Айнаш Мәукен

 

Мұрсат

 

Өмір-сәтің көңілге кеп болып, бір қона ма.

Көкте жаққан алауың солғындай ма, сола ма.

Ие болмай өзіңе, күйіп-жанып өтерсің.

Бұл фәнидің сырына тек бақида жетерсің.

 

Аяласаң барыңды, жүре аларсың адам боп,

Табалама ешкімді, бұл жалғанның түбі шоқ.

Ақын – семсер, жаныса, жалт етеді жанары.

Біле алмаған қадірін, таз қалпында қалады.

 

Өнер туар өнерден, асып-тасып ернеуі.

Дана өтер жалындап, қысып өтер кернеуі.

Қарақшы да айналар әулиеге бір сәтте

Тек ниетке берілер мұра-мұрсат – бейнеуі.

 

Күнім келіп…

 

Күнім келіп, орнағандай көгіме.

Жүрегімнің жалт еткендей жанары.

Ерекше бір көрік беріп реңіме

Бұл жалғанда жаным жанып барады.

 

Сансыз сәуле тербеледі әлемде.

Ғарыш нұры аялайды жер бетін.

Жалғыз жанды сақтай алғам санамда

Теңестіріп көрген емен келбетін.

 

Алтын ғасыр құшағына ала ма.

Аялай ма, адам болып қала ма.

Қара түнек сейіледі түбінде

Моцарт келіп, жаңа әуен сала ма.

 

Сал мекен

 

Жаныма менің жарығын берер сал мекен.

Өлшемге – демге сай келер бір жан бар ма екен.

Мәрттігім менің қалауым болып қала ма.

Қалауым менің мерзімнен өзін ала ма.

 

Беймезгіл бір сәт көңілдің қылын қозғай ма.

Сағыныш сартап сарылып, ізін созбай ма.

Ондаған жылға сыйғызып, сансыз ғұмырды

Пенделік сана рух-биліктен озбай ма.

 

Кез-келген жанға берілер барлық несібе.

Ғарышты аңсап, арманың алар есіне.

Бейуақ күнде үңіле білгін өзіңе

Естелік сәтті есіңе алғын, есіле.

 

Арылма

 

Өз еркіңмен құрбандыққа шалыну да айып па.

Жүрегіңде жалғыз тілек жалын – от боп жанып па.

Бар ғұмырың – шам-шырақ бір-ақ сәтте қалып па.

Бар ырысты үлесім деп, енші етіп, алып па.

 

Жазылып па жүрегіңде жыр-дастан.

Фәни – бақи бір өзің боп, шырмасқан.

Зеңгір көкте нажағай боп, жарқырап,

Беріліп пе өмір болып, алдаспан.

 

Сана сені қудалаған сағым ба.

Сарқырама – ағып жатқан ағым ба.

Сан ағымға ілігем деп, іркіліп,

Сансыз сәтте бір өзіңнен арылма.

 

Ой

 

Ию-қию, қиқа-жиқа өмірім.

Туғалы бір тола алмаған көңілім.

Ала жіп боп, қадамымды тұсаған

Жаға-жең боп, жыртылады өңірім.

 

Өз-өзіңе күмәнданба, жарығым.

Адам болып жаралдың ба – бәрі мұң.

Кепілдіксіз жан келмейді жалғанға

Өмір сүре білгін бір сәт, арылып.

 

Женя, Аян, Айсұлу ма – жаныма

Тыным бермей, пенделіктен арыла.

Ие бола алмадым-ау өзіме

Сара жолдың сырын іздеп, сарыла.

 

Асу-белес – ойламағам асуды.

Адам болып, білмегенмін жасуды.

Әрбір сәтім – аттай алмас асқар тау

Құлан-оқпын, шүріппесі басулы.

 

Бұл өмірдің…

 

Адамша өмір сүрген кезім болмаған.

Сана-деңгей шарасы бір толмаған.

Ернеуінен асып-тасып, кемерім

Ақық жырым төгіліп, сан толғаған.

 

Адам болып жаралу ма мәртебе.

Өмір тіні тігіле ме дертеңе.

Тұлға толып, толыса ма әрбір жан

Әлде өте ме, өз-өзінен өртене.

 

Жана алмасаң, дертің жейді жаныңды.

Тозақ оты бықсығаннан алынды.

Алау болып, тұтана алсаң, кәнеки

Қара күйе ғұмырға сан жағылды.

 

Қара ниет санаға ойран сала ма.

Ақ ниетті өзегі етіп, ала ма.

Адамзатқа бере алсам барымды

Бұл өмірдің әрбір сәті садаға.

  1. 01. 2019

 

Қыран құс қияласа

 

Өз тегіме жете алмай, өтем, білем.

Өз ойымды жия алмай, кетем, білем.

Пенделікпен көш құрып, қатар жүрмей,

Жекен етіп, Күлтөбе, кетем, білем.

 

Көк аспанды қыран құс қияласа

Бүркіт тауды мекен қып, ұяласа.

Жеті қат көкті көктеп, өтсем-дағы

Бұл жалғанда мен үшін бәрі аласа.

 

Мәңгілікті мекен деп, сақтамағам.

Алтын етіп, жезді бір қақтамағам.

Шақ көрмегем бойыма бір өлшемді

Адалдықтың алдынан аттамағам.

30.06.2019

Өскемен. Солнечный

 

Алып

 

Мен сияқты өлермен жаралмас жер бетінде.

Сенім жүгі үгіліп, көңіл гүлі кетілген.

Артып ауыр азапты, Толағайға жүк болар

Қиындықтың әр сәтін саралаумен жетілген.

 

Қиық айға қиылып, өрім-өрім өзегі

Түптің-түбі үзіліп, бітерін бір сезеді.

Жылдар бойы жинаған бар асылын сараптап,

Таразыға сала алар келеді бір кезегі.

 

Жанды жеген уайым сартап болып, сарылар.

Бұл жалғанның бағасын біле алмаған арылар.

Пенде-өлшем өзінің кетеуінен өткенде

Алып демнің әр сәтін аңдығандар ағылар.

 

Алматы – Өскемен

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here