ЖАҒАЛАУ

                                                                                                                                                                     Олар үнсіз отырып шай ішті. Ұяң жүзі лып етіп қызарып, Хасеннің риза болып отырған қалпына көзі түсуі мұң екен көкірегін шым еткізген тәтті сезім лап еткен жалындай өн-бойына тарап қоя берді. Көзін түсіріп әкетті, езуінен елеусіз қуаныш күлкісі білінді. Өз ойларымен болып, әрнені сұрап отырған жігіт мұны байқатпай іштей сынап отырған болар, кім білсін. О жағына көңіл аударып жатуға батылы бармады.

         Хасен көп сөйлемейтін әдетімен таяу арада онша үндей қоймаған соң біртіндеп әңгіме тиегін өз қолына алды. «’Тым ұяң болғаным жарамас, – деп ойлады. Өз үйімдемін ғой». Қысқа ғана қайырылған ұсақ-түйек әңгімемен шай ішіліп болған соң Жәмилә дастарқан жинап жүріп оны сөзге тартты. Жігіттің тұйықтығын байқап, ептеп сөз арасында өзі әзілдей бастады. Әлгіндегі салқындық пердесі сияқтанған көңілсіздік бірте-бірте сейіліп екі арада бейбіт әңгіменің желісі құрыла бастағандай. Өстіп отырғанда Рамазан келді. Есіктен кірген бойда жинаулы дастарқанды көріп:

         – Шөлдеп келіп едім. Шай ішіп болып қойғансыңдар ма? – деді.                  

         – Жеңгейдің шайы біздікінен тәттірек болар деп әдейі тоспадық, – деді Жәмила.            

         Үшеуі де әзілдің сәтті шыққанына қуанғандай бір-бірлеріне қарап жымиысып қойды.        

         Рамазан Хасенмен құрдас, екі баласы бар, жасы отызға таяған жігіт. Екеуі доп қуып, ауылда бала жастан бірге өсті. Мектеп бітірген жылы Рамазан жолы болып оқуға түсті. Ал, Хасен болса оқуды кештеу бітірді. Кедергісі көп түрлі қызметтер істеді, бірде жолы болып, бірде қызметте жолы болмай қалып жүрді. Сөйтсе де өзінің бірқалыпты тыныс-тіршілігінен, сабырлы қалпынан айнып көрген жоқ. Бұрынғы өзінің бала күнгі қулығы жоқ адал күйінде келе жатыр. 

         Үшеуі кеш бата қыдырып көшеге шықты. Жәмила ұзын шашын желкесіне түйіп, етегі төгілген қызыл көйлек киді. Бойы Хасеннен сәл аласа екен. Қатар келе жатқанда екеуінен сәл озып барып қарады да Рамазан:

         – Түу, екеуің бір-біріңе тым жарасып-ақ тұр екенсіңдер, білгендей таныстырғам екем, – деді.

         Жәмила оған еркелеген адамдай күліп, айтатын біраз сөздерін ойында іркіп қалған кісіше көңілдене қарады. Хасен жымиып қойды.

         – Қайда барамыз? – деді Рамазан. Жәмила үшін бәрі құп сияқты.       

         – Өздерің біліңдер, – деді.    

         Олар киноға кірді. Жазғы түн салқын еді. Бұлар кинодан шыққанда биік өскен ағаш жапырағын шулатып тентек жел соқты. Рамазан сырт киімін Жәмиланің иығына жауып, екеуін оңаша қалдырды. Өзі белгісіз көшелермен ұзақ жүріп, көп қабатты үйдегі бір пәтерге бастап әкелді. Үй иесі жоқ екен, бұлар кейін қайтты. Соңынан қол ұстасып келе жатқан екеуінің тынымсыз күбірлеп, иықтары түйісіп, қысыла күлгенін сырттай бақылап келе жатты. Үйге жақындаған мезгілде:   

         – Енді біздің қызмет сіздерге қажет бола қоймас, күткен адамымызға барайық, – деп әзілдеп қоштасты.       

         Екеуі жиі өскен, жапырағы қалың, зәулім ағаштардың арасындағы орындыққа келіп отырды. Аспанда жұлдыз да, ай да көрінбейді, сапырылып жүрген қалың бұлттар. Біраздан соң жаңбыр себеледі.

         Хасеннің көңілінде де осы бұлттардай көшіп жүрген тынымсыз ой бар. Танысқаннан бері Жәмиланың әр қимылын, әр сөзін сәл әрекетін қалт жібермей сынағандағы тапқаны қыздың сақа әйелдердей кекселігі. Қыздың фабрика жұмысшысы екенін есіне алды да: «Мүмкін ауыр жұмыс істегеннен соң нәзіктігінен айырылып қалған болар. Тұрмыс деген де ауыр ғой. Әйтеуір алғашқы ұяңдығынан кетіп, не болса да беті ашылған қыз. Әлде…» деп ойлады.        

         – Неге үндемейсің? Өзің бір жасқаншақ жігітсің-ау деймін. Қыздың қасында жүргенде қандай ой болуы мүмкін жігітте,– Жәмила басын шалқайта қоңырау үнмен сыңғырлап күлді.

         – Әй, сен қыз көрмегендей не сызыла қалдың? – деді сосын.   

         Хасен еріксіз мырс етті. «Әне, – деп ойлады,– қыз бала осындай сұрақ қоя ма?».        

– Енді былай өзіңнің не істеп жүрген адам екеніңді,  қандай ойларың бар екенін айтсаңшы айтсаңшы. Білейік те қандай жігіт екніңді. Әлде мені үндемес ойнауға шақырып, айтқың келмей тығып тұрған бөтен сырың бар ма? – Қыз жігіттің үндеменеін пайдаланып оны тұқыртып алғысы келгендей бастырмалата сұрақ қойып, сөйлемеске қоймайтын тұйыққа әкеліп тіреп-ақ тастағандай болды. Енді бірдеңе деп сөз айтпаса тіпті күлкі болатын сияқты.      – Жігітің бар ма? – деп сұрады ақыры Хасен өзін-өзі зорлағандай болып. Сөздері онша үйлесімді болып шықпағанын өзі де сезіп тұр. Ақыры айтылып кеткен соң бұдан артық сөз таппай енді тағы да сұраған ары қарай ширата беріп қыздың жайын толық сұрап білмек болып берген сауалы еді. Қыздың жауабы бұл күткеннен мүлде бөлек, оқыс болып шықты.

         – Жігіт емес, күйеуім болған.       

         «Әне, – деп ойлады Хасен – айттым ғой…»

         – Ал сенің әйелің қайда?      

         – Мен үйленген жоқпын.     

         – Жетісіпсің, – деді Жәмила әзілдегендей бір зілсіз үнмен. – Отызға келгенде қыз таңдап.    

         Қыздың ширығуы, зілсіз әзілі біртіндеп Хасенге күш берейін деді. Енді екеуі жаңа танысқан қыз бен жігіт емес, бұрынғы сырын білетін ескі таныстардай жақын әңгімелесе бастады. Бір-бірінің өміріндегі қызық пен өкінішті, қайғы мен қуанышты айта отырып жақын құрбыдай сырласып кетті. Хасеннің бағалауынша қыз өте сенгіш және өте пысық адам, ал Жәмиланың бағалауынша жігіт көп талап қойғыш, әрі оны орындағанша асығатын адам. Екеуі бір-біріне осы сөздерді айтқанда көп нәрсенің дәл келгеніне тағы да бірталай таңдана күлісіп алды.  Қоштасарда өкпе аралас: «Әйел көңілін аулауды онша ескере бермейді екенсің. Қыздар ондай салқындықты кешірмейді ғой. Келешекте ескермесең, қыздан гөрі біз сияқты  келіншекті малданып, өміріңнің қызығынан құр қаласың ғой. Намыс қайда? Бірақ адал жігіт екенсің. Сенімен танысқаныма қуаныштымын. Кір шалғандай жабырқау көңілімді бір тазалап кеттің, – деді Жәмила. – Мынау тым сөзшеің, немесе адам сезімін сыйлай білмейтін біреу екен деп оғаш ойлап қалмай келіп ескі таныстай араласып тұр, өзің бір қойған жерде тұратын адал жігіт екенсің –деген. Түпкі ойыңды да түсінем, саған адал жар, бала керек. Ал мен болсам тұрмыс көрген жанмын…». Осыны айтып сөзін мұңды аяқтаған Жамиләны Хасен көңілді әзілмен жұбатып, қоштасар кезде бетінен сүйіп қоштасты.   

         Рамазан әлі ұйықтамаған екен. Хасеннің жайбарақат көңілін көрді де: «Е, тіл табысқан екен ғой» деп ойлады.

                   

*     *     *

 

         Балалар әлдеқашан ұйықтап қалған. Нағима тамақ әзірледі. 

         Рамазан үшеуі асықпай отырып шай ішті.  

         Сосын түннің бір уағына дейін шахмат ойнады екеуі. Рамазан темекі тартып отырып:             

         – Жәмилә қалай? – деді жауап тосып.

         – Жақсы, ашық мінезді, – деді Хасен.

         – Осы қызды ұнатсаң, үйленіп ал енді, – деді Рамазан шаруаны бітірмек боп.

         – Ол келіншек қой, – деді Хасен тіксініп. Рамазанның көзі үлкейе түсіп:  

         – Мен қалай байқамағам, – деді. – Ал онда не тұр. Баласы шешесінің қолында болса, кім біліп жатыр, ал да кет! Ұнатсаң болды емес пе?

         Хасен өзін-өзі қимады. Әңгімені одан әрі өрбіткісі келмей:

         – Мейлі, тағы біреу табылар, – деді.

         Хасеннің жұмбақ мінездерін білетін Рамазан:   

         – Жәмила ашық-жарқын келіншек, от ала келгендей тура ауылға жүгірмей, араласып біраз күн сонымен бірге бол. Жұртпен қатынасып үйрен, тұйықталмай. Жақсы таныстардың көптігі болмайды, – деді.

         Шілде айы. Қаланың шулы тірлігі қым-қуыт. Тек демалыс күндері ғана көшеде жүргінші азаяды. Жұрттың көбі саяжайда дем алады.       

         Демалыс күні Хасен Жәмиланы ертіп Ертіс жағасына келді. Көпір үстінде тұрып, төменде жарқырап жатқан өзенді ұзақ тамашалады. Қасында өткен-кеткен адамдар бұрылып, қызықтай қарайтындай сұлу келіншек жүрсе де Хасенге осы жүрісінде әдеттегідей бірдеңе жетпей тұрғандай көрінді. Оның жүрегіндегі әлдеқашан нәзік дауыспен айтылуға тиісті сүйікті әні өзіне жат жуан дауыспен көңіліне ұнамайтын ырғақтың әуеніне түсіп бара жатқандай көрінді. Адам жүрегінің осынша сезімтал болып жаралуы неліктен екен деп ойлады. Жас балауса күйіңде айтылуға тиіс, тамаша сезімдердің кейін бұлай өзгеруі сүйіспеншілік сезіміңнің ұйықтап кетуінен болатын азап па екен, болмаса адам баласы өз махаббатын осылай жүріп іздей-іздей бір күндері ойда жоқта ұшыратып таба ма, әлде қасында жүрсе де бағаламай жылдар бойы жүріп-жүріп қадіріне кейін жететін ескі досыңдай бағалы сезім өзінен-өзі бір күндері адам жүрегіне сәуледей ққұйыла ма екен. Осы бір сүйкімді де сұлу келіншектің бойындағы әдемі ойнақылық, жақсы ашықтық, жып-жылы көзқарас оның мына өмірге кейде күндегіден сәл басқаша қарау керек деген көзқарасына сәйкес келіп жатқандай. Олар қол ұстасып тоғайлы алаңқайдан өтті. Аралары жақындай түскендей, жолда кезіккен, не қарсы ұшырасқан адамдар болған жоқ.  

         Олар құмды жағалауға келді. Күн төбеге өрмелеп жарқырай түсті. Доп қуып, жағада ойын соғып жүргендердің көбі жастар. Кейбіреулер күнге қыздырынып, бастарын бүркеп, балбырап, рахаттанып жатыр. Суы жайдақ жерлерде балалар жүр шулап. Көздің жауын алатын құлындай мүсіннің не түрлісі мықынынан үзіліп осында жүр.     Бұлар жұртты көріп айналаға көздері үйренгенше өзенді жағалап біраз жүрді. Сосын шулы жерден оңашарақ, биіктеу жардың астына барып, жағалаудағы тасқа аяқтарын суға салып біраз отырды. Хасеннің есіне ауылдағы өзен түсті. Жаздай ауылдағы балалар маңынан шықпаушы еді. Кеш болып, мал өрістен қайтқанда шаршап оралатын. Кейде жүгірмектерді шешелері тоқпақтап та алады.           

         – Сен әрі қара, – деді Жәмила ұялып. Денесі аппақ екен. 

         Хасен әзілдеп:

         – Жәмила Ертістің жағасында тұрып рахатын көрмеу деген қылмыс қой, – деді.

         Сосын шешінді де тітіркеніп тұрып суға сүңгіп кетті. Құлаштап жүзіп өзен ортасына барып қайтты. Жүзе білмейтін Жәмиланы сүйемелдеп су ішінде ұзақ жүрді. Денесі су ішінде қуыршақтай жеңіл. Ұзақ ойыннан шаршап, екеуі жағаға шықты. Жәмиланың еріндері сәл көгеріп, дірілдеп тоңғандай.

         – Қазір жылынып кетесің, – деді Хасен күнге көзін сығырайтып.

         Жәмила орамалмен көзін сүртіп жігітке қарады. Көздерінде терең нұр, тұңғиық сыр бардай. Сол нұрлы дүниеде қуаныш, тілек жатқандай.      

         Жағада толқындар сылқ-сылқ күледі. Аспанда күн күліп тұр. Алыстан шулаған дауыстар естіледі.

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here