Манчук Күлмесханқызы

 

                        АТАДАН ҚАЛҒАН МЕНШІК

                                   (Әңгіме)

« . . . Тоқ ішекетегі жылу шығарушы бактериялардың белсенділігінің нәтижесінде ағза жылу энергиясымен толық қамтылып, бір қалыпты қызметін атқара береді. Ағза дағдарысқа ұшырамаған жағдайда оны құрастырушы жасушалар өлмейді. Осылай тірлік иесі ұзақ өмір сүруіне болады».

Түрлі әшекейлі шамдармен безендірілген кең сарайдың іші лық толы адам, шыбын ызыңы естілерліктей тып тыныш. Лекция дұрыс болмадыма деген күдікпен көз жүгіртіп қарап едім аннан, мұннан перзент үзікке тиген бұршақ дауысындай сатыр-сұтыр еткен шапалақ естіліп барып, нөсерге ұласып кетті. Тыңдармандарға алғыс айту жолдары келесі бетте «Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет» деген қысқаша сөйлем. Тінтуірді арылы-берілі қозғаймын, келесі бетке көше алмаймын, қаттырақ итеріп қалғанымда иығыма келіп тарс етіп тиді де «Не жетті, жұлқылап» деген әйелімнің дауысы оятып жіберді.

Арайлап атқан таңның жарығы терезеге керген жұқа пердеден өтіп, бөлменін ішін күңгірттеу болса да көрінетіндей етіп тұр. Бес құрсақ көтерген көк қарынның керіп итергеніне төтеп беріп тұрған жұқа жатын көйлектің үстінде көлденеңдеп жатқан қолды көргенде әлгіндегі тінтуір оқиғасы есіме түсіп күліп жібердім. Тіпті ішек сілем қатқанша күліп жүріп, пердені ашып кері бұрылдым. Көзі шарасынан шығып, ауызы аңқиып отырып қалған әйелімді көргенде күлкім сап тиылды.

  • Не жетті саған, оқу соғып кетті ме?

Иә оқу соқты деген сөзді жиі естиміз, бірақ дәл «Бәленді оқу соғып кетіпті» дегенді естімеппіз.

Таңғы шайдан соң мен мектепке беттеймін,  әйелім үй ішін жайғастырып, сосын іске отырады. Тығыз тапсырыс түскенде ас суға да қарамай, ұйқы күлкі көрмей бітіріп беріп, арқа жолақ еңбек ақысын алады. Дегенмен менің азғантай айлығыма қарағанда әжептәуір. Екі бірдей баланы соның арқасында оқытып отырмыз.

Шамамызша еңбектеніп жатсақ та жетіспеушілік алқымнан алып, еңсені көтертер түрі жоқ. Әйелім ара тұра «Аш адам ұрысқақ, ауыру адам тырысқақ» дегендей құсаланып маған тиісетіні бар. Сондағы айтатыны:

  • Сен қатарлы «Құрмет тақтасындағылар» бірі бастық болып шертиіп жүр, бірі ғалым болып қаны жерге тамбай жүр. Сен болсаң бір жазған конспектіңді отыз жыл қайталаудан басқа не тындырып жүрсің дейді.

Мектеп құрылғанына сексен жыл толды, қаншама оқушы беске бітірді, бірақ құрмет тақтасына тек үздік нәтиже көрсеткен оншақты оқушы есімі ғана жазылып тұр. Әрі жалғасты жазатын орын қалдырылған бірақ соңғы жылдары сол орынға ат қосылмады.

         Жетінші сыныпта оқып жүргенімде Математика пәнінен жүрілген Мемелекеттік олимпиададан бірінші орын иеленіп, Кеңес елінің «Манжырок» пионерлер лагеріне дем алғанмын. Ол тұста қазіргідей күнделікті Олимпиада жүріліп жатқан жоқ болғасын менің нәтижем үздіктер қатарына ілінген екен де менен бұрын да соң да бұл нәтижеге қол жеткізе алмай жүр.

  • Мен сендей оқыған болсам дәл осындай болмас едім дейтіні де бар.

Кіші ағам үйленді. Жеңгем екеуі студент кезінен сөз байласып жүрген де институт бітіре салысымен алып қашқан. Аяққа жығылу, күйеу түсу дәстүрлі рәсімдер жалғасып, сосын той жасайтын болдық. Тойға құдалар жақтан отыздай адам ПАЗ автобуспен келді. Той болған соң ән болады, ауылдың алты ауызы қаладда да далада да тастамайтын сары гитарам екеуімізге жүктелді. Кереметтей атағым шығып, жүлде алмасам да мектептің, университеттің өнер байқауларында топ алдына шығып ән айтып жүргендіктен қатарынан бірнеше әнді айтып жібердім. Әнімді ұнатқаны да ұнатпағаны да бар шығар, бірақ құдалар жақта отырған кішкентай аққұба қыз жандүниесімен беріліп тыңдап отырған іспетті көрінді.

   Сол жылы мектеп бітіріп, жалғасты оқуға ұпайы жетіспей қалған қызбен бір жылдан соң бас құрадым. Қалада пәтер жалдап тұрдық. Ол жұмыс істеп тіршілкке жаратады, мен оқудан бас алмаймын. Сонымен келесі жылғы көктемінде диплом қалтада, ауыр аяқ әйелімді жетелеп туған ауылыма оралдым.

                                                                           ***

   Батыс терістіктен ескен баяу желге айдалған бірен-саран сары жапырақтар табанға тапталып, сыбдыр еткен дауыс шығарып, бос құмға бір шеті батырылып қала береді. Алдындағы адамның ізін басса өзара өштеседі деген тиымды ұстандым ба, әйтеуір аяғымды аңдап басып келе жатырмын. Кенет тоқтады да денесімен бұрылып желге қарсы тұрып, қылау тартқан түкпен көмкерілген ауызын сәл ашып жел жұтып тұра қалды. Өмір бойы жұтқан көк түтін салдарынан өкпе өз қызметін атқаралмай, қосымша бөлшекті іске қосып жатқандай сезілді. Көзден тамшылаған бір тамшы танауын жағалай жүйткітіп, мұртының арасына еніп, сіңісіп кетті.

   Сонау батыстағы таулардың төбесіне ілінер ілінбес боп келе жатқан сұрғылт бұлттарға қарап тұрған қарияның көңілі дәл бүгінгі аспан іспетті сүркейленіп тұрғанын ұшқыны басылып, суы молайған қоңырқай көзінен анық байқауға болады. Қария артында келе жатқан маған ләм деместен көп кідірмей жолын қуып кете берді. Мен орнымда қаққан қазықтай тұрып қалып, қария аула сыртындағы жерге орнатқан екі шөркені қосып шегелеген тақтайға жайғасқан соң ғана жылжып келіп жанына отыра кеттім.

  Бұл кіші отау аталатын екінші ағамның ауласы. Мал бригадасында қойма меңгерушісі қызметін атқаратын ағам қызыл мотоциклінің бүйірінен екі-үш теуіп жібереді де дарылдатып к теді, араға апта салып, ақ шаңмен тысталған адам келеді. Сол малшы қауымның ортасында, солармен бірге көшіп, қонып жүрсе үй үйге қонақтап дала кезіп жүрмеуші еді, бірақ бала оқытамын деген жалаумен орталыққа келіп алған, жеңгем азаннан ақшамға дейін теледидар алдында ұласпалы фильмнің бір кейіпкері болып, Проста Мария, Халтар царайттармен бірге жасасып жүр.

Үлкен үйдің ауласы биік құрылыстардың тасасында қалатындықтан алысқа көз жүгірте алмайды. Ал кіші отау беті ашық алаңқайда болғасын әкем күнделікті осы орынға жайғасып сол батыстағы сеңгір таулармен тілдесіп күн өткізеді.

   Балалық шағым сол таулар арасында, төрт мезгіл көшіп қонған малшылар арасында өтті. Жаз бойы тері, қайыс илейміз, күзде киіз басу, арқан есу, алабұта өртеп, сақар қайнату, қыста сүйек қайнату, сүйек майын айыру, соғым малының қан жынын божыту кәдімгі жеңгем көретін ұласпалы фильмдерше оқиға желісі бір бірін өкшелеп келе береді. Ал мал туар кезде ешкім де басқа іспен айналыспайды. Тиым бар.

Сонау дүрбелең заманда атам екі оқымысты інісін аман алып қалу үшін осы таулар арасына тығылып жан сауғалады. Осылай монгол жұртымен ауыл аралас болып, бұл өңір ата қонысымызға айналып кетті. Аталар мүрдесін қойнауына қабылдаған осы тауларды мен де жақсы көремін, жылына бір рет барып салқын бұлақтан жұтып қайтамын.

   Тау көлеңкесі қайта обырланған малдың аптығы басылады. Күрең атта басын үйге бұрып, әкем оған ерік береді. Бүлкілдек желіске түскен шабан күрең сайды құлдап үлкен арнаға түсіп, үстіне құм шашқан жалпақ мұздан аяндап өтіп, сәл құлдап келіп қара судан қанғанынша ішіп алып бес жүз адымдай жердегі қыстау қораға өрлеп, адымын санағандай, анда санда бір басып келеді. Өзінің тұрағына тоқтаған сәтте мен жем дорбаны алып жетемін. Шабан күрең жем дорбаға танауын сұғып, әкем бауын желкелікке қабат келтіріп кигізеді. Түлеме қойдың терісінен тігіліп, қара барқытпен қапталған ішігін шешіп бір екі сілкіп, сыртын сары көң басқан ортасынынан бүктеген «Үнэн» газетінінің көлеміндей терезеден түскен жарыққа алакөлеңкеленіп тұратын ауыз үйдің оң жақ қабырғасындағы шегеге іліп, жүні түлеп өңі қашқан түлкі тымағын ешкінің мүйізіне кигізе салады. Одан төменіректе таутекенің мүйізі шегеленген. Мұнда жүген, ноқта, шалма арқан, айыл тұрман жалпысы қайыс бұйымдарын бір біріне қабаттастырып іле береді, біреуін алу үшін бәрін ақтарады. Қай заманда кім деген шебердің жасап, қашан біздің үйге пайда болғанын кім білсін қысы жазы бір орыннан қозғалмайтын құрсаулаған жездерін тотияйын басып көкшілдеген көне сандықты ашып, бетіндегі сұры көбентесін кие салып, сыртқа шығады.

   Төбесі ашық тас қораның оң қанатына тұспа тұс биіктігі менен сәл көтеріңкі, үлкен қара тастың үстіндегі саймандар арасынан тоңмен, тасқа салынып, қажалып, ұшы доғалданған сүйменмен үшкір күректі алып қораға кірді. Төр жағын сүйменмен ақырын түртіп көріп тексеріп жүріп, бір жерге тоқтады да түйгіштеп әкетті. Сүйменнің ұшы бір сүйемдей сіңген соң келесі ұшынан басып, сүймендеп жүріп жарты тулақ көлеміндей тоңды қопарып аударып тастады. Күректің ұшымен жабысқан бос көң, құмалақтарды қырып тастап, келесі жағына аударып, сүйменмен түйгіштеп екіге бөліп, бір бірлеп қораның төр жақ қанатына қалады. Тексеру жұмысын әрі жалғасты істеп, босағаға жетті. Тоң табылмады. Сосын қораның өр жағында жазда ойып шығарған қидың орнында қалған қара көңнен бір қапты арқалап келіп, жаңағы тоң алған шұңқырды толтырып, аяғымен арылы-берілі сыйырып тегістеді. Оң жақ босағада үйілген сары көңді сүйменмен түрткілеп біраз жүрді де іздегенін тауып, қүрекпен қаза бастады. Күректің ұшы керішке тіреліп тоқ еткен дауыс шыққанда келер жағына қарай қазып кеңейтіп отырып, өзінің белуарынан келетін шұңқырды әп сәтте дайын болдыра қойды. Шұңқырдан шыққан сары көң буы бұрқырап, қора ішін жылытып жібергендей болады.

   Қораның өр жағындағы тас үйдің қаңылтырмен қаптаған есігін бастырған тасты кейін аунатып тастап, ішке кірді. Көрік басу деген мен үшін үлкен азап болғасын осында келуге тым құмарта бермеймін. Қыстауға қонып, соғым сойылған соң мал өрісінің алды-артында сол алдыңғы беттегі түйе бойлайтын сары қарағаннан шауып, өртеп жүріп жылдық көмірін әзірлеп алады. Екі қанар көмірді күрең атқа теңдеп ортасына мені отырғызып жетектеп келіп осы үйге еңгізіп, қазан жаққа қатарластырып қояды. Сосын көрік құрып таға, шеге, ауыздық, сулық, айылбас, нәлі, тақан дейме керек жарақтың бәрін де соғады, ал көрік басу азапты іс менің мойнымда.

   Үш жерден темірмен құрсауланған ағаш күбіні көтеріп, манағы дайындаған шұңқырға салып, үйде пештің қабырғасына таяу, ішіне ашытқы жағып бүктеп сыртын құрыммен ораған сиыр терісін қораға әкеліп, іш бетін сыртына қаратып, ағаш күбіні орап тастады. Күл төгетін қалаған тастардың жоғарғы жағындағы жалпақ тасқа жинап қойған соғымға сойған малдың қан, жынын қанарлап алып келіп жаңағы ағаш күбіге салып, ауызын жауып, айналасын сары көңмен қымтап, үйге беттеді. Жылы көң күбіге жылу беріп тұрумен қатар саба жасайтын терінің иін қандырады деп әкемнің талай рет айтқаны құлаққа сіңісті болып қалған.

   Анам сарағаш, қына бояуларын әзірлеп, жүн, киіз бояйды, кесте, сырмақ тігеді. Арасында қолғап тігіп, ескірген, жыртылған киім кешектің жамау жасқауы, ас су дегендей бір сәтке дамылдамайды. Өзеннен иық ағашпен су тасиды. Су алатын жеріміз жар тас түбінен қайнап шыққан шағын бастау, жыбырлап ағып, өзенге  құяды. Қыс бойы қатпайтын бастаудың өзенге құйған тұсы қатып қалады. Әкем күнделікті үш құлаш ұзындығы бар қабығы қажалып, ұшы жемтірленген бөренемен дүмпітіп, мұзын ояды. Балта, сүймен деген темір аспаптарды мұнда мүлдем әкелмейді. Бұлақ шамданып, сіресіп тас бап қатып қалады деп ырымдайды.

Жатын уақытта су ішкен мал іш тастап кететіндіктен кешкісін мен осы бастаудың күзетшісі болып тағайындаламын да табынның соңына еріп үйге келемін.

Араға оншақты күн салып сол баяғы шабан күреңнін еңбек бөлісі бойынша түс ауа ағаш күбіні ашты. Біртүрлі жағымсыз иіс танауды жарып жібере жаздағанымен не істегелі жатқанын көруге ынтыққан мен алыстамадым. Қалтасынан сіріңкесін шығарған әкем:

  • Сәл шегіне тұрмасаң бетіңді жалын шарпып кетеді дегенін екі етпедім.

Сіріңке шағып күбіге лақтырғанда пыс еткен дауыспен білінер, білінбес көк жалын лап етіп барып сөне қалды. Үй маңында жүретін оншақты тоқты серкеш күн ұзарғалы бері күңгейді етектей жүріп азығын тауып жейді. Мұндай мал қыстаудан көшкенде табынға ілесе алмайтындықтан неғұрлым нәрілі жеммен бордақылап, тыңайтуды әр малшы көздейді.

  • Аға, шайға жүріңіз! Сұқ саусағымның ұшынан ұстап, жұлқылап тұрған кішкентай

қара ұлдың әрекеті терең ойдан ажыратып әкетті. Әкем баяғыда үйге кіріп есік жабылып қалыпты. Жеңгемнің әзірлеген түскі асын ішкен соң әкем үйге, практикант мен мектепке кетемін. Бұл менің әкеммен бірге өткізген соңғы күзім екен.

         Ата бабадан жалғасқан қазіргілердің айтып жүргеніндей биотехнология елеусіз күйінде қалып бара жатқаны жаныма батады.

                                                                       ***

Ғылыми кеңес менің тақырыбымды мақұлдамады. «Ешбір дерек, сілтемесіз өз ойыңды жаңалық ретінде ғылымға итермелмеген жөн. Қиялыңды Жюль Вернмен ұштастырып, жазушы ретінде Нобельге атыңды ұсынсаң да болады. Фантастикаға таптырмас тақырып. Одан да сол ауылыңа барып конспектіңді дайында, бұл менің саған берер достық тұрғыдағы кеңесім». Курстасым Баярсайханның кекесін кеңесі дүйім жұртқа жайылып, Нобель атағына ие боп шыға келдім. Бұл лақап есім неше жыл өкшелегенін кім білсін уақыт өте келе көнеріп, қалып қойған секілді.

«Жайылым мал шаруашылығын басқару дәстүрлі менежмент», «Дәстүрлі биотехнология» қатарлы бірнеше мақаламды басылымдарға жария етіп көрдім, ешкім де сын сөгіс, немесе қолдау сөз де жазбады. Иә елеусіз қала берді. Сонымен менің ғылымға деген құштарлығым су сепкендей басылды да қалды.

   Өткен жазғы демалыста бизнес жоспар жасап, аймақ әкіміне дейін бардым. Олардың айтатыны біреу-ақ. Ғылым техниканың шарықтап дамыған бұл заманда көнерген технологиядан ешбір пайда жоқ. Ол үшін қаражат бөлінбейтінін, егер ежелгі технология деп қарайтын болсаң қағаз бетіне түсіріп, музейге сақтатсаң болады. Келешекте этнографтар тауып, зерттеу жұмысына қолдануы мүмкін дегендей әңгіме айтып жолға салды.

Отыз жыл бойы өрлеп, құлдап жүрген сүрлеумен далыйған ақтабан етіктің ізін қуалап келемін.  Бұл із әдемі әңгімесімен сыныпты жаулап алып, сабақты қызықты өткізетін Монгол тіл әдебиет пәнінен сабақ беретін, кейіндері мектеп директорына дейін көтеріліп, қайта құру кезеңінде «Конспектіге бағынбайтын, көнешіл» деген атақпен жұмысынан шеттетіліп, асыл тұқымды сиырлар фермасы аталатын небары оншақты Симменталь тұқымды сиыры бар мал қорада бұзау жемдеумен жүріп, зейнетке шыққан Пунцаг мұғалімнің ізі.

Алдымда көлденеңдеп тұрған адамды байқамай соға жаздап тоқтадым. Пунцаг мұғалим атын әлі жоймаған сексеннің сеңгіріне келген қария:

– Балам, көңіліңе ауыр алмашы! Мен Қазақ елі туралы көптеген ақпараттар жинадым, қажет болса үйге келіп әңгімелессеңші деді аманнан соң.

– Жарайды аға. Рахмет. Мен жұмысқа асығып бара жатыр едім деп бұрылып кете бердім.

Сол баяғы отыз жыл бойы жаттаған конспектімді ана сынып, мына сыныпқа кіріп қырық бес минут сайрап жүріп уақыттың қалай өткенін де аңғармай қалыппын.

Түскі асқа қамданайын деген оймен дәлізге шыға бергенімде алдымда тұрған оқушыға соғыла жаздап барып өз өзімді ұстап қалдым.

  • Кешіріңіз мұғалим, байқамай қалыппын дегенде барып манағы Пунцаг мұғалімге

жүре сөйлеп дөрекелік көрсеткеніме өкініп те қалдым, ел сыйлаған қарияны елемей кеткендей боп. Осы жолы да анау оқушы емес, оны байқамай соға жаздаған мен кінәлі шығармын.

Мектептен шықтым. Қыс бойы жансызданып қатып қалған тоң жер қыртысын төбеге келген алтын күн шуағымен жібітіп жатқандай. Көк аспанда көзге ілінер бұлтта жоқ. Батыста әкемнің көз алмай қарай беретін сеңгірлер, одан әріректе аспанмен тілдескен алып жота керіліп жатыр.

Алтын күнді тұнық көк аспан сырт ғаламшардан қорғап тұрған іспетті көрінгенде манағы «Көңіліңе ауыр алмашы» деген сөздің астарын түсінгендей болдым.

   Кеудемді керіп тұрып тыныс алдымда күнделікті жүрген сүрлеумен аяғымды нық басып, батысты бетке алып келе жатырмын.  

 

Манчук Күлмесханқызы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті, 12 жасынан шығармашылықпен шұгылданып, 2018 жылы шағын әңгімелер “Септік” жинағы басылып шықты.

                                  Алматы,2020 жыл

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here