ПРОФЕССОРДЫҢ ШӘКІРТІ

     

         Әбу қарт әдетте таңертең жеңіл тамақтанатын. Күндегі уақытта асықпай келіп столға отырды да қырлы стақанға құйылған салқын айраннан тамсана жұтты. Қуырылған балық пен тауық етінен аздап қана жегені болмаса көп тиген жоқ. Сүт қатқан қою шайдан біраз ішті де үнсіз келген күйі қайта үнсіз тұрып тағы да өз жұмыстарымен болып кетті. Кемпірі сөзге жоқ, жасында медбике болып істеген жұмыс қайда деп тұратын пысық адам. Балалары әлдеқашан есейіп, оқу бітіріп үй боп кеткендіктен бөлек тұрады. Бастапқы екеуі ұл да кейінгісі қыз еді. Ұлдың алды қырықта, немерелері де студент. Жасынан орысша оқып өскен соң бұлар да еркелеткенді ұнатпайды, өздерін үлкен кісіше ұстап, сонысымен Әбу қарттың күлкісін де келтіруші еді. Ол оңаша бөлмеде отырып тағы да ұзақ жұмысқа кірісіп, біраздан соң айналаның бәрін ұмытып басқа бір дүниеге еніп кетті.

         Бұл жолғы жіпке тізгендей етіп қағазға түсіргені көптен ойында жүрген досына жазған хат еді. Көп айтпақ жайларын алдыңғы хаттарында жазып жібергендіктен бұл жолы таяуда баспадан шыққан бағалы кітаптың бір данасын салып жіберетінін айтып күнделікті өмірдегі өз араларындағы жаңалықтарға тоқталды.

         Дәлізде телефон шырылдады. Құлағын кемпірі көтеріп бірдеңе деп сөйлесті де, тыпырлап бері жүрді. Есікті ақырын ашып шалын шақырды. Әбу қарт орнынан көңілсіз тұрып, біраз сөйлесіп, қайта жұмыс столына қайтып келді:

         – Жай,  әлгілерді  айтам  да. Қонаққа шақырады. Несіне  әуре болады  десейші, – деп жайлап кабинетіне кірді. Қабырғадағы кітап сөрелерінде  мұқабасы әр түрлі кітаптар ретпен жиналған. Енді біраз кітаптар орындық үстінде, еденде үш-төрттен қаланған күйі тұр. Профессордың столының үсті де әр жерге екіден-үштен қойылған кітаптар. Керегін іздеп, қолданып болған соң орнына қоюды ұмытып кеткен бе дерсің. Өзім жинаймын деп таңертең кемпіріне жинатпай қойған. Бұл ретсіздіктерге қарауға мұршасы болмай, сол бетімен жазуға отырып, желісі үзілмейтін жіңішке бір ой сорабымен ақырын қозғалып ілгері жылжи берді. Ығы-жығы болып иін тіресіп түскен жазулар бірте-бірте мол ағысқа құйылып, ар жағы шалқар кең дүниені баян ғып шежіредей шерте берді. Ел өмірінің  күреске, арпалысқа, қауып-қатерге толы  қиын бір соқпағы көңіл орамында күй тәрізді шымырлап, тереңге бойлай тартып бара жатты. Ол ұзақ жазды. Бірінен кейін бірі келіп тарқатылған жіп сияқты шешіле берген сан тарау ойлардың ортақ желісін уыстан шығармай өткен өмірдің ішкі жағына әбден бойы үйреніп мүлде сол заманның адамы болып кіріп алғандай еді. Өзін басқа танымайтын ұрпақтар арасына қонаққа барып, не елші сияқты сезінетіндей, әйтеуір осы күнгіден кетіп қалып алыс бір сапарда жүргендей кәдімгі күнделікті орны мен біртіндеп өтіп жатқан уақыттан да аралары алшақтап, бірталайдан бері үзілген сияқтанады. Бұл жердегі уақыт қазіргіден гөрі үлкен өлшемдермен айлармен, жылдармен өлшенеді. Онда сағат, күн дегендер көп есептеле бермейді. Ол кездің адамы да, саясаты да, табиғаты да қазіргіден бөлектеу, олардың істеген қателіктері мен соған қарамай тындырған еңбектерін есептеп шығуға ешбір құралды күші жетпес еді.

         Профессор  бөлмесінде  ырғалып  әрі-бері  жүрді  де  үзіліп   қалған ойын жалғап, қайтадан жазуға отырды.

    

 

*   *   *

 

         Сағат оннан өте далаға шығып, көше бойымен ұзақ серуендеді. Мамыр айының ашық күні қалаға нұрын төгіп тұр. Екі қолын артына ұстаған бойы көлігі аздау шеткері көшеге шығып, алыс бір ойға кеткен адамдай ары-бері қыдырып ұзақ жүрді. Кешегі өткен ғылыми конференцияны есіне алды. Қазір өзі жұрт бас қосуды қойды ғой, әркім өз білгенін істеп жүре беруге бейіл. Профессор бүгінгіні ойласа өткенге көз салады, сол қиын отаршылдық заманда шын мәніндегі оқымыстылар, ел мүддесіне берілген жандар қуғыннан, түрмеден, ату жазасынан қорықпай қызмет етіпті. Енді бүгін сол адамдардың істеген істері аңызға айналды да, ал ізбасар ұрпақтары ел мүддесінен алыстап, арзан абырой, жеңіл табыс, жалған атақ қуып кеткендей. Бірақ шын ғалым, ойлы азаматтар қашан да қай заманда да болған ғой. Ел аман болса бірінен бірі озып шығар әлі небір жүйріктер. Осы заманның түлкісі боп жүргендердің бірталайы кезіндегі талантты-ақ жігіттер еді. Енді бүгін әлдебір бастықтың атқосшысы, не бір әкімнің іс жүргізушісі, ең озғаны алпауыт кәсіпшінің қызметшісі. Кейінгі жастардың ғылымнан ауысып басқа, ақшалы жерлерді төңіректеп кетуі, ескі ғалымдардың жаңа өмірге бейімделе алмай таптаурын сүрлеуді айналсоқтай беруі келешекті ойлайтын жандарды еріксіз мазалап, әртүрлі мінбелерден айтылумен келеді.

Бұл ғана емес кезек күттірмейтін жазылып, зерттелуге тиіс жайлардың шаң басып ашылмай жатқандары қаншама. Сол көп істерден белін жаза алмай жүргенде Әбу қартқа кейде ниеттес, мүдделес, осы қызметке керекті деп санайтын адамдар азайып кеткендей көрінеді. Еңсені көтеру орнына иықты баса түсетін көңілсіз көріністерге күйінбей-ақ өз шаруасымен бола беруге керуендей созылған күндердің өзі үйретіп кеткен. Еңістен түскендей болып дедектеп кеткенде беткейге өрмелеген ойлары бойына күш-қайрат бітіріп, алдағы бір асулардан қалай шығып, қалай өтудің жолына қарай бастай береді.

Ойын жинақтап, көптен жинап-терген материалдарын сараптап, асықпай кең отырып мақала жазсам деп ойлады. Соған көңілін орнықтырды. Жазбақ жайдың барлық мазмұны, керекті деректері түгел әзір. Иә, дәл қазір барып жазуға отыру керек. Ол бірдеңеге кешігіп қалатын адамша үйге қарай адымдай жөнеліп, айналаға қарауға мұршасы болмай аулаға келіп кірді. Төрт қабатты үйдің сыртқы есігінен кіре бергенде кілт тоқтап почта жәшігін ашты. Бір бума газет-журналдарды көтеріп жоғары шықты. Қалтасындағы былғары әмияннан кілтін шығарып есікті өзі ашты. Кіре берістегі қызыл телефон безектеп тұр екен. Профессор аяқ киімін шешіп, сырт киімін ілгенше шыдамай тұтқаны кемпірі көтерді.

 

*   *   *

 

         Түс ауғанша еш бөгет болған жоқ. Ақ  қағаздың бетінде қаламы ой жетегіне ілесіп жүгірді де отырды. Жеп-жеңіл қауырсын тәрізді. Қанша отырғанын өзі де ұмытып еді, екінді кезінде қарны ашқаның сезді, екі иығы талып, саусақтары қарысып, шаршап барып тоқтады. Көптен сағындырып, орайы келмей жүрген үлкен шаруаның ізі түсіп, ірге тасы қаланды. Іштегі ойлар қамаудан шығып тордан босады. Ендігі жердегі қалғаны, керек жерін толықтыру, кем жерін жөндеу, артық тұсын алып тастау. Соңына біршама қорытынды түзу. Иә, бейнет көп әлі. Профессор орнынан тұрып келіп терезеден тысқа қарады. Сілбіреп Алматының көктемгі ақ жауыны жауып тұр. ”Бағана ғана ашық еді”, – деп ойлады. Бой жазып далада әрі-бері жүрмекші еді. Енді жауында шықпай-ақ қоюға болады. Диванға қисая тұрмақ болып, сықырлатып шетіне отырды. Сәл жата қалса ұйықтап кетерін сезді. Иығында көптен жүрген зілдей жүк жеңілдей түскендей. Түскі асын ішіп алған соң кіші бесінде күртешесін киіп, қолшатырын алып, серуенге шықты.

 

*   *   *

        

         Базарға келіп бірақ тоқтаған екен. Шынын айтқанда үйден шығарда осында келем деген жоспары жоқ еді. Келуін келіп қалғасын қақпадан ішке кірді. Керегін іздеп әрі-бері өтіп жатқан адамдар. Сөрелердің арасымен жағалай жүріп келе жатқанда бір шеттен Қасым жолықты. Көзімен іздегені де сол еді. Қарт өзінің мұнда неге келгенін енді түсінгендей болды. Қасым жәшіктегі бірдеңелерді көтеріп ішкері жаққа тасып жүр екен. Онысын қойып профессорды оңаша тұрған тыныш вагонға ертіп әкелді. Ішке кірген соң қайта шығып кетіп, терлеп-тепшіп, су-су боп қайта оралды. Келе киімін ауыстырып, көтеріп әкелген қағаз жәшігінен қалбыр банкідегі сыраларды шығарды.

         Профессор бұл жігітпен екі-үш жылдан бері таныс еді. Бірде ғылым академиясының салтанатты залында атақты тарихшы Бекмахановқа арналған  еске алу кеші өтті. Осы кешке ұлы ғалымның көп шәкіртінің бірі ретінде Әбу қарт та қатысып, сөз сөйлеп еді. Өте бір қызу, қызықты, әсіресе жас ғалымдар үшін тәлімі мол жиынға көпшіліктің де ықыласы ерекше түсті. Қасым сол кезде радио тілшісі болатын. Эфирден бұл кештің бар салтанаты мен жиылған көпшіліктің алабөтен көңіл күйін ыстық бір ықылас тілектермен жеткізіп берді. Бірақ кездесулері бұнымен бітпей жолдары тағы да талай түйісіп еді. Үнемі тарихи, танымдық хабарлар жасайтын Қасым Әбу қартпен жас айырмашылығына қарамай достасып кетіп, қасында туған інідей бірге жүре беретін болған. Кейіннен радионың басшылары ауысты да оларға танымдық хабарлар керегі жоқ болып, үнемі жеңіл-желпі нәрселермен уақытын толтырып, бұрыннан қызмет істейтіндерді өздерінің ықпалына күштеп түсіре бастады. Көнбегендері қысқартуға түсіп, танысы мықтылар бұрынғышы қызметін жалғастыра бермек болып, әйтеуір ешкімге керексіз, адамның жүйкесін құртатын тайталастар жүріп жатты.

Бұл да бір нарық заманындағы жүргізілген, жұртты өздеріне ұйытып, бақталастардан күштірек көрінбек болып істеген жаңа бастықтардың өзгерістері екен. Мұндай қыспаққа, тосын өзгерістерге Қасым шыдамады, азғана жалақыға бола барын салып жүре беруге  ұялды. Ақыры әлдебір сауда мекемесіне ауысып тынған. Бірақ алатын айлығы бұрынғыдан неше есе көп, оған қоса тыныш әрі жайлы еді. Сонда да өткен өмірі есіне түскенде Қасым оны әрдайым риза көңілмен, жылы сезіммен есіне алып отырады. Әсіресе, үйі де көрші Әбу қартпен жолыққанда әңгімелері өзінен-өзі сабақталып, жүйелі арнаға түскендей жетекке алып жүре беруші еді. Әбу қарттың ойда жоқта іздеп келуі де сол себептен еді. Екеуінің алғашқы әңгімелері соңғы кезде шыққан бір кітаптан басталып, күнделікті ұсақ-түйекке де соғып, көбейіп кеткен газет-журнал төңірегіне, олардың сапасыздығы мен не болса соны жазып тым қадағалаусыз кете бастаған әсіре ашықтығына көшіп, ақыры жайлап күнделікті тұрмыс төңірегіне келді.

         – Елге бармағаныңа қанша болды? – деді профессор. – Әке-шешең бар ма?

         Қасымның әкесі ерте қайтқан, елде шешесі тұрушы еді. Ел жаққа барғанда ауылдың ауыр тұрмысын көріп, үнемі көңілі жүдеп қайтушы еді. Дәл қазір қарт адамның көңілін жүдетпес үшін ел жайын айтпады. Сауда-саттық, күнделікті бірінен-бірі қымбаттап  бара жатқан ұсақ-түйектердің төңірегіне қайта айналып келе берді.

         – Әрине ғой. Қолдан келсе сауда қылып табыс тапқанның еш айыбы жоқ. Тек пайда дегенге салынып алған да қиын. Ол да бір қартаның ойыны сияқты әне жеңемін, міне жеңемін дегізіп жетектеп әкетеді-ау деймін. Бірақ сені ондайға санамаймын, есің бар жігітсің, қаламың да жүйрік. Талантың да біліміңе орай келіп тұр. Реті болып жатса қызметке оралғаның дұрыс. Болашақтарың әлі алда ғой. Сен шығатын биіктер көп болуға тиіс. Мен соған сенемін, – деп тоқтады Әбу қарт. Бар айтпағы мына жігітке бірер ауыз сөзбен дем берейін деген игі ниет еді. Айтып болған соң үнсіз қалды. Үлкен адамның мұны биік қойып, келешегіне сеніп отырған соң Қасым үндемей қалуға, не әңгіме желісін басқа жаққа бұрып жіберуге көңілі дауаламады. Бұл да інілік алғысын айтып, алдағы кейбір жазбақшы боп жүрген қызықты жайттарды да айтып берді.

 

*   *   *

 

         – Менің де елге бармағаныма көп болды, – деді Әбу қарт. – Биыл демалыс алсам міндетті түрде барам. – Ол ойланып, қабағын түйіп отырып қалды. Отырған бойы ақ қағазға қолын, аузын сүрткіштеді. Мұнысы ”Болдық” дегендегісі шығар деп, Қасым да стақандағы ұшбұрышталған салфетканы суырды. Қолын сүртті. Әбу қарт дастарқан мәзіріне бата жасап, бетін сипады. – Қозғалайық, – деді алда бірдеңе тосып тұрғандай. – Сен әлгі жұмысыңды да ұмытпа. Көп шаруаң қалып қояр. Мен бүгін демалыстағы адаммын. Манағы айтқандарым есіңде болсын. Тиісті құжаттарыңды жинап керекті қағаздарын ретке келтіріп, маған ізденуші болып тіркел. Одан арғыны тағы көрерміз.

          – Қызметке оралғанда кәдімгі жастық жігерлі күйімде, қоғамға пайда қылам деп жақсы тілекпен бармағасын бәрі де бекер ғой. Менде ол тілектің бар екені де, сөнбегені де, қайта уақыт өткен сайын өсіп ұлғая түскені де рас. Реті келген бір мезгілде қызметке қайтып оралатыным анық. Бірақ оның қандай жол болатынын, ол жолдың ендігі жерде алдымнан не дайындап тұрғанын білмеймін,– деп шынын айтып еді.

         Екеуі баспалдақтан ақырын түсіп, үйдің бұрышына жеткенде профессор бұған мейірімді көздерімен тағы бір қарап, жылы қоштасып қолын қысты.               

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here