Айнаш Мәукен
Дарабоз
Қалқып алар қаймағым – Дарабозым.
Қара үзген қалыңнан сара Бозым.
Алтын басың тең тұрар бар әлеммен
Бас иеді ұрпағың, сана-Бозым.
Қабанбай боп, есімің ұрандалды.
Қалмақ, орыс мойындап, қылаңдады.
Бас сардар деп, тәу етіп әр ізіңе
Әр жеңісің жаһанға шығандады.
Ханбатыр деп дәріптеп өтті халқың.
Дархандық пен әділдік – салған салтың.
Барқытбелдің белінде қорғауда әлі
Қалың қазақ – ұрпағын – аманатын.
Көрмеген-ді руға, жүзге бөліп.
Ұлысым деп, бәрін де бірдей көріп.
Алла нұрын төгіпті Бас сардарға
Даналық пен ұлылық – бәрін беріп.
Саф алтынның әммеден зады бөлек.
Басқан ізі, мұрасы – бәрі ерек.
Ер асылы – Ерасыл батыр бабам
Үлгі тұтып өтеді сені балаң.