Нәзік те сырлы үнімен мыңдаған тыңдаушының жүрегіне жол тауып, асқақ әндерді шырқата салған халқымыздың сүйікті әншісі Ләззат Сүйіндікованың есімі бала кезімізден Қазақ радиосының әуе толқынынан етене таныс. Олай дейтініміз, біз Ләззат апамыздың әнін тыңдап қолымызға домбыра ұстадық, сол кісіше ән салуға машықтандық. Қазақ қыздарының ішінен қолына домбыра ұстап, дәстүрлі ән орындаушылық шеберлігін қалыптастырған, ұлттық өнерімізге өз қолтаңбасын қалдырған да әнші  Ләззат Сүйіндікова еді.

          Өз кезінде халық жауы  атанып, қуғын-сүргін көрген қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Сейфуллинның әндерін орындағаны үшін Ләззат Маясарқызы талай рет сұрақ-жауапқа да алынады. Сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаров Ләззат Сүйіндікованы әлденеше атаққа ұсынғанымен тізімнен сызылып қалғаны Сәкен әндеріне тікелей байланысты.

          Өнері  мен аналық парызын бірдей атқарған Ләззат өмірге үш қыз, бір ұл әкелді, оларға жақсы тәрбие берді, адал жар бола білді.

          Тумысынан нәзік  жан тағдыр тауқыметін көтере біліп, ән қанатында өмір ағынына қарсы жүзді, өнерімен халық қалаулысына айналды.

          Ләззат Сүйіндікова  текті атаның баласы еді. Жан-дүниесімен беріле орындалар әндер мен сазгерлік өнер халық ақыны әрі бірнеше әннің  авторы, аяулы әкесі Маясар Жапақовтан бастау алған. Осы жайлы әншінің көзі тірісінде айтқан  бір үзік сыры бар-тын:

Ләззат: Шешемнің төркіні әнші, домбырашы, гармоншы болған еді. Әкем халық ақыны Маясар Жапақов, ол кісі талай ақындар айтысына қатысып, қабілетін шыңдаған жан. Ата-анамнан үйренген  халық әндері әлі күнге құлағымда. Әсіресе Ақан серінің әндерін жиі айтатын. Мен де Ақан серінің әндерін алғаш сүйіп айтқан болсам, кейін ел көп біле бермейтін сирек айтылатын халық әндерін іздестіріп, алыс—жақын жұрағаттарыма барып, үйреніп айтып жүрдім.»…

          Ол кезде қазақ халқы қыз баланы өнерге бейімдей бермейтін. Солай бола тұрса да Ләззат мектеп қабырғасында жүргенде Қарағанды облыстық ән байқауларына қатысып, әлденеше бағын сынаған.

          Ләззат Сүйіндікова мектеп бітірген соң Қызылжар қаласындағы педучилищеге оқуға түсіп, бітірген соң Көкшетау қаласының мектептерінің біріне жолдама алған. Сол жерде тұрмыс құрды. Жүрген ортасын думанға бөлеп, ән қанатында еркін самғаған өнерпазды Алматыдан келген өнер жанашырлары көріп әнін естіпті.

Ләззат: Мен Көкшетауда орта мектепте ұстаздық етіп жүргенде  Алматыдан жазушы Жұмағали Саин аға келді. Мен таныстарым арқылы сол кісіге кездесіп, жиында бір-екі ауыз ән айттым. Ол  кісі сол кезде Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында директор екен. Жолдасыма: «Ләззат әнді жақсы салады екен, келінді Алматыға алып кел, мұндай кісілер бізде жоқ, іздеп таба алмай жүрміз» деп бізді  шақырып кетті. Ағамыздың бұл сөзі маған қанат бітірді, біз сол жылы, яғни, 1946  жылы Алматыға келдік. Содан бері мен үлкен әншілерді өзіме ұстаз тұттым. Көп тыңдау арқылы  әннің сырын ұқтым. «Осы кісілер сияқты атақты әнші болсам екен», деп алдыма үлкен мақсат қойдым. Сол арманыма жеттім де. Күләш апай, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, ағайынды Абдуллиндер /біз жолдасым екеуміз ол кісілерді қос сұңқар дейтінбіз/, Рабиға, Рахия апайлар, Қуан Лекеров, Кәукен, Шабал – осы майталмандардай әнші болуды армандадым»…

          Ләззат Сүйіндікова 1954 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы училищеге түсіп, ұстазы Борис Александрович Орловтан тәлім-тәрбие алды, ән сырын ұқты. Әнші көп жыл бойы қазақ даласын аралап, көрерменімен қауышты, өнерімен көпшілік көңілінен шықты. Әр әнші алдыңғы буын аға-апаларынан тәлім алатынын ескерсек, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов алғаш Ақан Серінің «Көкшетаудың биігі-ай» әнін Ләззат апасынан естіп үйренсе  керек. Осы жайлы Қайраттың ойын ортаға салсақ:

          – Ләззат апамыз енді мейлінше көп білетін адам. Ол кісі ел білмеген қаншама халық әнін білуші еді.  Өзінің бойына лайық әдемі нәзік дауысы болатын. Сырлы әндерімен талай жүректі жаулағаны рас. Халық апайды жақсы  көретін. Өкініштісі, апай талай рет ән үйрен деп шақырғанда бір қолымның тимегені – деген еді.

          Қазақ радиосының алтын қорында Ләззат Сүйіндікованың орындауында қырыққа жуық ән бар, оның сегізі өз әні. Атап айтсақ, «Алатау арманы», «Жайлауда», «Жан қалқа», «Қыз сыры», «Сағыныш», «Сәулетті Қазақстан», «Тың шыңдарға» әндері. Өлеңін жазған Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Нұрсұлтан Әлімқұлов және Мақсұтбек Майшекин сынды ақындар. Сазгердің кейбір әндерін  Ермек Серкебаев, Роза Бағланова мен Құрманбек  Байқуатов орындаған.

          Көп жыл бойы «Қазақконцерт» бірлестігінде жемісті еңбек еткен әнші Зәуреш Есбергенова Ләззат Сүйіндіковамен тығыз шығармашылық байланыста болған.

Зәуреш:  Біз ертеде таңнан сол кісінің әнімен оянатын едік. Кейін талай ән сапарымен ел араладық. Дауысының тембрі жұмсақ, құлаққа жайлы естілетін еді. Ол кісі аса биязы, жүрген ортасына сыйлы жан еді. Ол қыздар арасынан тұңғыш домбырамен ән салған қыз, оның өнер жолы кейінгі жастарға үлгі болып қала береді…

           Біздің алтын қорымызда Ләззат Сүйіндікова жайлы Қазақ радиосының ардагері Қалқаман Жүнісбековтың хабары сақталған. Әнші көзі тірісінде өзіне қамқор болған жандар жайлы да айтқан екен.
Ләззат: Алматыға алғаш келгенде Қуан Лекеров пен Рахия Қойшыбаева: «Әнді сұлу айтады екенсің, бірақ ұялшақ екенсің, ұялмаған ғана әнші болады, осыны ескер» деп ақылдарын айтушы еді, Жүсіпбек аға да: «өзіңе лайықты дауысың бар, өз алдыңа жолың бар» деп қолдап отыратын.

           Ертеректе  Ахмет Жұбанов: «Қарағым, сен әнді өте нәзік айтасың, сенде  композиторлық қасиет те байқалады, көп ізден, қызым Ғазизамен ақылдасып тұр» деп жақсы сөзін аямайтын-ды…

Алтын: Мен Республикалық эстрада-цирк студиясында оқып жүрген кезімде «Сәкен әндері» деп аталатын концертке түсуге Қазақ теледидарына келгенімде тұңғыш рет Ләззат Сүйіндікованы көрдім. Бұл 1977  жылдың күзі болатын. Өзіміз бала кезден әуе толқыны арқылы әнін тыңдап, өнерін мойындаған әншімізді көргеніме қатты қуандым.Сонда концерттен кейін маған «Сәкеннің «Тау ішінде» әнін айтқанда сол әннің мағынасына ерекше көңіл бөлу керек, наздана, толқыта орындаған жөн» деп домбырасымен  шерте отырып, ритмін көрсетіп бергені әлі есімде. 

Екінші кездесуім, 2004 жылы Ғалымдар үйінде ақын Бүркіт Ысқақовтың туғанына 80 жыл толуына орай кеш өтті. Ләззат Сүйіндікова көрермен ретінде  тамашалап отыр екен, біздер сахнаға шығып ән айтқанда «браво, браво» деп отырған орнынан қайта-қайта ұшып тұрып қол шапалақтады. «Туған халқының әнін, өнерін сағынған екен» деп топшыладық біз. Ол кісіні соңғы көруім еді. Бірер жылдан соң Франция жерінде  қайтыс болды деп естідік.

«Қазақконцертте» көп жыл бойы еңбек еткен Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері Күлшара Есетова бір естелігінде: «Ләззат апай өте мәдениетті, сыпайы жан еді. Мен ол кісімен Семей облысына сапарға шыққам. Өнер тобын екі ай басқарған кезде бір адамға дауыс көтермеді. Өзінің көркем мінезділігін көрсетіп, қандай қиыншылық болса бірге  көтергені әлі есімде. Ләззат  Сүйіндікова  ауылға келгенде ел тайлы тұяғымен концертке келетін, халқы ол кісінің өнерін қадірледі, әнсүйер қауымның жүрегіне жол тапқан дарынды жан еді ғой. Ол кісінің  киім киісі де ерекше болатын, әрдайым жарастырып киюге тырысатын, қай жағынан болсын, бізге үлгі бола білген жан. Өкініштісі, туған жерден топырақ бұйырмағаны»- дейді.

          Иә, өмірінің елу жылға жуық уақытын қазақ сахнасына арнап, еңбегі елеусіз қалған әнші жиырма жылдай Францияда тұратын қыздарының қолында болып, сол жерден топырақ бұйырды.

          Ешкімге ұқсамайтын орындаушылық шеберлігі бар, қазақ қыздарына үлгі көрсетіп, соңынан шәкірт ерткен жүрегі нәзік, өнер деп  туған Ләззат Маясарқызы Сүйіндікованың әндері халқына рухани азық.

Елім, жерім деп әуелете ән салып, тебірене отырып әсерлі шығармалар жазған нәзік дүниенің иесі, бабалар дәстүрін жалғастырып, ән шамшырағын ұрпағына жеткізе білді. Сырлы да сазды әндері келер ұрпаққа жетер асыл мұра болар тамаша  әнші Ләззат Сүйіндікованың есімі күн өткен сайын жаңғырып, әндері Қазақ радиосының әуе толқынынан шырқала берері хақ.

       Авторы:

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері              Алтын Иманбаева 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here