Киелі өнер жолын қалап, ана әлдиімен әншіліктің қасиетін түсінген бүгінгі кейіпкеріміз өмірінің отыз жылдан астам уақытын ұлттық мәдениетіміздің  өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Қазақ радиосының ардагері Мұхамедқұл Смағұлов.

          Мұхамедқұл Смағұлұлы Алматы облысы Жамбыл ауданныа қарасты Жаманты аулының түлегі. Ол Смағұл ақсақал мен Шәуе ананың сүт кенжесі, жеті баланың бірі. Алаңсыз балалық шақ жайлы оның да айтары бар.

Мұхамедқұл: Маған әншілік анамның ақ сүтімен дарығаны рас. Бала кезімде анам қолымнан жетектеп, жиын-тойға ертіп баратын. Сонда әр жиында анам бірінші ән салушы еді, дауысы сондай әсерлі еді. Менің ойымнан бір шумақ әні кетпейді.

                    Жаным жарқын-ай,

                    Көңілім алтын-ай.

                    Аузымнан шыққан лебің,

                    Қоңыр салқын-ай…дейтін анамның дауысы әлі құлағымда…

          Ақиық ақындар Сүйінбай мен  Жамбылдың елінің түлегі туған жердің қасиетін бір кісідей біледі. Туған жер дегенде кім-кімнің де жүрегінде сағыныштың сазы, аңсау тұратыны мәлім.

Мұхамедқұл: Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Алатаудай асқар тау, асау өзен, орман-тоғайды көріп өскен мен  өз елімді мақтанышпен айта аламын.

Туған ауылым шағын еді, бастауыш мектепті бітірген соң көршілес Ақтерек аулында оқуымды жалғастырдым. Сол ауылға көшіп келдік. Әлі есімде  төртінші сыныпта оқып жүргенде  мұғалімдер жаңа жылда ән айтасың деді. Оған дейін дауысымның барын білмейтінмін, мүлде ән айтпаған едім. Сонда Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін айттым. Әйелдер жағы «мына баланың дауысын-ай, қыздың дауысы сияқты екен» деп таңғалысып жатыр. Мен сол кезден бастап өзімнің әншілікке қабілетімнің барын сездім…

          Дауысы сыңғырлап тұрған әнші баланың қабілетін байқаған ұстаздар қауымы  Мұхамедқұлдың өнерін бағалап әнші бала атады. Ауылдағы көркемөнерпаздар концертінде, аудан, облысаралық балалар бәйгесінде Мұхамедқұл алдына жан салмады. Бұл ана әлдиімен дарыған өнердің ұшқыны еді.

          Мұхамедқұл 1969 жылы орта мектепті бітірерде іштей әнші боламын деген арманды ойды қайталағанмен ата-ананың ақылымен  Алматыдағы ҚазПИ-дің тарих факультетіне құжатын тапсырады. Жолы болмай сол жылы күзде әскер қатарына алынады.

          Қиыр шығыста азаматтық борышын абыроймен атқарған жас жігіт елге оралып, өзі қалаған өнер жолына түспекші болып консерваторияға келіп Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаевқа жолығады, ол кісі  орындаған әнін тыңдап болып «әнші болу үшін көп іздену керек» деп шығарып салады. Осыдан кейін ол Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының жанынан ашылған арнайы студияға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Бақтаевтың сыныбына оқуға түседі. Студия бітірген соң үлкендердің кеңесімен П.Чайковский атындағы музыка училищесіне  түсіп Василий Андреевич Глазковтан сабақ алады. Әншіліктің қыр-сырын үйренеді. Мұхамедқұл Смағұлұлының  үлкен арманы-консерваторияға түсу болатын. Ол сол арманына да жетті. Ұстазы Қазақстанның халық әртісі Нариман Қаражігітовтың алдынан дәріс алып, ән құдіретін, сахна шеберлігін көңіліне түйеді. Ізденіс үстінде ән сырына қанығады.

          1979 жылы консерваторияны тамамдаған жас әнші Қазақтың Бақытжан Байқадамов атындағы  хор капелласына әнші болып қабылданады. Бала кезгі армандаған өнер жолы алысқа жетеледі. Ол осы ұжыммен қазақ жерін, сондай-ақ Ресей жерін аралап көпшілікпен бірге ән сапарында болды, ел-жер көріп, өнердің киесін түсінді.

          Адамды тұрмыс билейді демекші, үйлі-баранды болған соң  Мұхамедқұл Смағұлұлы  жайлырақ жұмыс іздеп, Қазақ телеарнасының есігін қағады.

Мұхамедқұл: Құныпия Айханов деген тамаша режиссер болды,  сол кісінің қарамағында дыбыс режиссерының ассисенті қызметін атқарып, телеарнаның сырына қанықтым. Бұл жұмыс менің қолым емес екенін сезіп, Қазақ радиосының музыка редакциясына ауысқым келді. Сол жерде Серғазы Тұрсынбаев, Бақытжан Ысқақов, Жеңіс Бәймешов сынды таныстарым  еңбек ететін. Күзде мен осы редакцияға жұмысқа ауыстым. Шүкір, содан бері бір орында қызмет етіп, ұлттық музыкаға жанашырлық танытып келемін.

Алтын: Бала күнгі арман ғой, неге біржолата өнер жолына түспедім, әншілігімді дамытпадым-ау,- деп өкінбейсіз бе?

Мұхамедқұл: Иә, ондай өкініштер болады, анда-санда ән айтуға құштарлығым артады. Айтам деген романстарым мен арияларымды орындамадым, менімен бірге оқыған жігіттер жақсы жетістікке жетті емес пе?- деген өкініш болады.

Алтын: Қазақ радиосының «Алтын қорына» қай композитордың әндері жазылды?

Мұхамедқұл: Мен халық әндерімен қоса Ақансерінің «Қараторғайын», Садық Кәрімбаевтың «Табамын сені», Қапан Мусинның «Алма бағында», Тұтқабай Иманбековтың «Қызыма», Сыдық Мұхамеджановтың «Есімде», әндерін жаздырдым. Әнуарбек Бекжановтың «Бауырларым» әні мен итальян композиторы  Эдуарда Капуаның «О, соле мио» шығармасын таспаға жазуға дайындық үстіндемін.  Әлі де болса жақсы әндерді жазам ба деген ой бар.

Алтын:  Ұлттық өнерге жанашыр да қажет қой, сол жанашырлардың бірі өзіңізсіз. Музыкалық саясат жайлы ойыңызды ортаға салсаңыз!

Мұхамедқұл: Музыка редакциясына келгенде  әр редакторға алты сағат концерт жасау керек еді, ол кезде біздің редакцияда қырық төрт редактор жұмыс істеді. Халық музыкасын екі адам, эстрадалық жанрды екі адам, классикалық музыканы екі адам  бөліп, жанр-жанрмен жұмыс істейтінбіз.

Ол кезде музыкалық редакцияның өзіндік жүйесі болатын. Бір күнде бір орындаушы бір-ақ рет, бір ән бір-ақ рет орындалатын. Соңғы кезде ғой, эстрадалық әндердің қаптап кеткені. Бұрынғыдай жүйе жоқ.

Алтын:  Дауысыңыз бабында, әлі де шығармашылық кеш ұйымдастырам деген ой бар ма?

Мұхамедқұл:  Қандай әскер генерал болуды армандамайды, менің ойымда  бар. Мүмкіндік болып жатса ойдағы жоспар іске асса, оған не жетсін! Есеп беру концертін ұйымдастырсам деген ой менде бар. Оны уақыт көрсетеді.

Алтын: Соңғы кезде өз жинақтаған тәжірибеңізді шәкірттерге үйретіп жүрсіз, осы жайлы да біле отырсақ:

Алтын:  Мен Қазақтың  Қыздар педагогикалық университетінде музыка факультетінде вокал пәнінің аға оқытушысы  ретінде ұстаздық етемін. Біраз шәкірттерім лауреат болды. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуге балаға» дегендей әр мамандықтың  өз қуанышы бар.

          Өнер жанашыры, әнші-ұстаз  Мұхамедқұл Смағұлұлы  Қазақ радиосының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында көп жылғы еңбегі еленіп, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен және Қазақ радиосының 90 жылдық мерейтойында «Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты» медалімен марапатталды. Сондай-ақ өнер зерттеушісі ретінде көптеген зерттеу мақалаларымен республикалық баспасөз беттерінде танылды. Ол  композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Музыканың мұзарт шыңы», Қазақстанның халық әртісі Нариман Қаражігітовтың 80 жасқа толуына орай «Опера тарланы» деген деректі мақалаларымен өз қабілетін байқатқан музыкант еді.  

          Қазақ радиосындағы небір ән-күйлерді  тыңдап, әсемдік әлеміне саяхат жасаған Мұхамедқұл Смағұлұлы   әлі күнге асыл мұраны тыңдаушысына жеткізіп, игі істің басы-қасында жүр. Бүгінде «Алтын қор» бөлімінде  жемісті еңбек етіп жүрген ардагер әсем әнді жанына серік етіп, өнер жанашыры ретінде сүйікті мамандығының майталманы атана білген.

          «Өнер халықтікі» демекші, халық өнерін үзбей насихаттап келген Мұхамедқұл Смағұлұлы  Қазақ радиосының ардагерлерінің бірі болатын. Бүгінде өмірден өткен радиоардагер Мұхамедқұл Смағұлұлы арамызда жоқ. Көзі тірісінде жазылып алынған сұхбаттан өмір бойы өнер деп өткен дарын иесінің өмір ізі жатыр. Қазақ радиосының тарихына есімі ерекше жазылатын Мұхаңның еңбегі әрдайым өнер иелерінің жадында сақталмақ.

Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері 

         Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here