Айнаш Мәукен

Ханзада Аян

Ертегі-повестен үзінді

 

Ханзаданың із-түзсіз жоғалғаны жайлы жайсыз хабарды хан құпия сақтауды бұйырған. Сарай сиқыршылары мен көріпкелдерінен әбден үміті үзілгесін ұлының қасынан екі елі қалмайтын атқосшы досы – Серікпен сөйлескен. Жұмбақ шар мен қап толы ұнтақтың Аянмен бірге ғайып болғаны жайлы содан біліп еді.

– Гәп сол шарда сияқты, – деді бас ғалым басын шайқап. – Өткел ашылып, өзге өлшемге я басқа уақытқа өткен, тәрізі.

– Өткелі несі?

Қатар әлемдер мен уақыттың біртұтастығы жайлы болжамды естіп, ханның әбден ұнжырғасы түсті.

– Сансыз өлшемнің… қай тетігін табамыз енді? Ежелгі замандағы жыртқыштардың арасына түсіп…

– Ханзаданың ой-өресі өзгелерден көш ілгері. Оңайлықпен берілмейді. Өз басым оған шүбәсіз сенемін.

Амал-айласы таусылған хан сарайдың бас ғалымына дәл сондай шар жасап шығаруға тырыс деп бұйрық берген.

Өзі де сол ойға тоқтаған ғалым ұлымен берге білек сыбанып, іске кірісіп еді.

Әрі-сәрі, әңкі-тәңкі болған хан уәзір, нөкерлерін ертіп, жер астының патшасы қонаққа келгенде қатты қуанды. Жұмбақ шар жайлы сұрайын деп, қанша оқталса да, Мрин-құбыл есіне түсіп, амал жоқ, әліптің артын бағуға тура келді.

Бас уәзір мен бас ғалымды алып, сарай түкпіріндегі құпия мәжіліс- жайға баруды ұсынды.

– Ұстадым, – деді патша, маңдайдан аққан терін ентіге сүртіп. – Ұнтақтарыңа рахмет. Тіпті, мұрнына тығып қойдым. Тұншығып өлсе, өзі білсін. Найсап.

– Иә, жалғыз ұлыңды өз қолыңмен өлтірсең, мақсатыңа жетерсің. Айтпады деме, анама өзің жауап бересің.

– Қайдағы ұл? – Ханның құлағы елең етті.

– Өй, бұл арсыздың сөзін сөз деп… – Патша қолын түңіле сілтеді. – Темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болып, жыртық кебісін қонышынан басып, аштан бұралып өлейін деп, жер астына әзер жеткенде адам деп, қамқорлығыма алып… Мрин деп өзім ат қойып, басына баспана беріп, сарайдағы нөкерлерімнің қатарына қосып… Жақсылықты білмейтін жексұрын. Халқымның басына қатер төндіріп… Қара дәуді әкеліп… Аян ханзада болмағанда… Айтқандай, Аян досым қайда?

– Кіндік шешесі түсіне еніп, халін білуге кетті, – деді хан, жалпақ жұртқа жайған сылтауын айтып. – Алыс жолдан оралғанша біраз уақыт өтер.

– Ой, бауырмалым… – Мұрнының астынан міңгірлеп, кекете сөйлеген құбыл ашықтан-ашық келемежге көшті. – Бауыр еті – баласын былай қойып…

– Мрин!!

– Қайдағы Мрин! – Тұтқын бала ашына айғайлады. – Кеткім келсе, баяғыда тайып тұрар едім. Мына ұнтағың маған бөгет болады дейсің бе. Әттең, анама берген уәдем бар. Талғат менің атым, Талғат. Мрин деп ергежейлінің есімін теліген сен ғой. Әлияны ұмыттың ба?

– Қа-қайдағы Әлия?

– Бәсе. Қолыңды әрең жеткізген жалғыз жарыңды ұмытып…

– Қай… Әй, Әлияны қайдан білесің?

– Бәсе… – Мұрнындағы ұнтақты жұлып тастап, бойы бір қарыс патшаның алдына жүгіне отырған жігіт: – Жылдар бойы жанымды жеген сауалға жауап берші, – деді оған қадала қарап. – Бет-бейнеңді өзгертіп, жер астына қашатындай не басыңа күн туды? Жан жарың мен алты айлық балаңнан бас тартып…

– Баласы несі? – Патшаның көзі шарасынан шыға жаздады. – Есің дұрыс па?

– Сіз ғайып болғанда анамның ішінде қалыппын. Опасыз, арсыз әкені адам деп, тегі, іздемес едім, жылдар бойы көз жасын бұлап, сүйгенін іздеп, аһ ұрған бейбақ анама жаным ашыды. Беттің арын белбеуге түйіп, аяғы ауыр жарын тастап, тайып тұрған арсызды көзіммен көру үшін жолға шықтым. Әйтпегенде…

– Шынымен… Менің ұлым болдың ба? Мені ойлап, жылады дейсің бе? Ол арсыз…

– Анам жайлы бір сөз айтсаң… Айтпады деме, әкем екеніңе қарамаймын.

– Жақсы, балам. Дәл осы халге жеткізген жәйттің жалпақ жұртқа жария болар сәті жеткен сияқты.

Сен де біл, балам.

Анаң саған жалған мәлімет берген. Тыңда. Сосын барып, өзінен сұрарсың. Қаласаң, бірге барып, куәлік берейін. Менің көзімше өтірігін судай сапыруға дәті бара ма, көрейін.

Мен ергежейлі емеспін. Нөкерлеріме құлаққағыс ретінде ергежейлілердің патшасы өз орнына тағайындап кеткенін атап өткенім жөн болар.

Жиырма бірінші ғасырдың тұрғыны болдым. Астанада өмір сүрдім. Көз жауын алған көрікті, көркем едім. Әкемнен қалған қаржыны көбейтіп, ұзамай өз ісімді аштым. Әл-ауқатым артып, дәулетім дөңгеленіп, жағдайым жақсарған сайын жүрегін қолыма алып, «сүйдім-күйдім» деп соңымнан ерген қыздардың қарасы күн санап көбейді.

Орта мектептен бастап соңымнан жүгірген қыздардың бірі Әлия еді. Ірі байдың жалғыз қызы қыр соңымнан қалмады.  «Сүймеймін» десем, «Есесіне мен сені сүйемін» дейді. Әбден ығыр болдым.

Аяқ астынан қырсық шалып, ісім кері кетті. Есепшотымнан ірі мөлшердегі қаржы жоғалды. Қанша індетсем де, ізін таппай, шақшадай басым шарадай болды. Бірер ай өтпей жатып, тағы шығынға ұрындым. Амал жоқ, несие алуға тура келді. Ұзын сөздің қысқасы, қарызға батып, су аяғы құрдымға кете жаздадым.

 Тығырыққа тірелгенде қол ұшын созып, бар жағдайымды жасап, құтқарып қалған Әлияның әкесі болды. Әлияға көзқарасым да біртіндеп, өзгере бастады. Оған деген сезімім оянғанына өзімді сендіріп бақтым. Ұзын сөздің қысқасы, араға жыл салып, екеуміз үйленіп тындық.

Әлияның әкесі өзімен бірге тұруымызды өтінді.

Алғашқы айларда өзімді әлемдегі ең бақытты жандардың бірі ретінде сезіндім.

Қайын атама алғысымды қалай жеткізерімді білмедім.

Әлия болса… Қас-қабағыма қарап, құрақ ұшады.

Теңіз жағасындағы құмнан соғылған сарайдың кебін киіп, жасанды бақытымның бір-ақ күнде күлі көкке ұшты.

Түн бата бүйірдегі есіктен ұрлана кірген бас есепшімді көріп, көңіліме күдік кірді. Қайын атаммен кездесуге келіпті.

Жасырын бейнебақылау қойып, есепшімнің басқан ізін аңди бастадым. Нағыз байқұс, ақымақ, су қараңғы соқыр болғанымды білгенде жындана жаздадым.

Бақсам, бақа екен дегендей, Әлияның әкесі орынбасарым мен бас есепшімді ақша беріп, алдап-арбап, есепшотымдағы ірі қаржыны өз есебіне аударуға көндірген. Бір рет болса бір сәрі, бірнеше мәрте. Ұялмай-қызармай, бет-жүзі жанбай, дырдай ғып тонап алып, құтқарушының кебін киіп, мен аңқауды, ақыры, алдап соғыпты. Себебін сұрайсыздар ғой. Айтайын. Жан дегенде жалғыз қызы – Әлия. Қалауына қол жеткізіп үйренген қызы маған әдемі ойыншық ретінде қараған. Ойыншығын алып беру үшін әкесі осындай құйтырқы әрекетке барған.

Сол қалпымен қойса бір сәрі, біз үйленіп, отау құрғаннан кейін де мені уысында ұстауға тырысып, сыбайластары арқылы басқан ізімді аңдып отырған. Ондағы ойы – уысынан шығармау. Күйеу балам тым ақылды, жағдайы жақсарған бетте қызыма қарамай кетеді деп қорыққан ғой.

Түңілгенім соншалық, асылып өлгім келді. Құдайдай сыйлап, қатты сенген адамымның түрі мынау болса… Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деп, біржола қарамды батырайын деп, суға кетіп өлмек болып шештім. Жарық дүниемен хош айтысып, иманымды іштей үйіріп, көпірден енді секіре бергенімде біреу шап етіп, аяғыма жармасқаны. Жіберер ойы жоқ.

– Асықпа, балам. Асығыстық шайтан ісі. Бұл әлемнен безінетіндей, бір бәлеге ұрынған жанға ұқсамайсың. Бірер минут уақытыңды бөліп, бар жағдайыңды айтып берші. Содан кейін секірсең де үлгірерсің. О дүниеде сені біреу күтіп тұрса, сақалымды кесіп берейін, – деп тықылдап, болмайды.

Тілі мен жағына сүйенген бұл заржақ кім болды деп, сақал иесін іздесем, көрінбейді. Аяғымның астына көз салсам, о, тоба, өз көзіме өзім сенер-сенбесімді білмедім. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс ергежейліні көріп, талып түсе жаздадым.

«Өңім бе, түсім бе?»

– Өңің, – дейді әлгі, міз бақпай. – Ал, айта бер, балам.

Мән-жайға қаныққасын жаңа танысым ойға шомды.

– Жүр, – деді сосын. Бұйырып үйренген жан екені аңғарылып тұр.

Шешінген судан тайынбас; соңынан ердім.

Жер астына түсерде ергежейліге айналасың деген сөзге бәлендей ден қоймадым. Өлімге бел буған жан үшін ергежейліге айналу…

Жер асты өмірі тым таңсық көрінді. Жаңа таныстарымның қылығына қарап, шегім түйілгенше күлетін болдым.

Ертіп келген ергежейлім жер астының патшасы болып шықты.

Ергежейлілердің өміріне біртіндеп бойым үйреніп, бауыр басып, іш тарта бастадым.

– Жер бетіне шығайық, – деді бірде жолбасшым.

Ескі жара қайта қозғалып, қарадай түңілмеймін бе. Сонда да соңынан ердім.

Көпірге келіп, жайғасқан патша:

– Иә, не шештің, балам? – деді сұраулы жүзбен.

– Жер астында қалсам… – Қулық-сұмдыққа толы жер бетіне енді беттей алмасымды сол сәтте айқын ұқтым. Опасыз жар мен алаяқ қайынатаны көріп… Құрсын, беті аулақ.

– М-м-м… Саған бір ұсынысым бар. Менің бейнеме еніп, патшаға айналсаң. Ел басқаруға ебің бар екенін байқадым.

– Сіз ше?

– Демалсам деймІн. Шаршадым. Патшалық құрғаныма мың жылдан асыпты.

– Мың… жыл?

– Жер астының өлшемі басқаша, балам. Жер бетінде біраз өмір сүрейін. Сағат-сәті соққанда қайта оралармын. Өз өмірің жайлы шешімді сонда қабылдарсың.

 Содан бері аттай он төрт жыл өтіпті. Жасың нешеде, балам?

– Он төрттемін, – деді Талғат-Мрин, төмен қарап. – Өзің айтып тұрсың ғой.

– Иә, бет-бейнеңді өзгертіп, жер астына жол тартуыңа қол ұшын беріп, менің ізіме түсірген кім?

Патшаның үнінен тағатсыздық аңғарылды.

– Бір… көріпкел.

– Кім екенін ұқтым-ау деймін. Ал, айта бер.

– Опасыз әкем жайлы бар деректі беріп, бет-бейнемді өзгерткен – сол. Кім екенімді айтпас бұрын біраз зерттеп, адами қасиеті қай деңгейде екенін білмек болдым.

– Иә?

– Өз халқының сүйіспеншілігіне бөленген әке-сымағымның (бұны естіп, патшаның қабағы түйіліп жүре берді) қысылтаяң, қиын жағдайда қарамағындағы ел-жұртын апаттан алып шығуға қауқары жетер-жетпесін білейін деп қара шоқпарлы Қара Дәуді бір кесек етпен алдарқатып, әдейі әкелдім. Жағдай қиындап, ушығып бара жатса, амалын тауып, қайтарам ғой дегенмін; қайда, құрғырың қорылдап, ұйқыға баспасын ба. Ұйқыда өші қалғандай. Ергежейлілерді қылғыта бастағанда зәре-құтым ұшқаны соншалық, жер бетіне бірақ зыттым.

– Солай де. Көтере алмас шоқпарды беліңе қыстырма деген.

– Біріңнің аузыңа бірің түкіргенсің бе. Көріпкелім де соны айтып… Салым суға кетіп, кері қайтсам, даңқы жер жайған Аян ханзада жайлы аңыз жер астын жаулап алыпты. Қатты қызыққаным соншалық, аңызға айналған ханзаданы әдейілеп барып, көргім келді. Бірақ…

– Қызғаныштың қызыл иті ішіңді тырнап, ой-ниетің өзгеруіне себеп болды.

– Сіз… Қалай? Қайдан? – Қатты тұтыққан бала сізге қалай көшкенін аңғармады.

– Өмір, балам. Тәжірибе. Өз әкеңнің мейірімі өзгеге ауып, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қаймана біреуге бар жылуын беріп, іш тартқанын кешіре алмадың. Аян ханзаданың аяқ астынан кіндік шешесіне аттануына сен себепкер болғансың-ау, тегі.

Дәуіт ханның өң-түсі өзгеріп жүре берді.

– Бұл… бұл…

– Аян ханзаданың басқан ізін аңдығаным рас. Зарина ханшайыммен бірге жер астына келер күні тосын сый дайындадым.

– Мөлдір… шар де. Қайдан алдың? – Дәуіт ханның өңменінен өткен көзқарасына төтеп бере алмаған бала басын төмен салды.

– Көріпкелден. Хрусталь тектес жұмбақ шарға қатты қызығып, іс-әрекетін қадағалағаным рас. Шар ішіндегі құртақандай халықты көріп, сол жайлы сұрағанымда: «Бұл мен үшін мәлімет көзі» деген. Бірте-бірте шардың басқа да қасиеттері бар екенін бағамдадым. «Өзіңіз жасап шығардыңыз ба?» деген сауалыма көріпкел: «Ата-бабамнан қалған мұра. Кім жасағанын…» деп иығын қушитты. Ақыры, қылмысқа барып… ұрлап тындым. Әкемнің мейірім-шапағатына бөленген ханзаданы сынамақ болдым. Сосын… шарды апарып, жер асты қазынасына қостым. Кешіріңіз, – деді ол кенет, Дәуіт ханның алдына тізерлей отыра кетіп. Көз жасы жүзін жуып жүре берді. – Ханзаданың аяқ асты ғайып боларын білсем… Қайтарудың жолын ойлап, ұйқы-күлкіден қалдым. Көріпкелге баруға… бетімнен басып…

– Кешірілмес қылмыс жасағаның рас. Бірақ… – Хан ергежейлілердің патшасына қарады.

Дәл осы сәт:

– Ертегіге тап болдық па? Ұлым қайда? – деген дауыс естілді.

Отыз бестер шамасындағы әдемі әйелге қарап, ергежейлілердің патшасының көзі шарасынан шыға жаздады.

– Ә-Әлия?

 

Алматы қаласы

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here