Алыстағы ағайын 

                                                

Өстіп жүргенде білінбей арада біраз жылдар жылжып барып құрдымға сіңіп кеткенін Әлімгерей өзі де білмей қалды. Осы екі арада мұның өмірінде де айтарлықтай оқиғалар болды. Соңғы он бес жылда біраз жетістікке жетті. Оны өзі пәлендей деп разы болып айта қоймаса да сырт көзге көрініп тұратын жетістіктер болған соң әр жерде ол туралы айтылып та жүрді. Өзі де қатайып бұрынғы балаң күйден енді есейіп ер жеткен, ақыл-ойы толысып көптеген артық әдеттерден арылғандай. Бұл қандай әдет дегенде айтары сол, Әлімгерей бұрын қасында жүрген адамға өзіндей көріп талғаусыз сене беретін. Бір көргенге жай ғана кемшілік көрінгенімен осының өзі бұған айналамен қарым-қатынаста көп кедергі келтіретін үлкен нәрсе екеніне енді көзі жете бастаған.

Адам деген мына дүниеде жоғымды түгендеймін деп өмір сүріп жүре береді. Сол көп жоқтың бірсыпырасы оның ішкі дүниесіндегі керегі. Жақсы достар, ақылды туыстар, көргенде көңіл көтерілетін бар ойың мен мақсат-мүддеңді түсінетін білімді орта – міне осы ғой адамға керегі. Тірі күнде ортаңа қадірің болмаса, ешкімге шуағың түспесе, жақсылығыңды ешкім бағаламаса бұл да өмірдің бір қатал заңдылығы, сенің бар дүниеңді кейін ысырған менмендігі сияқты. Онда өзіңді суық бір сыз еденді қараңғы бөлмеге шықпайтындай етіп қамап қойған күйге түсесің, айқайласаң дауысыңды ешкім естімейді, ішкі сырыңды шешіліп ешкімге айта алмайсың. Айтар едің бірақ айтқан адамың сені түсінсе жақсы, түсінген болып бар сырыңды біліп алған соң, оны арзан дүниедей көріп өзінің долбар-домбайымен қосып басқа жерде еліре көйтіп табанына салып мазақ етіп жүрсе қандай ұят. Сенің айтқан сөздерің ол жерде өзінің барлық мән-мағынасынан, жақсы қадыры мен үлгі қасиетінен айырылып, суға түскен немедей сүмірейіп шығып тұрса күлкі деген осы.

Қазіргі жұрт күлетін нәрсеге күлмейді. Күлмейтін нәрсеге күлем деп  өзінің ойының тайыздығын, ниетінің шолақтығы мен пиғылының астамшыл менмендігін көрсетіп жатады. Бұл да заман дерті. Адам біткен бұл ғасырда асқан менмен болып алған. Біз оқымаған кітап, біз көрмеген кино, біз танымаған өнер жоқ деп ойлайды. Соның бәріне біліп қойған, жетіліп кеткен адамша қарайды. Осы мінез өздерін білімдімін деп жүрген ортаның асқынған мінезіне айналған. Алдымен адам өзінің ішкі дүниесіне үңілуі керек. Сонда егер адамгершілік дәні болса соны баулып өсіре жүріп білім мен танымға керекті нәрселерді жинаудың өзі адамға жан қуанышын сыйлайды. Басқа жолмен келген білім адамға онша жұға қоймайтыны, оны іштей бүлдіріп, артық нәрседей көрініп тұруы осы адамдықтың дәні жүрекке дұрыс егілмеуінен.

Әлімгерей осылай деп ойлайды. Өзінің айналасындағы адамдарды осындай екі топқа бөліп қарайды да осыным дұрыс па дұрыс емес пе деп ойланып жүргені. Бірақ бұл ойлағандай адамгершілік өлшемі бар жерді бірдей кедергі болып тұрмайды, оны оңай аттап кете беретіндердің көбінесе асығы алшысынан түсіп жүреді. Ал бұл болса сол кедергінің бергі жағын мекен етіп  көпшілік өмір сүріп жатқан қарапайым тіршіліктің ғана екпінімен алға басып бара жатқандай. Енді, міне өмірдің өрін еңсеріп қырықтың терең ортасына да еніпті. Мұндай ойларды ол күнделікті ойлап үйренген. Бар мәселе осы ойлардың сыртқа шыққан мезетте талай адамға ұнамайтыны. Тіпті, ұнамағаны былай тұрсын кей адамдардың мұны көрсе төбе шашы тік тұрып кететіндей. Сонда бұл не істепті елдің төбе шашын тік тұрғызғандай. Иә істеген түгі де жоқ сияқты өзіне салса. Өзіне бәрі дұрыс-ақ сияқты.

 

                                                  * * *

Әлімгерей ұзын бойлы, беті сопақтау келген, үлкен көздері адамға барлай қарауды ұнататын шашы қалың әдеміше жігіт. Жастау кезінде жүріс-тұрысы, шаруаға қимылы бостау болған соң жеңгелері «қайным қыз сияқты» деп күліп сөйлейтін. Өзінің үйі шашылып жатса да жұртқа күлуін қоймайтын сөзшең жеңгелердің құдайы бергендей қайнысының үндемей жүріп-жүріп бірдеңе жетпесе ашулана қалатын мінезі сыртынан жамандай қалса анау-мынауды баса салатын көзір сияқты көрініп, оны өздеріне қуат-күш қылып ұстайды. Бұдан өзге сөз қылуға болатын артық мінез Әлімгерейге бітпепті. Сол бойы өзінің бойын баққан әдемі жас күйі бұл да жасы отызға жетті. Ел қатарлы оқу бітіріп келген соң істеген қызметінде де ешбір үлкен ілгерілеу бола қойған жоқ. Атқаратын міндеті қатардағы жай ғана көп қызметкерден аспады.

Өзін сол кездері ерен еңбегіммен өстім деп ойлайтын қызметкер ағасы Болатбек бұның бастығымен сөйлесіп алып, сырың белгілі ғой дегендей інісіне шекелеп қарайтын болып алған. Болатбекті мазалайтыны інісінің өзінен білімді болуы, оған қоса ағасының айтқанын сөзіне онша мойын сұна қоймауы еді. Осы анау-мынауға мойын сұнбауды інісінің бастығы да айтқан. Оны айтқанда да жанашыр, дос көңілден емес, біреудің артық жерін көре алмайтын мінез тарлығымен төндіре отырып, келешегі бұлыңғыр адам етіп кейіптеп қойған. Енді осы пікірден кейін Болатбекке інісі бұрынғыша нығыз болып көрінбеді. Қайта өз-өзіне мастанған қаукөкірек біреу сияқтанды.  Інісіне ойда жоқта арақтың буымен тиісуі де, әйелінің сөзіне еріп оны жүрген жерінде теріс сипаттап жүруі де осылай басталып кеткен.

Кейде Болатбектің жақын туыстарға оғаш мінез көрсете бастауы оның қызметінің өсуі мен  кейде арақ ішіп қызып алғанда өзін ұстай алмай қалатын мінезінен еді. Болатбектің адам баласына тиіскіштігі, өзінің сенгіштігіне, сол сенген адамның алдап кетуіне орай болып тұратын. Қызметін пайдаланып жұртқа жасаған жақсылығы көбіне пайдалы болып қайтатын да, ал керісінше туысқа істеген қайырымы әдеттегі істеген жай ісі сияқты бағаланып, соның көрініп бағаланбағанына өзі күйгелектеніп, сонысы кейде ашу-ызаға ауысып кететін. Өзінің інісіне Болатбектің істеген көзге көрінерлік жақсылығы болған емес. Басқа туысқа не қаласа бұған да соны қалады. Бірақ жаңағы айтылған інісінің оғаш мінезі бір бүйірінен шаншу болып қадалып тұрғандай көңіліне келе береді. Оны елемей бұрынғыша жүре берсе сол күйінде, әлгі інісі өзінің нығыз орнықты сөздерімен бұны бір күні болмаса бір күні алдынан шығатын сияқтанып тұрды. Солай болып шығуына үйдегі жеңгелер мен кейбір туыстардың айтқан сөздері дәлел бола алатындай. Енді болмаса осы Әлімгерейдің қылығы шегінен асып, ойда жоқ бір күні бұған келіп бірдеңе төндіретіндей, абыройына дақ салып, жасырып жүрген құпиясын ашып тастай салатындай.

Былай қарағанда Болатбек ағасы бұдан ештеңесін аямайтын жанашыр-ақ жан. Алдында аңқылдап, бар керегін орнына келтіріп беруге әзір адамдай елпілдеп тұрады. Осы елпілдеудің арғы жағында «мен елпілдегенде өстіп нығызданатындай сен кімсің деген» ішкі наразылық жатқанын Әлімгерей аңғармайтын. Бұл да өзінің туған ағасына айтар жылы сөздерін айтып, құшағы ашық, көмегі әзір, көңілі түзу күйінде жүруші еді. Енді қараса сол наразылығы үлкейе келе кәдімгі ірі өкпеге айналыпты. Оны білмей жүре бергені жақсы еді, бірақ олай істеуге Болатбектің шыдамы жетпегендей арада қысқы бір кеште ренішті жанжал туды. Болатбек өзінің батыл деп есептейтін мінезін, адамды сөзбен қажап ығыртып тастайтын тиіскіш мазасыздығын көбіне тапқырлық, өз мінін білмейтін адамдарға тәрбие беру деп ойлайтын.

Осы тәрбие беруін өзінің әйеліне жасап болған соң бұған реніш білдіріп ара түскен Әлімгерейге де осы қылықты көрсетіп қоюды ұмытқан жоқ. «Біліп қой, сен менен ақылды болсаң өстіп жүремісің, ақылды болдым деп айтып отырсаң екі араға кірмей айтар сөзіңді басқа жерде неге айтпайсың. Мен сенің ақылыңмен өмір сүріп жүр ме едім. Егер сөйтіп сөйлесетін болсаң өзіңді бізден гөрі жоғарырақ сезінгенің ғой. Кәне жоғары екеніңді дәлелдей қойшы. Сенің оқу бітірген дипломыңа қарап не демекпін. Мен оқу бітірмей-ақ отырмын ғой, құдайға шүкір, сенен еш жеріміз кем емес»–деп бірталай сөздер сөйлеген. Бұған уәж айтпақ түгілі Әлімгерей тыңдауға ұялып, үнсіз қалып далаға шығып кетіп, сол түні басқа бір туыстарының үйінде қонып қалған. Бұл оқиғаны ешкімге айтқан да жоқ. Әке-шеше, туған-туыстар бұл сөздерді бұдан емес, кейін өздері естіген Болтбектің қызара бөртіп сөйлеген кезінде. Ақыры бұл мінезі жұртқа белгілі болған соң «мен ғана ондай емеспін басқаларың да қарық болып тұрған жоқсыңдар» дегендей, ағасы бұның әлгі мінезін қазбалап жүрген жерінде айтып жүретін болды.

Өтіп жатқан жастық өмірді кім тоқтата алсын күндер зымырап өте берді де Әлімгерей сол елеусіз жүрген күйі, жұртқа жұғымсыз, көпшіліктен оқшау, ешкімге керегін айтып бара қоймайтын, салмағын салып жақсылығын дәрежелей бермейтін күйде көптің ішінде жүре берді. Біреуден артық көрінген, біреуден кем көрінген кездері бар шығар, бірақ оны көрсе де көрмегенсіп жүретін ағайын бұны тәуір жандардың қатарына қосып көрген емес. Көзге қораш, ортадан төмен біреу есебінде қарап, жұрт мақтау айтса, сен де сондай ма ең дегендей қызара қарап қойып, жұрт реніш білдіріп жатса бұның сондай екенін әлі білмей жүрмісіңдер дегендей кекесін сөздерін аямай қадап, ащы тілмен бір мұқатып қалатын. Бұны істейтін у тілді әйелдер жағы. Қу сөзге келгенде өздері де әйелден қалыса қоймайтын сөзуар еркектер бұл кезде көбейіп алған.

Сол көптің ішіне өзінің туыстары кіріп кеткеніне Әлімгерей іштей оңаша отырып қатты налитын. Кейде ызадан ішіне сыймай көзінен парлап жасы да ағып кетуші еді. Амал не бір әке, бір шешеден деген ағайын адамдардың бір-бірін жаудан бетер аңдап, сыртынан сөз етуі ешбір заманда болмаған сияқты көрініп кетеді. Болған да шығар, оған мүмкін асқан шыдамдылықпен өткен аталар шыдап та келген болар. Сонда бұл неге шыдамайды, оны айтуға мұның ырқы бар ма, оларды жазалап сөгіп сөйлеуге бола ма, бұл әрекеттер қанша өзінің пайдасын береді, әлде жақындату орнына ағайын арасын алыстата беретін болса үнсіз төзген дұрыс болар деп ойлайды.

 

                                                       ***

     Көктем шыға ауылда тұратын үлкен әжелері қайтыс болып, әйелі екеуі соны жерлеп қайтуға жиналған туыстардың ішінде бірнеше күн сол жақта болып қайтпақ болып елге барған. Ылғи сауда-саттық деп анда-мұнда шапқылап жүретін інісі «аға мен де барамын, бірге кетейік» деген соң өзі билет алған вагонның нөмірін айтып, жүретін мезгілде жолығармыз деген.

–Жарайды осы поезға мен де билет алармын,–деп інісі де қуанып қалған сыңай танытып еді. Поезд вокзалдан кешкілікте шығатын болған соң жарты сағат ертерек келіп жолығып қалар деп інісін тосып жүрді. Ары-бері сөмке көтеріп, жүгін тасып өтіп жатқан адамдардың ішінен таныс ешкім көзіне шалына қоймаған соң әйелі екеуі вагонға кіріп, отыратын жерлерін ешкімнің сілтеуінсіз-ақ тез тауып алды. Купеде жаңадан отырған екі әйел бар екен, олар қарсы орындарға жайғасыпты.

–Әлгі Сұлтанғазы бармайын деген ғой, үлгірмей қалды ма екен,–деп еді әйелі

–Билеті болса келу керек қой әлі он минут бар, вагоны басқа болған соң сол жақта жүрген шығар,–деді әйелі –Жарайды алаңдама енді. Бірдеңеге кешігіп жатқан шығар, келіп қалар.

Осы екі ортада кеш қараңғылығы түсіп, көшеде шамдар жана бастады. Вагон ішіне де жарық түсіп, жүретін уақыт таяған сайын шығарып салуға кірген адамдар перронға шығып, вагон ішіндегі бағанағы абыр-сабыр басылғандай болды. Жүретін уақыт келіп, поезд орнынан жылжи берді. Поездың жүретін мезгілі мен қай жаққа баратынын хабарлаған дабыр перронда айқын естіліп, вагон ішіне де келіп жатыр. Ақырын жылжып басталған поез жүрісі бірте-бірте екпінді ырғаққа түсіп, жылдамдығы қаладан шыққанша бірқалыпты жүріп отырды.

Қала маңындағы жақын станциялардың бірінде орнатылған белгілердегі жүрістің жылдамдығын көбейтуге болатын жерден асқан соң ғана поездың жүрісі қатты екпінмен әшейінгі қалыптан біртіндеп күшейе берді. Ырғала түскен іркес-тіркес вагондар жүріс екпіні қатайған сайын шайқала түсіп, көпшілігі орын-орнына жайғасып алып әңгімелесіп жатқан жолаушыларды енді ұйықтасаңдар болады дегендей әлдилеп бірқалыпты жаймен тербете бастады.

Киімін жеңілдеп, купедегі адамдармен танысып болған соң Әлімгерей інісіне телефон соғып еді. Ол да осы поезға жаңа ғана жүрер мезгілде келіп отырған екен. Ағасының телефон соққанына қуанып қалды да

–Біраздан соң өзім барамын,–деп бұлар отырған жердің нөмірін анықтап сұрап алды. Поездағы жүріске бойларын үйретіп, дағдыланып үлгергенше тағы да бірер сағат өтті. Біраздан кейін шай демдеп әкелген әйелі көрші келіншектермен сөйлесіп шай ішіп отыр. Кешкі асқа онша тәбеті болмаған Әлімгерейге

–Аға шай ішсеңізші,–деп қояды біреуі. Сауда істеп әр жерге көлікпен жүріп үйренген келіншектердің жүріс-тұрыс, қимылдары ширақ, өздері де сөзшең екен. Әшейінде сөзге сараң, оны-мұны әңгімелерді құлақ салып тыңдай бермейтін Сәбира мына екі әйелдің сөздеріне ұйып қалыпты. Азық-түлік бағасының қай жерде қандай екенін айтып, әр жерде түрліше болуына таңырқасып қойып сөйлесіп жатыр. Бұлардың отырғаны заводтан жаңа шыққан вагон екен іші жайнап тұр, әйелдердің бірі жақсы екен өзі деп қабырғаны сипалап қойды.

Ұйықтайтын мезгіл алдында таза ауа жұтуға тамбурға шықса, көрші купедегілер әлі дабырласып шай ішіп отыр екен, «әлі ерте екен-ау» деп ойлады. Таза ауа жұтатын жерге темекі шегетіндер жиналып қалды да бұл қайтадан ішке еніп, ұзын дәліздің терезесі ашылған жеріне келіп, түнгі далаға көз жіберіп бірталай тұрды. Өткен-кеткен өмірді ойлады. Иә, осы дала төсінде ғой балалықтың өткен жері. Өзінің он екі жасында шұбар бестімен алғаш рет бәйгеге шапқаны есіне түсті. Жарықтық бауырын жазып көсіле шапқанда қанатты құстың үстінде отырғандай болушы еді бұл. Елуден асқанда да бойы тіп-тік әкесі бестінің бурыл жалын сипап тұрып «бұл да адам сияқты ғой, есті жануар» дейтін. Таза жем, таза су беруші еді. Қасына бала келгенде төрт аяғы тыпыршып, көздері төңкеріле жайнап, құлағын жымып елеңдеп кететін шұбар бестіні «қарашы танып тұрғанын, мініп ары-бері жүргізіп келші» дейтін.

–Байқа балам, тежеп отырмасаң күтімдегі мал шаба жөнелуі мүмкін,–деп ескертіп қойса да Әлімгерей тақымы берік, ат үстінде өзін үлкен кісідей мықты сезінетін. Соны сезгендей мұны жеп-жеңіл көтеріп шұбар да асықша үйірілуші еді.

Кейін сол бәйге ат колхозда есепші болып істейтін әкесіне бірталай әңгіме тауып берді. Сельсовет артық малы бар деп көрсетіп, етке өткізуге жазып, меншік жылқысы бар деп соңына да түсіп жүрді. Соған қарамай жағаласып жүріп жұрт көзінен жасырып баққан шұбар бесті талай жерде бәйге де алды. Иесі кеткен соң оның да жағдайы болмай әкесі қайтыс болған соң туыстар оны көрші ауылдағы мал жинайтын агентке табыстап берді. Иесі дұрыс болмай бағы кетті ме содан шұбар бесті бәйге алыпты деген хабар естілмеді.

Бұл кезде Әлімгерей қиыр шығыста әскер қатарында жүрген. Одан келген соң оқу деп, тоқу деп қала жаққа кетті. Қаланы жерсіне алмай ауылға келді. Со баяғы әкесінің жүйрік баптап, ептеп домбыра шертетін, ескілік шежіре шертіп, өлім-жітімде құран оқып жаназа шығаратын аздап мұсылмандығын сөз ететін белсенділер мұны да жақсының көзі келді ғой деген жоқ. Әкесі тәрізді жайы келсе топтан қағып, қызметтен шеттетуге, адымын аштырмауға айналды. Соны істеген бөтен емес өзінің ағайындары, кешегі әкесінің қасында жүріп оның істеген істерін сырттан әңгімелеп жүрсе де, өзіне батып айта алмайтын қуыс кеуделер еді.

Кеңес үкіметі құлаған кезде бұрын да ешбір дүние жиып барқада таппаған мал дәрігері қала жаққа көш түзеп, сондағы көп ет базарының біріне орналасқан. Содан бері де жиырма жылдай өтіпті, ал Әлімгерей болса жасы елуді орталап қалған, самай шашы ағарған бірақ әлі де иығы тік, еңсесін бере қоймаған күйі келе жатыр ел қатарлы, сол баяғы өмір сапары үзілмей әлі жалғасып келеді.

Қалың ойдан біраз серпіліп барып айнала қараса вагон іші біртүрлі тынышталып қалыпты. Сырт киімін дыбырсыз шешкен бойы купеге кіріп, салулы төсегіне қисая кетті.

                                                  ***

  Купеде көпке дейін «інім кеп қалса ұйықтамай жата тұрайын» деп есік ашылып-жабылса да көлденең дыбыстарға елеңдеп бірталай жатты. Бірақ түн ортасына дейін інісі келе қоймаған соң көзі іліне берді. Ұйқыға енді кіре бергенде жастықтың астындағы қол телефоны шырылдап қоя берді.

–Аға біз ресторанда отырмыз келсеңізші, әлде сізге барайық па? Менің қасымда Батырбек ағам отыр. Әлгінде кезікті, апама топырақ сап қайтам деп келе жатыр екен. Екеуміз қазір бір купеде келе жатырмыз, жеңгей де осы жерде,–деді.

         –Бір купеге отырғандарың жақсы болыпты інім, рахмет. Сен енді әуре болып бұл жаққа келем деп жүрме, дем ал. Мұндағылар қазір ұйықтап қалды. Өздері жолаушы әйелдер. Жеңгең де күні бойы жұмыстан шықты,–деп еді інісі тыңдамай

–Ештеме емес, біз қазір барамыз,–деп телефонын өшіріп қойды. Әйелі ұйқысынан ояна салып «біреумен сөйлестің бе?»–деп сұрады.

–Иә, Сұлтан ғой,–деді бұл.

–Ертең де күн бар ғой, несін әуре болды екен,–деді келе жатыр дегенді естігенде.

–Келсе бір шыны шәйін ішер, мүмкін ақылдасатын шаруалары бар шығар,–деді Әлімгерей.

                                                 ***

Інісі келем деген соң тосып жатып ұйықтап кеткен екен поезд іші суып таң ағарып атып келе жатқанда оянды. Дем алып ұйықтап оянғандай емес түнімен қамығып бірдеңе ойлаған адамның кейпімен шаршап тұрғандай болды. Қайтыс болған әжей бұлардың әкесінің үлкен апайы еді. Өзінің жалғаз баласы соғыстан  хабарсыз кетті де шалының қайнысы кейін жастау әйел алып, тағы үш-төрт перзент көрді. Сағынжан апа да сол үйдің бір мүшесі сияқты кейінгі әйелдің үлкен енесіндей болып ірге ажыратпай тұрып қалды. Қайын жұрты жезде деп ойнай беретін Қалмұрат жез мұртын ширатып кейінге дейін бұлар келгенде балдыздарым деп апасы да бөтенсінбей үлкен бір әулет болып аудан орталығында тұрып еді.

Қалмұрат қайтыс болғаннан кейін де Сағынжан апа туыстармен арасын үзбеді. Сол бұрынғы үлкен үйдің шаңырағындағы естияр адам болып немере-шөбересін бағып бұлардың да қызық-қуаныштарына келіп тұрды. Кейде бір кейіген сәттерінде «Апырай жасағанның кұдіреті-ай. Болатбегімнің тілеуін тілеймін деп қанша құрақ ұшып жүрсем де мұның бәрі жасанды, қу кемпір бәрін өзі үшін істейді,– дейді екен. Менен не қулық көріпті жаман шіріктің өзінің долбары да, нобайы құрсын үйткен. Оның мені керек қылмағанын көріп мен оны іздемей кетсем үлкен болғаным қайсы. Жасай берсін білгенін, өз міндетімді аруақ алдындағы қызметімді оған да, ешкімге де бұлдамай атқара бермесем адамдығым қайсы,–деп бұлар жақтағы болып жататын қуаныш пен өлім-жітімге шақырды-шақырмады демей-ақ естісе келе беретін. Туған бауырынан қалған бес ұлдың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшыл боп кете алмағанына іші ашығанда бірдеңе айтсам жамандағаным болар деп үндемей отырушы еді.

Үш жыл бұрын шешесі қайтыс болғанда Әлімгерей Сағынжан апаны соңғы рет көрді. Жасы сексеннен асып кетсе де сол кезде анау-мынау елудегі әйелдерден ширақ көрінді. Жиналған адамдардың ішінде өткен-кеткенді айтып, кімнің-кімге жақын, туыс екенін, бір-бірін танымай кеткен кейінгілердің біразын алдына шақырып алып, жақын жүріңдер, туыссыңдар деп таныстырып жатты. Жұрт тарай бастаған соңғы күні Әлімгерейді шақырып алып, ана Болатбектен көп үміт күтіп еді ағайын, мына-аумалы төкпелі заманда бала-шағадан оның да жан-жағына қарайтын шамасы көрінбейді. Сендерге ақыл айтатын емес өздерің бес ағайынсыңдар, туысы жоқтар да жүр жер басып, араласуға адам таппайтындар да бар туыс жоқтан. Бар ағайынның берекесін кіргізетін әйелдер ғой еркек бас болғанда әйел мойын, бас істеп тұрса мойын соны тыңдайды, балам ақылың кіріп қалыпты ана туыстарыңның басын біріктіріп жүргейсің,–деген.

–Өзіңнің көздеріңде жанып тұрған от бар екен. Нақа бір жасық болмаса қырықтан асқан ер адам ақылы толысып өзінің ғана емес ағайынның да жайын ойлайтын кезі болады. Ер адам өрісі, сыйласымен, туыс жұрағатымен мықты, қызметіңді естідім енді айналаңа ағайын жина, бір әкеден бес ұл демесең біз өзі өсіп-өнбеген ата едік, өскен ұрпаққа бірлік пен ұйымшылдық керек, –деп алып мұның неше күннен бергі туыстарға еткен қызметіне көпшілік алдында үлкендік алғысын айтып еді.

–Осы балаға топ ішінен бата беремін, ағайынға қамқор, елге тірек болсын. Қалған аға-інілері мұны тыңдап көмектесіп жүрсін. Ал қарақтарым қайда жүрсеңдер жолдарың болсын,–деп бата беріп бетін сипағанда, жиылған көпшілік мақұлдап бас изескен. Сол шешесін шығарып салған кезден бастап үлкен адам кеткенсін бе туыстар арасы жақындаудың орнына алшақтап кеткендей, жыл өткен сайын суып бара жатқан күз күніндей бұлыңғыр тартып ескі суретше көмескі тартып кеткендей көрінеді де тұрады.

                                               ***

  Көшелі үлкен адамы бар үй ұрпағының ұстамды тәрбиесін көрсетіп әжесінің соңын еш дабырасыз түгел туысы қатыса жүріп үш-төрт күнде өз күштерімен атқарып болды. Сағынжан апа жерленген күні алыстан іздеп келген туыстардың алды біртіндеп қайта бастады. Кезінде бірге туып бір үйде өссе де әр қиырға дәм-тұз татып тарап кеткен ағайынның осында жиналып бас қосатыны, бірін-бірі іздеп, өткен-кеткенді әңгімелеп қалатын әдеттері де бар. Сол әдетпен айнала әңгімелесіп отырғанда Әлімгерей де өзінің інілері мен екі ағасының бөтен адамша шеткері шығып қалып, топ ішіндегі әңгімелерге кіре алмай жүргенін байқады. Өзінің осы жаққа жиірек келіп арасында жүрсе бұлар бәлкім басқаша болар ма еді деп те ойлайды. Алғашқы күні кешкілікте ағасы Махметтің үйіне қонып шықты. Өзінің кең қылып салған әңгередей үйінде әйелі, кенже қызы үшеуі тұрып жатыр . Басқа үйге бармай осында келгеніне қуанып қалған жеңгесі көптен келмеген бұларды әлі келгенше күтіп бақты.

Махметтің жалғыз ұлы Жасан осы қалада әке-шешесінен бөлек тұрады, оның екі баласы бар. Бұлардың кейбір ене-келін жөніндегі әңгімелерінің де шет жағасын естіп «е, қазіргі жастар сондай ғой» деп қоя салған. Махметтің кенже қызы өсіп қалған екен, шешесінің салақтығын көрсетпейін деген қимылдары әр істерінен көрініп тұрды. Үйдің іші жұпыны. Махмет көбінесе қаладағы Болатбек пен інісі Сұлтанғазының жайын тәптіштеп сұрап қояды. Оны сұрайтын да жөні бар өйткені сол інісі елден ерекше мінез танытып, осы Махмет пен Сәулебекке отырса опақ, тұрса сопақ болып ұнамай-ақ қойған. Бұған әйелдердің сөз аңдыған, тыныш отырмайтын мінезі қосылып, ақыры бір күні ешкімге айтпастан Сұлтанғазы облыс орталығына қотарыла көшіп келіп, қайтадан үй салып алғанша қала шетіндегі біреулердің үйінде екі жыл пәтерде жүрді. Кетерінде не бір үйді қонаққа да шақырмай, не біреуіне көшетін жағдайының себебін айтпай үн-түнсіз іс қылған.

Інісінің бұл жағдайы Әлімгерейді көп ойландырды, басқа туыстарды қостап мұны жалғыздағандай болмайын деп сұрағанын беріп, істеген ісі кейде дұрыс болмай тұрса да ақыл қосып қостай салып жүрді. Інісі екі-үш жылда қызмет істейтін қайнағасының көмегі бар, тәуір қызметке уақытша кіргені бар бәрін қосақтап жүріп есін жиып алды. Есін жиып алғандағы айтатын әңгімесі өзіне ешкімнің көмектеспегені, ағайынның түртпегі, қайырымы жоқ ұқсатымсыздығы. Мұны естіп алып бұлар да

–Айтып жүрген бұл сөзі не? Әкеміз жастай кетіп қаршадай бала қалғанда жетектеп жүріп оқуға апарып адам қылған біз едік. Құдай ету қолдан келмесе амал қайсы. Бірдеңемізді аяппыз ба содан. Өсіп-ес жиып алған соң сондай сөз айтарлық, өкпе жиып менсінбеушілік көрсететіндей ол кім еді,–деп олар да өз сөздерін кезегінде айтысып қалып еді. –Сол Сұлтанғазы кеше қасына Болатбекті ертіп алып түк көрмегендей айналасы екі-үш үйді алалағандай біріне сәлем беріп барса біріне бармай қоналқаға бажасының үйіне барып жатып ірілік танытқансып жүр. Шын танылмай жүрген ірі адам болатын болса танытпай ма елге білгенін, біздің білместік қылған жеріміз болса,–деп кеткен сөзге жүйріктеу жеңгелерінің бірі.

–Біз бұларды сөзімізді тыңдайды деп базына айтқансып жүрсек, бұлар өзімізді аңдып оны-мұны деп сөз етіпті сыртымыздан. Көңілге  қарамай сонша өкпелейтін не көрініпті ұмытпайтындай реніш сақтап, осы көкке өрлеген асылық сөздерін қоятын болса ортамызда жүретін еді ғой алысқа қаңғымай. Асқақтап жүрген бойы да бір күні кішірейер, байып жүрген көңілі де бір күні сабасына түсер сонда керек туысты іздеп таба алмаса мұнда келмегенде қайда келетінін, кімді саялап пана табарын көрсетер уақыт,–деп өздерінше тон пішкен.

Бұл сөздер Сұлтанғазының құлағына жеткен жоқ, сол күні ол поезбен қайтып кетіп бірталай сөзді Әлімгерей естіді де әйелі екеуі үн-түнсіз естімеген болып көп туыстың ортасында отыра берді. Өзінің бір қалыпта аспайтын сабырлы қалпымен Әлімгерей сөзін сабақтады

–Бәрі уақыттың уысында. Жастықпен адам не демейді. Ақыл кірген соң қояр. Көп сөз етпей сыртта жүрген адамды келсе сыйлап жіберіңіздер,– деп менің білгенім осы еді дегендей үнсіз қалды. Сол үйдің үлкені болып былай етсең дұрыс болар дейтін Болатбектің алпысқа келген жасында ақылсыз баладай інісінің жетегіне еріп жүруі бұған да түсініксіз, шешуі жоқ ахуалдай көрініп кетті. Осы жерге келгенде қарындасы Өрік сөзге қосылып кетіп ағаларына тиісті

–Екеуінің басы қосылса «оларды қой, еш пайдасы жоқ» деп әңгіме қылатынын алыс ағайынның балалары айтып та келген. Бұлардың сөзіне қарасаң алпысқа келсе де ақыл кірмеген ағайынды мақтан тұтып, өресіз айтса да сөзін қостап қасыңа ертіп жүруің керек екен. Оның тірлігіне себің тиетіндей көмек берсең жақсы екенсің де, өзіңмен-өзің жүріп тірлік етсең керексіз болыпсың. Мұндай да жүйесі жоқ сөзді ақылы жоқ адам ойлап табады. Ақылы шолақ, асығы шіріген, әңгімесі жайсыз, тұрмысы кедей адамның қаңқу сөзі кімге дәрі. Сөйтіп сөз аңдығанша тұрмысын түзесе етті,–деп үлкен ағасын сөгіп-сөгіп алды.

Сәуір айының түнгі жаңбыры далада сілбіреп кештен бері үзбей жауып тұр. Түнгі қала біртүрлі бұйығып, ұйқыда есеңгіреген адамдай мең-зең қалыппен айналаны жаулап алған қараңғылық құшағына сыймай жатқандай  көпке дейін қалың ұйқыға батып кете алмай ояна берді. Алыстан түнгі поез дүрсілінің қиыр жаққа аттанып бара жатқан дыбысы естіледі.

Бөлме іші салқын еді Әлімгерей бұрыштағы жалғыз кісілік төсекте тағы да көпке дейін ұйықтай алмай жатты.

                                             ***

–Сенің ешкімге көмек болып жарытпайтын кісімсіген құрғақ сөзің  кімге дәрі. Адамдық туралы бізге сөз айтып, мінімізді түзеп, жөн үйрететіндей сен кім едің сонша, аяғың аспаннан түскен біреу ме ең. Маған жұмыс керек, балама ақша керек. Мықты болсаң көмек бер, ақыл менде де бар. Сенен де көп. Кет шатыспай. Кет көзіме көрінбей,–деп үлкен жеңгесі айғайлап жатыр екен. Әлімгерей шошына тыңдап, кейін шегіне беріп құлап түсті.

Ұйқыдан селк етіп оянды да қараңғы жерде өз-өзіне келіп есін жинай алмай біраз жатты. Жүрегі атқақтап, аузына тығылардай соғып жатыр. Денесі биік жерден құлағандай біртүрлі жансызданып, ұйып қалыпты. Бет-аузының бәрі терлеп қалыпты, тер екен деп алақанымен сүртіп еді көзінен дамылсыз құйылып әлі тоқтамай ағып жатқан жас екен.

–Апырай маған не болды,–деп аунай бергенде төсегінен сырғып құлап түсе жаздады. Қолына тиген жастығы да жаңбырдан кейінгі сырт киім сияқты шылқыған су болып шықты. Үйдің іші ысып кеткендей болды. Жүрегі атқақтап соққанымен ауа жетпегендей тынысы тарылып кетті. Аяқ астынан жер көшкендей айнала теңселіп кетті де Әлімгерей еденге бар денесімен дүрс етіп құлап түсті.

Көрші бөлмеде жатқан Нұршағи енді көз ілгені сол еді, оқыс шыққан дыбыстан оянып кетіп көрші бөлмеге келсе, Әлімгерей көзі алайып жерден тұра алмай тыпыршып жатыр екен. Жарықты жаға бере дауыстап айғайлап жіберді.

–Аға, жеңеше, Өрік…–аузына сөз түспей әркімнің атын бір атап жүріп еденге отыра кетіп күйеуінің басын сүйеген қалпы,–Не болды, қай жерің,– деп сұрай берді. Сол бойы ештеңеге тілі келмеген Әлімгерей енді тыпырлауын қойып, сөйлегісі келіп ыңылдап бердеңені айта берді. Өрік пен Махмет апырай мынаған не болды деп жақын жерден дәрігер іздеді.

–Шаршап ұйқысыраған ғой,– деп басу айтқандарымен мына көріп отырғаны тегін нәрсе емесін іштері сезіп, түрлі қауып ойлап жақындар түнімен ұйықтаған жоқ. Орнына жатқызып, тыныштандыратын дәрі беріп, маңдайына суық суға малған орамал басып Нұршағи мен Өрік көпке дейін қасынан шықпады.

Түн ортасынан асқанда дәрігер келіп, Әлімгерейді жатқан күйі адам көтергішке салып ауруханаға алып кетті. Артынан ауруханаға ілесе барған Махмет пен Өрік үйге қайтты да Нұршағи

–Бүгінше қасында болайын,–деп таң атқанша күйеуінің ұйқысын күзетіп сол жерде отырды.

–Бұл жүрек ауруы,–деді дәрігер укол салған соң. –Емделуі керек. Ауруханаға жатқызамыз.

Бұрын сырт көзге етжеңді денесі толық болып көрінетін Әлімгерей бір-екі-ақ күнде кішірейіп кеткендей сырт көзге енді бала сияқты болып көрінді. Бұрын күйеуін өзіне пана көретін Нұршағи Әлімгерейдің мынадай күйге түскеніне сенбей соңғы күндері қасынан ұзап кетпей үнемі сол маңда жүрді.

Жүрек талмасына ұшыраған жігіт ағасы енді бірнеше ай аурухана төсегіне таңылып бұрынғыдай жұмысқа барып, ел қатарлы үйге кіріп-шығуға әрең жарады. Көп ұзамай осы күйінде оны қалаға көшіріп, ең таңдаулы дәрігерлерге де емдетті, бірақ науқас бұл аурудан басқалар ойлағандай тез айығып кете алған жоқ. Көңіл сұрап келгендердің сөзін естиді де жауап бере алмай қиналады. Айтатын сөзін жазып жеткізеді.

Бастабында жазылып кетеді ғой деген оймен туыстар да көңіл сұрап жиі келіп тұрушы еді. Әрбір келген сайын адам көңілін айтпай ұғып тұратын жақын туыстарының бұларды көргенде біртүрлі мұңайғанын көріп кейбірі жылап шығып кетіп жүрді.

Көп уақытқа созылған алпарыстан соң Әлімгерей орнынан тұрып, өздігінен далаға шығып жүруге жарады. Бұл кезде далада алғашқы қар жауып, қыс түскен, күн суытқан мезгіл еді.

                                                                                                   22.10.2012

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here