. Бұл болса қашқақтап, маңына жолатқысы келмесе де, әлгінің арыны қатты еді. Ақыры қыздың қызғалдақ ғұмырын белден үзді… Өзінің де ақыры оңбады…
Кешкісін қасындағы екі қыз апыр-топыр жиналып, отырысқа кетерде мұны да ерте кеткісі келген. Оған ере салар Қызғалдақ па, ақыры бармады. Ал өзіне жақын құрбысы ауылына кетіп, бөлмеде бір өзі қалған. Соңы мұндай боларын білгенде сол қыздармен бірге кетер еді-ау… сол түні қыздар мүлдем келмеді. Есесіне Мәжит келді. Аңқау басы есікті ашарын ашып алып, Мәжиттің қақпанына өзі түсті. Бұрыннан айналсоқтап кетпейтін оған қыздың жалғыз қалғаны өз дегеніне жету үшін керемет мүмкіндік сыйлаған еді. Қыздың өзіне оңайлықпен қарамасын сезген ол әлімжеттікке көшіп, келген бойда қызды қапсыра құшақтап, көнектей ернімен қыздың мойнынан, ернінен тістеп сүйіп, ішкі арам пиғылын жүзеге асырмақ еді. Ақ маңдайы мен ақша бетін кім сүйген, кімге сүйдірген бұл? Қызғалдақ оңайлықпен беріле қоймады. Қанша дегенмен еркектің аты – еркек емес пе, қыздың жалғыз қабат кеудешесінің дал-дұлын шығарып айырып тастады. Қыздың сүттей аппақ денесі жарқ еткенде Мәжит құтырған өгіздей көздері қанталап, тіпті өршелене түсті. Мыртық семіз саусақтары қыздың өн бойын тінте аралап, көнек ерін сүліктей қадалғанда Қызғалдақ «өлген жерім осы екен» деп ойлаған. Қорыққанынан шыңғыруға шамасы келмей, аяқтары дірілдей, терезе жақтауына қарай ұлудай сырғып зорға жеткенде бар ой сыртқа секіруді ғана ойлады. Аман қалса қалар, қалмаса осы пәк, періште қалпында қалмақ. Мұндай зорлыққа төзе алмас.
– Жібер деймін, оңбаған! Жібер!
– Сендей сұлуды жіберіп мені не қара басты?
– Cенің де мендей қарындасың бар шығар, құдайдан қорықсаң нетті?
– Кәне сол құдайың? Көрсетші көзіме!
-Мен сені сүймеймін, жібер деймін саған!
– Қыздың сүйгені төсекке кіргенше ғана, әлі-ақ артымнан өзің жүгіретін боласың!- деді өзеуреп. Мына сөзге ышқынған қыз:
– Оңбаған! –деп бар пәрменімен Мәжитті кері итергенде мұндай соққы күтпеген ол аяғы әлденеге шалынып, шалқалай құлап, қайта тұрамын дегенше Қызғалдақ терезені ашып, ештеңе ойлап та үлгеріп жатпастан төменге құлдилап кеткен. Ары қарай есінде ештеңе жоқ. Есін жиып, көзін ашқанда ақ төсекке таңулы екен. Одан, міне, арбаға таңулы. Ал Таңат жайлы есінде ештеңе жоқ. Бірақ аула сыпырушы жігіттің болғанын білгенімен нобайы ғана санасында көлеңке сияқты қылаң береді. Неге ертерек білмеді екен? Таңат қыздың көңілін бірден жаулап алғаны сонша, көз алдынан кетпей, кірпігі айқасқанша ойлап жатты. Екеуінің кездейсоқ кезуінде тұтанған сезім қыздың өн бойын шеңгелдеп жаулап алған. Бар ынтызары сол жігіт. Бірақ, бірақ өзінің осы бір арбаға таңылған шарасыз халіне келгенде еңсесін тағы да ауыр ой басады. Таңат қасында бір жұма уақыт қана жүрді де, Астанаға кетер уақыты таянғанын айтқанда, қызда іштей «қайта келер ме екен» деген дүдәмал сұрақ тұрды. Бірақ оны тіс жарып айта алмады. Есесіне анасына бәрін айтты. Жіпке тізгендей ештеңе қалдырмай айтты. Солай жеңілдеп алған. Тіпті кетер алдында үйіне ерте келіп, анасымен таныстырған. Таңат Астанаға кетіп, ондағы екі бөлмелі пәтерін көлігімен қоса сатып, жинаған аз-кем қаражатының басын біріктіріп, Қызғалдақты Израилге апарып емдетудің жолдарын қарастырып жүгіріп жүргенінен қыз бейхабар еді. Екеуі телефонмен қанша үзбей хабар алысқанымен, жігіт өз жоспарын ішке бүгіп, әзір айтуды жөн санамаған. Таңат жұмыстарын реттеймін дегенше арада екі апта уақыт зулап өте шықты. Қызғалдаққа бұл күндер жылдан да ұзақ секілді көрінген. Түн баласы көз ілмей, атар таңды көзімен зорға атыратын, күтумен өткен бұл уақыттар Қызғалдаққа оңайға соқпады. Үміт пен күдік, қорқыныш пен махаббат астасқан сол күндер ғасырға бергісіз еді… Қызғалдақ іштей өз-өзімен күбірлесіп: «Адам деген қызық қой кейде… Жай бір сөзге еліріп, елтіп, есі кетердей елеңдей қалатыны несі екен? Шын мәнінде кімнің қандай екеніне көзің жетпей тұра көз жұма қарап, бар болмысыңмен қажетсінетінің не? Жан дүниеңнің құлазып, жан сарайыңның меңіреу жартастай мүлгіген шағында, ішкі әлеміңе жылу жетпей, жынды көбелектей аласұрған уақытында, о, тоба, шыңыраудан қолын созған алдамшы сәулеге, бәлкім шын, жас баладай мәз-мейрам болатыным не? Келмеске кеткен сол кезді еске алып, отызың ойқастай кіріп келгенде, қайран он сегіз, осылай сағындырарыңды кім білген? Кім білген?.. мен ессіз күйге түсіп, осылай ғашық болармын деп кім ойлаған? Осы күйіме, осы сиқыма қарамастан ғашық боларымды ойлаппын ба мен?»
Дөңбекшіп жата алмаған қыз ақыры қарманып, төсек астына жасырулы қалың қойын дәптерін алып, өзі арылғысы келетін мына күйді ақ параққа түсіріп, байыз тапқысы келді. Бұрыннан әдеті осы. Іштегісін осы бір үнсіз сырласына ақтарып, жеңілдеп қалатын. Бұл дәптер де толуға шақ қалыпты. Толмай қайтсін, қанша қалың болса да, мұнда Қызғалдақтың кейінгі жеті жылы түз- түгел тізілген. Асығыс парақтап, аппақ бетіне келгенде: «Мен түнді жақсы көруші ем…-деп бастап, ары қарай : тәтті ұйқы, тыныштық, асау арманға толы әдемі қиял сыйлағаны үшін. Түнді жақсы көруші ем, күндіз шаршап, қалжыраған сәтімде кештің ертерек түскенін қалап, шаршағанымды басу үшін. Күндіз жиналған өкпе, реніш, ашуымның орнын екі көзімнен алып, ешкімге көрсетпей жылап алатыным үшін. Мен түнді жақсы көруші ем, тіпті, тез атып кетердей көрінген таңға өкпе артып, ұйқым қанбағанына шағымданып, бүгін түнде ерте жатып қалмасам ба дейтінмін. Иә, түн керемет еді… бірақ мен түнді қазір мүлдем жақсы көрмеймін. Мен ұйқымның әбден қанғанын түсіндім. Көзі ілінбеген жанға түннің тым ұзақ екенін түсіндім. Жарық әлем барда түннің тым қорқынышты екенін түсіндім. Түнді жек көремін! Жанымды қинаған жалғыздығымды, таусылмастай мұңымды жек көремін! Шалыс басқан қадамымның өкінішін, болмашы жерден мүлт кеткен қателіктерімді жек көремін! Бірақ өмірді сүйемін! Жалған бола тұра осынау фәниде мен сүйетін, мені сүйетін бір жанның болғаны үшін арбаға таңылсам да, жек көру мен сүю арпалысқан, ей, менің шарасыз тағдырым, маңдайымнан сипамасаң да мен сені сүйемін!»- деп барып бір –ақ тоқтаған қыз ары қарай жазуға қолы бармады ма, әлде ішіндегі батпан ойы ортайды ма, күнделігін жерге тастай салып, сұлқ жата берді. Жанарын әлдебір нүктеге қадап алған.
– Жүріп кетсем-ші! Қашанғы жата беремін? Ертең Таңат келсе алдынан жүгіріп шығып, мойнына асыла кетсем ше? Анашым қуанғанынан төбесі көкке бір елі ғана тимес!
Осылай Қызғалдақ өз ойымен арпалысып жатып түн ауа әрең ұйқыға кеткен. Таң алакеуім шақта түс көріпті. Айнала толы қызғалдақ. Бұл болса аяғы жерге тимей ұшып жүр екен дейді. Қайдан шыққаны белгісіз, әлден уақытта қарсы алдында құшақ тола қызғалдағы бар Таңаты тұр екен. Қызғалдақ болғанда қандай, ұзындығы бір құлаштай аппақ қызғалдақтар екен. Бұдан ес кеткен. Аппақ қызғалдақты өмірінде көрмеген бұл Таңатты шыр көбелек айнала билеп жүр. Аяқтарын айтсаңшы, жеңіл қимылдайды. Ұшып жүр ма дерсің. Оқыс шыққан дыбысқа оянып кеткен Қызғалдақ осының бәрі түсі болғанына шындап өкінді. Бағанағы ұшып жүргендей жеңіл аяқтары тызылдап, сыздап, біртүрлі ток жүріп өткендей. Қыз аяқтарының оқыс қимылынан оянып кеткенін өзі аңғармады да. Қабырғадағы сағатқа қараса әлі жеті екен. Таң бозамықтана атып келеді. Кеш жатса да ерте ояныпты. Бағанағы әдемі түсін қайта жалғастырып көргісі келсе де, ары қарай ұйықтай алмады. Жансыз, семіп қалған аяқтары біртүрлі ауыр тартқандай, әлдебір ауыр салмақ жүріп өткендей. Мұндайды Қызғалдақ бұрын соңды басынан кешірмесе де көрген түсінің әсерінен бе, аса мән бермеді. Бас жағындағы телефонын қолына алғаны сол: «Пойыздан түскен бетім осы. Ертерек жолықсақ қайтеді, сені сағындым»- деп қысқа қайырған Таңаттың хабарламасын оқығанда ол тіптен қуанып сала берді. Бүгін өзі тұрмаққа оңтайланды. Әдеттегідей емес, жеңіл көтеріліп, арбасына оңай жайғасты. Шашын да айнаға қарап, ерекше етіп сәндеді. Бөлмесінен шыққанда анасының әлі оянбағанын білді. Жуынып келген бойда өзі таңғы ас дайындамаққа ас үйге қарай беттегенде төргі бөлмеден:
– Жарығым-ау, несіне ерте оянып алғансың?- деген шешесінің қарлыққан үні естілді.
– Таңат пойыздан түсіпті. Ертелеп келе жатыр екен, соған әзірленген түрім ғой, анашым!
– Не дейді? Қой, мен де тұрып, екеулеп реттеп жіберейік, – деп шешесі де қызына асқан мейіріммен бір қарап жымиып, басына жаулығын тарта орнынан көтерілді. Екеуі әп-сәтте дастарқан жайып, үстел үстін жайнатып қойды. Қызының алабұртқан жүзі күндегіден өзгеше нұрланғанына қарап, ана шіркін іштей шүкіршілік етті. Тек қызының алдағы өміріне алаңдаулы. Өткен жолы Таңаттың өзіне оңашалап: «Қайтсем де Қызғалдақты аяққа тұрғызамын, тек бізге разылығыңызды беріңіз!» дегеніне жүрегі езіле жаздап батасын берген. Таңаттың ішкі жоспарынан хабардар болған ана әзір қызына тіс жармауға, не де болса алдағы жоспарын Таңаттың өзі айтуын қалаған. Оның Астанадағы пәтері мен көлігін сатуын қаламаса да, өзінің шарасыз халін жеткізген.
– Қолыңдағының бәрін сатып, ертең қалай күн көресіңдер?
– Осында бір бөлмелі пәтерім бар. Бұйырса кейін үлкейте жатармыз. Көліктің болса жарасы жеңіл. Бастысы Қызғалдақ аяққа тұрса болды. Оның жүріп кететініне сенімім мол. Осы кезге дейін қайтсем тауып, жолығар екенмін деп күн кештім. Енді кездескен шақта еш аянып қаларым жоқ. Тапқан табысым осы қыздың жолына садаға, менің барым осы қыз, себебі менің ешкімім жоқ, апа!
– Айналайын, балам-ау, ниеттеріңе жетіңдер. Тәңірім тілеуіңді бергей.
– Сіз одан да тойға дайындалыңыз,- деді жігіт күлімсірей.
– Той дейсің бе, той болады ғой, қарақтарым, бастарың аман болсын. Сені бірінші көргенде түріңді шырамытып ем, Қызғалдақ айтқанда барып есіме түсті. Сол кезде сотына қатысқан да екенсің ғой.
– Иә, апа, қатыстым. Бірақ кейін сіздерді мүлдем таппай қалдым.
– Е, біз ауылға кеттік. Әкесі қызымыздың мына күйіне шыдай алмай өмірден ерте өткен соң, Қызғалдақтың да ауылда жағдайы мүлдем болмады. Болмаған соң үш жылдан кейін қалаға алып келдім. Өзің қатарлы жалғыз ұлым бар, ол қара шаңырақтың отын өшірмеймін деп сол ауылда қалды. Немерелерім бар, құдайға мың қайтара тәуба, әлі танысып-білісіп жатарсыңдар,- деп жанарына шыланған жасын жаулығының ұшымен сүрткен анасы Таңаттың арқасынан қағып, маңдайынан сүйген. Жетімдіктің тауқыметін тарқан жігіт ана мейірімінің осындай ыстық, осындай алапат екенін алғаш сезінген сонда. Айтқанынан қайтпай, Қызғалдақтың алдағы өмірінің жарқын болуы үшін бойдағы бар күшін сарп етеріне, осы бір жігіттің бір ауыз сөзіне ана жүрегі еш күмәнсіз сенген. Сол Таңаты, міне, бүгін келе жатыр.
Қос мұңлықты көп күттірмей, артынып-тартынып Таңат та жетті, артынған біраз базарлығы да жоқ емес. Арқа- жарқа болған үшеуі дастарқанға беттеді. Таңғы астан соң Қызғалдақ өздеріне ортақ әлгі баққа барғысы келетінін жеткізгенде Таңат та бірден құптай кетті. Құптамай қайтсін, екеуіне ыстық ұядай болып, жолықтырған орын емес пе? Көп өтпей екеуі баққа қарай тартты. Жолай екеуінің әңгімелері толастамады.
– Қызғалдақтың жауқазыны қанша тереңде жатса да, қанша тастақ жерге шықса да жер бетіне шығып, қауызын ашады екен. Сенің де «Қызғалдақ» деп аталуың тегін емес… Таңат тамағына келген сөзді ары айта алмады.
– Бүгін мен бір түс көрдім,- деді Қызғалдық алабұртып.
– Қандай түс екен?
– Маған бір құшақ аппақ қызғалдақ сыйлапсыз.
– Аппақ деймісің?- жігіт жымиып қойды. –Ары қарай не болды?
– Мен ақ қызғалдақты өмірімде көрмеппін.
– Расында, неге қызғалдақ сатып алмадым екен? Жүрші, гүл сататын жерге баралық.
– Жоқ, мен бақтағы қызғалдақтарды көргім келеді. Олар қазір жайқалып тұрған шығар. Сіз жоқта мен ешқайда шықпадым. Тіке сонда тарталық.
-Еркің білсін,- деді жігіт. Қыздың бүгінгі көтеріңкі көңілін бұзбайын дегендей. Бұлар баққа жақындағанда сонадайдан қызылды-сарылы қызғалдақтар жайқалып тұр екен. Жақындай бере Қызғалдақ:
– Ананы қараңыз!- деп сұқ саусағын шошайтқан күйі алға ұмтыла түсті.
– Ананы қараңызшы, қызғалдақ! Аппақ қызғалдық. Екі көзі тостағандай болған Таңат аузы ашылған күйі қыз нұсқаған тұсқа емес, қыздың жанарынан көз айырмай қарап қалыпты. Өз көзіне өзі сене алар емес.
– Әне, ана аппақ қызғалдақты көрдіңіз бе? Жалғыз тал ақ қызғалдық! Мен түсімде көрген аппақ қызғалдақ! Сіз маған сыйлаған қызғалдақ!
– Қызғалдақ!- Таңат қызды қапсыра құшақтай алды. Көзден еріксіз ыршыған жасын көрсеткісі келмей, қыздың толқынды шаштарының арасына қыр мұрынын тыға түсті. Ақырын қыз құлағына:
– Жаным, сен осылай тұршы! Осылай тұра берші! Сені арбаға қайта отырғызбаймын! Қаласаң бүкіл жер бетінен сондай аппақ қызғалдақты теріп әкелейін, тек енді қайта арбаға отыра көрмеші! Бар жиғаным сенің жолыңда құрбан болсын, қалған ғұмырым тек өзіңе ғана байлансын, маған тұрмысқа шықшы. Жарым бол!- деді Таңат тұтыға сыбырлап. Сезімнің жетегіндегі қыз сонда ғана өзінің табаны жерге тиіп тұрғанын аңғарды. Тізесі дірілдеп тұрса да табанынан бір ыстық өн бойына таралып жатқанын аңғарды. Қасиетті Жер-Ананың жылуын аңғарды. Өз аяғымен жер басып тұрғанына таңданған ол осының бәрінің түсі болмауын тіледі. Жігіттің айтқан әр сөзі өне бойын шымырлатып, кеудедегі жұдырықтай ет дүрсілдей лүпілдеп, жігіт құшағына тығыла түсті. Өз келісімін үнсіз ұқтырған қыздың ботадай көздерінен құйылған ыстық жас жігіттің мойнына сүңгіп, тұла бойын оттай күйдіріп әкетті. Таңат қыздың маңдайынан, шашынан сүйіп, осынау сәтті қимағандай, қызды құшағынан босатпаған күйі ұзақ тұрып қалды.

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here