ҚИЯЛЫШАТ ОҚИҒАСЫ

 

         Жұрттың бәрі жапатармағай қысқа әзірленіп, отын-су қамдаған шақ. Қыстың суығы қыр астында. Ақпар әскерден келгелі шаруа қамында. Үйде былтырдан қалған көмірге сеп болсын деп отын жарып, қораға кіргізіп үйді. Шатырдың қар кіретін жерлері болушы еді соны бітеді. Түтіні еркін шықсын деп қисайған мұржаны биіктетті. Шөп қораның құлап қалған қабырғасын тұрғызды. Қасында айтқанын екі етпей жүгіріп жүрген – інісі Тоқтар. О да аяқ-қолы серейіп жетіліп, өсе бастаған, сабаққа ұғымсыз, шаруаға ширақ. Оған Ақпардың шеге қаққаны, отын бұтағаны, кірпіш қалағаны – бәрі қызық. Ағасының жойқын күшіне, күлімсіреп жымиғанына – бәріне қызығады. Кешкілік ауылдың қыз-жігіттері клубқа жиылып, домбыра тартып, ән айтып билеп жатады. Екіден-үштен қолтықтасып, қонаққа, тойға барады. Ішінде Тоқтар да ілесіп жүреді.                             

          –   Бәрінен де саған қызық болды-ау балам, – дейді шешесі.

         Қыс таяды. Мал қолға қарап жауын көбейді. Егін де шығымды болып, қар түскенше үлкен-кіші қырманға жабылды. Қыс қатты болады деп шопандар күзектен ерте түсті.          

 

*     *     *

 

         Ауылдың жазы да қызық, жаз қызық болатыны айнала табиғат жаңара түсіп жасарып, түрленіп тұрады. Ауылдың қысы да қызық, қызық болатыны – бір аяз, бір боран. Есік алдындағы тау-тау қарды күрейсің. Орталықтан фермаларға, қыстауларға жол аршылып, жем тасылады. Кекілі желкілдеген жабағы, тайларға мініп ауыл балалары үй-үйдің арасынан былай шығып қалың қарда аударыспақ ойнайды. Соны көріп Тоқтар да шешесіне «тай сатып әперіңдер» деп қыңқылдайды.                                                       

         – Ағаң жұмыс істесін бәрі болады, – деп Мәкен жұбатады. Суық түскеннен бері қыңқыл-сыңқыл көбейді. Қырықтың ортасына кірген қатпа қара әйел. Күйеуі Бәден жуас жігіт еді. Бір асығуды білмейтін денелі сары-тын. Көлден қамыс шабам деп мұз ойылып,  тракторымен суға кетіп өлді. Өзі ауылға кірме еді. Төрт баламен қалған Мәкен ел ішінде аға-інілерін, туыстарын жағалап, малын бағып, баласын өсіріп со бейбіт өмірге тәуба дейтін. Оның үстіне биыл әскерден Ақпар келіп оған да шексіз қуанды. Күні бойы шаң-шаң боп кешкілік ат қорадан жем тазалап оралады. Қыстауға жем таратады. Бірер айда совхоздың естияр жұмысшысы сияқты көп шаруаны меңгеріп алды.                                                                          

*     *     *

 

         Қысқы түн. Айнала аппақ. Аяқ дыбысынан қар сықыр-сықыр етеді. Ойын балаларының шуы әлі тарқамаған. Түнгі ауа ызғарлы. Ақпар тонның жағасын көтеріп, үй-үйдің арасымен аялдамаға келді. Бір шетте бірін-бірі сүйрелеп, ішіп алғандар самбырлап, даурығып жүр. Ақпар оларды айналып өтті. Жарық түскен аялдама артындағы биік дуалға сүйеніп біреу тұр. Қолында темекі. Үстінде былғары тон. Қалың қара мұртты, темір тісі бар, дөңес мұрынды күлегеш қара жігіт. Екеуі қол алысты. Алмантай бірінші боп тіл қатты.     

         –Ақпар екенсің ғой. Қайдан келесің?                             

         –Жай қыдырыс, – деді бұл.                                                   

         –Қызық қылғанда екеуміз бір адреске келіп жүрмейік, – деді мұрт. Кеңк-кеңк күлді. Күлді де өзінің Ризаман уәделесіп қойғанын айтты. Будақ-будақ түтін шығарып темекісін өшірді. Сосын:  

         – Қалай уәделерің бар ма еді, – деді достық үнмен, – Менікі әшейін ғой. Өзі кел деген соң, егер сен шын жақсы көрсең кетейін онда – Шын кететін адамша орнынан қозғалақтады.  

         –Жо-жоқ,–деді Ақпар.–Өзі шақырып қойса. Оның үстіне сені шақырып қойғанда мен барсам ұят болар.                               

         Риза ерке қыз. Әзілі қайса, шыны қайсы кейде айыру қиын. Мінез ашықтығымен көрген адамды тартып алады. Оның үстіне өңді. Жаздай ауыл жігіттері жақындасуға батпай соны төңіректеді. Көшеден Риза өтсе сыртынан тамсанып қарап қалады. Батылы жетіп сөйлескен Ақпар еді. Алмантайдың сөзіне сенбеді. Ол кеткен соң жол шетінде тұрып «Жаңағы не деп кетті» деп ойлады. «Нанбасаң екі сағаттан соң келіп көр, есікті ашық қалдырам, – деді-ау. Несі бар оны да байқап көруге болады».

 

*     *     *

 

         Түнгі аязда өлеусірей жанған ауыл шамдары сөне бастады. Улап-шулап жұрт кешкі кинодан қайтты. Шу басыла үйден шығып тағы да баяғы аялдаманың қасына келді. Маңайда ешкім жоқ. Ауланың шамы сөнген. Аласа үйде тірлік нышаны байқалмайды. Кең қақпадан ішке кірді. Кең аула. Бір бұрышта отын үйілген. Қораның есігі үңірейіп ашық тұр. Ақырын басса да аяқ асты сықыр-сықыр етеді, сәл дыбыс зорайып естіледі. Жасырын адамға қарға адым жер мұң. Сыртқы есікке жетіп табалдырықтан аттағанша қорықпаған сияқты. Есік сықырсыз ашылған соң тың тыңдады. Жүрегі дүрсілдеп, буын-буыны дірілдеді. Қараңғы сенекте бірдеңеге қолы тиіп кетіп қабырғаны жағалап ішкі жаққа тақады. Есік тағы тықырсыз ашылды. Төр жақта күбірлеген, күлген дыбыстар.                   

         – Біреу жүрген сияқты,– деді әйел.                                                

         – Е, есікті мықтап жапқам,– деді еркек. Бұл – Алмантай. Күлкі тағы сыңғырлады. Құйқылжыған ерке күлкі. Енді бірде күлкі тиылып жалынған дыбыс естілді. Сыбыр тына қалды. Өтініп жалбарынған, жалынған сөздер. Қараңғы үйде состиып тұрған Ақпар не үйге кіріп барарын, не шыға жөнелерін білмей сенделіп тұр. Кенет сақылдап келген әйел дауысымен қоса алысқан қимыл білінді. Осылай тұра беретін болса төр жақтан біреу шыға келетін сияқтанып, кейін кетуге дайындалды. Ақпар қабырға жағалап қараңғыда қармана жүріп тысқа беттеді. Көшеге шыға бергенде сарт еткен есік дыбысы жаңғырып қатты естілді. Ай жарығындағы түнгі көшемен үйге қарай сенделе басып келе жатты.

*     *     *

 

         Мәкен оңаша қалғанда, оңтайлы кезде туралап айтпаса да осы Ризаны меңзеп Ақпарға «үйлен, келін түсіріп бер» деп қолқалайтын. Екеуінің жарасып, жиын-тойға бірге барып жүргенін көре ме, ести ме, аналық көңілімен сезе ме кім білсін. Ал оның әке-шешесі кім, қандай адамдар, өзінің ішкі сыры бұлардікіне үйлесе ме жоқ бөтен, мұраты бөлек жан ба, оны ойлаған емес. Риза осы ауылға агроном болып келген ағасының қолында тұрады. Үлкендер ұнатып «жүзі жылы» дейді. Бірақ сол түннен кейін Ақпар Ризадан күдер үзді. Қой бірден суысып кеткен жөн болмас, мүмкін әлі де ештеңе бүліне қойған жоқ шығар деп қайта сөйлесіп жараспақ болғаны іске аспады. Үйіріліп тұраған қыздың басқамен жарасып кетуі бұрынғы сенімін шайқалтып кетті.     

                                                                                    

*      *      *

 

         Жаңа жылға қарсы көшеден ойда жоқта Сая мен Балқаш жолықты. Олар мұны танымай қалды. «Үлкейіп кетіпсің» деп күліп жатыр. Мәз болып кезек-кезек бетінен сүйді. Өздері нағыз қаланың қыздары сияқты таранып, сұлуланып кетіпті. Осы бетімен қайтып кетуге ұялып екеуін қасына ертіп алды. Бала күнінде Саяны өлердей ұнатушы еді. Кездесуге  ұялып Ақпар ылғи жұрттан жасырып ғашықтық хаттар жазатын. Кейін Сая оқуға түсіп, бұл әскерге алынып, араларындағы қатынас мүлде үзіліп еді. Өткен шақ есіне түскенде Ақпар ол мені ендігі ұмытқан болар, қалада оқуда жүрген бұдан артық, келешегі айқын, пысық жігіттер аз ба деп күдер үзіп, басқа ойлар ойлап кететін. Енді сол қыз, міне алдында тұр. Кінәлі болған адамша жалтақтап бетіне қарап қояды. Апырай, осынша ұяң болар ма. Сөйлеген сөзі де көпке дейін үйлесе қоймай, оны-мұны сұрасып, алдағы жоспар, күнделікті өмірлерін айтысып жатыр. Екі ортаға қаншама жыл түсіп кетсе де Саяның ойы баяғыша деп Ақпар ойламайды. Оның да өзгерген тілегі, ұнатқан адамы болу керек. Ол жағынан құрбы қызға қоятын еш бөтен ойы болуға тиіс емес. Тек осылай анда-санда жолыққанда сол балалық күндердің тәтті шағын сүйсіне еске алатын әдемі сәттер жоғалмаса екен. Ақпар кеш болып кеткеніне қарамай, қыздарды қасына ертіп алып, әлдеқашан ұйықтап қалған Бекмаханды тұрғызды. Ол бұған қуанудың орнына қабағы түсіп ренжіп отыр. Осы кеште әйелі алыстағы төркініме барып келем деп, бұл қаражат таба алмай, екеуі соған бірталай ренжісіп, көңілсіз ұйықтаған. Әлі отбасылық өмірдің дәмін татпаған мыналар бұған әлі бала сияқты боп көрінді. Армандарын айтады, тіпті мынау әлі оқымақ ойы бар. Іркес-тіркес үш баласы бар бұған құрбыларының қала, оқу, келешек, биік тұрмыс, өмірдегі қатты өзгерістер туралы айтып жатқаны ұғымсыз. Бұған қатысы жоқ жат өмір сияқты. Балқаш жас жігіттің жалыны ерте сөнген бе деп біраз қарап отырды да:                                                

         – Ерте қартаяйын дегенбісің? – деп қалжыңдап та қойды.            

         – Рас. Тіпті бұның өзі салбырап, арбаға жеккен өгіз сияқты боп қалыпты-ау, – деп Ақпар да Бекмаханды ұйқысынан оятарлықтай қалжың айтты. Енді ол да бойын түзеп, әңгіменің шын, үлкен қалпын көргендей боп араласа бастады. Осы кештен кейін Ақпардың ұмытыла бастаған ескі таныстығы қайта орнап, көңілінде көптен бергі оқысам деген ойы беки түсіп еді. Бірақ оны әлі біреуге айтып, сыртқа шығармаған бойы көпке дейін құпия сақтап келеді.                                                                   

                                   

*   *   *

 

         Қыстың аяғына таман Риза тұрмысқа шықты. Жармағамбет ұлына үлкен той жасап, еншісін беріп бөлек үй ғып шығарды. Енді шаңырақ көтерген жастар бос жүрмесін деп Алмантайды ауыл іргесіндегі қырықтыққа меңгеруші қылды. Қызметті жастар істесін деп, үнемі жастарға көмектесіп жүретін Кәрім деген деректір өзі де ерте қызмет қуып қайын жұрттың сүйемесімен, қалың ақшаның буымен жүретін адам еді. Жармағамбет жағдайын айтып келген соң, оның үстіне күзгі табыстың қалың жерін бұған беруге уәде ғып тұрғандықтан сыр бермесе де іштей қуана келісіп еді. Сол уәде уәде болып, Алмантай ауыл ішіндегі кішігірім бастыққа айналды. Астында жеңіл мәшине, қол астында жүзге жуық жұмысшы, тау-тау боп үйіліп жататын қанар-қанар жүн, Алмантай нығайды. Бұрынғыдан нығыз. Анау-мынауды көзге іліп сәлем де бермейді. Өзі ұната қоймайтын адамдар кезіксе не көрмегенсіп өтіп кетеді, не сәлем берсе де әрең алып бәлденіп қалады. Ақпар да осындағы қой қырқудың арасында аула тазалап, кешке күзет күзетіп, соған көп-көрім ақша алатын. Бірер айдан соң штатты қайта қарағанда Алмантай оның бәрін қысқарттырып, орнына басқа адамдар алды да, Ақпар өзінің қой қырыққанына алатын жалғыз айлығымен ғана қалды. Осы айлықтың өзі дұрыс жазылмай, әр жер, әр жерінен қате кетіп, тек Ақпар ғана емес, еңбегімен күн көріп жүрген біраз адамдардың айлық алғанда ақылары дұрыс болмай шықты. Бірнеше күн дауласып жүріп, ақысын қайта есептеткен үлкен әйелдерге ілесіп бұл да кеңсе жаққа бірнеше рет барып қайтқан. Дауласқанды кім жақсы көрсін бірінші рет сөз шығып тексере бастағанда, тексеруші ренжіп еді. Кейіннен әдейі істегендей көп ақының мөлшері қиылып кеткенін көрген соң, Алмантайды шақыртып, бұл жағымсыз әңгіменің арты директірге де жетіп қалып еді. Бірақ әлгі сөз азаюдың орнына өрши берген. Бастық бұны білсе де алып тастауға тағы уақыт жағы қысып тұрған соң, қырықтық мерзімі бітті ғой, аяқтап шыққанша істей берсін деген. Бірақ осы аз уақытта-ақ Алмантай біраз дүниені былықтырып үлгеріп еді.   

                                      

*   *   *

 

         Алды тұйық, үсті брезентпен жабылған қоңыр мәшине қала сыртына шығып, батысқа қарай созылған тас жолға түсіп, бұдырсыз жолмен заулап келеді. Жігіттер мәшине үстінде әңгіме айтып әзілдесіп, шулап отыр. Біреулер шаршап қалғи бастады. Кабинада беті қызарып, мұрты салбырап, быртық саусақтарын жуан тізесіне қойып, шалқайып, ойға шомған Алмантай отыр. Саздауыттың шілігіне жете бере кабина тарсылдады. Назар терезеден басын шығарды:                                                      

         – Назар, су ішеміз бастауға бұр.                                         

         Маусым айының аяғы. Күн төбеден ауған. Ыстық қайтатын емес. Айнала жазық, тау жақтағы өзек, сай-саланың шөбі толып, ұзарып, көкпеңбек боп жайқалып тұр. Бастаудың маңайы қалың шөп, қайнардан бұрқырап тастай су мөлдіреп, төменге қарай сылдырап, секіріп ағып жатыр. Тас бұлақтың суына қанған соң, жігіттер Әлсейітті ортаға алып тау етегіндегі көк шөптің үстіне жантая-жантая кетті. Әркім үйден алып шыққан дәмдісін ортаға қойып, шөлмектерді аралата құйып, анадайда жүрген Алмантайды шақырысты.                                                                                  

         Он төрт жасынан күреске түскен Әлсейіт жасында палуан болған. Оны айтқанда көздері жана түсіп, шабыттанып отырды. Есіне түскенде бірауық үнсіз қалды. Әңгімені ары жалғаған сайын балалар да қозғалақтап кетеді.                                                  Алмантайдың екі беті қызарып, ұйқысы келгендей манаурап, о да көңілденді.                                                                    

         –Несін айтасыңдар бауырларым осы екі ағаларыңдай болып жүрсеңдер, жарадыңдар, – деп сөз сөйлеп өзі елден бұрын тартып салды. Тыжырынып бауырсақ иіскеді. Әлсейіт әлгіндегі сөз орайында айтқан Ақпардың сыйлығы, жастардың вагон жиеуге, кеткен ақысы сөз болып былтырғы Дықаң сияқты етіп, жөндеп жазуға уәде берді, «бәрін қатырам» деп тізерлеп қасына кеп, бетінен сүйіп, мойнынан құшақтап, буыны босап, қыза бастады. Әлсейіт Назарға ым қағып мәшинені қамдатты. Дастарқанды жинап, қайтатын жұрт топтасып машинаға қарай жүрді. Тізеден шөп. Батыстан соққан қоңыр салқын желден басын иіп, тағзым етіп толқи түседі. Әлсейіт Алмантайды мәшинеге зорға отырғызды. Күн еңкейе ауылға келді. Жастарды кеңсе алдынан түсіріп, Назар кабинада ұйықтап қалған Алмантайды үйінің қасына әкелді. Жұлқылап оята бастады. Есікті ашып Әлсейіт пен Ақпар жерде тұр. Мұның түсуіне көмектеспек. Алмантай зорға оянды. Қорылдап жатыр. Көзін ашып, мүлгіп айналаға қарап:                        

         – Келдік пе? – деді. Қолтығынан демей берген Назарды қағып қалып:                                                                            

         – Не, бала. Мас дейсің бе? Ой, күшік, – деді.                      

         Назар қызарақтады.                                                          

         – Сөйте ме екен. Мен анау-мынау емес, бастықпын. Жөндеп ұста. Әйтпесе пажалыста, не мешай.                                         

         Риза үйде екен. Қақпасы биік еді. Ауладан үйге кірмей Алмантай біраз әуреленді. Әлсейіт пен Ақпарды сүйіп, құшақтап айрылмады. Жас келіншек жүкті екен есік ашып, дастарқан жайып, жүгіріп жүр. Киімдері шаң, өздері шаршаған, бұлар рахмет айтып, Алмантай зорласа да ішке кірмеді. Бұған Алмантай долданып – мені сыйламадыңдар. Дастарқанымды аттап кеттіңдер, – деп кейіді. Дөңгелек столға Риза шай жасаған екен, шынтақтап жантая сала Алмантай ұйықтап қалды. Ақпар Ризаға қарамауға тырысты. Әлсейіт мұны ақырын түртіп, жымиып қояды. Қою шайдан бірер шыны ішіп, бұлар үйден тез шықты. Ұзын қызыл халат киген Риза ет алып тола бастапты. Бетінің ұшы қызарып, жүрісі сәл ақырындап, қимылы байсал тартқан. Шашын түйіп, ақ орамал тартыпты. Шап-шағын отау үйді көріп Ақпар іштей қызғанғандай болды. Сөйтсе де сыр бермей, сыпайы қоштасты. Екеуі бір-біріне қарасып көздері түйісіп бөгеліп қалды.    

         – Келіншегі оңды екен, – деді Әлсейіт сыртқа шыққан соң.  

         – А-а, – деді Ақпар. Басқа ойда келе жатыр еді.                       

         – Қусың-ау. Ә,– деді Әлсейіт. Ақпар түсінбеді.                     

         – Әлгі келіншектің сенімен уәделі болғаны деседі ғой.             

         – Арыға бармап ек. Достық еді біздікі, – деді Ақпар.            

         – Сыр бермейсің. Қусың-ау, – деді Әлсейіт.                       

                                                                                    

*     *     *

                                                                                 

         Жаз шықса ауыл азан-қазан. Меншік қой қырықса да тай күзесе де, малын дәрігерге ектірсе де, еркек малдарын піштірсе де таңертеңгі қарбаласта, не кешкілік, не түс кезінде Ақпар жүреді ортасында. Не селкілдеп біреудің мәшинесінде жүреді. Не бір үйдің жарығын жөндеп жатады. Қырықтық бітерде Ақпар тағы сыйлыққа ілінбеді. Алмантайға айтса:                                            

         –Әй, қатың-балаң жоқ. Сонда да тоймайды екенсің,– деп өзін жазғырды. Көлеңкеде Әлсейіт отыр еді. Алмантайды жеке шақырып алып түсіндіре бастады. Оның да ақысы әдеттегіден аз шығыпты.                                                                             

         – Көрерміз, – деді Алмантай көңілсіз түрмен. Бір жұма өтер өтпесте Тортайдың қорасы деген ұзын сайда қырықтықшылардың тойы болған. Совхоз, ферма басшылары жиылып, сыйлық үлестіріп, алғыс жариялап, бөлек отырып өздері де дем алды. Сыйлық берілгенде әйелдер шулап Алмантайға наразы боп жұлқынып сөйлеп жатты. Басшылар бірталай абыржыды. Жиын әрең басылып, үлкендердің қой-қойлауымен тарады. Күн ашық. Жердің шөбі ұзарып, қатая бастаған.                                                   

         Ошақта ет асылып, шай қайнап, алтыбақан тербеліп, қыз-келіншектер ән салып, ойын-ойнап еркіндеген демалыс созыла түсті. Күн кешкіріп қайтар кезде Алмантай қызып қап автобусқа отырмай, Дүйсеннің мәшинесін шағып, Алтай деген қайрақшының домбырасын сындырып төбелес ашты. Ешкімге дес бермей, бес шақырым ауылға жаяу қашты.                                           

         – Мынау қиын екен ғой, – деп жұрт дүрлікті. Адасып, бірдеңе ұрынып жүрер деп артынан мотоциклмен барған жігіттерді сабап, кейін қуған соң, қашып тауға шықты. Ақыры «болмас» деп Әлсейіт сол маңайда жайылып жүреген қойшының атын ұстап, қуып кеткен.

Алмантай со беті ауылдан алты шақырым жердегі «Қиялышатқа» шығып кетіп домалап тастан құлаған. Әлсейіт оны шала-жансар, қансырап жатқан қалпында тауып алдына өңгеріп ауылға әкелді.                                                                                 

 

*     *     *

 

         Бір сөткеден соң есін жиған Алмантай:                                

         – Бұлар мені ұрған-ау, – деп күдіктенді. Көре алмайтындар: 

         – Төбелеске жуық еді. Бұрын сотталған ғой, – деп тақатты. –Ұрса ұрған болар. Он күндей ауруханада емделіп, Алмантай ауылға келгенде, учаскелік милиция Әлсейітті пен Ақпарды қайта-қайта тергеп, бір-екі күнге қаматып қойып еді.                          

         Ақпардың жазықсыз қамалғаны Мәкенге кәдімгідей соққы болды. Жылай жүріп, бар білгені кеңсеге барды. Қолында түк дәлелі болмаса да: «Ақпар өмірі төбелеске жуық емес» деп деректірге де , ауылдың мелисасына – баламды босқа әурелемей босатыңдар деп араша түсті. Төбелес түгілі адамға қатты сөз айтпайтын баланың бұл іске қалай душар болғанына түсінбей ары-бері ойланып кетсе не істерін білмей дал болады. Әлсейіттің апайы да балалы-шағалы, шаруабаста адам еді, о да сөзге жоқ қалпымен:             

         – Е, қайтер дейсіз, босатады апа. Тиісті дегені өтірік, жала көрінеді. Өзі тастан құлаған дейді. Түк етпейді, – деп қатеріне де алмай жүре берді. Ақпар босап келген күні түк болмағандай арсалаңдап келіп, құшақтап бетінен сүйгенде Мәкен: «Қайтіп босатты, тиіскендерің рас па, мүлде босатты ма?» – деп сұрай берді. Ақпар көңілсіз күймен шешесінің күдігі кетсін деп сәл томсарып, болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап айтып шықты. – Қарғам-ай, көрмегенің қалмапты ғой, – деп баласының құрғақ жаланың құрбаны бола жаздағанына Мәкен кәдімгідей қорқып қалды. Әлгі сөздерден соң баласының кінәсіз екеніне сеніп әйтеуір ұлының ағарып, босап шыққанына «Тәуба» деді.

                                                                                     

*     *     *

                                                                                   

         Қидың шоғында тұрған кішкене шәйнек бұрқ-бұрқ етті. Ауыл ерте оянған. Мәкен дастарқан жайды. Шайдың хош иісі аңқиды. 

         – Сіз маған алаңдамаңыз – деді Ақпар шай үстінде – Хабарласып тұрамын.                                                                    

         Шешесінің көңілі босап сыр бермегені, қатайып бойын жиып алғаны бір жағы сүйсіндірсе бір жағы аяушылығын оятты.          

         Сонсоң өзінің бос жүріс емес оң сапарға аттанып бара жатқанын айтып – А, тәте, бата беріңіз, – деді.                                       

  – Не дейін балам, жолың ашық болсын, – деді Мәкен бетін сипап. Ақпар орнынан тұрып інісі Тоқтарды оятты. Шешесі ілесе келіп: – Ай, Тоқтар тұрмаймысың. Ағаң кеткелі жатыр. Шығарып салам деп ең ғой, – деді. Тоқтар тез оянып, атып тұрып, киіне бастады. Үшеуі аялдамаға келді. Күн көтерілді. Иығына сөмке артқан, бала жетектеген адамдар. Аялдама маңында екіден-үштен топтасып тұр. Жол жиегіндегі ағаштар жап-жасыл болып жапырағын жайып, жайқала түседі. Аялдама үйге жақын. Оны-мұны айтып автобус келгенше әңгімелесіп тұрды. Таныс адамдар амандасып өтіп жатыр. «Қайда кеттіңіз?» деп сұрап қояды.         

         – Ақпар нағашыма барам деп, сонда жібердім көріп қайтсын. Бұларға да оңай ма? Қысы-жазы жұмыс. Дем алып қайтсын, – деді.  Онысы оқуға кетті деп айтпаңыз деген ұлының сөзін қолдағаны.

         Сықырлап келіп үлкен автобус тоқтады. Ішінде адам аз. Ақпар қоштасып автобусқа отырды. Тоқтар сырттан қол бұлғады. Кетерде шешем жылап ұят қыла ма деп қысылып еді, көлік жүрерде қараса Мәкен қасындағы ақ жаулықты кемпірге бірдеңелерді айтып күліп тұр екен. Автобус орнынан ақырын жылжып қозғала берді.                                                                         

                                        

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here