Қазіргі «Қазақстан» /бұрынғы телерадио комитет/ телерадио корпорациясының жанынан ашылған эстрадалық-симфониялық оркестрде жеке солист болып еңбек еткен небір жезтаңдай әншілердің ішіндегі бірі әрі бірегейі – Қазақстанның халық әртісі Рашид Хасенұлы Мұсабаев еді./1933-2008/  Әрине, бұл әншілер алланың өзі еркелеткен, өнерін насихаттауға жағдай жасаған өнер иелері болатын. Атап айтсақ, Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев,  Зейнеп Қойшыбаева, Гүлвира Разиева, Ескендір Хасанғалиев, Венера Қармысова, Люция Төлешова сынды әншілер оркестрге оранжировкасын жасатып,  сол жердегі концерт студиясында тегін әндерін жаздырып, кешкілік халық алдына сахнаға шығып ән салатын әрі орындаған әндері үздіксіз Қазақ радиосының әуе толқынынан, телеарна арқылы  насихатталып жататын. Олар телерадионың өз шеберханасының сандуғаштары еді. Әншілер біріншіден, сол жердің қызметкері ретінде жалақы алатын болса, сондай-ақ қаламақысын алып, өз өнерлерін насихаттап, Қазақ радиосының алтын қорын толықтыратын. Сондай-ақ Қазақ телеарнасының да күнделікті эфиріне шығып, әндерін орындайтын. Жаз болса ел аралап кететіндері тағы бар еді.

          Әнші   Рашид Мұсабаевтың орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорында» бес жүзден астам әні бар.  Өте еңбекқор, ізденімпаз, бағдарлама толықтыруға жан-жақтылық көрсетіп, бірнеше тілде ән орындайтын Рекең көбіне патриоттық әндерді көп шырқайтын. Әр заманның өз саясаты, өз ұстанымы болатын. Өмір ағымына ілесіп, небір әнді құйқылжыта орындаған Рашид Хасенұлы бүгінде ортамызда жоқ. Көзден кеткен соң көңілден кетері сөзсіз. Тіптен бұл кісі жайлы интернет, газет беттерінде ауызға да алынбайды екен. Мен шама-шарқымша Рашид Мұсабаев сынды әншімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауды жөн көріп, қолыма қалам алып отырмын. Әрине, ол кісіні көзіміз көріп, бір ұжымда еңбек еткенімді мақтан етемін. Ол кісілер біз қызмет ететін музыка редакциясына күнара келіп, әңгімелерін айтып отыратын. Сөзімді әншінің балалық шағынан бастағаным дұрыс болар.

          Бала Рашид 1937 жылдың қараша айында небары алты жасында халық жиналған кешке қатысады. Сол кездегі өлкелік хатшы болған Жолдас Біржанов Рашидті ортаға шақырып алып сөз береді. Микрофонға бойы жетпеген бала бірнеше әнді орындыққа шығып орындап берген екен. Халық ұзақ қол соғады. Бұл бала әншінің алғаш өнерге қанат қаққан қадамы болса керек.

          Рашидтың әкесі  Хасен Байкелеұлы теміржолшы. Анасы – Магрой Әбдірахманқызы батыр-ана еді. Қарапайым теміржолшы отбасынан үш атақты әншінің шығуы, әрине, таңғаларлық жайт еді.

          Қазақстанның халық әртісі Рашид Мұсабаев радиокомитте әнші  болса, Қазақстанның  халық әртісі Мұрат Мұсабаев опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі  Марат Мұсабаев Қазақтың Жамбыл атындағы филармониясында жеке әнші болып көп жыл өнер көрсетті. Қазір Мараттың ұлы Талғат Мұсабаев та опера әншісі.

          «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, әкесі домбырада ойнаса, анасы екі қатарлы сырнай тартып, ұлдары ән салатын отбасында бала кезден өнер дегенге аса құштарлықпен қарау басым еді. Анасы той-томалақта суырып салма ақындығымен, әншілігімен көзге түсіпті.      

          Рашид Мұсабаев өте қабілетті бала болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде өнер көрсетіп, топ баланың ішінен өнерімен ерекшеленді. Сондағы орындайтыны ата-анасынан үйренген қазақтың халық әндері еді.

          Мектеп бітірген соң Алматыдағы политехникалық институттың тау-кен факультетінде оқыды. Бесінші курста оқып жүріп, оқуын тастап кеткен Рашид консерваторияға оқуға түседі. Ұстаздары Козак Орлова, Людмила Шагельденнің сыныбында оқыды. Ол кезде Ермек Серкебаев та Людмила Шагельденнен дәріс алып жүрген.   Осы ұстаздары оның дауыс мүмкіндігін кәсіби деңгейге жеткізіп, өнер жолына салды.

          Бір күні Рашид Хасенұлы Қазақ радиосына барып композитор Әблахат Еспаевпен, музыка редакциясының бас редакторы Мақсұтбек Майшекинмен танысады. Олар жас әншінің радио ісіне араласуын өтінеді. Көркемөнер жағын  Борис Шарлов деген әнші басқарады екен. Рашид көркемдік кеңестен өтеді де радиоға әнші болып қабылданады. Әншілер ол кезде әуе толқынына тікелей шығып ән орындайтын-ды.

          Бірер жылдан соң әнші  Қазақтың Жамбыл атындағы филармониясына әншілікке қабылданады. Ол кезде филармонияның директоры Ақан Жұмин болатын.  Осыдан соң қазақтың кең даласын өнер сапарымен аралап, дауыс мүмкіндігін ашқан, халқымен қауышқан әншіде арман болмаған.

          1955 жылы Украинаның еңбек сіңірген әртісі Лидия Чернышова қазіргі Бақытжан Байқадамов атындағы капелланы құрды. Кавказ, Балтық, Сахалин жерлерін капелла ұжымымен аралап, әр тілде ән орындаған Рашид Мұсабаев өз-өзіне сенімді, сахнаның майталманы болады.

           1960 жылы Құрманғазы оркестрінің директоры Мәмбет Бестібаев Рашидті  әншілікке шақырған екен. Оркестрдің көркемдік жағын Нұрғиса Тілендиев басқарса керек.

          1962 жылы сол кездегі Телерадиокомитетттің төрағасы Құрманбек Сағындықов «бізде бір орын бар, әнші болып орналасуыңа болады» деген соң Рашид Мұсабаев қайта келіп осы ұжымға орналасып, отыз екі  жыл тапжылмай бір салада еңбек етті. Өнер жолында өз қолтаңбасын қалдырды, өз ерекшелігімен ән салды.

          Өткенге оралсақ, 1939 жылы Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов Қарағанды қаласына бір топ өнер иелерін бастап келіп, клубта концерт қойған. Концерттен кейін Рашидтың әкесі Хасен Манарбек, Ғарифолла,  Қанабек, Күләш, Құрманбек пен Шараларды үйге алып келіп қонақ етеді. Әкесі Күләш Байсейітовадан Рашид деген баласына бата сұрайды. Әйгілі әнші болашақ әншіге бата береді. Сол батасы қабыл болып, Рашид ағамыз да әлемге әйгілі әнші болды.

          1951 жылы Алматыдағы жас көрермендер театрында Рашид Мұсабаев  Күләш Бәйсейітованы биге шақырады, сонда жас жігіт «Күлеке, есіңізде ме, сіздер біздің үйге келіп маған бата беріп едіңіз ғой, сол Рашид мен болам» дейді. Күләш күлімсіреп есіне түсірген екен.

          Рашид Мұсабаев 1955 жылы маусымда Варшавада өткен жас әншілердің байқауына қатысып дипломант болды. Мәскеуде 1957 жылы Бүкілодақтық байқауда алтын медаль, Дүниежүзілік байқауда күміс медаль иесі атанады.

          1958 жылы Мәскеуде Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінде «Құрмет белгісі» орденін алды. Сол жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1989 жылы Қазақстанның халық әртісі құрметті атағын алады.

          Рашид Мұсабаевтың ән қоржыны өте бай еді. Әсіресе ән-романстар көп болатын, ол Абай әндеріне ерекше құрмет көрсеткен әнші еді. Әлемдік классикалық туындылар, опера ариялары, патроттық әндер де баршылық еді.

          Америкада, Монголия, ГДР, Белоруссия, Прибалтика, Әзербайжан жерлерінде қазақ өнерін шебер насихаттаған да Рашид Мұсабаев болатын.

          Суат Әбусейітов екеуі отыз жылдан астам дуэт орындады.  

          Қазақ эстрадасының негізін қалаған, ерекше дауыс иесі жиырма екі мемлекетте қазақ өнерін насихаттап, бірнеше тілде ән салғанда жанға жайлы қоңыр, баритон үні көпшілікті еліктіріп, қиял-ғажайып, ертегілер әлеміне жетелейтін. Үнінде ерекше тембрі бар, қанша тыңдасаң да жалықтырмайтын, қайта саф ауадай сіңімді, тыңдаушы жүрегіне жол табатын әсерлі әндері бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Саналы ғұмырында 500-ден астам әнді үнтаспаға түсіріп, жиырмаға жуық грампластинкаға жазған аса еңбекқор, көп ізденудің арқасында ел құрметіне бөленген біртуар әншінің бүгінгі күнде шаң басқан мұрағаттан ғана табылуы көңіл қынжылтады. Осы күнге дейін Рашид Мұсабаевты еске алу кештері өтпеді, ғұмырнама жинақтары жарық көрмеді. Небір мерейтойлары аталмай жатыр. Осы секілді Қазақстанның халық әртісі Суат Әбусейітов жайлы да сирек айтылып жүр.

          Бала кезімізден радиодан орындаған әндерін тыңдап өскен біздер үшін бұл әншілер аса қымбат әрі орындаған тамаша әндері бізге рухани азық болып, өнер деген киелі жолға түсуімізге де септігін тигізгені рас.

          Жасында тау-кен инженері боламын деп мақсат қойған Рашид Хасенұлы ата-бабадан, әке-шешеден келген әншілік өнерді тап институт бітіретін кезде қалап, бес жыл бойы оқыған оқуын тастауының себебі- өнер деген ғаламаттың бойын буып, мазасының алғаны болар. Ол осы жолда бақытын тапты. Әнші  туралы кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ермек Әбілдаев былай деген еді:

  • Аты әйгілі Кароль деген әнші «Әнші-дара тұлға» деген еді. Осындай дара тұлға деп Рашид ағамызды атаған болар едім. Халқы сүйіп, әніне тәнті болған, дауысын бірден танитын, әр үйде радиоторабы арқылы әні жеткен, сахнада құшағы гүлге толған, жүрген жерінде аса абыройға ие болған осындай әншінің жақсы қасиетін қалай айтпайсың. Жүрген ортасында жадырап, әзіл әңгімесін айтып, әр қазақ бауырым деп жүрген осындай дархан жүректі адамды өлімге қалай қиясың.

          Ағайынды Абдуллиндердің дуэтінен соң Суат Әбусейітов екеуі Қазақ радиосының алтын қорына көптеген әндер жазып қалдырды. Үлкен сахналарда орындағанын көнекөз қариялар біледі.

          Отыз жылдан астам Қазақ телерадиокомитетінің жанынан құрылған эстрадалық-симфониялық оркестрдің белді әншісі болып еңбек етуі – әншінің қалыптасуына, өнерінің дамуына көп септігін тигізгені де рас, – деп еді.

          Көп жыл бойы бір салада еңбек еткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі  Люция Төлешова да Рашид ағасы жайлы тебірене сөз қозғаған:

          – Рашид Хасенұлы ерекше тұлға еді. Мен ол кісіні телерадио комитетке келмей тұрып-ақ әндері арқылы білетінмін. Ол кісі достыққа, сыйластыққа келгенде маңына ел жинайтын, өзінің ерекше мінезімен, ықыласымен адамды тартатын жан еді. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, қазақ өнеріне айшықты із қалдырған осындай ірі тұлғаның есімі ел есінде. Үлкенге іні, кішіге аға бола білген кеңпейіл, өз ісінің майталманы жайлы қанша айтсақ та артық емес. «Қазақстан» телеарнасы мен Қазақ радиосының алтын қорында сақталған тамаша әндері халқымен бірге жасай береді,- деп еске алыпты.

          Қазақстанның халық әртісі Рашид Мұсабаев өмірінің соңына қарай Қарағандыдағы Сортировка станциясында тұратын сазгер досы Қазыбек Бексұлтановтың үйіне түсіп, сол жердегі Теміржолшылардың Мәдениет үйінде жерлестерімен кездесу ұйымдастырған екен. Халқы жылы қабылдаған бұл кеш ән мен әзіл -әңгімеге толы болыпты. Әнші ерекше шешіле сөйлеп, өмір туралы, өнер туралы қызықты әңгімелерді айтып берген екен. Бұл соңғы кездесу еді.

          Рашид Мұсабаевтың ән қоржынында қазақтың және халық композиторларының әндерімен қоса Қазақстан және ТМД елдерінің композиторларының әндері жетіп артылады. Атап айтсақ, Шәмшінің «Бақыт құшағында», «Көккөлдегі кештер», «Ақ бантик», «Ана туралы жыр», Әсет Бейсеуовтың «Жастар маршы», «Айнашым», Латиф Хамидидің «Алғашқы махаббат», Бақытжан Байқадамовтың «Теміртау жастарының жыры», Ескендір Хасанғалиевтың «Анаға сәлем», «Бір өзіңсің», Ілия Жақановтың «Даниярдың әні», Әшірхан Телғозиевтың «Жүрек сыры», Рақпан Байқоңыровтың «Бейбітшілік маршы», Әблахат Еспаевтың «Днепр туралы жыр», Жеңіс Ізтілеуовтың «Сен емес пе ең», Мэліс Өзбековтың «Ақтамақ қарлығаштар», сондай-ақ бірнеше туысқан халықтардың тілінде орындаған лирикалық, патриоттық әндері орындаушылық шеберлігімен аса  құнды туындылар.

          Қазақстанның халық әртісі Рашид Мұсабаев өнер жолындағы жастарға айтқан өсиетінде «Әнші  көп еңбектену керек, ұлттық нақышты жоғалтпау, сөзді дұрыс айту керек, әсіресе мағынасына көп көңіл бөлу, жүрекпен айту керек. Әнмен бір сәтте болсын, тыңдаушының көңілін көтеру керек, Халыққа, елге адал еңбек еткен әнші ғана бақытты. Әншінің өресін танытатын – оның талғамы. Ол әуен сұлу болғанда әсері мол. Әнші әр сөзін ой елегінен өткізеді. Жақсы нәрсені жүрек сезеді ғой. Ойда жоқта үйіріп әкететін әндер болады. Сиқырлы әндер жан сарайының түкпірінен орын алады. Әнші өз орындаған әнімен көпшіліктің көңілінен шығып, ән сырын көбірек зерттей білу керек» – деген болатын.

          Әнші  Рашид Мұсабаев дегенде Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әні әншінің орындауында ойыңа келеді. Шындығында да өнер айдынында еш бөгет болмай, асқақ арманы орындалған, әрқашан жолы ашық, мақсаты айқын болған, халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, еңбегі ерекше еленген әнші нағыз бақытты жан еді. Өз дәуіріндегі қоғамның тыныс-тіршілігіне белсенді араласып, өнер көгінде еркін самғаған, халқының қошеметіне бөленген әншіде арман бар ма?

          Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі»  ордендерінің иегері Рашид Хасенұлы Мұсабаев 2008 жылдың 6 қазанында Алматы қаласында қайтыс болды. Сол қаралы жиында әйгілі әншінің өмір, өнер жолы жайлы әріптестері толғана еске алды. Әнімен келер ұрпаққа үні жетер осындай әншілер жайлы қанша айтса да артық емес.

Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері            Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here