Аққу ұшып, қаз қонған жер әсемі Жетісу өңірінде туып, киелі өнерді жанынан серік еткен қайталанбас тұлға, сегіз қырлы бір сырлы өнердің хас шебері- Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов  қазақтың опера өнерінің іргетасын қалап, әлемдік дәрежеге көтерген майталмандарымыздың бірі. (1905 — 1979 жж.)

             Қанабек Талдықорған өңіріндегі Қаратал ауданына қарасты «Айдарлы» елдімекенінде дүниеге келген. Бір атадан жалғаз өскен ол әкесі Байсейіттің ықпалымен  ауыл молдасынан оқып хат таниды.

             Қанекең    1925 жылы Алматы педагогикалық техникум жанындағы оқытушылық курсқа оқуға түседі. Оның өнерге қанат қағуына Манарбек Ержанов пен қазақтың тұңғыш режиссеры Жұмат Шанинның көп көмегі тиеді. Жұмат Қанекеңді 1926 жылы өзі  дайындаған «Арқалық батыр» драмалық қойылымына, Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Кебектің роліне, «Айман-Шолпанда» Арыстан, Бейімбет Майлинның «Шұға»,Ғабит Мүсіреповтың «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» драмасында негізгі рольдерге қатыстырады.

             Қанабектің түр-тұлғасы, келбеті , оған қоса табиғи дарыны сахнаға лайық болатын. Қанекең бір естелігінде: «Ауылдан келген өнерлі жастар даланың сирек өсетін гүлдерінен жиналған тәрізді, көргеннің көз жауын алатын гүл шоғына ұқсайтын» деп суреттеген. Шындығында да Манарбек, Күләш, Құрманбек, Шара, Қалибек, Әміре, Иса, Ғарифолла, Жүсіпбектер ол кезде өндірдей жас, сахнаның көркі еді ғой.

    1934 жылдың он үшінші  қаңтарында Қанабек бастаған топ «Айман-Шолпан» комедиясымен Қазақ музыка театрының шымылдығын ашып, төрт айдың ішінде осы спектакльді жүз рет қояды. Айманды ойнаған Күләш  өз дарынының қырын ашып, елді әншілік өнерімен тәнті етеді.

             Айман-Шолпан» спектаклі қойылғаннан кейін Қазақтың Мемлекеттік музыка театры деп қайта құру жөнінде қаулы шығады. Бұл спектакльмен театр ұжымы Семей қаласына барады. Спектакльді он бес күн қатар қойғанда көрермен сыймай кетеді.

             Бейімбет тапсырыс бойынша «Шұға» повесін театрға лайықтап қайта жазып шығады. Осыдан кейінгі «Қыз Жібек» операсының тууын Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов бір кезде былай депті:             «Ол кезде мен драмтеатрдамын. Барлық әнші де, күйші де , актер де сонда болатын. Біз ойын құратын музыкалық студия құрдық. Мен театрдың әншісі әрі режиссеры болдым. Содан екі ай дайындалып Айманға Күләшті, маған Арыстанды берді. Спектакль табыспен өтті.

             Бір күні Жүргенов мені шақырып алды. Осы «Қыз Жібек» Ғабитке жаздырып, қойсақ қайтеді» деді.  «Онда сіз хат жазып бере қойыңыз,бірер айдың  ішінде жазып берсін» деді. «Жарайды , ақылдасайық» дедім.

             Сөйтіп, либереттосын Ғабитке, әуенін Евгений Брусиловскийге жаздырдық.

             «Затаевичте 1500 ән бар, тағы қандай әндердің әуенін қоссақ екен» деп Манарбектен «Шегенің термесі» мен «Смет», Исадан «Гәкку», Құрманбектен «Сарымойын», «Көкжендет», хордың әндеріне «Секіртпе», «Толқыма» әндері алынды. Осыларды жазып болған соң мені, Күләшті, Брусиловскийді Ақсай демалыс үйіне  жіберді. Сонда Ілияс Омаров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов  демалып жатыр екен.

             Жолда кетіп барамыз. Күләш «Гәккуді» айтты да  аяқ жағында «ахаһа-ахаһа- десек қайтеді» деді. Брусиловский дереу қағазға жазып алды.»…

             Сөйтіп, «Қыз-Жібек» операсы сахнада қойылды. Құрманбек Бекежанды, Қанабек Төлегенді, Күләш-Қыз Жібекті ойнады.

              Бұл спектакль 1934 жылы қарашада сахнаға шығарылды. Режиссеры Жұмат Шанин болғанмен, көмекшісі Қанабек Байсейітов пен Құрманбек еді.

             Көпшілік тыңнан қосылған жанрға көңілі толмады. Өйткені халық «Қыз Жібекті» жатқа айтатын. «Қырық қызы қайда, қырық көші қайда?-деген сұрақтар көбейіп кетті.

             Брусиловский «Қыз Жібектен» кейін Бейімбеттің либереттосы бойынша «Жалбыр» операсын жазады».

             Әншілік өнерді жастайынан бойына сіңірген Қанекең ел аузында жүрген халық әндерінің нотаға түсуіне, опералық жанрдың сазды әуеніне айналуына көп септігін тигізеді. Композитор Евгений Брусиловский оның орындап берген «Сұлу сипат», «Ақкемер», «Оралады жібегім» әндерін өңдеп, «Қыз Жібек» операсына қолданды.

             Енді Қанабек Байсейітовтың өнері мен өмірі жайлы Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевпен көзі тірісінде  жүргізген сұхбатымызға кезек берелік:

Алтын:    Қанабек Байсейітов жайлы біздің алтын қорымызда мазмұнды хабар жоқ. Өзіңіз көзкөрген шежіресіз ғой.  Қанекең жайлы  тыңдаушыға әңгімелеп берсеңіз.

Кәукен.:    Қанабек ылғи күлдіргі әңгімелерді тауып алады. Күлдіргенде шегіңді қатыратын. Ол кісі «Дударайды», «Жалбырды» қойды. «Жалбырда» керемет оқиға болды. Спектакльмен Шымкентке барғанбыз. Режиссеры Қанекең болған. Жалбырдың ролін мен ойнадым. Сахнаға шығып, өз ариямды айтып тұрсам, басында тымақ, қолында қамшы, бір көзі қызарып кеткен, бір жақ мұрты бар, жартылай жоқ біреу  кіріп келді. Менің көзім түсіп кетті. Қанекең екенін тани кеттім. Қамшының ұшымен шыбынды қуғандай әрекет етіп тұр екен. Мен айтатын өлеңімді айта алмай шегім қатып күліп, теріс қарап еңкілдедім де қалдым. Көзі қып-қызыл боп маған қарап тұр. Содан шықсам маған ұрсып жатыр «бұның қалай?» деп. Мен «Қанеке, қалай айтасың, мына түріңмен адамды өлтіресің ғой»  дедім.

             «Ә, солай ма, солай ма еді» деді  ол күлімсіреп. Сондай өмірге ғашық адам еді. Күләшқа ғашық адам, өмірге неғып ғашық болмасын, сондай ерекше жан еді-ау…

Алтын:   Темірбек Жүргенов «Қыз Жібекті» шығарайық  дегенде  Ғабитке бір    айда  либеретто жаздырып, үш айда сахнаға қойған ғой, сол кездегі өнер адамдарының қасиеті алланың берген сыйы ма деймін?

Кәукен: Бұл керемет дүние. Қанабек, Құрманбек, Күләш, Манарбек оқымаған адамдар ғой. Ауылдағы ойын-сауықтан келген адамдар.

             1936 жылы Мәскеуде Украина театрынан кейін біздің әртістер «Қыз-Жібекпен» Декаданы ашқан ғой. Сондай дарынды, анасының құрсағынан, жүрегінен шыққан  дайын әртістер ғой, бұлар. Бұл кісілерде қате болмайды. Бұлардың бәрі осылай келген өмірге.

Алтын: Қазақ радиосының алтын қорында бұл кісінің  үш-ақ әні бар екен. Сонда әнді қойып, режиссерлікке кеткен бе, әлде жазылмай қалған тірлік пе?

Кәукен: Бұл кісі Құрекең екеуі әнге аса көз салмаған көрінеді. Мықты дауыс бермесе де режиссерлықты мықтап берген.

Алтын: Өзінің артынан шәкірт дайындады ма?

Кәукен: Құрекең жайлы кітапта «сіздің ізбасарыңыз кім?-дегенде «менің артымда Кенжетаев қалады» деген. Мен  сол үшін ризамын. Құрекеңнің шәкіртімін.

Алтын:  Қанабек киноларда да көп ойнады ғой?

Кәукен: Ол кісі тамаша актер болатын. Бұлар әнші,режиссер, актер. Ол кісіні ұмытуға болмайды. Кешегі Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Күләш Байсейітованың өзін осы  кісі сахнаға үйреткен.

Алтын: Енді Күләш апамыздың екеуінің сүйіспеншілігі жайлы айтып берсеңіз.

Кәукен: Күлекең үлкен адамгершілік иесі еді ғой. Қанекең еркелетіп отыратын. Кейбір жиын-тойда  Қанекеңнің еркелігін көтеріп,   Күлекең күліп отыратын. Күләш мінезге бай жан еді ғой.

         Қанабек Байсейітұлы аты әлемге әйгілі бұлбұл көмей әншіміз Күләшпен ширек ғасыр өмір сүрді. Өнер жолында қолұстасып бірге жүрді. Күләш тумысынан кішіпейіл де қарапайым жан еді. Ол өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында классикалық шығармаларды шебер ойнай білді. Қанекеңнің атасының атын қазақ даласына жария еткен біртуар дарын иесі Күләш өнерімізге өзіндік өрнегін салған алғашқы қарлығаштарымыздың бірі.

             Қанабек Байсейітов сахнада үлкен рольдерді сомдағанмен режиссерлік қырынан көбірек танылған жан. Өнер  саңлағының сан қырлы дарындылығы, асқан ұйымдастырушылық шеберлігі  Мәскеуде өткен 1936 жылғы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі тұсында жарқырап көрінді. Халқымыздың бұлбұлы атанған жұбайы Күләшпен бірге «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген мен Жібектің образын сомдағаны үшін еңбегі еленіп, сол жылы Қанекең Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды.

             Қазақ өнерінің мақтанышы Қанабек Байсейтовтың есімі киноактер ретінде де кеңінен танымал. Бұған оның «Қазақфильм» студиясында түсірген «Амангелді», «Жамбыл», «Тыныштық», «Мылтықты адам», «Ботагөз», «Шабандоз», «Даладағы қайың», «Асау Ертіс жағасында» атты фильмдері айғақ. Бір бойында әншілік, актерлік, режиссерлік, өнерді қоса алып жүрген Қанекең драматургия саласына да қалам тербеді. Қанекең Қуандық Шаңғытбаевпен бірлесіп «Сәуле», «Беу, қыздарай» пьесаларын сахнаға қойса, «Құштар көңіл» атты кітабын жазып, көпшілікке өзі жайлы бір үзік сырды жария етті.

             Қанекеңнің еңбегін қағазға түсіріп, баспаға әзірлеп жүрген қаламгеріміз жазушы Бексұлтан Нұржекеев. Ол кісі 1976 жылы «Құштар көңіл» жинағының шығуына атсалысса, осы кітапты 2005 жылы Қанабек Байсейітовтың туғанына 100 жыл толу мерейтой қарсаңында қайта өңдеп шығарды. Сонымен қатар «Қанабек Байсейітов туралы естеліктер» атты әдеби мемуарды жинақтап шығарды.

             Қанекең өзінің бір естелігінде:

             «Адам баласында екі өмір бар. Бірі -осы сүргенің, екіншісі-өзің өлгеннен кейін. Өнер адамын саралайтын – сол екінші өмір. Көзің тіріде көңіліңді жыртпайық дейді, көзің кеткен соң көкейдегілерін бүкпей айтады. Нағыз халық сүйген адамдардың бірінші өмірінен екінші өмірі ұзағырақ. Абай, Жамбыл, Күләш секілді адамдар сондай ұзақ өмірге ие болған адамдар ғой»  деген екен.

             Шындығында  да,  өнер иесінің айтқанының жаны бар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп өлең жолдарында жазылғандай, асылдарымызды дер кезінде бағалай алмай, «әттең-ай» дейтін кездеріміз жиі кездеседі. Бұның өзі адам баласының пендешілігі  осы болса керек.

             Қазақ операсының  сахналық қойылымдарында Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Чайковскийдің «Евгений Онегин», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Глинканың «Руслан мен Людмила», Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Палиашвилидің «Даиси» операларында және тағы да басқа спектакльде  Қанабек Байсейітовтың режиссерлық және актерлік дарыны жарқырай түсті. Осындай дарын иесінің еңбегі әділ бағаланып, өз кезінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

             Ұлттық өнеріміздің көрнекті қайраткері,қазақ сахнассының тарланы Қанабек Байсейітовтің еңбегі келер ұрпаққа үлгі-өнеге.

             «Өнер – халықтікі. Алланың берген асыл қасиетін көп іздену мен еңбектенудің арқасында кәсіби деңгейге жеткізген Қанабек Байсейітов пен оның тұстастары табиғи дарынның жемісін көрген өнер майталмандары.   

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері             Алтын Иманбаева

                                        

 



Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here