Сұптай, Нəдек, Шежін, Үшарал, Сарыбел, Ынталы (Аламан), Қоңырөлең, Алтыүй, Головацкий (Жаскент, Молодёжный), Көктал, Кіші Шыған, Үлкен Шыған, Еңбекші, Жерұйық (Нағарашы), Жаңақұрылыс (Новостройка), Айдарлы, Əулиеағаш, Кермеағаш, Садыр, Тұрпан, Нұркент, Пенжім, Ақкент, Ават, Сарпылдақ, Ақжазық, Ақарал, Аққұдық, Қырыққұдық, Алмалы, Басқұншы, Бөрібай би (Соцжол), Дарбазақұм, Диқанқайрат, Елтай, Жаркент-Арасан, Жиделі, Көктал-Арасан, Қызылжиде, Лесновка, Сарытөбе, Смирновка, Хоргос, Шолақай, Ынтымақ. Осынау, кең байтақ өлкені қамтыған, бірлігі мен тірлігі жарасқан, ауылдық аймақтардан құралған ЖАРКЕНТ өңірінің, аумағы 10,6 мың² шақырымнан асатын, Панфилов ауданының орталығы – ЖАРКЕНТ қаласының мейірімді, еңбекқор, қонақжай халқы, МӘҢГІЛІК жасасын!!!   

 СҰПТАЙ – ЖАРКЕНТ – АЛМАТЫ

      Мен 1992 жылы, тамыз айының 23-ші жұлдызында, Сұптай ауылында, жарық дүние есігін аштым. Балалық шағым, осынау табиғаты көркем, бірлігі мен тірлігі жарасқан, тұрғындары жайдарлы, халқы шетінен еңбекқор ауылда өтті. Сұптай – менің ғұмырымының бітпес бір бөлшегі. Жүрегімде жалындап соққан, сағынышқа толы лүпілдің бірден – бір иесі. 

      Анашым Нұржамал Әріпжанқызы сұлулығына көз тоймайтын Сарыбел ауылының сұлу қызы.  Әкем Тілепалды Тайлақұлы осы ауылдың медицина мекемесінде табаны күректей, 35 жыл еңбек етті. Бас дәрігер лауазымын 35 жылдан астам,  асқан абыроймен, жауапкершілікпен атқара білді. Қоғамдық іс – шаралардан қалмады. Қаламгерлік талантымен де кеңінен таныла білді. Аудандық және республикалық мерзімді басылымдарда тың қоғамдық мәселелерді қозғап, жеке ойымен бөлісіп отырды. Менің ұстаз болып қалыптасып, қаламымды ұштауыма біріншіден, туылған ауылым себеп болса,  ал, екіншіден әкемнің берген рухани байлығы жігерімді жалындата түсті. Әкем:

  • Балам отанды сүй. Халқың үшін қалтықсыз қызмет ет. Адал бол, әділ бол, қандай да бір айтуға тұрарлық еңбек жасасаң да, шынайы көңіліңмен жасай біл деді. Осынау даналық сөзі менің санама мықтап тұрып, қалыптасып қалды.

        Мешіт салып, құрбандық таратып, қаржылай көмек көрсетіп, жаңадан жол салғызып, қоғамдық орындарды арт – артынан көтеріп, елім деп ерен еңбегі сіңген қазақтың жанашыр, жомарт тұлғалары секілді мен  де ауылымның көркеюіне, одан ары жандануына өзіндік үлесімді қосуды мақсат етемін. Мақсат емес, өзімнен тіпті, талап етемін. Әрине, бұл ойымды жүзеге асыруымды талпынысым мен жігерім, ең бастысы өмір патшасы – уақыт көкжиегі көрсете жатар. Бұл мақсатымның болашақта нақтылыққа айналатынына нық сенімдімін. Ол үшін аянбай, тынбай еңбек ету керектігін жақсы түсінемін.

      Сұптай – Жаркент қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан шағын ауыл. Жаскент ауылдық округының құрамына кіреді. Халық саны 2009 –шы жылғы «Wikipedia» сайтының санағымен алғанда 757 адам. Тұрғындары таңның атысынан, күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп жатады. Ауылдың шетіндегі өзеннің ағып жатқан дауысы, құлаққа сондай жағымды әсер береді. Жағалай қоршаған ағаштардың көптігі сонша, жасыл желекке толы ауыл, сонадайдан анық көрінеді.

      Ауылымыздың арқалы азаматтары рухани қоғамдық іс – шараларға белсене атсалысады. Жеке кәсіпкер Бердібек Бекмұқанұлы ауылымызда өтіп жатқан  іс – шараларға белсене қатысып, қолынан келгенше көмек беріп келеді. Менің әкем де өз кезегінде, бұл шараларды қос қолымен қуана қолдап, белгілі көлемдегі  табысын қайырымдылық істерге жұмсап тұрды.

      Жомарт тұлғалардың бастамасымен, ауыл тұрғындарының еңбегінің арқасында, Сұптайда жаңа мешіт тұрғызылып, халық игілігіне пайдаланылуға берілді. 

       Қанша мәрте ауылда тұрақтап қалғым келіп тұрса да, ару Алматыға сапар шегу үшін, Жаркент бекітіне баруым керек болды. Көлікте отырғанда артқа қайта – қайта қарай беріп, туған жерімді қимадым. 

  • Сұптайым… Ауылым… Саған басымды иемін, туған жерім… Атамекенім. Отаным. РАХМЕТ САҒАН. Балалық шағымның куәсі өзіңсің… Күт мені… Мен күндердің – күнінде қайта өзіңе ораламын… Сенің көркейіп, одан ары жандануың үшін, аянбай еңбек етемін  дедім өзіме іштей серт беріп.

      Жаркент бекетіндегі автобус, Құлжа тас жолымен сағат 9:00 де Алматыға бағыт алып,  сапарға шықты… Жолаушыға толы ауыр автобус, орнынан қозғала берді…

       Жолға шығу – қашанда қауіпті, бірақ қызыққа толы. Автобустың кең терезесі арқылы туған өлкенің тамаша жерлерін қызықтау мүмкіндігі артады. Ну орманды ағаш, алыстан көзге шағылысатын Іле, Тышқан, Бурақожыр, Өсек, Қорғас, Алтынкөл өзен – көлдері. Аспанмен астасқан Алатау сілемдері. Қарсы бетте келе жатқан қисапсыз көлік. Ұшы қиыры көрінбейтін кең – байтақ дала. Сөмкемдегі дәптер мен қаламымды алып отырғаным қандай жақсы болған. Бойымды шабыт жалыны шарпып өтті. Жалынның күштілігі соншалықты, Сұптайдан бастап Жаркент жайлы көлемді еңбек жазуды да бастап кеттім.

      Жаркент…  Сипаттасам сөзім, жазсам парағым, жырласам дастаным, ойласам ойым жетпейді… Жаркент – алып тұлғалар дүние есігін ашқан жер. Жерімізге көз тігіп, анталаған жаудың ту-талақайын шығарған қанқұйлы шайқастардың куәсі болған, ата – бабаларымыздан қалған шоқтығы биік мұра. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан – шығыс қақпасы. X- шы ғасырдың аяғынан бастап, күні бүгінге дейін жеткен баға жетпес өркениет орталығы.

      Жаркент – Алматы облысындағы, Панфилов ауданының орталығы. Панфилов ауданы Алматы облысының шығысындағы, Қытай Халық Республикасымен шекаралас аймақта, орналасқан. Аумағы: 10,6 мың² шаршы шақырым. Халқының саны: 129204 адам.(2019-шы жылғы санақ бойынша). Аудан 1928 -шы жылы құрылған. Орталығы – Жаркент қаласы, 1882-ші жылы қайта тұрғызылған. Жаркент 1891-шы жылы қала статусын алған. Қала тұрғындарының саны: 42 617 адам. (2019-шы жылғы санақ бойынша)

      Елдің өткені мен болашағы ол- тұтас тарих қойнауы. Ел жерсіз болмайды. Жер киесіз болмайды.  Жер мен су аттары қазақ халқында  басынан өткізген тарихи оқиғаларының негізімен,  әдеби теңеулерге сай етіп қойылған.

      Панфилов ауданының тамашалауға тұрарлық жерлері  осы күнге дейін бізге аман – есен жетті. Жаркент қаласының дәл Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы стратегиялық тұрғыдағы маңызын арттып, мәдениеттің өркендетті. Қытайға сапар шеккен көпестер мен саяхатшылар ескі шаһардың ескерткіштері жайлы тамсана жазды.

       «Жаркент мешіті», «Әулиеағаш», «Орбұлақ», «Найзатапқан». Панфилов ауданының осынау сакральды орындары, қайталанбас архитектуралық  талғамымен, тау жоталары тізбектей созылған өзендерінің аңғарларымен,  ұшы – қиыры жоқ кең далаларымен, тарихи шайқастардың аумағымен ел есінде қалды.

       Жаркент – теңдесі жоқ, бір шегесіз салынған Жұма – мешіті бар қала. 1895 жылы Қытай архитекторы Хон Пиктің жобасымен, ұйғыр ұлтының көпесі Уәли Ахун Юлдашевтың қаржысымен көтерілген. Мешіт Республикалық мағынасы бар тарих пен мәдениет ескертіші ретінде, 1982 – ші жылы мемлекет қамқорлығына алынды. Аумағы: 28х54 метр.

      Ал, енді 1643 жылы Белжайлау бөктерінде, қазақ пен жоңғар арасындағы, қанды қырғын болып өткен, даңқты «Орбұлақ» шайқасын бір сәтке есімізге түсірейікші…  600 жанкешті жауынгер  80 есе көп жаудан тайсалмай,  арыстанша арпалысып, саны жағынан тең емес ұрыста, жоңғарлардың тас – талқанын шығарып жеңді. Ал бұл жеңіске Салқам Жәңгірдің бастауындағы қазақ қолы қалай жетті? Бұл жеңістің қаншалықты маңызы болды?

      1643 – ші жылы Жоңғар қоңтайшысы Эрдэнэ  Батыр 50.000 қолымен қазақ хандығының шекарасын бұзып, жерімізге баса – көктеп кіргенде, 600 жасақ Салқам Жәңгірдің бастауымен күтіп алып, ұмытылмастай әрі ұрынбастай етіп соққы берген жер кейіннен Орбұлақ деп аталып кетті. Орбұлақ – Белжайлау баурайындағы өзеннің аңғарында орналасқан. Ескі атауы: Үйгентас.

      Саны жағынан сарбаздарының әлдеқайда аз екенін түсінген Жәңгір 300 ден екі топқа бөлінген сарбаздарының бір бөлігін тау баурайына жасырып қақпан құрғызып, қалған 300 жауынгерін  білтелі мылтықпен қамтамасыз етіп, соғысуға тас – түйін дайын тұрды. Әрине, кең даладағы шайқаста, қазақтардың жеңіске жетуі мүмкін емес болатын. 600 сарбаз 50.000 қолға қарсы тұрып, қолма – қол ұрысқа шықса, бір қазаққа 83 жоңғардан екен. Бірақ, халық стратегиясы мен айласы асқан Жәңгірге «Салқам» лақабын бекер қоймапты. Ол азғана әскерімен ақ бірнеше есе көп жаудың быт – шытын шығарып жеңді.

     «Салқам» Жәңгір жауынан әлдеқайда аз әскерін тау шатқалына жасырып, жоңғар шерігін Белжайлауда күтіп алуды жөн санады. Ойлағаны мен есебі дәл өте еді. Шатқалдан өтуге бел буған жоңғарларды сақадай – сай қаруланған қазақ жасағы күтіп алып, қанқұйлы шайқасты бастап жіберді. Мылтықтың атылуынан алдыңғы қатарда келе жатқан жоңғарлар тұтас жусап қалды. Жаудың артқы бөлігі енді есін жия бергенде, екінші топ, жота бөктерінен төменге қарай ауыр тастарды құлатып, жебелерді қарша боратып, жоңғарлардың шайқасуына тіпті мұрша бермеді. Алға шабуыл жасаудан беті қайтып, шайқаспай ақ қырылып, қатары сиреген  қалың қол Батыр қоңтайшының бұйрығымен артқа шегінген сәтте, ту сыртынан Самарқан әміршісі Алшын Жалаңтөс Баһадүр бастаған 20.000 әскер келіп соққы жасайды. Жоңғар қолы бұл соққыға шыдамады. Орталық басқарылудан айырылып,  тоз – тозы шыққан күйде шегініп, қазақ қолының тегеурінді қырғынынан әзер дегенде қашып құтылды. Майданда 10.000 сарбазын қалдырып, ойсырай жеңілген жоңғар қоңтайшысы бұл масқара жеңілістен соң, ұзақ уақыт қазақ даласына шабуыл жасауға батылы бармады.

     «Орбұлақ» шайқасы жоңғарлардың шапқыншылық ниетін тежеген, ұмытылмас сабақ болып тиді. Осы шайқастан соң, жоңғарлар  оқ – дәрімен атылатын қару – жарақтарды жасау өнеркәсібін мықтап тұрып қолына алды. Ал, жеңімпаз Салқам Жәңгір қолға түскен трофейды жан аямай шайқасқан сарбаздардың барлығына теңдей етіп үлестіріп беріп, Алшын Жалаңтөске шынайы алғысын айтып, абыройы асқақтаған күйде өз ордасына оралды.

       Аңызға айналған жеңіске халық ризашылығы ретінде 1993- ші жылы, «Орбұлақ» шайқасының 150-жылдық мерейтойының қарсаңында , тау басында алып монумент тұрғызылды. Онда халық ризашылығы былай жеткізілген:

      «Қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін, жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан»!

       Киелі ағаш – Әулиеағаш… Әулиеағаш ауылында өсіп тұрған қарағаш. Осындай киелі қарағаш әлемнің 3 елінде ғана бар. Қазақстан, Қытай, Түркия. Аңыз бойынша, 7 әулие бабамыз осы жерге, тоқтап түнеген екен. Сол әулие бабамыздың біреуінің қолында сыйқырлы аса таяқ болыпты. Ол асатяқты қалдырған жерде, ағаш өсіп шыға келіпті. 6,5 метрлік ағашты толығымен құшақтау үшін 6 ересек адамның қолы қажет. Тарихы – 700 жыл. «Киелі ағаш» – киелі орын. Әулиеағаштың айналасында 7 қарағаш өсіп тұр. 1999 жылдан бастап, аймақты сәндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді.Келушілердің құрметіне арнайы отыратын орындар жасалынған. Бұл жерден бір бұтақты рұқсатсыз алып кетуге, сындыруға болмайды. Бұл тыйымға құлақ аспаған адам түбінде бақытсыздыққа ұшырайды. «Әулиеағашты» көріп, тамашалап, тілегім орындалсыншы деген үмітпен әр түрлі санаттағы, көптеген адамдар «Киелі ағашқа» арнайы келеді. Киелі ағашқа тілек орамалын тағып,тілек таспасын ырымдап байлап жатады.

  • Әулиеғаштың басына барып тілеген тілегім, қабыл болып, айтқаным орындалды дейді сол жерде болған кісілер.

      Найзапқан… Қайнар бұлақтың қойнауы – «Найзатапқан» бұлағы – Панфилов ауданы мен Кербұлақ ауданының ортасындағы  «Ынталы» (Аламан) ауылының барар жолында, Алтынемел қорығының солтүстік –шығыс бөлігіндегі, Үлкентаудың баурайында орналасқан. Кең даладағы бұлақтың емдік қасиеті мен дертке шипасы мол.Бұлақтың басында үлкен қара тас бар. Бұл тастан басталған соқпақ қатарынан орналасқан бұлақтарға әкеледі. «Қазан Қоңтажы», «Көк батпақ» орындарының суы өкпе, аяқ, асқазан, қан қысымы, батыс бөлігіндегі батпақтармен бұлақтар радикулит, остехандроз, паралич  ауруларын емдеп жазған. Аталған дерттің емін таба алмай,  шипа іздесеңіз, «Найзатапқан» бұлағына келіңіз! Қасиетті жердің әрі зәмзәм бұлағының сіздің еміңізге шипа болары сөзсіз. Бір жағы, тарихи эксурсия жасап келсеңіз, тарихқа толы орындарды да шолып қайтасыз.

      Жазуымды жазып бола беріп, басымды енді көтергенім сол еді, автобустың да Алматы қаласына келіп кіргенін аңғармай да қалыппын. Жалма –жан терезеден сыртқа қарадым. Арқамды жазып, көзімді уқаладым. Қолым талғанымен, ойым тың. Туған жерге деген сағынышым ауыр жолды, қиналмай көтеруіме күшті серпін берді. Рахмет саған, туған жерім!

       Сұптай – Жаркент – Алматы бағытындағы сапарым да өз мәресіне жетті. Көп болмаса да шағын әңгіме жазуға үлгергенім үшін,  қуандым. «Сайран» автовокзалына келген кезімде, мен де дәптерімді жауып, қаламымды сөмкеме салдым. Бірақ, іштегі ойым мен жазылған эссем бітпей қалған секілді көрінді. Егер жол ұзақ болғанда ойымды толық жеткізер ме едім дедім қайта шіркін – айға басып…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

1 Пікір

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here