Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың

                    өмір мен өнері жайлы естелік /1912-1997/

Би  өнерінің іргетасын қалап,  киелі де рухани дүниенің сырын ашып, талмас талап пен қажымас қайраттың үлгісін көрсеткен саңлақтарымыздың тарих қойнауында есімдері жаңғырып тұрары аян..

            Қаз-қаз басқан ұлттық өнерімізді өркендетуге отызыншы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен табиғи дарындар келіп бас қосты. Олар күнделікті өмір сахнасында тәрбиеленді және кейінгі буынды тәрбиелеп, сахна шеберлерінің қатарына қосылды.

   Халқымыздың бұлбұлы  Күләш десек, би өнеріндегі жарық жұлдызы- Шара  Баймолдақызы  Жиенқұлованың есімі қазақ баласына танымал.

Кезінде ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов:

  «Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас  ізтаңбасы мейлінше  жарқырап көрінді. Бұл дарын  иесінің туған халқына қызмет етуінің  тамаша үлгісі!-деп майталман бишінің өнеріне әділ баға берген.

   Міне, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, хас өнердің  шыңына шыққан  Шара мағыналы  ғұмырында игі жақсының жанында жүріп, жақсылардан  көп үйренген, зердесіне тоқыған жан еді.

            Кезінде Алатаудың баурайындағы «Көкайрық» деген қырғыз-қазақ жеріндегі жайлауда болған той-томалақтың бірінде орта бойлы ер адамның би билеуі Шараны қатты қызықтырады. Содан былай балаң қызығушылық па, домбыра, сырнай тартылса билей жөнелетін. Ондайда ағайын-тума «Баймолданың қызы биші болайын деп тұр» деп таңдай қағысатын.

   Шара Баймолдақызы он бес жасында Алматыдағы қырғыз-қазақ педагогикалық институтына түсіп,  би дәстүрін жалғастырып жүрген ортасын қызыққа бөлейді.

   Шара апамыз «қазақта би болған ба?» деген сұраққа ертеден көп толғанатын. Кейін оқып, зерттей жүріп бір тұжырымға келеді. Енді сіздердің назарларыңызға біздің алтын қорымызда сақталған Шара Жиенқұлованың би туралы ойын ортаға саламыз.

Шара: «Маған көп адамдар «қазақ халқында би болған ба?-деп сұрақ қояды. Бұл би болды ма, болмады ма деп ойланатын дүние. Қазақ халқының үлкен қазынасы күйдің ырғағы бидің қимылы және әр күйдің өзінің мағынасы бар. Сол мағынаны бидің ырғағына келтіріп қимыл жасасақ, би боп шығады. Халықтық қолөнер – кесте, кілем түрлері, оюлар, осының бәрі бидің қимылдары. Мені халқым бірінші биші деп атайды, Сол атақпен қоса маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мен халықтан жинап жүріп неше түрлі ұлттық ойындардың негізінде бидің ырғағын ойлап тауып, солардың бәрін би етіп шығардым. 1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігінде халық билеріміз заңды өзінің орнын тапты. Содан бері би өнері қаулап өсіп келеді».

              Шараның кәсіби бишілік жолына түсуі 1928 жылы басталды. Оған себеп Қазақ драма театрының Алматыға көшіп келуі еді.

            Театр қаладағы «Орион» клубының үйінде қоныс тепті. Әр ұлттың бас қосқан сауық кештерінде  Шара да би билейді. Ең алғаш сахнаға шыққан сахнаға шыққан күні Шараның бақ жұлдызының жанған сәттерінің бірі десе де болғандай. Содан бастап Шара көпшілік қауымға биші ретінде таныла бастады.

   Ал ең алғаш театр сахнасында Тригердің «Сүңгуір қайық» пьесасына қатысқаны жайлы үнтаспаға жазылып алынған Шара апамыздың ойын оқи отырсақ:

Шара: ҚазПИ -де оқып жүрген кезім.  Театр Қызылордадан көшіп келді. Содан кейін театрға байқау басталды. Күләш марқұм бар, екеуміз келдік. Драма театрының әртісі болдық. Ол екеуміз «Сүңгуір қайық» дейтін пьесада көмір таситын титтей бала, соның ролінде ойнадық.  Ала майкіні киіп алып, көмір тасып, бетімізді  қараға бояп аламыз да сахнаға бір жүгіріп шығамыз. Сол рольді екеуміз таласып ойнайтынбыз. Кім бірінші келсе сол ала майкіні киетін. Бетіне күйе жағатын. Сол ойнап шығатын. Ол кезде сағат та жоқ. «Халық жиналды ма, жиналды, ал бастаймыз»  деп  бастайтынбыз. Мен Күләштан бұрын ерте келіп отырам. Бетіме күйе жағып, ала майкіні киіп   алдым,  бар   ынтамыз сахнаға бір жүгіріп шығу»…

       Осыдан кейін Шара Баймолдақызы Қазақтың драма театрында Бейімбет Майлинның «Майдан», Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарын», Н.Погодинның «Нан» спектаклінде  көрнекті рольдерді ойнады.

           Шараның шындап өнерге бет бұруы халқымыздың дарынды ұрпақтарының бірі, белгілі театр актеры Құрманбек Жандарбековпен бас қосқаннан кейін басталған-ды. Ата-ананың ақ батасын алып, серігін тапқан Шара театр тарландары Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов және арқалы ақын Иса Байзақовпен қоян-қолтық араласа бастайды.

   Ең алғаш гастрольдық сапарға шығуы есте қаларлықтай әсерлі еді. Әміре, Иса, Құрманбек бастаған өнерлі топ Семей, Ақмола, Қызылжар, Кереку жерлерін аралап, қазақ даласын ән мен жырға бөлеген. Тамылжыған биімен көрермен көңілінен шыққан сәттердің  әр минуты қымбат еді. Сол сапарда күш атасы Қажымұқан да өз өнерін көрсетті.

   Сөйтіп жүргенде 1933 жылы Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысымен музыка театрын құруға драма театрынан бір топ әртістер бөлініп шықты. Олардың ішінде Қанабек, Күләш, Құрманбек, Манарбек, бишілерден Шара бар еді.  Жаңадан театр құрып, балет өнерін кәсіби дәрежеге жеткізу үшін Мәскеудегі Үлкен театрдың бишісі әрі балетмейстрі Александровты Алматыға шақырды. Александр Артемьевич театрдағы барлық әртісті сахнадағы қимыл-қозғалыстарға үйретті. Шара «Қыз Жібектегі» «Алты қаз», «Тепеңкөк» биін, «Ер Тарғында «Алтынай» биін әсем қимыл үндестігімен билеп көрермен  көңілінен шыға білді.

   Бір күні Шараның атына Мәскеуден телеграмма келді. Сол кездегі Наркомның бастығы Темірбек Жүргенов бишіні кабинетіне шақырып: «Шара, сен Лондонда өтетін фестивальге қатысасың» деген. Сөйтіп басшылар қауымы жаңа бағдарлама дайындап, арнайы костюм тіккізіп, Шараны алыс сапарға аттандырды.

Шара: Сол 1933 жылы Америкада бір биші миллионер бар екен, сол өлерде жазып кетіпті. «Ендігі жылы бүкіл жер жүзінің бишісін жинап, той жасаңдар» деп. Өмірі Мәскеуді көрмеген адаммын. Мен Мәскеуге бармаймын деп, Лондонды да білмеймін» десем болмай жіберді. Онда Мәскеуге дейін он екі күн жүріп барады. Ұстазым Александров маған би үйретіп, вагонға салып жіберді. Артынып-тартынып қызыл вагонмен келсем біздің елші мені вокзалда күтіп тұр екен. Сөйтсем Лондонда фестиваль өтіпті, Тамара ханум барған екен. Бәрі үйді-үйіне қайтып жатқанда мен келіппін. Бірінші рет Лондонға барып келген бишілермен Үлкен театрдың сахнасында би биледім. Сонда Тамара ханумды тұңғыш көруім»….

   Шара 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнер шеберлерінің  онкүндігіне қатысады. Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйіне жеке билеп шығады. Мәскеу халқы жылы қабылдайды.

   1938 жылы «Қалқаман-Мамыр» балеті қойылады. Осы қойылымда Шара Мамырдың ролін шебер ойнайды. Сол жылы қазақ кино өнерінде алғаш «Амангелді» фильмі түсіріліп, басты рольдің бірі  Бануды- Шара Жиенқұлова ойнайды.

    1939 жылдың аяғында Қазақтың опера және балет театры «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» операларын Ленинградта өтетін өнер шеберлерінің фестиваліне дайындайды.

   1940 жылы Қазақстанда ән-би ансамблі құрылады. Ел басына күн туған сол бір жылдары майданға өз еркімен үгіт бригадалары аттанады. Майдан шептерінде «Молдабай», «Шахтер», «Бүркітші» сияқты қазақ билерімен қоса әлем халықтарының биін орындап, халықтар достығын  насихаттайды. Өнер бригадасы әскери бөлімшелер мен госпитальдарда қырық бес  концерт қойып  Алматыға оралады.

   Шара майданнан оралғанда араға түскен әзәзіл әңгіменің әсерінен өмірлік жолдасы Құрманбектің басқа адамға үйленіп кеткенін естіп қатты қайғырады. Тумысынан қажырлы да қайратты өр мінезді Шара  уайымға салынып, қатты қапаланғанын сырт көзге сырын білдірмей әрдайым бабында жүреді. Киелі өнерін әрі қарай жалғастырады.

 Шара өзінің жеке ансамблімен Қазақстанның, одан әрі  Одақ көлемінде, шетелде өнер көрсетіп  көпшілікке танылады. Осындай ұзақ жолда сапарлас болған әнші сіңлілерінің бірі Сара Мамытова биші жайлы өз ойын былайша жеткізді:

Сара: «Шара апаймен алғаш танысқаным, алғаш  «Қазақконцертте» ансамбль құрылып жатыр екен. Ол кісі  «қалқам, сені таңдап алдым, Жақсы әндеріңді дайындап қой, үлкен қалаларға барамыз» деген.  Содан Шымкенттен басталған сапарымыз Мары, Байрамалыден  Түрікмен елдеріне сапар шектік. Ашхабадта жан-жақтан қазақ халқы  жиналды. Красноводскіде де сондай тамаша құбылыс болды. Үлкен  құрмет көріп, табыспен  оралдық.

      Екінші сапарымыз Мәскеу облысы, Калуга, Тула,Орел, Новосибир жерлерінде өтті. Әр ұлттың биінен құрылған бағдарлама  көрерменге сондай ұнады. Бізбен бірге эстон әншісі, күйшіміз Әзидолла Есқалиев сапарлас болған.»..

            Қазақта  «ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» демей ме?  Ал екі жанрды бидің мағынасын баяндау жағы біздің түсінігімізше  ақылға сыймайтын дүние. Осы жөнінде Сара Мамытова ойын жалғастырады:

Сара: «Шара табиғи дарын. Ол ән айта жүріп би билейтін. Әр биге арнайы костюмі болушы еді, Қырғыздың «Перизат-ой» әнін айтса кәдімгі қырғыз қызы айтқандай, «Бүркітші» биін билесе, қолына бүркіт ұстап, тымақ, шапанын киіп ерлерше билейтін. Оған құдайдың берген қасиеті осындай еді»….                             

             1963 жылы «Лениншіл жас» газетінде Красноводск тұрғындарының Қазақстандық өнер иелерін қалай қарсы алғаны жайлы мақала  шықты.

«Шараның концерті жұртшылықты сүйсіндірді, Сахна төрінде би еркесі атанған Шара қазақтың күлдіргі «Қыздарай» әніне дөңгеленіп билей жөнелгенде көрермендер көңілдене қол соқты. Концертті жүргізуші Бибіжамал Шегебаева  – Шара «Қазақ вальсін» билейді – дегенде зал қол соғып ерекше құрмет көрсетті. Биші әр ұлттың өнерін көрсетумен қатар Куба халқының биін де көңілдегідей биледі» дегені бар.

   Шара Баймолдақызы Польша, Чехославакия, Біріккен Ара белі, Қытай, Франция, Италия, Монголия, Үндістан, Иран, Сирия, Ливан сияқты алыс елдерде қазақтың ұлттық би өнерін насихаттай жүріп, сол елдің ұлттық би үлгілерін жерлестеріне жеткізе білген хас шебер.

           Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға жіберілген өнер қайраткері Галина Улановадан бірнеше би үйреніп өз репертуарына қосты. Сондай-ақ Тамараханум, Махмуд Эсенбаевпен бірге шығармашылық байланыста болып би сырына қанықты.

   Шара Жиенқұлова 1945-1961 жылға дейін Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында, 1961-65 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде концерттік бригадамен өнер көрсетті.

  Жасы елуге келген шағында сахна өнерін қойып, ұстаздық қызметке ауысты.

          1965-1975 жылдары Алматы хореография училищесінде басшылық қызмет атқара жүріп, шәкірт тәрбиесіне ерекше назар аударды.

           1968 жылы «Қыз Жібек» спектаклінің балеттік қойылымын жасап, Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, хореография өнерінгдегі сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

           Шара Баймолдақызы ұстаздың еңбегі жайлы былай деген екен.:

Шара: «Әнші болу үшін дауыс керек. Биші болу үшін дене құрылымы дұрыс болу керек. Аяғы, қолы түзу, мойны алма мойын, түрі жақсы болу керек. Музыканың ритмін жақсы сақтай білу керек. Бір жыл бойы балалардың қол-аяғын сылап, жөнге келтіреміз. Содан кейін білім береміз.

Жаратылыстан дене құрылымы дұрыс болу керек.Өздеріңіз бір көргеннен «ой, әдемі екен» дейсіңдер ғой. Сахнада сұлулық бірден-бір қажет..»..

   Міне, халқымыздың би өнеріне өзіндік із қалдырып, келешек ұрпаққа іргетасын қалаған, біртуар дарын иесі- Шара Баймолдақызының  өнердегі  сара жолы осылай қалыптасқан.

   Училище түлектерінен құрылған «Алматының жас балеті», кейін «Мемлекеттік  классикалық би ансамблі» деген атаққа ие болды. Сондай-ақ бір топ дарын иелері Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Раушан Байсейітова, Гүлжан Талпақова, Ботагөз Байжұманова, Ғалия Тоқтарбаевалар Шара апаларының соңынан ерген ізбасарлары, би өнерін шыңға шығарған шеберлер.

            Кезінде Сәкен Сейфуллин ағамыз Шараның сахнадағы шеберлігіне , оның жалт-жұлт еткен отты жанарының көрермен көңіліне сәуле түсіретін  әсеріне таңғалып сұлулыққа мейірлене  шығарған «Сыр сандық» өлеңінің Шараға арналғаны ақиқат:

       «Тыныс керек кейде жанға,

         Кейде жанға ән керек,

         Күй шертуге анда-санда

         Сырласарлық жан керек.

         Сарыарқаның бір тауы бар,

         Бір тауы бар сымбаттым,

         Сол таудан сен сыр тауып ал,

         Сыр тауып ал қымбаттым.

         Сұлу жанды сұлу сүйген,

         Сұлу сүйген сыршылым,

         Жібек талдан түйін түйген,

         Түйін түйген түршілім.

         Сыр сандықты ашып қара,

         Ашып қара сырласым,

          Сым пернені басып қара,

         Басып қара жырласын, – деген жыр шумақтары Сәкеннің көңіл сезімі, жүрек  лүпілі  десе  де  болғандай.

   Шара апайдың ұлы Болаттың ұзақ жылғы тарихи ізденістен туған «Сақтар» жинағы келер ұрпаққа жетер асыл мұра, тарихи мағлұматқа  толы бағалы кітап деу орынды.

   Ұлттық би өнерін кәсіптік деңгейге жеткізіп, күш-жігерін халқының өнеріне арнаған сахна шебері, би өнерінің көшбастаушысы, суреткер азамат Шара Баймолдақызы Жиенқұлованың өмірі мен  шығармашылығы жайлы осылайша еске алдық.

   Жалпы өткенді болашаққа кие етіп, асыл мұраға айналған алтынымызды ардақтау, ол жайлы насихаттап, кейінгі жас буынды хабардар ету біздің адами борышымыз. Өткенсіз келешек жоқ екенін ұмытпайық, ағайын!…                                      

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты  

                                                                 Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here