Біреудің өмірі 

 

– Осындай адамды көрсем көзім шықсын. Неғылған өтірікші, оның үстіне өзінің ауырмайтын жері жоқ.  Бір күні келсе жұмысқа бір күн келмейді, түске дейін келсе түстен кейін жоқ. Түске дейін жоқ болса, түс ауа пайда бола кетеді. Келгісі келмесе ауырған адамша ыңқылдай сөйлеп телефон соғады.

 – Осының бәрін саған айтып отырмын,– дегендей Әлмен шал алдында отырған бастығына қарап еді, ол бірдеңе жазып отырған бойы өз ойымен әуре болып кетіпті.

– Міне көрдің бе, қызмет, тәртіп туралы  айта бастасақ  саған ол ұнамайды. Бәрін бізге жүктей салып, оңай құтылуды,  ұрыспайтын бастық боп сырттай жақсы көрінуді үйреніп алғансың, сен неге айтпайсың оларға кешікпеңдер, тәртіп сақтаңдар  жұмыстарыңды істеңдер деп неше рет айттым жиналыс ашайық,–деп. Бір үндемейсің. Бірдеңе айтсаң етті. Бастық емессің бе…

Үсті жалпақ үлкен стол мен оған жапсарлас қызғылт столда кітаптан бірдеңе қарап қойып Қази  жазу жазып отыр. Қырсықтың  ішіне кірген Қази Нұрымұлы осы сәтте басын қағаздан көтере беріп, осының бәрін мен білмей жүргендей несіне айтып отырсың,– деген кейіпте бет әлпеті мойнына дейін қызарып кетті. Оның бұл қызаруы мен ыңғайсызданған кейпі  Әлмен шалға –ұмытпайтынын біле тұра осының бәрін несіне айттым екен,– деген ой салғандай еді. Іштей бір сәт болса да сезінсін өз жауапкершілігін, өз міндетін басқа біреуге арта салып жүре беруге болмайтынын,– деп ойлады,–қол астындағы адамдарды бетімен жібермей олардан жұмыс талап ету керектігін үйренсін– ішіндегі көптеп мазалап жүрген ойлар қанағат тапқан сияқты болса да, тым асырып әңгімені қоюлатып жібермедім ме деген болымсыз күдік көңілінде тұрды. Сол күдікті үлкейте түскендей болып Қази Нұрымұлы орнынан оқыс тұрып үндемей шығып кеткенде Әлкен шал бастығының өзін ұнатпай қалғанын, енді бұдан былай кезікпеуге тырысып біраз күн сөйлеспей қоятынын, мұның бөлмесіне кірмеуге тырысатынын, ол әдеттің бұ жолы бұрынғыдай ұзақ созылып, үнсіздік көпке кетуі мүмкін екенін сезгендей болды.

– Болсын, – деді сосын. – Мен оған дұрысын айттым. Бұлай қызмет етуге болмайды. Өз ісін адам қызығушылықпен, іскерлікпен, ішкі тілегімен істеу керек қой.

Ол күңкілдеп осылай дегенімен бөлмесінде ешкім жоқ еді. Өз-өзімен сөйлескендей болып отырды да ашуланған адамы ертең түк болмағандай жұмыста жүретініне, айтқанының кейбіріне:

– Сонша не болды, істеп жүрміз ғой, – деп кәдімгідей мұны қазымыр қылып шығаратынына, өзін-өзі қорғап бірталай сөйлейтініне, ақыры осының бәрі бос әңгіме сияқты болып қалатынына біртүрлі болып ойланып қалды. Сонан соң шашын төбесіне түйіп алған бұл әйелдің түк болмағандай әлдебір басқа әңгімелер айтып көңілін аулап, ауа райы бұрынғы қалпына келгенше айналшақтап осы маңайда жүретінін біліп отырған қалпында оның кейбір сұрақтарына қырсықтау, қырсыз жауаптар беріп ашуының оңай тарқай қоймайтынын білдіріп қырын қарап жүретін де біраздан соң оны да ұмытып кететін.

Кейде оның да өркөкіректігі ұстап: – Осыған бола сонша сөз айтасыз ба, немене болды соншама іздейтіндей, – деген сөздермен кетіп қалып өз кабинетінде ашуы тарқағанша басына үнемі қоңыр кепкі киіп отыратын үндемейтін жуан қара шалға мұңын шағып, әлгі Әлмен шалдың сөздерін өзінікі жөн дегенге келтіре отырып теріске шығара сөйлеп отырады.

Құрбақа тәрізді шұбар шал Әлменнің ескі досы, бір-бірін баяғыдан білсе де, құрдас болса да көзқарастары жай қызмет барысындағы жалпылама нәрселер болмаса онша келісе бермейді.

– Сен оған күйінбей-ақ қой. Бүлініп кеткен ештеңе жоқ қой. Бәрі де баяғыша бола береді. Айтады, қояды. Жұмысыңды істей бер, – деп мына әйелді тыныштандыра түседі. Жазықсыз жәбір көріп таяқ жеп келгендей болып сөйлеп отырған әйел, мұның көңілі бұрынғыдай екенін білген соң өзіне бір мықты тірек табылғандай және істеген істерінің Әлмен айтқандай соншаның өрескел кетіп тұрмағанын біліп алған кісіше көңілі орнығып қалады. Сонан соң жайбарақат отырып, кешегі бір елеусіз болған әңгімелерін айта бастайды.

Онысы көбіне үйге келген әлдебір қонақ туралы, не ескі бір таныстың өміріндегі өзгерістер жайына ауысады. Қызметтегі жайсыз әңгіме осымен біткендей ол өз басындағы басқа бір жұмыстарды бітіруді ойлап, соның жолын іздей бастайды. Оған керек уақыт пен сылтауларды іздестіріп күнделікті жұмыстарын, қағаздарын қопарыстырып, столға жайып қойып отырады. Өстіп отырып бірталай жазу жазып, жұмыс та істеп тастайды. Айнала тынышталып, әркім өзімен болып қызметтестер бұл жайында ештеңе білмеген күйі шаруасына кірісіп кеткенде, Әйшешек сөмкелерін жинап бір жаққа кетіп бара жатады.

 

                                                    х х х

 

Бұл қызмет орны архив мекемесінің әлдебір кішкене аудандағы бөлімі. Кезінде үлкен мемлекеттік мекеме кейін кішірейіп, қызметкерлері қысқара келіп ақыры он-он бес адамдай ғана қалған. Осы шағын ұжымның ең кәрі қызметкері осы – Әлмен, Шалдуар, Әйшешек үшеуі. Қалғандары кейіннен келіп қосылған жастар. Көбінің жас мөлшері жиырма бес пен отыз, ары барса қырықтардан асқан. Оқу бітірген соң үйленіп қалаға орныққан әр жақтың адамдары. Тіпті, ана бір жылы сонау Қытай елінен шекара асып келіп орныққан қазақтар да бар. Олардың алды осында тұрақтағаннан бері бір кездегі кішкене балалары мектеп бітіріп, тіпті жоғары білім алып қосылғандары да жетерлік. Соның бірі – Жетпіс. Көзі адырайған жіңішке қара жігіт үнемі жуас қана бейбіт дауыспен ақырын сөйлеп, шаршағанда  есінеп, басқалар әңгіме қызығына беріліп жатқанда көбінесе үндемей отырады.

Мекеме бастығы мен Шалдуардың үндеместігі осыған біткен. Қалың өскен қоңыр шашын саусақтарымен тарақтап қойып сөзуар Өскенбай қызық анекдоттар айта бастағанда маңайына жиналып келіп отырғандар әрқайсы бірер әңгімеге кірісіп қалып, одан ары қалың әңгіме, жарысқан сөз өзімен-өзі қызып жүре беретін. Осы қу тілімен Өскенбай мына жерге сыймай жүр. Мұнда істейтін адамдарды ғана емес ол басқа жақта қызмет ететін атақ-дәрежелері елге белгілі адамдарды да бірер қылығын тауып алып әжуалап, қатты шенеп отырар еді. Оны әңгіменің аяғына таман, не сөз арасында қыстырып тұздықтап қояды.

Кейде өзінің артық кетіп қалғанын, жұрт көзіне сүйкімсіз болып тұрғанын, ертең мұның соңынан да әлгі адамдардың біреулерді айтақтап сөз жүгіртетінін ойласа ұйқы көрмей кетіп, ертесіне қасына тағы бір жақтасты тауып, өзі де қауіпсіз болу үшін әлгіндей топшыл, жікшіл біреулердің ортасына кіріп алады. Ауыл иттерінің ортасында өзін күшті сезінетін күшік тәрізденіп осы айлакерлігіне өзі мәз болып қалады.

Көп ұзамай Өскенбай басқадай жауапты қызметке кетті де оның сықақшылық рөлі босап қалғандай болды. Айналдыра он адамның құлағы тынышталғандай еді. Өскенбай Әйшешекті – Ой, сабаз-ай, – деп кей-кейде мұқатып қалатын. Өзі табандап көп отырмау себепті бұл әйелдің көп міндетін Шалдуар мұрны пысылдап отырып істеп беретінін, оған кәдімгідей қиналып жан салатынын тек бір кабинетте отыратын кейбір адамдар ғана білетін. Момын жүзді, адамға тік қарамайтын Шалдуарды осы жақсылықты есеппен істеп жүр, алда-жалда бірдеңеден жалалы бола алса Әйшешектің бұл үшін кез-келген адамның алды-артын қазып, әңгіме тарататын өсекшілігі, пәлеқор, жағымпаздығы керек екенін өзінен басқа ешкім білмейді деп ойлайтын.

Әсіресе, Әлмен шалдан әлдебір қылығы үшін оңбай сөз естіген күні, немесе Шалдуардың өзі бір ретсіз әңгімеге ұшырап қалған кезде, оның қасынан өзінің қойны-қонышынан бұрқыраған сөз, бораған өсек, жиған-терген жаласымен осы Әйшешек шыға келеді. Шыға келеді де жуып-шәйғансып, әр нәрсені орын-орнына қойғансып отырып қарсыластарына өсек аралас өткір жебесін қадап-қадап жібереді.

Сол сәтте төбедей жалпақ басын изеп қалып Шалдуар жымиып күледі іштей. Енді бұның сөзінен кейін Әлмен сияқтылар әлсіреп қалып, арыны басылғандай болады. Шалдуардан күш алып, көңілі тоғайып, жұмысын істетіп алған Әйшешек сөз майданына кіріскенде бүкіл қаланы аралап кетіп, барған үйіне қона жатып, телефон құлағында сағаттап отыра береді. Осы әңгімелердің, адамдар арасындағы қатынастардың ішкі қырындысының өзіне ұнайтыны соншалық осы нәрселердің төңірегінде өзі зор роль ойнап жүргендей сезініп, айтқан сайын сенімі кіріп, кәдімгідей ақыл-ойы өсіп, есейіп қалғандай болады.

 

                                               х х х

 

Со жылы Дәуренбек деген орысы көптеу жерде өскен, оны-мұныға көп бұрыла қоймайтын турашыл бастық келді де Әйшешектің өмірі әптер-тәптер болды. Шалдуардың мұның жұмысын істеуге қолы тимей қалды. Жаңа бастық мұның мүлде жұмыс істемейтін сөзшең, қолы бос жүрсе айнала сөз көбейтіп, өсек таситын адам екенін білген соң шағын тапсырма беріп қасына қол созым жерге отырғызып қоятын болды. Бесінші сыныптың баласы сияқты терлеп-тепшіп бастықтың қасында отырған Әйшешекке, осы отырысын көріп сыртынан талай адам шоқ бәлем деп күлген. Бұрын да мұның қызметке қыры жоқ, білімі таяз, айлакер қулығы білініп жүрсе де оны әбден әйгілеп, таңбалап, жұртқа жайып көзіне айтқан да осы – Дәуренбек. Қай адамға да қалта бір жасайтын арамдығы жоқ аңғал бастық айналасындағы адамдарға өзіне қалай сенсе солай сенгендей еді.

Оның қызмет орнына қараушы достары, таныстары, аралас боп жүрген адамдары жиі келетін, ал қызметтегі оны-мұны ұсақ-түйекке ол қытымыр емес, кеңбалақ, ұсақ-түйекке көбінесе басып назар аудара бермейтін. Осы ұсақ-түйек нәрселер, көңіл аудармай жүрген нәрселер сүріндірді оны. Ұйым екіге жарылып, үстінен жоғары жаққа арыз жазатын біреулер шыға бастады. Бастабында болған бір-екі тексеріс дұрыс аяқталып, Дәуренбек орнында қалдырылды. Бірақ әлдебір есеп-қисап жөнінен кеткен қатеден кейін Дәуренбек көңілі қимаса да бұл қызметтен кететін қысылшаң жағдайға түсті. Екі ортада түк білмегенсіп жүріп Шалдуар да әрекет етіп бақты, Әйшешек пен Әлмен бұл кезде белсене бірігіп, пенсияға таяған мінезі өткір, арыз жазғыш кемпірді бастықтың соңынан салып, араздық шоғын үрлей түсті.

Сөйтіп жүріп сырттай түк білмегенсін, ауызғы бөлмеде Дәуренбектің қонақтарына шай демдеп, ыдыс жуып, дәл бір жанашыр адамдай айтқанын, не айтатынын естіп, тыңдап жүретін. Қызметтен босар алдында соны сезгендей Дәуренбек екі-үш ай бойы көп мазасыз күй кешті. Достарымен жиылып түннің бір жеріне дейін кабинетін көк түтін ғып сыра, арақ ішіп отыратын болды.

Ол мазасызданған сайын жұмысынан береке кетіп, адамдармен қарым-қатынасы ауырлап, көңілге жоқ жерден сызат түсетін секемшіл болып кеткендей. Ондай сәтте:

– Сізге қандай көмек қажет,– деп болған нәрсенің ұсақ-түйегін ойлап сылап-сипағыш, жағынғыш мінезімен Әйшешек келе қалады. Басқа жас қыздар төзбейтін мінезге бұл төзіп Дәуренбекті қасында болып, қатты масайып қалған кезінде сүйеп таксимен үйіне дейін апарып салып жүрді. Кейде масайғанда екі көзін тарс жұмып алатын Дәуренбек көзін кенет ашып алып бұған:

– Кет, сайтан, – деп айғайлайтын. – Құртам көзіңді. Ертеңнен бастап боссың, – дейтін.

– Жарайды енді, – дейтін Әйшешек, – жүріңіз сізді такси күтіп тұр. Күзетші келді. Есік жабылады. Қайтайық.

– Кет сайтан. Албасты кет! – деп ол қолындағы нәрсесімен түрі бұзылып шегіншектей берген әйелді жіберіп ұрды. Бармақтай ғана сарымсақ маңдайына келіп тарс етті де әйел бөлмеден қалай атып шыққанын білмей қалды.

                                                 х  х  х

 

Үйіне келсе сағат түнгі бірден асып кеткен екен. Наурыз айының лайсаң көшесінде көлік аз еді. Әйшешек таксиден түсіп үйге кіргенде күйеуі ас бөлменің есігінен бұған кекесінмен қарап тұр екен.

– Алсаңшы мә, мына сөмкені. Немене меңірейіп тұрсың,– деуі мұң екен жуан еркек қалбаң етіп семіз адамда бола бермейтін ептілікпен қолындағы сөмкені алып, мұның киімін ілді.

– Тамақ дайын ба? – деді Әйшешек.

– Дайын, – деді еркек алдына тартқан фартугын сипап.

– Неғып тұрсың, ысыта бермейсің бе, – деп еді ас үйге денелі еркек тез-ақ сып етіп кіріп кеткендей болды.

Басы айналып көз алды бір төңкеріліп түскендей болды, есікке сүйене берді де бұрышта тұрған кішкене креслоға барып отыра бере талықсып кетті. Көз алдында бұған не істерін білмей дағдарып тұрған күйеуіне:

– Дәрі, – деді сөмкесін көрсетіп.

                                                                                                 27.07.2009.

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here