ҚҰМДАҒЫ КЕРУЕН

 

     Ілияс баспалдақпен баяу көтеріліп келіп, ішке кірді. Хатшы қыз мәшіңке басып жалғыз отыр. Бөгеліп, тым-тырыс бола қалып, қайта бытырлатып соққылай жөнеледі. Аздан соң есеп жазылған қағаздарын көтеріп бухгалтер келді. Оның өкше тақылын, кілтін сылдырлатып өз кабинетін ашып, көп ұзамай қайта жапқанын Ілияс бөлмеде отырып естіді. Бұл кезде алдындағы қағаздарға шұқшиып, журналдың кезекті санына берілетін материалдарды басуға кіріскен машинистка қыздар мен олардың жанында қағаз тасушы сүйкімді сары қызға күбірлеп бірдеңе айтып отырған шофер жігітке сәлемдесіп бастықтың орынбасары, ұзын бойлы, көзі өткір, шашы ағара бастаған Мейрам Малаев кірді. Журналдың бас редакторы Сағит Сапаров кабинетінде екенін білген соң көрші бөлмеге барып, жұқа плащын шешіп, шашын тарап, айна алдында тұрып галстугын түзетіп, асықпай келіп бастыққа кірді.

Бұл жасы қырықтан енді асқан ішінде аздаған қулығы бар, адамдармен қарым-қатынасқа өте сақ адам. Сөйлескен кезде ішкі сырымен көп шешіліп, ақтарылуды білмейді. Көбінесе қолжазба әкелген авторға көзінің астымен сынай қарап, өзіне арнап айтқан сөздерді ойы басқа жақта отырса да мұқият тыңдаған боп, мән-жайды ұғуға тырысып – М-м-м,–деп отырады. Авторлар бұл есікке сирек келетін. Көбі шаруасын бастыққа айтады. Орынбасардың алдына көбіне бастыққа кіріп шығып бітуге таяған шаруаларын білуге келгендер, не оған кіруге бата алмай есік жағалап, ұсақ-түйек жұмысы бар адамдар келеді.

Өзі де сондай бастық жағалағыш, тіл тапқыш еді. Әйтпесе, тереңдеп тұрған білім бұда әу баста болған жоқ еді. Оның үстіне оқуды сырттай бітірген. Кішкене күнінен әжесінің қойнында, жетегінде өсіп содан үлкенді ұғып жағалағыш, тіл алғыш, ұғымталдық қалыптасқан. Осыған қатар жас жігітке тән асаулық, осы дұрыс-ау деп алған жағына бетімен қойып жүріп кететін нар тәуекел, қызу қандылық бұған бітпепті. Кейде кеудесіне нан піскен әлдекімдер басынан аса қатты сөз, дәлдеп ажуа айтса не бұғып қалып, не елемеген боп кете береді де, кейін шіркін-ай со жерде есе жібермей неге солай демедім екен, әйтпесе былай деуім керек еді деп оңаша ойлап қоятыны бар.

Мейрам бастықтарға үнемі жақын жүрген соң оған қатты сөз айтпақ түгілі жақтырмай қарайтындар, бұның жазушы ретінде талантсыз бола тұра аты тізімдерде үнемі бірінші аталып жүретіндігін ашық білдірсе не қуғын көріп, не шөміштен қағылып, не елге сыйымсыз тентек атанатынын біліп ауыздарын бағып тыныш жүреді. Сөйтсе де мұны ашық мұқататын, кейде әзілге сүйеп әшкерелеп, сырттай сөз болғанда үлкендер мен  көп жиылған жердегі әңгіме арасында да мойнына сылдырмақ тағып жіберетін Таңат сияқты былай дос көрінсе де жау пиғылдағы адамдар осы төңіректе жоқ емес. Тіпті кейде Мейрамыңды бас редактордың өзі де адам екен демей, жұмыс дұрыс жүрмесе зіркілдеп, дегбірін алып, қатты сұрап, тіпті ашық әкіреңдеп кетеді.

Жиналыс үстінде де, көлденең адам көзінше де қатты ашуы келгенде дікеңдей беретін бастық ашық сөзге келгенде Мейрамнан қорқады. Өйткені оның өзі де қызметіне қыры жоқ, беймаза, ұзақ отырып мақала, көркем шығарма жазуды ұната бермейтін көпшіл, шулы ортаның адамы. Өзі қызметтегі міндетін дұрыс білмейтін адамның жұмыс ретін дұрыс көрсетіп, басқаның білмегенін айтып, қате кеткен жерін түзетіп көпшілікті басқаруы қайдан оңай болсын. Бастығы мен орынбасарының арасы осындай болғанда, қызметтегі адамдар арасы да осындай ұсақ есеп пен аздаған еп, тамыр-таныстықққа құрылып, кей жерінде үзіле жаздап, кей тұсында қайта бекіп жүріп жатады.  

Дүние өзгеріп жатыр. Жаңадан ақша ауысып, талайлардың кеңес кезіндегі ақшамен кассаға жинаған байлығы тиын боп қалды. Ресей ақшасының орнына қазақтың теңгесі шыққан соң бұл ақша құнды ғой деп қызметкерлерге бұрынғыдан басқаша айлық белгіленді. Адамға дүниеде ақша жеткен бе, оның үстіне қолы бос жұрттың саудамен айналысуы күшейді, ауыл-ауылда жаппай енші бөлу, жұмыссыздық. Қалада да көп мекемелер тоқтап, дағдарыс белең алды.

Отыз жылдың тарихы бар мына әдеби журнал да осындай қиын заманда тұр. Күйі баяғыдай емес. Сөйтсе де мұнда бәрі әлі өз орнында. Беделді, ақын бастығы әлі депутат. Ішті, кеңестік өмірдің көп сырларын меңгерген бас редактордың орынбасары отыр. Бөлім-бөлімде таланты танылған бірталай қызметкерлер бұрынғы күйін сақтап қалуға, әдебиет өмірінің қызықты жарқын келешегіне қызмет етіп жүргеніне сенетіндей. Тек бұрынғы адамдардың көксеген арманы, көңіл-күйі, көздеген мақсаты енді басқа боп кеткендей. Кеңестік кездің үлкен жазушылары сынға ұшырап, кейбіреуі жоққа шығып жатыр. Бұрын ұлтшыл болып кітабы шықпаған, түрмеге айдалып, атылып кеткен талай саңлақтар қайта ақталып, еңбектері енді жиналып басылуда. Бұл жайттарды қабағын түйіп, қабылдай алмайтындар кешегі ескіні көксейді. Осы жаңалықтарды журналға беделді қызметкерлер Дүрбелең, Таңат, Ілиястар қарап әзірлейді. Көбіне өздері үлгермей шеттегі ғалым, қалам иелерінен көмек сұрайды. Жарытқан қаламақы жоқ. Олар бар дүниесін иен-тегін беруге келіспейді. Қаламақы болмаған соң жазушылар басқа кәсіпке кетіп жатыр. Көбі үнсіз. Кеңестік замандағы жылда кітап шығаратын мамыражай өмірді аңсайды, мына тоқыраудан шығатын жол іздейді. Ертең не болатыны белгісіз, мұндай жұмбақ өмір түсіне кірмегендей. Әйтеуір бір керекке жарағысы келіп, көштен қалғысы келмей бұрынғы атақ-дәрежесін, тамыр-танысын салып, анда-мұнда қызметке кіруге тырысқан аласапыран өмір. Таза жазушылық жолда қайыспай жүргендер санаулы. 

Дүрбелең шал жұмысқа таңертең бас сұғып, “қазір келем” деп түрлі кеңселерді жағалап кеткеннен қоңыр папкесін қолтықтап түс ауа келді. Ілияс орталық архивке кіріп шығып еді, Абылай хан даңғылымен жаяулап төмен түсті, театрға жеткенде көшенің қиылысынан шалды көрді. Енді бірер көше жаяу өтіп, троллейбусқа отырды. Адам аз екен.

  • Әй, сен осы не ғып жүрсің? – дейді Дүрбелең таңғалып.
  • Архивке барып ем.
  • Мені іздеген жоқ па?
  • Малаев сұраған.
  • Айттың ба?
  • Әлгінде жүрген дедім.
  • Дұрыс айтқансың. Олар аңдып отырады, бастық қой. Сондықтан сыр бермеуіміз керек. Жоқтатпауымыз керек бір-бірімізді.

     Екеуі көліктен түсіп, біраз жүріп келіп, кеңсеге кірді. Жоғары көтеріліп, күндегі отыратын бөлмеге келді. Бөлме іші жылы. Күз уағы. Әлі қар жаумаса да қара суықта үйлерге жылу бере бастаған. Еденде көнетоз қызыл кілем жатыр. Бір қабырға түгел терезе. Төрт бұрышта төрт үстел. Киім ілгіште әйелдің күздік пальтосы ілулі тұр. Төргі столда әйелдің былғары сөмкесі жатыр.

  • Таңат келмеген бе? – деді Дүрбелең шешініп жатып.

–Келе алмайым,– деп телефон соқты, – деді Ілияс. Былғары күртешесін қолына ұстап, Дүрбелең плащын іліп болғанша тосып тұрды. Дүрбелең шашын тарап, киімін иықшаға кигізіп, қалпағын шегеге қыстырды. Айнаға таяп, қысқа тарақпен ұйпа-тұйпа болған шашын жөндеді.

  • Маған сен ұнайсың, – деді шал – өзің бірдеңе білесің. Көп оқисың, басыңда тесік бар. Ал мыналар бос столдарды иегімен нұсқады. – Анау – Мейрам Малаевтың бөлмесін иегімен меңзеді – ештеңе білмейді ғой. Ілияс не айтарын білмей, қызарып кетті де, қасындағы адамның сөзін аяқсыз қалдыруды жөн көрмей: – Олар да бірдеңе жазып жүр ғой,– деді.

Дүрбелең атақты романшы еді. Отызға жуық кітабы бар. Партияның дәуірлеп тұрған шағында баспа комитетінде бөлім басқарған. Қолымдағыны ұқсатайын деп кітаптарын әлемнің жиырма тіліне аудартып, миллиондаған таралымнан бәйгеге қосқан сол жылдары. Озып ештеңе алмаса да қалың дүрмектің бел ортасында жүргеніне дән риза еді. Партия тарады да сонша термен жанталасып жиған атақ, абырой, ескі сүрлеу, дүниені ұстап тұрған бұрынғы таныстар бәрі құйынға түсіп опай-топайы шықты. Әйтпесе ол кез болса Дүрбелең шал арты шөмиіп, өлімге бет түзеген, пышақтың қырындай, мына журналдың далиған спортзал тәрізді бөлмесінде отырмас еді. Мейрам Малаев сияқты кішігірім жазушыға бағынышты болмас еді. Қолында лауазымы бар біреуді қонаққа шақырып, аузын алса да үлкендеу қызметке қол жеткізбей тынбас еді. Ал қазір ше? Амал не оған болмай тұр ғой.

Дүрбелең қағынып, сілкініп, столға папкісін көлденең теңкитіп жатқыза салып, орындықты былай шығарып, алақанымен қағып-қағып шаңын шығарды. Столдың тартпаларын ашып, жуан папкілерді, қағаздарды бір-біріне соғып шаңын қақты. Тартпаны суырып, ішіндегісін есіктің көзіндегі қағаз салғыш шелекке төкті. Төрт тартпаны кезекпен қаққыштап, түбіне ұсталмаған қағаз жайып, алған заттарын қайта тықты. Артықтарын оң жақтағы қолжазба тұратын шкафқа әкеліп үйді. Астыңғы тартпадан иіс сабын шығарып, қолын жуып қағынып-сілкініп, айна алдына таянып шашын жатқызып, жылтыраған бетін сипады.

Денесі тығырықтай. Бойы ортадан сәл жоғары. Иығы дөңгеленген астау тәрізді. Денесіне құйып қойғандай костюм-шалбарының қыры сынбаған, кербез, сымдай. Жағасы қатырмалы ақ көйлегіне қызыл қоңыр галстукті жаратып таққан. Аяғында тұмсығы сүйір былғары туфли. Басына ақ қаракөл қалпағы мен күздік сәнді пальтосын кигенде Дүрбелең қырықтағы жігіттей жасарып тұрады. Бойы ұзын, қырықтан енді асқан Мейрам Малаев та, ұзын шашы ебіл-дебіл, қырыққа жетпей қартайған Таңат та, талғамы тәуір болса да қолы қысқа Ілияс та, киімі жөнінен Дүрбелеңмен таласа алмайды. Шал деп Таңат айтады. Бірақ Дүрбелең елуден енді асқан, отыздағы жігіттей оңды адам. Өзі қыңқ етіп ауырмайды. Столдан сәл алшақ қойылған орындыққа жайғасып, Дүрбелең қаламын меймаңдатып жазу жазды. Жазуы баданадай. Бір бетке он-он бес қатар ғана сыйғызып үлкейте жазады. Тез оқылсын, мәшеңке басатын қыздар сықсиып қиналмасын дегені.

Телефон шырылдады. Дүрбелең көзімен аңдып Ілиясқа қарады. Қайыра шырылдаған соң орнынан тұрып келіп Ілияс көтерді. Таңат екен. Үйінде жатыр. Қарлыққан, шаршаған дауыспен:

  • Дем алып жатырмын,– деді. Бастықты сұрады.

Ілияс қысқы ғана жауап қайырып:

– Көрмедік, – деді.

– Қалайсыңдар! – деді Таңат.

– Сол Дүкең екеуміз отырмыз, – деді Ілияс.

– Мені сұраса жоқпын, білмейсің, – деді Таңат.

Ілияс күліп:

– Жақсы, жарайды, – деп қайта жазуға кірісті.

– Кім ол, – деп күңк етті Дүрбелең.

Ілияс сөзді көбейтпес үшін біреудің атын айта салды. Дүрбелең аңырып, көзі бақырайып терезеге қарады. Ойланып отыр. Көшеде дыбыр күшейіп, милиция ысқырып, машина дүрілдеп, ажылдап сигнал берді. Шу үдей түсті.

– Неғылған шу бұл, осы маңда тұратындар күндіз құлақтарын бітеп отыратын шығар,–деді Дүрбелең адрес жазған кітапшаны ашып, телефонды алдына қойып, шылдырлатып анда-мұнда хабарласты. Залдың бір шетінен биік өкше туфлиін тақылдатып Орынша кірді. Жұқа ернін ішіне қымқырып, екі беті қызара бөртіп, дегбірсізденіп киінді. Қызыл плащтың белін буып, сөмкесін иығына іле бере әйтеуір парыз ғой дегендей:

– Сау болыңыздар, – деп шыға жөнелді.

– Мынау қызық па? Амандаспай сау болыңыздары несі. Дүкең алайып, дағдарып бұған қарады.

Ілияс кеңкілдеп күлді. Адамдардың мінезі қызық. Орынша да кейде күліп кіріп, жарқын амандасады. Ренжісе амандассаң да қарамайды. Кеудесі шалқақ. Таңаттың жатысы анау. Бір кездегі талантты қарасөзші,  атақты журналист тірлік қамытынан шаршап, тұралап тұрып қалған. Кімді айтсаң сол келеді дегендей сағат беске таяу  енді қайтамыз деп отырғанда тойдан қайтқандай шалқақтап Таңат келді. Өңі қарайып жүдеген. Түксиген қалпы.

– Пәлі, ерте келдің ғой, – деді Дүрбелең шыдамай. Таңатты көріп қуанғаны, таңданғаны белгісіз сұрақты жаудырды – Қалың қалай, жұмыс қайда?

– Мен не істейтінімді анау-мынауға айтпаймын ғой. Жоспарсыз жүрем. Аңдыған адамдар жаңылып қалсын деп. Мына бүгін жұмысқа келмеді дей аласыз ба мені.

– Пәлі қызметке жұмыс уақыты біткенде келе ме екен, – деп күлді Дүрбелең. – Тәртіп деген болады. Қызарақтап тұрып:

– Анау-мынауың не өзіңнің. Біз саған анау-мынау емеспіз ғой. Пілдей жазушымыз.

– Күндіз дем алып, түнде істеуге келістім бастықпен. Шабытым түнде келеді. Сіздің жатып жазғаныңыз сияқты, – деп мәз боп күлді Таңат.

Үлкен бастық ақын еді. Дүрбелеңмен қалжыңы қатты. Қағытпасы кісі жығады,– Дүкең қазақтың жатып жазатын жалғыз жазушысы,– деп қүлдіретін шалды. Таңаттың меңзеп тұрғаны сол.

– Ал енді сау болыңдар, – деп Дүрбелең асықпай киініп, папкісін қысып адымдап шыға берді. Таңат басын шайқап-шайқап күлді. Дүрбелең шығып кеткен соң бірауық үнсіз отырып:

– Ай, сабаз-ай. Тағы бір роман шығарыпты. Оқылмайды-ау, оқылмайды, – деп үсті жыртық, қисық орындыққа сырт киімін шешпеген күйі тізе бүкті. Басындағы етегі даладай қара шляпасын шешкенде қалың шашы дудырады. Саусақтарымен шашын кейін қайырып, күртешесінің кеудесін ашқанда, алқынып терең тыныстады. Көз алмай бағжиып Ілиясқа қарады. Көздері өткір еді. Жүрек шаншады, – деді.

Ілияс жазуды қойып, қаламын қаңтарып, қағаздарын жиды. Әңгіме көңілсіз. Кеш те көңілсіз. Екеуі базардағы кафеге кіріп, даңғұр-дұңғұр музыкадан басы ауырғанша бірін-бірі есту үшін қаттырақ сөйлеп, әңгіме шертісіп  отырды.

Кеш бата жауын құйды. Шарап қызуымен сөйлесіп жүріп басқа автобусқа отырып кетіпті, түннің бір жерінде Орбитадағы Таңаттың пәтеріне су-су боп зорға жеткен.

Дүрбелең жас әйел алғалы тұрмысы оңалып, көңілі өсіп, өзі де қунап, жасарып кеткендей. Бұл кезде алғашқы әйелінен туған үлкен ұлы жас та болса министрліктегі біршама үлкен қызметке ілігіп, Дүрбелеңнің баласы жақсы боп өсіпті деген абыройлы сөздерге көптің көзін әбден жеткізіп еді. Бұның өзі егде тартқан адамға көп сүйеніш, демеу болғандай. Жыл сайын боратып, үлкен-үлкен романдар жазып, оны амалын тауып баспадан шығарып жатса да жазушы есебінде бұл уақыттарда Дүрбелең жазғыш, алдамшы, көзбояушылардың қатарына жатқызылып жүреді. Егер әдебиеттегі бұл қатарлас жазушылар туралы сөз бола қалса Дүрбелеңді кейінгі кітаптары үшін емес, сонау жиырма жыл бұрынғы алғашқы қарқынмен жазылған талантты, тәуір дүниелері үшін қатарға қосып, сол еңбегі үшін бағалайтын. Ал кейінгі романдары мақтау орнына үнемі сынға ұшырап, әртүрлі теріс әңгімелерге мұрындық болатын.

Біреулер сөйтті екен деп жазуын азайтып, роман шығаруда қойылатын талаптарға шынымен дұрыс қарамай отырған жоқпын ба деген ой кей-кейде мазаласа да асығыстық, өмір екпініне ілесуге деген ұмтылысы әлсіз күдігін жеңіп кете береді. Бұның кітабындағы кемшіліктерді ашық сынаған мақалалар шыға қалса оны көрсе де көрмегенсіп өтіп кету, көре алмаған адам не айтпайды деп жылы жауап қоя салу әдет боп алған соң, мұның анау-мынауға құлақ аспайтын тоқмойындығына ыза болып, ол жайлы пікір айтуды пайдасыз деп, тіпті жылына екі-үш дүниесі шығып жатса да сыншылар үндемейтін болған. Мұның Дүрбелең деген атағына қызығып, кезекті бір кітабы туралы мақала жазып газет-журнал бетінде көрініп қалғысы келгендер мақтау сияқты түсініксіз бірдеңелер айтып, онсыз да әрең шығып оқушыға жете алмай тұрған көбік кітаптың сәтті жері деп осал, жағымсыз жақтарын көрсетіп қойып, кейде ұятқа қалдырып та жатады.

Дүрбелең сөйттім демейді, ешкімге қатты сөз айтпай алысқан адамын айналып өтіп-ақ айтқанын істейтінін білгендер оған бөгет болудан да пайда жоқ екенін біледі. Дүрбелең жазудан қолы босаса біреумен кезігіп, енді бастаған кітабының шығуын ойластырып, алмасып жатқан мансап дүниесіне жаңадан пайда болған жаңа есімдермен, әлдебір ақшасы көп байлармен селбесіп кітабын сыйлап, олар кітап оқымаса да сіз туралы жазбақ едім деп солардың төңірегінде жүреді. Мына журналдағы қызметі де, бастығы Сағиттың атақ-даңқы да сол үшін, ал өңді жас әйелінің пысық әрекеті үйдегі, өмірдегі бар тірлігінің есебі, реттілігі сол үшін, жеке бастың құрметі үшін. Осындай дәрежелі көп адамдардан ілгері боп тұрған өмірінің көп қателері тау-тау ешкім оқымайтын кітап болып жатқанын ол білмейді емес. Ол кітаптарды оқымайды деп те айтпайды. Әйтеуір еңбек боп шыққан соң түгел оқымаса да жартылай шолып болса біреулердің оқитынын біледі. Тіпті оқымаса сол кітапты құрметтеп қолына алып, шіркін осының ішінде не асыл бар екен деп қызығушылықпен сүйсіне қарап, ашып көрген соң түсінбеген, қиналған сыңай танытуынан өзінің анау-мынау оқырманның тісі бата бермейтін ұлы Бальзак, Диккенс сияқты үлкен томдарды тудырғанына мақтаныш сезімі оянады. Осындай тәтті, сиқырлы сезім құшағында отырып, жақсы тұрмыстың, зиялы адамдардың ортасында жылы кабинетте отырып еңбек жазуын ештеңеге айырбастамайды. “Қаламыңды тастама, Дүрбелең” деп өз-өзін қамшылап қояды.

 

*   *   *

 

Жақсы ма, жаман ба Сағитты қазақтың танымайтын, білмейтіні сирек. Тіпті, өзін көрмесе де атын естіген боп шығады. Не дүркіреген концертте, не мыңдаған ел жиылған той-жиында, атақты адамдар бас қосқан делегация құрамында, не теледидардан, не газет-журнал беттерінен көреді. Егер көрмеген болса әлдебір әндерін естіп, өлеңдерін оқыған боп шығады. Қайратты шашы жатпай едірейіп тұратын, орта бойлы, дембелше, қимылы ширақ, дәудірлеп қатты сөйлейтін елудегі пысық адам. Қолды неге жеткізсе де талант жеткізеді. Сөзі ірі, жігерлі Сағит көп жақсы қасиеттерімен қоса, бастыққа тән алаңғасарлық, мақтаннан құр емес. Есепшіл Мейрам Малаевқа сол қызық. Сағиттың атын жамылып, ығында, сүйесін, тіресін болғанына қыстырмада кедір-бұдыр он жыл. Таңатты бастық қандай еркелетіп, еркін ұстаса, Мейрам Малаевқа соншалық сақтықпен аса жақын тақатпай қысып, тықсырып, тікірейтіп ұстайды. Сол тікірейген, едірейгендікті өзінен төменгі қызметкерлерге бұ да істейді. Бірақ Сағиттың істейтін мықтылығы қолынан жақсылық та, қаттылық та келетін, нағыз күштінікі де, Мейрам Малаевтікі соған сүйене, еліктей, солай етуші еді ғой деген тыраштықтан туған көшірме. Сонысын Таңатқа да жасап күлкі боп, сөз естіп тынған.

Сағиттың “ақыр орнымда сен қаласың ғой жұмысыңды ширатып, қолға ал” дегеніне малданып, қызметке жаңа леп кіргізбек еді. Журнал болса ескіше бір сарынды баяғы бағытпен жылжып келеді. Қызметкерлерді кабинетке жиып “орыстың “Огонек” журналы сияқты шығарамыз” деді. Мәселені төтесінен қойды.

– Әдебиетті оқып жатқан ешкім жоқ. Көлемін де сол журналға лайықтап өзгертеміз. Бәрі өзгеру керек.

Сағит мұндай жиынға қатыспайды. Қазір мұнда отырғандар Дүрбелең, Орынша, Ілияс, ендігі бірер қызметкерлер келмепті. Оған қарамай Мейрам Малаев бүгінгі әдебиеттің жаңа кезеңдік өзгерістерін, беталысын сөз ғып оны іске алғысыз етіп сынады. Әдебиетті жоққа келтірді. Ілияс шыдамай:

– Мәке, бұл әдеби журнал ғой. Көркемдік бағыт ұстау керек, барды ұқсатайық, – дегенін ешкім қолдамады.

Мына заманның реңі өзгеріп темірдей тәртіпті компартия мен кеңес елі тарап кеткелі Малаев та ұстап жүрген жетегінен айырылып қалған.  Абырой болғанда әйтеуір сол толып жатқан, күн сайын, сағат сайын өзгеріп жатқан баяғы таныстар әлі хабарласып тұрады. Дүниеде бәрі астаң-кестең сапырылысып адамды адастырып жібергендей қараңғы жерлер көбейген. Елге белгілі әдебиет журналына бұрынғыша тамыр-танысты тықпалап, көңілге қарап, отыра беруге болмайтынын ойласа өзі де қозғалақтап кетеді. Тіпті елге ой салатын мақала, көркем әңгіме, повесть, роман дегендерің жоқ боп кеткендей. Оның үстіне газет-журнал дегенің қаптап, өздері жариялылық дегенге ойына не келсе соны жазатын болды. Атақты адамдарды аңдып, солардың өміріндегі кейбір сәтсіздіктерді қазбалап, олардың мінезіндегі әлсіз жақтарын пайдаланып, бір-біріне айдап салып газет бетіне айтыстырып қоятынын қайтерсің.

Ондағы айтыс-тартыстың мазмұн мен мүддесі қызмет пен мансап, жеке бастың абыройы, жершілдік, тамыр-таныстық мәселесін ешқашан ұсақ нәрсе деп қарамайды. Сондықтан әлдебір ағасы мен жақтасы туралы біреулер ана газетте сын-пікір айтыпты десе соған күйінді боп, оны ақтап, арашалап алуға өз қолында газет жоқ екенін ойлап, әттең қолдың қысқасы-ай деп өкінеді. Өз газетіміз болса сөйтер едік дегенді әлгі адамдардың құлағына да салып қояды. Ал енді ел мүддесіне, бүгінгі елдің жағдайын жазуға мұның да қаламы шорқақ. Журнал көркем журнал. Ел өмірін кең көсіліп жазатын, ішінде мәнді нәрселері бар дүниелерді ажыратып, қысқарта жөндеп, оны жазған адамды журналға жақындата ұстау орнына дайын үтір-нүктесіне дейін әзір классикалық дүниені басып қана шалқайып отырғанға не жетсін. Сөйтем деп жүріп маңайынан қалам ұстағандарды қашырып тынады. Ақыр соңында елдің үлкен қалам иелерімен дұрыс қатынас жасап,  қызмет істей алмағаны үшін оңбай бас редактордан сөз естіп тынады.

Білсе ол да қарап қалмас еді ғой,  осы журналды бұдан әрі әлсіретпей заман талабына сай етіп көтерудің жолын бас редактор Сағит та білмейді ғой. Бар білетіні орынбасар Мейрам Малаевтан анау неге нашар, мынау неге бұлай әлсіз деп біреулерден журналдың нашарлап кеткенін естігенде ғана ашуына мініп, ішкі ызасы тарқағанша қайта-қайта сұрап, сөйт-бүйт деп кезекті нөмірге бірер тәуір материалдан тапқанша тықақтап мазасын алғанда барып Мейрам Малаевтың есі кіреді. Ақыры бірер аптадан кейін өзі де шаршап, бәрі орнына келген сияқтанып, өзінің тауып алып айналысып жүретін әлдебір табиғат жағдайларына байланысты экологиялық мәселені насихаттап бөгде жұмыстарға бас қойып араласып кетеді.

Бұ жолы да Мейрам Малаев бастығынан кезекті таяғын жеп алып, қызметіне қайта кірісті. Сонымен “Огонекке” ұқсау үшін тапсырма алып, мақала жазбақ болып, бүгінгі күнде ескі тақырыптарды қаузай бермей, нарық әкелген жаңа екпін, тың лепті, айнала өзгерісті жазбақ болып тарасты. Бірақ Мейрам Малаев айтқан өзгерісті енгізе алмай, жаңа мақаласын қалай жазарын білмей жүрді.

Ілияс жұмысына қатты уайымшыл. Жеке бас тірлігінде күнделікті бірдеңесі жетпей тұрса, не қызметте бұған біреулер дұрыс қарамай, істеген жұмыстарын дұрыс бағаламай жатса, соны тез орнына келтіріп, ебін тауып өткізіп жіберуге шорқақ. Өз ісін барынша адал істеген соң, оның жетпей жатқан жағы болса соны ойлай бере әбден басы қатып, шегі жоқ, шеті жоқ ұлан-асыр телегей дүниеге еніп кете барушы еді. Оның үстіне өзіне сын айтқанды жақтырмайтын адамға жазған дүниелері танымы әлдебір Мейрам Малаев сияқты жағымпаздың ақылмансып бірдеңелер айтқаны, тықақтап тексергені ызасын келтіруші еді. Мейрам Малаев кейде өзінің кейбір өрескел шалағай пікіріне мұның қарсылығын көріп жымысқы күлкісімен жылмиып күлуші еді. Кейде тіпті “мына мақалаң тәуір екен” – деп қойып оның қандай еңбекпен келгеніне мән берместен дәл қасына біреулердің жылмиған жылтыр дүниесін әкеп кіргізіп тұратыны  тұрақты дағды боп кеткен.

Ішкі дүниесі күңгірт адам ешқашан ұсақ есеп, күйкі тірліктен аулақ сол маңайдан алыстап басқа жаққа кете алмақ емес. Кішкене мүдденің адамы үлкен мақсатты көздесе өз басынан, барынан айырылып қалғандай болып жоқ боп кетуден қорқады.  Ондай адамдарға тек жеке басының қажетіне керек бірдеңе болмаса өмір қараңғы. Мейрам Малаев та қызмет шегінен шыққан артық бірдеңелерді өз мүддесіне, жеке басына әкеп байланыстырып, одан тағы бір керекті жалғастырып жоқтан бар құрап жүруді әдет қылған.                             

– Е, ол жақсы ғой, – дейді Сағит Мейрам Малаевтың журналдың қасынан баспа ашып, кітап шығарып пайда тауып жатқан кәсіпкерлігіне риза болып. – Ұқсатқан адамға дауа бар ма? Ертең біздің кітаптарымызды шығарып жатса жаман емес қой, – Сағит Сапаровтың бұл пікірлері елдің бәріне болса деген адал көңілден айтылған. Егер сол Сапаров Мейрам Малаевқа кітабымды шығарып бер деп ойда жоқта айта қалса ол ұялмастан тұрып:

– Сәке, сізді шығармасақ кімді шығарамыз. Сіз сияқты үлкен ақынның кітабын шығару осындай кіші-гірім ешкімге белгісіз баспаға абырой емес пе? Сөйтсе де енді жаңадан ашылып тұрған баспа болғандықтан, әлгі бір таныс адамдарыңызға айтсаңыз, сізден несін аясын қаражат аударады ғой. Әрине, ақшасы мол болса кітабыңызды қомақты етіп, әрі сыртқы мұқабасын да классик ақындарға лайықты түрмен шығарар едік, – деп айналып келіп өзін шығынға түсірер еді. Осы сөздерді айта келіп, Мейрам Малаев Сағит Сапаровтың кітабын шығармаса да атын пайдаланып біреулерден соның мүддесіне деп қаражат та аударып жібереді. Ондай “операцияның” талайын істеп, небір таныс министр, облыс әкімі, аудан әкімі, мекеме бастығын өз ісіне пайдаланғанда Мейрам Малаев жазушының білетін тамыр-таныстарын, қаржы жағын кеңірек  ойлауға шорқақ Сағит сияқтыларды пайдалана қоюшы еді.

 

*    *    *

 

Қыс түсе Алматының ең таңдаулы деген ресторанының бірінде жазушы Дүрбелең Дербесовтің елу жылдық мерейтойы аталып өтті. Оған осы қаланың ең сыйлы деген адамдары жұбайларымен шақырылды. Той өте қызықты, көп молшылықта көңілді болумен, өнер адамдарының қатысуымен есте қалды. Әнші, биші, ақын – бәрі өз ішінен шығып мұнда шақырылған журнал қызметкерлері қарапайым күтуші сияқты боп елеусіз қалып қойды. Бұлардың ішінен Мейрам Малаев қана парламент депутаттары, мемлекеттік дәрежедегі шенеуніктер, атағы зор жазушылар отырған столда отырып, соларға қызмет көрсетіп жүрді. Ілияс өзінің елеусіз жүргенді ұнататын қалпымен шеткері қарапайым қызметкерлер арасында отырса да Таңаттың мұны талантты жазушы, болашақтың адамы, бұл бәрін басып озады, он бет әңгімесі он романға татиды деп әркімге, тіпті атағы зор адамдарға таныстыруынан қысылып, оған оңаша жерде – сен көп мақтап асырып жіберме, ұят боп жүрмесін дегеніне:

– Пәлі, өйтіп айтпасаң бұл сабаздарың көбі кітап оқымайды. Көрмеймісің отырыстарын. Осылар ойшыл, халық қамын ойлайтын, ел мүддесін қуатын адамдарға ұқсай ма? Атағың шығып, роман жазып, депутат боп, бас редакторға жеткенше мынадай скромный болсаң, ана жіңішке қылдырықтай мойның үзіліп кетеді,– деп кеңк-кеңк күлген. Ілиястың сөз сөйлегенде төгіліп кететін білімді, шешендігін пайдаланып, елеусіз отырмай осылай таныла бер деп болмай сөз сөйлеткен. Бұрын бірер тәуір әңгіме, повестері жарық көргені болмаса көп ешкім білмейтін жап-жас жігіттің сөйлеген сөздері көпшілікке ұнағаны сондай, өзі жап-жас екен, аты кім деп бұның қайдан келгенін бірі-бірінен сұрап жатқандар да болды. Дүрбелең орнынан тұрып келіп:

– Мен сенің осындай жүрегі нәзік, адал да абзал азамат екеніңді біліп, жүрген жерімде ылғи жақсы жақтарыңды айтып мақтап жүруші едім, қателеспеппін. Ағаңның сенімін ақтадың, – деп тебірене сөйлеп маңдайынан сүйгенде, жақын жерде тұрған келіншегі де Ілиястың қолын алып, ол да сәл қызара түсіп бетінен сүйді.

Ілияс қатты қызарып кетіп еді. Бұның мақтауында, Дүрбелеңді бағалауында өрескел көрінетін, мақтаған адамының бойына шақ  емес бос сөздер жоқ еді. Көп сөздері өзінің орнындағы, еңбегіне қарай айтылған көпірмесіз лайықты лебіз еді. Осы топтың алдына сөз сұрап шыға алмай отырған адамдардың алдын орап шығып кеткеніне ыңғайсыз көріп ұялып отырғанда Таңат келіп: – әне, көрдің қанша оқырман, қанша мақтау, қанша соны көре алмайтын қызғаншақтар таптың. Соның өзі қызық емес пе? Ха-ха-ха, – деп ұзақ күлді.

Осыдан екі аптадан кейін өткен Сағит Сапаровтың 50 жылдық мерекесі ешбір жалпы халықтық мерекеден кем болған жоқ. Сансыз көп құрметті қонақтар. Қарсы алу, шығарып салу, орын белгілеп, адамдарға лайық қызмет көрсету тағы да Сағиттің көптеген басқа інілерімен қоса Мейрам Малаев, Таңат, Ілияс сияқты жастау жігіттерге жүктелді. Бұл кеште Таңат Мейрам Малаевтың онша ұнатпаған реңіне қарамай талай жасы үлкен жазушы, ғалым, қайраткер ағаларына Ілиясты жетектеп әкеп таныстырып неше жерде сөз сөйлетіп, әбден таныстырып еді. Осы күндердегі Ілиястың айтқан орынды сөздеріне, лайықты да шешен өткір сөздеріне сүйсінген Сағит Сапаров:

– Осы жігітті қызметке дұрыс алған екенбіз. Күдіктеніп қалып ем, жұғымсыз біреу ме деп. Жоқ алды ашық екен, – деп мақтап еді.

 

*   *  *

Өмір бойы ауылда тұрып келіп, кейін ғана әдеби орта іздеп қалаға келген Ілияс бірер жылда одан да шаршай бастады. Биыл да демалысын ерте көктемде алып, елге келді. Ертеңгілік поездан түсіп, аудан басшылығына келсе, бұрынғы партия қызметкері Аманбай  әкім болыпты. Облысқа хатшы болған ағасы бір жаққа басшы ғып жіберді деуші еді, енді мұнда жіберген екен.

Өзі көп жыл мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, райкомның нұсқаушысы сияқты тәуір қызметтер істеген, еңгезердей зор адам. Жасы елуден енді асыпты. Мұны сыртынан біледі. Адамды қабылдап сөйлескені, сөз ретін білетіні көрініп тұр. Бірақ заман шартын әлі ұғып болмаған.

– Ауылдарың сол бұрынғыша. Қаратай дегенді ауыл өзінікі ғой, жаны ашитын шығар деп әкім қойып ек, малды қырып алды, – деп елдің жайын айтты. Коммунизмнің кезіндегідей әлі бейғам. Алда не болатынын, ауыл-ауылда не істеу керектігін біліп отырған жоқ.

Ілияс Аманбаймен сыр бермей, сыпайы қоштасып шықты. Осы тәрізді басшылардың дағдарып отырғаны бұл емес. Әлгі Қаратай да бұрынғы коммунист, Аманбай облыстан балама боп әкімдікке түскенде  жарылқаймыз дегенге сеніп, қарсы жаққа елді жауып жеңіп берген бір сабаз сол еді. Әлгіде Аманбай қарыз боп қап, сол жақсылығына осы болар деп балық үлескендей ауылдың тізгінін Қаратайға ұстатқан. Ол сенгені бекершілік болып, бұрынғы барға әзір қалыппен отырам деп Қаратай елді жаңа өзгерістерден бейқам қалдырды. Ұжым боламыз деген бір жақ, жеке боламыз деп бөлінгендер бір жақ. Қаратайдың басы қатты.

Ілиястың туыстары тұрмыстары жұқа, қарапайым еңбекпен күн көрген ауыл адамдары еді. Ауылдағы басқа отбасылар сияқты бұларға да артық дәулет бітіп көрмеген. Өмір бойы елдің баласын оқытып мұғалім болған әкесі жазғы демалысын совхоздың құрылысын салып, мектепті бітіруге айналған ұлдары ер жете бастаған кезден-ақ бос жүрмесін деп шөпке, қырықтыққа елмен бірге еңбек етіп, ақша тапсын деп кіргізіп қоятын. Әйтпесе мұғалімнің жалғыз табысымен он шақты баланы асырап күн көру мүмкін емесі анық еді. Оның үстіне ауылды жерде тұрған соң бір-екі бұзаулы сиыр, он шақты ұсақ мал ұстамаса тағы болмайтын еді. Сөйтіп қысқа тірлікпен біреуді екеу етем деп алысып жүргенде балаларының алды ірке-тіркес мектеп бітіріп, үйленіп, бөлек кете бастады. Есейіп, ержеткен балалардың арқасында қолым босай ма дегенде әкесі Қаскей жол апатынан марқұм болды да кейінгі балалардың бар тауқыметі әскерден енді келген Ілияс пен онсыз да жұмыстан қолы босамайтын шешесіне түсті. Жас жігіт қолына тиген жұмысқа жегіліп, оқуды сырттай оқуға мәжбүр болды. Сүйеніш болып қол ұшын беретін ағайын-туыс жоқ еді.

Міне, сол Ілияс отыздың ортасынан асып, қаладағы қызметінен ауылға келіп отыр. Анда-санда ауылдағы елді сағынып, кейін қалған туыстар мен шешесін ұмытып кетті дегізбей келіп тұру парыз сияқты еді. Сондықтан қалаға кеткен жылдардың ішінде Ілиястың ауылды таза ұмытып, өз тірлігіне қатты беріліп, жатбауыр боп кетуі орнына, керісінше әр келген сайын ауылын, ағайын-туыстарын сағынып, бір көріп көңіліндегі сезімін басқанша тағат көрмейтін. Бұл кездегі жұрттың көбі бас-басына көлік мініп, сауда істеп, ақша қуып кеткен өзгерісі көп уақыт қой. Қаламмен күн көріп, әлі жұртқа кең танымал болмаған қарапайым жазушыда артық ақша қайдан болсын, мұның қаладан такси боп жүрген ауыл машинасымен келіп, бұрынғыша ешқайда шықпай ала қағаздың бетін ақтарып, күндіз-түні қабақ түйіп, өз-өзімен жүруі жақын-жұрағаттарға, үйге келіп-кетіп жататын туыс, көрші-қолаңға онша ұнай қоймайды. Киім киісі де қала адамына онша ұқсап тұрған жоқ. Мынау біздің ауылдан шыққан пәленшекең деген жазушы еді деп мақтаныш етуге әлдебірдеңесі жетпей тұрғандай көрініп, тіпті күні бұдан төмен кінәмшіл туыстардың өзі бұған сондай жақсылықтарды қимайтындай қомсынып қалушы еді. Оның үстіне осы күнгі ауыл үлкені болған адамдардың бірқатары кезінде бұның кекесінді теріс қаламына да ілігіп кеткен. Адамшылығы  келісіп тұрмаса да астында көлігі, қалтасында ақшасы, алдында малы, үстінде үйі болған соң кәдімгі бір жарты патшадай шіреніп отырып: 

– Е, ол баяғыда бізді сөйтіп еді ғой, –  деп кек қайырмаса болмайтын арлы жансып, сөйлеп берсе күндік жерге апарып тастайды. Ондайлар алыста емес, өз ағайыны, жақын құда-жегжет, аға-жеңгелердің ішінен де шығады. Ілияс мұны білмей жүрген жоқ. Ол мұнда келгенде әлгіндей арам пиғылды кісәпірдің қабағын аңдуға емес, қайта осы ауылды ауыл, осы елді ел деп айтқызуға лайықты тәуір адамдарды туыс тартып, шешесін, бұрынғы ұстаз, жақсы ауылдастарын қара, пана тұтып келуші еді. Өзін солардың алдында перзент, борышты адам санайтын. Мұны да бауыр, азамат тұтып, ес көретін ағайын барын ескеріп, өзін соларға сүйеніш, тірек, ес болуға жарағанына мың да бір шүкіршілік айтушы еді. Өзінің қызықты әлемі, жазушылық өмірінің ішінде жүргенінде бұған шешесінен қымбат, одан жақын адам бар деп білмеуші еді. Осы үйде өткен балалық, бозбалалық күндерін есіне алып әжесін, әкесін есіне алып, тып-тыныш отырып кітабын жазса, басқа тірлік өз-өзінен қалпына келетіндей көрінуші еді.

 

*    *   *

Ілияс ауылдағы демалысынан тыңайып, күш жинап мерзімді уағы біткен соң жұмысқа келсе, бұрынғы бастық ауысып кетіпті. Малаев тар кабинетті тастап, Сағиттің бөлмесіне көшіп алыпты. Қасында шұлғыған аттай жаңа орынбасар. Баяғыша орындықтың шетін ала отырып Дүрбелең жазу жазуда. Орынша өлең қарайды. Қашан көрсең қарындашын ұстап алып ойланып отыратын сақалды Айтбай суретші отыр. Ілиясты көріп, кеудесіне қысып, “сағынып қалдық” деп күлді. Қағаз тасушы көктем шыққалы ажарланып, сұлуланып кетіпті. Дүрбелең елдің жайын сұрағаннан өзге ештеңе демеді. Таңатты “жүрген” десті. Келгенін Мейрам Малаевқа білдіріп жаңа мансапқа ие болуымен құттықтап, қолын қысты, ол көзі бақырайып, ой жеңген кісіше:

–Қалай барып қайттың? Ауыл аман ба? – дегеннен өзге ештеңе айтпады. Айналасы екі-үш күнде бұрынғы сарын, қызмет шеруі, жанталасқан тірлік басталды.

 

*   *   *

Таңат үйде өзі жалғыз. Түннің бір жерінде мас болып келіп содан таң атқанша ұйықтаған жоқ. Үсті-басы шаң, жерге құлап, әлсіреп кеп сүйенгенде жұққан ағаштың шайыры мен қабырғаның әгі кәстөмінің екі иығына, арқасына жұғыпты. Төгілген шараптан, жұққан майдан екі жеңі, өңірі сатал-сатал. Осы бойы төр алдына кеп қисая кетіп, аз ұйықтап алған соң әлгінде өзімен бірге ала келген шараптың бірін ашып, үлкен кесеге шүпілдете мол етіп құйып тағы да ішті. Бұл пәтерге көшіп келгелі де бір жұмадан асқан. Әйелі бір жарым жасар емшектегі ұлын қалың етіп орап алып, әлі бос тұрған ескі пәтерге кеше кетіп еді. Таңаттың шарап ішумен жүргенде әйеліне артық сөз айтып, жайшылықта ішіне түйіп білдіре алмайтынын жеткізіп, орынсыз соқтығуы болмайтын.

Томаға-тұйық боп томсарып, өңі қашқанда аппақ боп сазарып, не екі беті қатты қара қоңыр тартып күреңітіп алғанда Әсем жанында отыра алмай не балконға шығып кетіп, не ас үйде, не басқа бөлмеге барып отыратын. Енді мына аядай тар бір бөлмелі үйде бәрі көрініп, қыбыр еткен жүрісің білініп тұрады. Таңаттың мұндай ішісі әдетте бір жұмаға созылады. Тәулік бойы шараптан өзге нәр сызбай, қарны ашқанда ғана Әсемге ет асқызып, сорпа ішіп жан шақыратын. Өңі қарайып, екі жағы сопиып, көздері шүңірейіп, шашы дудырап, иықтары қушиып, құр сүлдері қалған күйеуінің бетіне қарауға бұл мезгілде Әсемнің дәті шыдамайды. Жерге төселген дастарқан басында шай құйғанда да жүзін төмен салып отырады. Күйеуінің керегін, сұрағанын әкеп беріп, өзі оңаша қалғанда ғана бас-аяғы жоқ таңертеңнен кешке дейін, кештен таңға дейін кезектесіп созыла беретін ішістің түк мәнісін түсінбей, әлдебір қорқыныш пен үрей бойын билеп үнсіз отырып жылап алатын.

Осы оңаша ойлары мен жалғыз күндерінен Таңат үміт теңізіндегі қарманатын бірдеңесін іздейтіндей. Әлденеден медеу тілеп, сол тілегі зарықтырып келмегендей, таяп келген сайын алыстап, бұған ұстатпай қол созым жерге келіп тұрып алатындай. Көзін тарс жұмып отырып, кеседегі шарапты сіміргенде бойын балқытқан қызудан шарқ ұрған қиялы тұманнан айығып сала беретін. Асау ойлары ашық күндегідей ап-айқын болып армансыз бір әсем дүниеге қарай алып бара жататын. Оған енді басқа серік іздеудің, арпалысып арман қуып, біреуге серік боп екінші біреуді жеңу үшін жамандап, Сағиттай серігінің абыройын асқақтату үшін бойындағы талантын сығып, құлаш-құлаш мақала жазудың қажеті жоқ.

Бүгін-ертең ақша бар. Алар үйін алды. Жарауға тиіс қажеттеріне жарады ғой. Бірақ бойындағы жан дүниесін жетімсіреткен уайым мен қанағатсыздық сезімі арылмайтыны не осы. Осымен де біршама жақсы өмір сүруге болатын еді ғой. Тым болмаса Мейрам Малаев сияқты абырой мен мансапқа  да ие боп, алданып отыра алмады ғой. Не іздейді сонда бұл көңілі. Абырой да,  өзіне жетерлік атақ та бар, бірақ өзінікі емес соның бәрі біреудікі сияқты болып, өзім үшін деп істегенінің бәрі басқа біреуге, Мейрам Малаев пен Сағитқа, баяғыдағы партияға, лауазымды біреудің абыройына қызмет етіп кеткендей, ал бұл бишара бар бейнетті шегіп-шегіп, аз ғана ақшаға молданып, өз басына түк жимағандай. Жиса қайда, кәне дүние тола үй, жеткен қызмет, бұған деп көрсетілген құрмет. Оның бірі де жоқ қой. Керісінше күнбе-күнгі жазу, біреудің айтқанымен жүру, аз ғана ақы үшін жаныңды жалдау.

 

*    *   *

Сағит Сапаров бас редактор ретінде қол астындағы қызметкерлерінің жеке өміріне, ұсақ-түйек істеріне, жұмысқа қай уақытта келіп-кетіп жүргеніне орынсыз жерде араласа бермейтін. Айына бір рет журналдың кезекті саны жоспарланған соң қызметкерлердің бәрі де өзіне тиісті міндетін атқаруы жолында қызмет етіп жүр дегеннен өзге бөтен ой ойламайды. Оның үстіне бас редактор деген атағы дардай болса да, Сағиттың бұл жерден алатын жалақысы шындап есептесе қала өмірінде күнбе-күнгі жан бағуына жетпестей аз болған соң, бұған қарағанда тіпті болымсыз ақы үшін қызмет істеп жүрген әр қызметкердің бірді-бірге жалғап жүрген табандылығына іштей разы болып, ұсақ-түйек нәрселерді елемеуші еді. Журнал уақытында дайын болмай кешігіп, не ішінде елеулі қателіктер кетіп, көркемдік дәрежесі күдік тудырса ғана жиналыс ашушы еді. Басқа уақыттарда басылымның бар жұмысы орынбасары Мейрам Малаевтың өз қолында. Өз қолымда екен деп өткен жоспардағы айтылған істердің мазмұнын өзгертіп жібергеніне бүгін Сағит Сапаров қатты ашуланды. Кабинетте екеуі ғана отыр еді:

– Сен немене, орынбасар болсаң, өз айтқаныңды ғана ұжыммен есептеспей істей бересің бе? Мына санды қарасам түгел сенің жерлестерің. Жазушысы да солар, ғалымы да солар, ақыны да солар. Бұ неткен бассыздық –деп қарсы алдында төмен қарап отырған Мейрам Малаевты өткір сөздермен кінәсін мойнына қойып, қызметкерлерді жиып жоспарды қайта жасатты. Жиналыс біткен соң Таңатты сұрап еді, келмегелі бір жұмаға таяпты. – Ол қайда? Сендер бір-біріңді іздеуден, керек қылудан қалғанбысыңдар? – деп шопырын жібертіп, ақыры Таңаттың жағдайын зорға анықтап еді. Өткенде көп ақша бергеніне енді өкініп отыр. Сағит Сапаровтың қол астында қызмет істегендердің пәтер алмайтыны, басқа қызметке көтеріліп кетпейтіні аз болатын. Соның бірі пәтер алуы алса да ішкіліктің кесірінен қызметке көтеріле алмай жүргені осы – Таңат еді. Арқалы ақын Сағит Сапаровтың жыр кешінен кейінгі ресторандағы бас қосудан қайтып келе жатып шарап қызуымен Таңат:

– Менің Малаевтан нем кем, – деп еді. Сағит өзінен 15 жасы кіші мына тентек інісінің бұнысына қапелімде не дерін білмей қалды.

– Енді жайдан-жай қызмет істеп отырған адамды алып тастап, орнына сені қоя алмаймын ғой, – деп Таңаттың өкпесі орынсыз екені дәлелдемек болған.

– Басқа бір жерге қызметке, ақшалы жерге жіберсеңдер, беті қалың қай шенеуніктен ақыл-ойым кем. Істер едім ғой. Інім бар деп, мен бір жерде басшы боп отырсам келіп жүрмес пе едіңіз, – деген Таңат қоймай.

– Өй, мен сені талантты жігіт деп жүрсем, өзің барып тұрған мансапқор ма едің. Мансап сенің талантыңды жейді ғой, – деді.

– Жесе сіздікін жер еді ғой,– деп Таңат айылын жияр болмады. Тіпті, әңгіме ұзарып бара жатқан соң:

– Жесе жеп те жүрген шығар. Менің де жетісіп жүрмегенімді көзің көріп тұр ғой. Әйелімнің, отбасымның түрі анау, бүгін бе ертең бе құлағалы тұр. Айлығымды білесің қанша екенін. Көрінгенге жалынып жүріп, неше жылдан бері жыр кешімді зорға өткізіп едім, сонымды көре қалғандай жанымды жағамнан алып отырсың. Әйтпесе, мен саған аз жақсылық жасадым ба, айтшы. Үй керек дедің,  әпердім.

Ана жазғыштардың маған “халтурщик”, көз бояушы, ақын емес, ақша жеп қойды, – деп жабылып жатқаны анау. Жай ғана, айтып қана қойса жөн ғой, тіпті масқара ғып журналға шығарған.  Ел ішіндегі беделім кетеді ғой. Бедел кеткен соң мені кім сыйлайды, ойлашы өзің.

– Мен сыйлаймын сізді, – деп Таңат Сағиттың мол денесін құшақтап, бетінен сүйіп жатты.

 

*    *    *

Мейрам Малаев қол астындағы қызметкерлердің ішінен Таңат пен Ілиясты бөліп, олардың әрекетіне, сөзі мен ісіне аса сақтықпен қарайды. Екеуінің де талантына шек келтіре алмайды, бірақ көп ойлары әлі ұшталмаған, білімдері мен мінезінде кедір-бұдыр жерлер көп.

Бірақ оған Ілиятың ұнайтын жерлері бар, ол Таңат тәрізді арақ ішіп, жұмыстан қалуы жоқ, кінәлі болып, берген тапсырманы орындамай былғаңдауды білмейді. Жақсыны да, жаманды да ішіне сақтап, айналадағы адамдар туралы ойын сыртқа шығара бермейді. Әсіресе, бұл журналға дайындағанда біреудің келмей тұрған әңгіме, мақаласын жөндеп, оқушыға лайықтап жасандырып жібереді. Оның үстіне жұмысқа ешқашан жалығып көрген емес. Кейде журналдың тұтастай санын алуға жақын үлкен повесть, кең көлемді роман, не зерттеу келсе неше қайырып оқып, өңдеп, іске жаратады. Өңдеп әзірлеген материалдары журналдың кезекті санына өтпей қалса, соған кәдімгідей өзі жазған еңбегі өтпей қалғандай ренжитіні бар, оны көбіне бермей алып қалатын, кемшілік тауып, орнына көлденең бірдеңені салып жіберетін Мейрамның өзі. Осындайда өкпешілдігі білініп қала беретін Ілияс бала тәрізді. Бірақ ішінде тұйық бір салқындық, өмірге деген өкпе бардай. Тұрмысы ауыр, ақшасы аздықтан ба деп те ойлайды. Бірақ Мейрам осы жігіттің Таңатпен бірге жүргенін ұнатпай көңілінде секем етеді.

Мені ұнатпайтын адаммен бірге жүргені маған қарсы болғаны-ау деп шамалайды. Өзімен оңаша көп сөйлесіп көрмесе де Мейрамның бағалап көруінше Ілияс онша сенім білдіруге тұра қоятын адам емес. Оны Дүрбелең де аса көп жақтыра бермейді. – Аса шыншыл, түсініксіз адам, жазуында сыншыл кекесін мол оның үстіне аздап іше ме – деп ойлаймын – деуші еді Мейрам ол туралы пікірін сұрағанда. Дүрбелеңнің осы топшылау шындыққа жанасатынын Мейрам байқаушы еді. Ілиястың өткен өмірінде қандай қараңғы жақтары, көлеңкелі тұстары бар екенін білуге бұл да құмар емес, бірақ оның тірліктегі селқостығы, жап-жақсы көркем шығармалар жаза тұра өз жолын жаңа бастаған жазушы ретінде анықтап алға ұмтылмауы, өзі туралы жақсы пікір тудыруға тырыспауы таңырқатады. Тіпті, одан аз ғана үлкендігі бар Мейрам ғана емес аттай 15-20 жасы үлкен, елге атағы жайылған Дүрбелең, Сағиттардың кейбір қылығына тіксіне, ашық көзбен, иығы солармен тең тұрған адамша қарап сөйлеуі жіп-жіңішке, арықша, әлгі ешкімге белгісіз отыздан енді асқан жас адамға жараспайды-ақ.

 

*   *   *

Түс ауған мезгіл еді. Ілияс суретші екеуі түскі шайдан кейін шахмат ойнаған. Әзілдесіп, жұмыстағы берекесіздікке әбден күлді. Жаңадан келген қате қараушының қылығын, қыздардың тексеру жүргізіп шошаңдағандарын әртістерше қимылдап, сөйлеп, қиралаңдап қарық боп қалды. Арасында Малаев та, Дүрбелең де, Орынша да, өздері де кетті, аштан бұралып қатқан нанды қара шайға жібітіп жегенін ажуалады.

– Күлкі деген қызық-ау, – деді суретші көзін сүртіп.

– Сенің әртістігің де бар. Жақсы саласың.

– Оллаһи, өстіп шер тарқатпасақ жарылып өлгендей екенбіз, – деп Ілияс күлді. Жұрт түскі үзілістен қайта бастағанда, бұлар да жұмысқа кірісті. Бір кезде ақырын есік ашылып Таңат кірді. Кірер есікті нығыздап жауып, іштен кілттеді. Амандасқан соң, отырып жатып насыбайын атты:

– Мен кетіп барам Ілияс, – деді.– Пока жұмыссызбын.

– Неге, – деді Ілияс аяғына дейін тыңдамай – істей бермедің бе?

– Сәкеңмен бірге кетіп барам, жаңа қызметке. Ал жолың болсын. – Аман көрісейік.

 

 *   *   *

Сағит Сапаровпен сот арқылы ажырасқалы Тәбира сұлу өзін бақытты сезінетін болды. Бұрынғыдай жүрсе-тұрса да, қызметтестерімен араласса да, біреумен сөйлессе де күйеуінің атақ-даңқына дақ салып, соған қайшы бірдеңе істеп қоймадым ба деген күдік енді бұнымен қош айтысты. Осыдан он бес жыл бұрынғы сұлу, еркін Тәбира қайтадан сол еркіндігіне жетіп тынды. Тек ол бүгінде сәл егде тартқан. Ортадан сәл жоғары болса да бойы жас кезінде ұзын болып көрініп, бірден көзге түсуші еді. Жас қырыққа енді келіп, денесі сәл толған, сол ұзын боп көрінетін бойы аласарып, дөңгелек жүзіндегі үлкен көздерінің айналасын әжім торлай бастаса да сол сұлу Тәбира  әлі де сиқырлы күлкісімен, ашық жарқын әзілімен, әуелеген әнімен  талай ортаны думан қылудан танған жоқ.

Ол өзінің Сағитпен өткізген жылдарында дүниеден кеңде болмаса да, тек күйеуіне ғана қызмет істеп, бала тауып, оны тәрбиелеп, оқытып соның ғана шашбауын көтерумен мол таланты бола тұра өзі үшін түк істемедім деп есептейтін. Өкінсе сонысына ғана өкініп, осыған жолығып екі ұл таппағанда ең болмады дегенде осы күні орта қолды әртіс болып елге танылып, еркелеп жүрмес пе едім дейтін. Сағитты таңырқатқан сұлу Тәбираның әні еді. Содан соң жан баласынан жасқанып, төменшіктемейтін өр мінезі еді. Ақыры осындай өр мінезбен, ешкімге тәуелсіз-ақ өмір сүріп кете алам дейтін еркіндікпен салыса, айтыса келе Сағитты өз айтқанына жүргізіп, көндірмек ниетімен ақыры оны тойдырып болды. Кезінде үйге қонбайтын қыдырмашы, түрлі махаббат шырғалаңдары үшін күйеуін отқа шыжғыртып, талай партия жиналыстарына да салғызған. Ондайда:

– Өй, Тәбираш, – деп асты-үстіне түсіп кететін Сағит табыс тауып, қалам ақы алғанда, тіпті сыйлықшыл, шашпа еді.

Сөйтіп, екі баласы жасы оннан асып, есін біле бастағанша амалдап келген Сағиттың ойда жоқ жерден он бес жылдан бері жинаған дүние-мүлік, үй-жайды, мәшинені бәрін бұған қалдырып, соқа басына азаттық сұрауы Тәбираны таң қалдырған. Өзі де Сағиттың көп өзгеріп тұратын қилы мінезінен шаршап жүргенде мынасы бір кезекті ойыны шығар деп:

– Кетсең кете бер. Енді елуге келгенде саған елден қалған кәрі қыз болмаса кім тисін. Атағың зор болса да сырың көпке мәлім ғой. Алсаң аларсың тағы біреудің қызын, ол да тез шаршап жалығар сенен. Өзі-ақ қашып құтылар сонда. Мен сияқты бәріне шыдап, сөзбен алдаса көніп қалып, соңынан сенің қылықтарыңа өкіне жүріп шыдай берер деймісің, – деп өз ойындағыларын айтып, Сағиттың ойында не бар екенін тіпті ойлап та көрмепті. Ойлағанда ол бір жел сияқты еді, қазір – Сондай боп кеттің, өзгердің, мұның дұрыс емес, – деп әлдебір жеңіл қылықтары үшін бұған қатты ұрсып алып, бір-екі сағаттан соң түк болмағандай өлердегі сөзіңді айтып, жаныңды ертетіндей елпілдеп кетуші еді. Сағитта осындай жел мінезді тұрақсыздық болған  соң бұл да кектеніп, сонша бүлінетіндей не бар деп күйеуінің айтқанын айтқан жерге тастап жүре беретін. Сонысынан ақыры тапты міне.

Соңғы бір-екі айда сұлу Тәбира қатты өзгеріп ашушаң, елегізгіш, мазасыз боп алды. Күйеуінің бұл үйден түк алмай тек киім-кешегімен кеткеніне риза болса да өзін күйеуінің айғақ болатындай үлкен себепсіз тастап кеткеніне риза емес еді. Соттағы ажырасу үстінде Тәбира шақырған кезде бармай қойып, тиісті құжаттарды жаздырту үстінде жөнді жауап бермей, айырылысу мерзімін неше рет кейін  шегертіп, талай амалдар да істеген. Осының бәрі әсер етпеген соң өзінің баяғы өр мінезіне салып, барса барсыншы деп бәріне де келісім беріп еді. Осыны тосып жүрсе керек Сағит енді бар құжатын жөндетіп, тиісті ақысын төлеп тұратын болып, біржола ажырасып тынғанда өзін тағы бір алаяқ алдап кеткендей сезінді. Бұның артынан көп ұзамай Сағиттың қызметі өскені, жалақысы көбейіп, қаладағы ең үлкен, кілең байлар тұратын жаңа ауданнан төрт бөлмелі жаңа үй алғаны мәлім болып, осымен Сағит біткен шығар деп жүрген Тәбира қызғаныштан жарылардай болды. Курстас досы Ғалияның баласының үйлену тойынан шыққан түні Сағиттың адресін алып, жаңа үйіне аздаған шарап буымен құттықтамақ болып іздеп барып еді. Есікті жасы отызға толмаған жап-жас келіншек ашты:

– Сағит үйде ме? – деді Тәбира оған сәл таңырқай қарап.

– Сіз кім боласыз? – деді келіншек жауап беруге асықпай. – Ол кісі үйде жоқ.

– Күнім мен оның әйелімін. Есікті аш. Өзің кім боласың? – деді бұл кекесінді, нығыз қалыппен.

Жас келіншек мұндай жауапты күтпесе керек аққұба жұқа өңі сәл қызарып кетіп, екеуінің көздері аз ғана уақыт бір-бірімен түйісіп тұрып қалды.

– Ол үйде жоқ, – деді келіншек қайталап.

– Түсінікті. Сен оның кезекті сұлуы болдың ғой. Сорлатады ғой сені де.

– Жоқ біз некелестік, – деді келіншек аңқау қалыппен. – Мен оның жұбайымын.

– Жұбайымын де. Білемісің онда неше жұбай бар екенін. Саған дейін екеу болған. Оған қоса бес бала бар. Мен екіншісімін, ал сен әрине үшіншісісің. Аман болса Сағит мұнымен тоқтайды деп ойлама. Сен есік ашпаймысың. Кірейік те.

– Маған Сәкең сіз туралы айтып еді. Мінезіміз үйлеспеді. Ол да, мен де тым шапшаңбыз, – деп еді.­­ – Кірсеңіз кіріңіз.

Бұлар үйге кіріп бірер сағат сөйлескен соң Тәбира мына келіншектің өзіне қарағанда әлдеқайда кісі сыйлай білетін, ішкі мәдениеті қалыптасқан, түсінігі бұдан әлдеқайда жоғары екенін іштей сезді. Үйдің ішкі қалпында, қала дәстүрімен жиналған жиһазында Жәмиланың қала қызына тән ұқсатымдылық бар. Бірақ ішіндегі өкпе, сенен менің нем кем деген әйелдік бірбеткейлік араларын жақындатпай қайта үндемей отырған сайын алыстата түскендей болса да Жәмила бөтен сыр бермей ас үйдегі дастарқанға шай әзірледі. Бұған дейін Сағиттың кетуін оның кезекті берекесіздігі, бар нәрселерге бой салып тұрақтап тұра алмайтын ұшпалығынан деп ойлап келген Тәбира осы жерде отырып, бұлдыр болса ол пікірінің  қате жерлерін енді-енді аздап болса да сезе бастағандай. Сол қалпы көп отырмастан такси шақыртып үйге қайтып кетіп еді.

                                                *   *   *

 

Өмір осылай із-тұзсыз білінбей өтіп барады. Бүгінге дейінгі уақыт осылай болып келсе, ендігі алдағы өмірдің қай жаққа, қалай беттейтіні әлі беймәлім. Әйтеуір осы тірліктің оңбай тұрғаны жалпы жұртқа белгілі болды. Орнықсыз болған соң жұрт қызметке бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Айлық ақша аз. Таралым жоғалып барады. Ілияс жаз шыға басқа қызметке ауысып тынды.

Арада бір жыл өткенде өзі де қызметшілері де әбден азып-тозған журнал мүлде тоқталып, жабылып қалды. Журналистік қызметке әбден төселіп алған Мейрам Малаев апталық газеттің біріне басшы боп ауысты.   “Е, Малаев орнын енді тапқан екен”, – деп күлді жазушы құрбылары. – Бірақ тәп-тәуір журналды жауып кеткені өкінішті-ақ.                   

                              

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here