Қазақ тілінің қазіргі дәрежесі қандай? Қай тілді меңгеру қажет?

      Тіл – ол ұлттың айнасы. Тілсіз ұлтты, ұлтсыз тілді елестету мүмкін емес. Қазақ тілі Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Димаш Құдайбергенов секілді қазақ ұлтын әлемге танытқан қажырлы тұлғалардың,  ардақтаған ана тілі. Қазақ тілі – лексикалық және фонетикалық мәні жағынан теңдессіз, теңеусіз. Сирек қайталанатын қазақ есімдерінің өзі бір том. Бір сөзді бірнеше мағынада жеткізетін синоним сөздері мен бір мағыналы, бірнеше мәнді омонимдері де алуан түрлі.

          Америка Құрама Штаттарының ұсынысымен, 1945 жылдың 26-шы маусымында  Біріккен Ұлттар Ұйымын құру туралы жарғы қабылданды. Жарғы сол жылдың 24-ші қазанында өз күшіне еніп, ұйымға 193 мемлекет мүше болып тіркелді.  Ұйымның ресми түрде рәсімделген 6 тілі бар. Олар: ағылшын, испан, француз, қытай, араб, орыс тілдері. Бұл шешім бекерден – бекер қабылданған жоқ. Қазір ағылшын, қытай, араб, француз, испан, орыс тілдерінің әлем халқының сұранысына айналған заманы. Лингвистикалық геосаясат анық әрі жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Біз, жастар, еліміздегі қазақ тілінің аясын ұлғайту үшін нәтижелі еңбек жасауымыз керек. Қызылорда және Атырау облысының тұрғындары секілді барлық тұрғын қазақша сөйлей алса, ол отанға деген үлкен құрметтің белгісі.

         «Wikipedia»  сайтының 2019 жылғы, орыс тіліндегі ресми дерегіне сүйенсек, қазақ тілінде 16 миллион адам сөйлейді. Бірақ, шетелде жүрген қазақ, өзге ұлттың өкілімен танысарының алдында, ойын жеткізіп, іздеген жерін сұрастырып білу үшін, міндетті түрде  өзге тілге көшеді. Халықаралық тіл ретінде орыс, ағылшын тілдерін пайдалануға тура келеді.

       Қазақ тілінің статусы – мемлекеттік тіл. Барлық іс – қағаздар қазақ тіліне аударылып, ұлтаралық тілге айналатын уақыт та жақындап келеді. Ол бірінші кезекте қазақтардың өзіне байланысты. Өз елімізде тұрып, өз ана тілімізде сөйлеспесек, онда өзге ұлттарға қазақ тілінің  қажеті қанша? Ана тілді дамыту тек қана өзіміздің қолымызда! Қазақ қазақпен тек қазақ тілінде сөйлессе, басқа ұлттар түсінуге ұмтылғандықтан, үйренуге ыңғайланады.

       10 жыл қайталанып тұратын санақтар барысындағы қазақтардың санының артуы, лингвистикалық жағдайды  жақсы жағына өзгертіп жіберді. Сындарлы 1939 жылы санымыз 37,84 % – ға әзер жетсе, 2019 жылы 67,98 % – ды құрады. Санымыз 90% асса, қазақ тілі бірден – бір ұлтаралық тілге айналары сөзсіз.

      Қазақ – түркі тілдес халық. Қазақ тілін білсең, өзбек, қырғыз, татар, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, ұйғыр ішінара түркі және әзербайжан тілдерін түсіне аласың! Ортаны жалғайтын ұлтаралық ортақ «лингва франка» тілінің қажеті жоқ. Әркім өз тілінде сөйлесе де, әңгіменің қандай тақырып пен бағытта екендігі аңғарылып тұрады. 16 миллион адам сөйлейтін қазақ тілінің болашағы зор! Қазақ тілін үйрену арқылы түркі тілдерін меңгеру мүмкіндігі туады. Қазақстан жер аумағы жөнінен түркі тілдес елдердің ішінде бірінші орында тұрған алып мемлекет.

        Қазақ диаспорасының шет елде тұрып жатса да басым бөлігінің, ана тілін ұмытпайтынын жақсы білеміз.  Иә, Қытайда 1,6 миллион (2010 жылғы санақ), Өзбекстан 803.000 (2017 жылғы санақ), Ресей 647.732 (2010 жылғы санақ),  Моңғолияда 101.526 қазақ диаспорасы тұрады. Бұл тек 100.000 адамнан асатын қандастарымыздың әр елде тұратын тізімі. Орта және шағын көлемдегі қазақ диаспорасы тұратын елдер тізімнен әлдеқайда көп.  Қытай мен Моңғолия қазақтарының ана тілімізді еш қоспасыз, табиғи, бұрмасыз, кірме сөздерсіз, көркем әдеби тілде сөйлеуі  әлі күнге дейін орысша араластырып сөйлейтін бізді қатты таңқалдырады. Мен Қытайдан келген бір қандасымыздың өзге тілде сайрай жөнелгенін көрмедім. Олар отбасы мен қауым арасында тек қазақша тілдеседі.  Қай жерде тұрса, сол елдің тілін жетік біледі. Біз өз елімізде, жерімізде  тұрсақ та,  орысша білетіндігімізді көрсеткіміз келіп тұрады. Ал, Қытай қазақтары 1.200.000 миллион адамның ана тілі саналатын – қытай тілін жетік меңгерсе де, орынсыз мақтанбайды. Қытайдың мәдениетін, саясатын сыйлайды. Бірақ қазақ тілінің рухани маңызын бәрінен де жоғары қояды.  Қазақстанда қазақ тілінің дамуына қандастарымыздың қосқан үлесі өлшеусіз.

       Қазақстан Республикасындағы қазақ тілінің мәртебесі қандай? Конститутцияның  7 – ші бабында тіл туралы осылай деп жазылған: Қазақстан Республикасындағы  мемлекеттік тіл ол – қазақ тілі. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.

      Лингвистикалық тұрғысынан алып қарағанда Қазақстан,  қазақтілді және орыс тілінің қолдану аясы кең аймақ болып екі үлкен топқа бөлінеді. Бір «әттеген ай» дейтін жер ол – орыстілді қазақтар көп. Оларға кінә тағу әрине. дұрыс емес. Кеңес Одағы кезінде тек орыс тілді балабақшада, мектепте, институттарда болды, сонда оқыды. Бірақ, қазір қазақ тілін меңгерудің кезеңі келгенін ескеретін сәт туды. Сол үшін қазақша үйрену керек!

       Қазақтілді аймақтар: Атырау, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облысы. Яғни, батыс және оңтүстік Қазақстанның халқы толық қазақтілді. Орталық, солтүстік, шығыс, оңтүстік – шығыс Қазақстанда орыс тілінің қолдану аясы кең. Бұл пропорциялы жағдай аталған өлкеде славян халықтарының қазақтармен шамалас деңгейде болуынан туындаған. Бірақ, үкімет басшылығының жүзеге асырған реформалары мен рухани іс шараларының аясында, қазақ тілін меңгерген славян ұлттарының саны артып барады. Анна Данченко, Майя Веронская, Максим Споткай, Ирина Тен, Генадий Шиповских сынды жалынды жастарымыз ел тұрғындарын қазақ тілін жаппай үйренуге шақырып, үйрену аясының кеңеюіне жеке азаматтық үлестерін қосып жатыр.

       Бір тудың астында тұрып, бас қосып, бірлікпен өмір сүріп жатқан 130 ұлттың өкілдері қазақ тілінің болашағы зор екенін түсінді. Мемлекеттік тілді игеруге ішінара  болса да, көңіл бөлуде . Солтүстік және шығыс Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз қазақ тілінің ықпалын арттыра түсті. Қазақ тілін үйретіп қана қоймай, дамуын жеделдетті. 1991 жыл мен 2020 жылдың аралығындағы 29 жылдық өзгерісті алып, салыстырып қарасаңыз, айырмашылығы жер мен көктей. Қазақтілді тұрғындардың саны 70 % – ға жетті.

        Демография ғылымының тілімен айтқанда, саны  90 % -дан асып түскен моноұлтты 3 облыс бар. Ол Атырау ( 92,59 %),  Қызылорда (96,26%) , Маңғыстау (90,99 %). Көрсеткіш жыл сайын жоғары қарқынмен алға жылжып келеді. Моноұлтты облыстардың қатарына алдағы он жылдың көлемінде 82,84% Ақтөбе, 76,02 % Түркістан, 72,73 % Жамбыл, 72,07 % Алматы (2019 жылғы санақ) облыстары кіруі әбден мүмкін.

       1731-ші жылдың қазанынан бастап, 1991-ші жылдың желтоқсанына дейін қазақ жері тура 260 жыл Ресей империясының құрамында болды. Қазақ жері кең – байтақ болғандықтан, қосылу процесі тек 1860-шы жылы ғана аяқталды.  Ресей империясының ықпалымен «орыстандыру» процесі жүргізіліп, ресми тіл тек орыс тілі болып саналды. Арабтың әліпбиімен жазып, діни тұрғыдағы сауаты мол халық ,енді еуропалық көзқарастағы білімін одан ары жетілдіре түсті. Орыс тілі бізге техникалық және ғылыми салада өте көп көмектескендігін мойындау қажет. Орыс тілін үйрену арқылы шет тілдер мен әр саланың терминдерін түсініп оқу мүмкіндігі пайда болды. Қазақ тілінде терминологиялық оқулықтарды шығару тек, тәуелсіздігімізді алғаннан соң ғана қолға алынды. Екі түрлі мәдениет пайда болды. Қазақи және орыстілді. Бірақ, біртіндеп қазақ тілі және қазақ ұлты қатты қысымға ұшырады. Бірінші дүниежүзілік соғыс, ұлт – азаттық көтеріліс, азамат соғысы, қолдан жасалған бірнеше аштық қарсаңы, кәмпескелеу, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақтардың басым бөлігі қырылып қалды. 100 % халықтың тек 30 пайызға жуығы ғана аман қалды. Қазақ тілді мектептер жабылып, оқу тек орыс тілінде ғана жүргізілді. Қиыр Шығыстан және Кавказдан күштеп қоныс аударылған халықтар күштеп орыстандырылды. Ұлтаралық және ресми тіл орыс тілін меңгеру ниеттен заман талабына айналды.  Сол саясат әлі күнде дейін жалғасып келеді. Яғни, қазақтардан басқа ұлттар қазақ тілін түсініп, сөйлесе білгенімен, орыс тілінде  қарым – қатынас жасағанды мемлекеттік тілден де артық санайды.

      Орыс тілі  шын мәнісінде елімізден кеңінен қолданылады. Бірақ мемлекеттік тіл  – қазақ тілі. Орыс тілі – ұлтаралық қарым – қатынас тілі. Жол нұсқаулары мен хабарландырулар ресми түрде қазақ және орыс тілдерінде жазылады. Мемлекеттік мекемеде істейтін қызметкерлер  биллингвал. Сұрағыңызға екі тілде де еркін жауап береді. Қазақтардың басым бөлігі  орыс тілін жақсы біледі. Осыған қарап ақ, қазақтардың орыс тілін құрметтеу деңгейінің жоғары дәрежеде екендігін білуге болады.

        Қазақстаннан қоныс аударып Германияда тұрса да, қазақ халқын сағынышпен еске алатын неміс ұлтының, қазақ тілінде жетік сөйлеуі басқа ұлттардан ерекшелендіріп тұрды. Баратын жерінен кешікпейтін, жұмысты жан тәнімен істейтін еңбекқор халық, қазақ жеріне алғысын аямады.Елге, туып –өскен жеріне деген ризашылығын әсерлеп, тебіреніспен жеткізіп жатты. Мерекелік кештерін қазақи колоритпен өткізді. Қазақ тіліндегі әндерді тойларында қайта қойып, билеп жатқанын көріп, көзге еріксіз жас келді. Неміс ұлтының өкілі, жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы, прозаик Герольд  Бельгер (1934 – 2015 жылдары өмір сүрген)  өмірінің соңына дейін қазақ тілінің  өркендеуіне өлшеулі еңбегін сіңіріп кетті. Әбдіжамал Нұрпейісов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин сынды әдебиет өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сұхбатында қазақ тілінің болашағы зор екенін  жиі айтты.

     Филология ғылымдарының кандидаты, профессор әзербайжан ұлтының өкілі, аса құрметті Асылы Османова  да қазақ тілі жөнінде 200 ден аса ғылыми және аударма мақалаларын жариялады. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» еңбегінің жарыққа шығуына белсенді түрде көмектесті.

       260 жыл ішінде орыс тілінің ана тіліміздің түрленуіне қатты әсер еткені анық. Орысша – қазақша, қазақша – орысша тұрақты комбинациялар пайда болды.  Қанша жерден таза қазақ тілінде сөйлегіміз келіп тұрса да, әңгіме арасында орысша қосып жібергенімізді аңғармай қаламыз. Сіз сөз ортасында осы сөйлемдерсіз қазақша сөйлеп көріңізші: Че там, почти аз қалды, телефонымның зарядкасы бітті, все бітті, еще сүйтеді, маған неудобно, ременді тақтың ба, штраф салмады ма, бос емес занят, потом звандаймын, единицам жоқ, остановка қайда, әй молодец, вообще ұятың жоқ екен, магазин мынау ма, аптека қай жерде, базар жоқ, красавчик, вот көрдің бе, қойшы не надо, площадта парад болама, мә позор болдық, автомойка алыс па, алдыңғы сиденьеге отырсам болама, багажын ашыңызшы, квартплата, коммуналка, квартира, тренажерный зал, бір прием үйретіңізші, стадионға барайықта, столовыйдан тамақ ішейік те, булка нан барма, стрижка қаншадан, маршрутка жүре ма, зарплата түсті ме екен, баня ыстық па, грузчик жұмыс барма, алло, просто обидно да, нервыма тимеші, хочешь не хочешь, тормоз екенсің, осы поворотта бұрылыңыз, очки тағасың ба, спичка берші, обед болды ма, давай, настроением жоқ, тарелкаға салшы, сдача қайда, мелочь барма, крупный берші, страшный авария болыпты, пробкада тұрмыз, общага, ссылкасын жіберші, старшактар тиісті, и то оның арқасында, достал уже, мужик екен, не проблема, сообщение, будильник қойшы, ровно 12 де, точно айттың, действительно солай,  стипендия, шпагатқа отыра аласың ба, мачалка, кредитіңді төледіңба, заезбен кіре аласыз ба, ужас қой, тұру невозможно, скидовать етіпсің, маяк тастапсың, реально айтам да, байларский ғой, ну ладно, через не хочу, как будто, по необходимости . Бұл сөйлемдерді толық қазақ тілінде айту, кейбірімізге әлі де мүмкін еместей болып көрінеді. Ұрсысқан кезімізде де, аузымыздан былапыт сөздер  автоматты түрде орыс тілінде шығады.

      Құрметті халайық! Сөзімді қорытындылай келе сіздерге айтарым: ана тіліміздің абыройын асырайық. Орыс тілін білгеннен жаман болған емеспіз. Тіл білгеннің артықтығы не зияны жоқ. Бірақ, ана тілімізде сөйлеп, білмегенге үйрету ол біздің парызымыз екенін есімізден шығарайық. Басқа ұлттың өкілдері қазақша сөйлесе, таңданып, мақтай бермей, қажеттілік ретінде қабылдайық! Қатты керек болған жағдайда, тілді 3 айдың көлемінде орта деңгейде меңгеріп алуға әбден болады. Қазақ тілінде түсініп, орысша білгеніңізден бөлек, ағылшын, қытай, араб, испан, француз тілдерін меңгеруді қазірден бастап мықтап қолыңызға алыңыз!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here