Сағымбекұлы Әбіл – ержүрек жауынгер, құрметті ардагер! 

        Ержүрек жауынгер, құрметті ардагер… Қан майданның, қанға бөккен даласында, ел шекарасын ескертусіз бұзып, жау аяусыздықпен бас салғанда, қаптаған қалың қолдың жақындауынан қорықпай, күндіз – түні  дүркіреген зеңбірек канонадаларының дәл ортасында жүріп,  тоқтаусыз атылған автоматтардың атылуынан тайсалмастан, отан үшін алға деп ұрандатып, жанын шүберектің ұшына түйіп, қарымта шабуылға шыққан қазақтың қайтпас қайсар сарбаздарының бірі – Әбіл Сағымбекұлы болатын!

        Әбіл ата бұл жеңіске жетуде жанқияр жауынгер ретіндегі өлшенбес үлесін қосты. Соғыс аяқталған соң, туған жеріне аман-есен оралды. Өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығын дамыту саласында нәтижелі еңбек етті. Еңбекті жан – тәнімен сүйгені сондай, соғыста алған жарақаттары да бөгет болмады. Ауылдың  басты жұмыстарының қайнаған ортасынан табылып, білек сыбана кірісіп кететін… Окоптағы басынан өткізген қызықтарын ауыл тұрғындарына қызығушылықпен айтып отыратын… Ардагер ата жастарды ерлікке жетелеп, туған жерді шексіз сүюге баулыды. Ерлік сабақтарына жиі қатысып тұрды. Мектеп оқушылары аңызға айналған ардагердің әңгімесін ұйып тыңдап өсті. Батырдың ерлігін Жаркент өңірінің тұрғындары ешқашан ұмытқан емес. Аудан халқы ардагердің батырлығын әлі күнге дейін асқан сүйіспеншілікпен жастарға айтып келеді. Әбіл атаның тұлғасы менің жиі түсіме кіреді. Әттең – ай, ардагер атамыздың бұл жарық дүниеден өткеніне де 20 жыл болыпты…

        Әбіл Сағымбекұлы Алматы облысы, Қызылеспе ауылында, 1920 –шы жылдың 3-ші мамырында дүниеге келген. Балалық шағында бала секілді асыр салып ойнай алмады. Анасы мен әкесі бірінен соң бірі қайтыс болып,  өмір мектебі бала Әбілді ерте есейтіп жіберді. Ең жақын адамдарынан айырылған соң, күнін көріп, жанын бағу үшін әр жерде еңбек етуге мәжбүр болды. 1937 – 1938-ші жылдары бозбала болғанына қарамастан, ең ауыр жұмыстардың бірі болып саналған Қорғас – Алтынемел тас жолын салуға көмектесті. Айдарлы ауылындағы Оба ауруына қарсы жабдықталған мекемеде қызмет жасады.

       Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы үшін 1941 жылдың 22-ші маусымында басталып кетті. Үшінші Рейхтың фюрері Адольф Гитлер бастаған вермахт (қарулы күштері) Европаның мықты елдерін талқандап, Кеңес Одағының шекарасына баса – көктеп кірді. 3 жыл, 10 ай, 18 күнді қамтып, бас – аяғы 1418 күнге созылған адамзат тарихындағы ең ірі соғысқа, қос тараптан да миллионнан аса ер – азамат жұмылдырылды. 1700 қала, 70.000 елді – мекен күлге айналды. Ел басына күн туған кезде жас Әбіл де Қызыл әскердің қатарына алынып, майдан даласына аттанды.Куйбышев қаласының жанындағы Шерлов жерінде жасақталған 12- ші атқыштар дивизиясы, 57-ші атқыштар полкының, 3-ші взводында әскери борышын өтеді. Соғыста орасан зор ерлігімен көзге түсті. Сонымен қатар, 6 айға созылған Кіші командирлер курсында  оқып, Кіші сержант шенін алды.

        12-ші атқыштар дивизясының ержүрек пулеметшісі ретінде танылған Әбіл Сағымбекұлының ерлігі, жау құрсауында қалған 8 қаланы азат етуге бағытталған әскери операцияда, шешуші рөл атқарды.  

         Батыстан шабуылдаған неміс вермахтының, шығыстан төнген жапон армиясымен шайқастарда Әбіл Сағымбекұлы ерлігімен танылып, соғыстың алдыңғы шебінде жүрді. Амур мен Уссури өзендерінің бойындағы Квантун армиясын талқандап, Қытайдың бірқатар қаласын босатып, жапон агрессиясын тоқтатуға көмектесті.  

         Кеңес Одағы жас жауынгердің ерлігін аса жоғары бағалады. Табысталған 12.09.1945-ші жылғы «Ерлігі үшін»; 15.02.1968 жылғы «Қызыл Жұлдыз Орденін; «II-ші дәрежелі Отан соғысының орденін» ержүрек ардагер қуанышпен қолына алып,  кеудесінде жарқырата тағып жүрді. Бұл жоғарғы дәрежелерді ордендерді Сағымбековтар отбасы күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап, даңқты аталарына ризашылығын білдіріп, жыл сайын естеріне түсіріп келеді.

         Аңызға айналған ардагердің ұлы –  Арыстан Әбілұлы Сұптай ауылындағы  орта мектепте ұзақ жыл бойы абыроймен қызмет атқарып келеді. Арыстан Әбілұлы ауылда өтіп жатқан рухани – қоғамдық іс – шараларға белсене атсалысып, жауынгер әкесінің патриоттық тәлім – тәрбиесін жалғастыра отырып, оқушыларды Отанын шексіз сүйетін азамат ретінде қалыптастыруда аянбай еңбек сіңірді.

     Иә, еңбекқор, ержүрек ардагер ауылымыздың рухани жағынан бөлек, табиғи тұрғысынан да көркейіп жандануына  өзіндік үлесін қосып үлгерді.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here