БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ БОЛҒАЙ…

       1-ші мамыр «Қазақстан халқының бірлігі күні» мейрамы құтты болсын!

      Отанымыз кең – байтақ Қазақстан Республикасы,  діні мен тілі де алуан түрлі көптеген ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, бірліктің бағдарымен, көк байрағымыздың қамқор саясында бір отбасындай қатар өмір сүріп жатқан атамекені. Елімізде 130-дан асатын ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Барлық ұлт заң алдында бірдей.

      Конституцияның 3-ші бабында былай деп жазылған: Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық елім деп еңіреп, көкірегін оққа тосқан батырларын ардақтап, құрметтеп келеді.     

       Қазақстан Республикасының тұрғындарының саны 2020 жылдың 1 наурызындағы санағына сүйенсек,  18 671 900 адам. (Wikipedia сайтының дерегі бойынша).

       2020 жылғы қаңтар айының біріндегі санақ бойынша: титульды ұлт –  қазақ халқының саны: 12764821 адам. (68,51 %) Орыс ұлтының саны: 3512925 адам. (18,85 %) Өзбек ұлтының саны: 605137 адам. (3,25 %) Ұйғыр ұлтының саны: 274509 адам. (1,47 %) Украин ұлтының саны:  263962 адамымен (1,42 %) саны жөнінен ұлттар арасындағы санақтағы 5-ші орында тұрақтады. Татар, неміс, түрік, кәріс, әзербайжан ұлтының өкілдерінің саны 100000 адамнан асады.

       Республикамызда барлық ұлттардың құқығын, мәртебесін, тілін, дінін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау мақсатында ұлттық орталықтар ашылған. 170 жексенбілік тіл орталығы бар. Мемлекеттік қазақ тілінен бөлек 10: орыс, ағылшын, кәріс, неміс, француз, ұйғыр, түрік, поляк, украин, дүнген тілдеріндегі бағдарламалар күн сайын эфирге шығады.   

        Үкімет мәдениет саласын өркендету мақсатында табанды әрі нәтижелі жұмыс жасауда. Үкімет қолдауымен ашылған Қазақ, орыс, неміс, кәріс, ұйғыр, өзбек тіліндегі ұлттық театрлар көрермен көзайымына айналып, шығармашылығын шыңдап, репертуарларын жаңартып, үздіксіз жұмыс істеуде. Ата заңымыздың 7-ші бабы, 3-ші тармағында былай деп жазылған: Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

        Алматы облысы, Панфилов ауданында 2019 жылдың басындағы санақ бойынша, жалпы саны: 129 204 тұрғын тұрады. (2019-ші жылғы «Wikipedia» сайтындағы дерек негізінде)

Қазақ ұлты – 86 035 адам. (66,59 %)

Ұйғыр ұлты – 36 745 адам. (28,44 %)

Орыс ұлты – 4561 адам. (3,53 %)

Дүнген ұлты – 697 адам.  (0,54 %)

Татар ұлты – 397 адам. (0,31 %)

Өзбек ұлты – 282 адам.  (0,22 %)

Өзге ұлттар – 487 чел. (0,38 %)

      Жаркент қылқалам шебері, хас суретші Әбілхан Қастеев ағамыздан бастап, қарымды қаламгер, жалынды жазушы  Бексұлтан Нұржекеев ағамыздай қайталанбас, біртуар тұлғаларды дүниеге әкелдірген қасиетті өлке.

       Бексұлтан Нұржекеев – Жаркент өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Шоқтығы биік туындылары оқырмандар арасында кеңінен тарап, жүрекке жол таба білді.

       16 жасында ақ, елім деп жерім деп, төніп келген ажалға кірпік қақпай, «Желтоқсан оқиғасындағы»  күресте жас ғұмырын тәуелсіздік үшін құрбан еткен Ләззат Оразханқызы Асанованың ерлігі келер ұрпаққа зор үлгі болып келеді. Біз «Желтоқсан қаһармандарын» ешқашан ұмытпауымыз керек!

        Жаркент өңірінен шыққан аса дарынды суретші, қылқалам шебері – Хамит Файзулллин ағамыз сурет салу әлеміне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Хамит ағаның өлкенің сұлулығын айнытпай салған қайталанбас туындылары өнерсүйер қауымды жыл сайын тамсандырып, таңдандырып келеді.

       Дәнеш Рақышев пен ол кісінің аса дарынды шәкірті Нұржан Жанпейісов ағаларымыздың әсем әндері құлаққа сондай жағымды әсер беріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

      Атақты суырып – салма импровизатор ақындарымыз Айтақын Бұлғақов пен ұлы Жандарбек Бұлғақов айтыс өнерінің көгінде жұлдыздай жарқырады.

      Теңдессіз күштің иесі ардагер балуан, греко-рим күресінің шебері Қасенхан Серғазиев ағамыз Ресей Федерациясында, ардагерлер арасында өткен ашық біріншілікте мыңнан топ жарып, 63 келі салмақтағы балуандар арасында өткен күресте чемпион атанып, бірінші орынды жеңіп алып, алтыннан алқа тақты. Ардагер балуан, Жаркент күрес мектебінің озық екенін тағы бір рет дәлелдеп берді. Талай додаларда мыңнан жүйрік болып, жүзден тұлпар атанған марқұм  Эльдар Дәпеновтың да есімі ел есінен шыққан емес!

       Әлем біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы атанған греко – рим күресінің майталманы, дарабоз балуанымыз Нұрбақыт Теңізбаев ағамыз Қасенхан Серғазиев ағамыздың даңқты жолын жалғастыра жүріп, 2008-ші жылдың Пекин қаласында өткен жаздық олимпиадада қола жеңіп алып, әнұранымызды тамылжыта шырқатты.

       Қазақ халқы қиын – қыстау күндерде өзге ұлттарға болысып,оң көзқарасымен қарап, қолындағы барымен бірге бөлісе білген… Сен қай ұлттың өкілісің? Қайдан келдің деген мағынадағы сұрақтарды ешқашан қоймаған. Кім болмасын және қай ұлттың өкілі үйіне қонақ боп келсе, кең әрі ақ дастарханын жайып, алдына бар тәттісін қойған. Қонағын аса құрмет көрсетіп, қимастықпен шығарып салған.

       Ең ауыр сынақ болып тиген  – соғыс пен ашаршылық та, қуғын – сүргін де жауынгер  қазақ ұлтының жалындаған жігерін еш жасыта алмады. Күштеп көшірілген халықтарды бауырындай көріп, асқан жылулықпен қарсы алды. Үйін салып, егінін егісуге көмектесті. Қарыз бергенімен, қайтып алудан бас тартты. Не берсе де шынайы пәк көңілімен тарту етіп, ризалықпен ұсынды.

       Қаннен – қаперсіз отырған бейбіт еліміздің шекарасын жау армиясы ескертусіз бұзып кірген кезінде, ел тұрғындары қол қусырып қарап отырмады. Майданның кескілескен ұрыс жүріп жатқан алдыңғы шебіне ұрандатып ұмтылды. Отаным үшін шыбын жаным құрбан деп, қолына қару алып шырылдап, қыршыннан қиылып, көкірегін оққа төсеп, жанын берген боздақтарымыз қаншама… Аспандағы сансыз жұлдыздардың санының өзі маған біздің батыр ұлдарымыздың санына жетпейтіндей көрінеді. Бауырластар зиратында қатар жерленген әртүрлі ұлттардың қайсар ұлдарын көргенде, көзіме еріксіз жас келеді. Олар қолында бар ең байлығы – жанын бергені үшін мәңгілік еске алып,жастарымызға үлгі етуді әдетке айналдыруға әбден лайықты. Сол боздақтарымыздың көзсіз ерлігінің арқасында егеменді ел атанып, «Тәуелсіздік» атты баға жетпес ұғымды  тереңінен түсініп, көк туымызды көкте мақтанышпен желбіретіп келеміз.

       Ауданда тұратын  әртүрлі ұлттың өкілдері Жаркент өңірінің дамуына өлшеусіз үлесін қосты, қосып келеді.

       Майдандағы және қоғамдық өмірдегі істеген еңбегі ерен: Шин Б. Н.,  Дифу  Ш.С., Гузенко Д.Р., Хахазов З., Пересветова Н., Василов Т., Лисампова З., Рафалович И.Т., Тохтахунов Р., Хизиров С.Х., Юлдашев М.М., Мәрупов А.М., Хизметов Т.М., Шардинов Ә.Б., Башизова М., Айсаев Р. С., Злаудинов А.А., Доценко А.Н., Аблякимов К.А., Саттаров И.А., Емец П.В., Зульярова С. С., Хамраева П., Амарбакиева А.И., Дифу С.К., Лян А.Л., Рахмединов Ш.Ш., Имярова А.Т., Розахунов Б.Ю., Машурова Д.М., Надырова  Р.И., Хахазов Ш.Х., есімді тұлғалардың еңбегі Үкіметтің қаулысымен,аудан әкімшілігінің ұсынуымен аса жоғары бағаланып, аталған тұлғалардың бәріне  «Панфилов  ауданының  Құрметті  азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды.

      1950-1992-ші  жылдар аралығында «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарын басқарған 2 мәрте «Социалистік еңбек ері» (1966, 1985 жылдары алған) 6 мәрте «Ленин» орденінің иегері атанған Головацкий Николай Никитичтің (19121996-шы  жылдар аралығында өмір сүрген) ауылшаруашылық саласындағы теңдессіз еңбегін аудан халқы сағынышпен еске алады. Ол кісі жүгері өсіруден рекорд орнатып, бір гектардан 55 центнер жүгері астығын жинап, жыл сайын мемлекет меншігіне 100 мың центнерден астам жүгері өнімін тапсырып отырды. Ол кісінің жүгері өсіруден бөлек, Жаркент өңіріне сіңірген еңбегі ұшан – теңіз.

      Аудан мен ауылдардың арасында кеңінен таралған ұлтаралық үйлену тойлары бейбітшіліктің тағы бір нышаны.

      «Қазақстан халқының бірлігі күні» атты  мерекелік күнді тойлау жөніндегі шешімге 1995-ші жылдың 18-ші қазанында қол қойылды. 1996 жылдан басталып тойланып келе жатқан 1-ші мамыр мейрамы,  ұлтаралық қарым-қатынасты тұрақтап, әрбір азаматтың заң алдындағы құқын толық қорғауға бағытталған ізгі істердің бірі. Бұл мейрамның басты мақсаты – бейбітшілікті сақтау, ұлтаралық қарым – қатынасты нығайту.

       Елім, жерім деп еңіреген, жанын берген БАРЛЫҚ ҰЛТТЫҢ ЕРЛЕРІ, сіздерге: ЖҮЗ АЛҒЫС, МЫҢ ТАҒЗЫМ!!!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here