Қоңыр үнді диктор
Қазақта майда қоңыр мақпал үнді әншілерді бағалап жататыны бар. Әрине, құлаққа жағымды қоңыр үннің тыңдаушы құлағына жайлы тиіп, жүрегіне нұр құятыны айтпаса да түсінікті. Қоңыр домбыра, қоңыр кеш секілді ұқсастық легінде қоңыр үннің де өзіндік әсері бар.
1931 жылдың күзінде Сәкен Сейфуллин сөйлеген радионың алғашқы басшыларының бірі Айтбай Хангелдиннің айтуынша, әуе толқынынан басында мерзімді баспасөздің жаңалықтары оқылған болса, келе келе әншілер ән шырқап, балалар хоры, ерлер, әйелдер хоры өнер көрсетсе, бертін жүйеге келіп, Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева, Жәнел Асқарова сынды дикторлармен жұмыс әрі қарай жалғасты. Алдыңғы буын өкілдері жастарға аналық қамқорлық жасап, эфир мәдениеті, адамдармен қарым-қатынас, қазақ тілінде дұрыс сөйлеу мəнері жөнінде пайдалы кеңестерін бере білді.
1943 жылы радионың жетекші дикторынан аға дикторлыққа ауысқан
Мина Сейітованың орнына соғыстан келген Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев қызметке алынады. Қазақтың Левитаны атанған дарынды жігіт өзінің ерекше дауысымен, ана тілінің өзіндік ерекшеліктерін жетік білуімен көзге түсті.
Бүгінгі айтарымыз, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтан көп үйреніп, шәкірті атанған ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі диктор Аманжан Еңсебайұлы Серіков жайлы болмақ.
Алматы облысы, Алакөл ауданы, Әшім (Төңкеріс) аулында өскен балаң жігіт кішкене кезінен радиодан берілетін небір ән-күйлерді тыңдап, жақсы хабарлардан ғибрат алатын. Ол кезде диктор болуды армандамапты.
1969 жылы Қапалдағы ауылдық кәсіптік-техникалық училищеде алған мал санитары мамандығы бойынша Саратов совхозында еңбек жолын бастаған Аманжан əскерге алынып, екі жыл Герман Демократиялық Республикасында әскери борышын өтейді, одан келгеннен кейін Алматы ауыр машина жасау заводында бір жылдай жұмыс істеген екен.
1973 жылы дикторлық байқаудан ойдағыдай өтіп, Қазақ радиосында қабылданады. Аманжан Еңсебайұлы он бес жылдан астам уақыт Шетелдерге хабар тарату Бас редакциясында Қазақ елінің қол жеткізген табысын шетелдегі қандастарымызға әсерлі жеткізе білді.
Аманжан Еңсебайұлы жоғары білімді, кәсіби диктор. Ол 1982 жылы жұмыстан қол үзбей жүріп, Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық Университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай бітірді.
Қазақтың ұлан- байтақ даласын көр­кем сөздің бесігінде тербеген Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжан­баевтан Аманжан көп үйренді. Ол кісінің көр­кемсөз, ақындар поэзиясын оқудағы асқан ше­берлі­лігіне тәнті болды. Ол кісі тебірене оқығанда бүкіл қазақ даласы бірге үн қатқандай әсерде еді. Жаны рахаттанып, қиял жетегіне еретін. Өйтк­ені Əнекең жан-тəнімен, жүрегімен тебірене оқып, тыңдарманды ұйытып отыратын. Қазір сөздің құдіретін дәл со­лай түсінетін, сөздің өн бойына үңіліп, жанынан өткізе бі­летін, әр сөздің астарында не жатқанын жеткізе ала­тын дикторлар жоқтың қасы ғой.
Аманжан Серіков Әнекеңе жиырма шақты жыл шәкірті болды. Араларындағы сыйластық бөлек еді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, алғашында ұстазына еліктегені де рас. Осы уақытқа дейін қандай дүние оқыса да, Әнуарбек аға көз алдында тұрғандай болады. Бас иетіні– Әнекеңнің дикторлық шеберлігі.
Аманжан Серікұлы дикторлық өнер жайлы:
«Бүгінде дикторларды оқытатын арнайы мектеп, дайындайтын жоғары оқу орындары жоқ. Дегенмен табиғи тума дарындар баршылық. Мә­селен, жазушының шығармасын оқып отырғанда оның айтпақ ойын, суреттеп отырған табиғаттың сұлу­лығын сана-сезімнен өткізіп алып, дауысты со­ған байланысты қоя білу керек. Қарапайым тілде сөйлесіп отырып, әлдебір оқиғаны суреттей білу керек. Ал біреудің басына қасірет түс­кен жағдайда дауыс сол адамның жүрегін дір ет­кі­зетіндей, жұбататындай ырғақпен оқылу керек. Аллатағала адам­ның бойына өнер дарытпаса, оны мың жерден оқысаң да игере алмайсың.Кей кезде жастар сөздің мән-мағынасына бойлап, терең түсініп тұрмағаннан кейін, дауыстың ыр­ғағына мән бермей жататындары бар. Бұл жағдай жас журналистер арасында жиі кездеседі» – дегені бар.
Біз Аманжан Серіковты сөз еткенде Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева, Сара Омарходжаева, Жәнел Асқарова, Жаңыл Аяпбергенова, Сауық Жақанова, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Марат Тоғатаев, Айман Ақшалова, Омархан Қалмырзаев, Зияда Бекетова, Раиса Аманбаева, Ұлжан Пармашқызы, Шолпан Байғабылқызы, Сайлау Нұрғазин, Шолпан Ахметова, Бүркіт Бекмағамбетов, Әмина Сыздықовалардың есімін ерекше атауымыз абзал. Қазақ радиосының әуе толқынынан өтетін әдеби-музыкалық, тарихи-танымдық хабарлармен қоса концерттік бағдарламар мен соңғы хабарларды тыңдаушысына əсерлі жеткізген өз ісінің майталмандары, біздің ұжымның тарихына алтын әріппен жазылған мықты дикторлар осы кісілер.
Аманжан Еңсебайұлы радио жұмысымен қоса “Қазақстан” ұлттық арнасына, «Хабар» телеарнасына ондаған әдеби-музыкалық хабарлар жазып, өмірбаяндық-құжатты фильмдер жасауға атсалысып келеді.
Атап айтқанда: өмірден өткен белгілі теле-радиожурналист, Өмірсерік Жұманның қаламынан туған;
1. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың балалық, жастық шағы туралы;
2. ҚР президентінің алғашқы еңбек жолы мен өмірі жайында Теміртаудағы жылдар;
3. Ел президентінің Украина еліндегі Днепродзержинскіде оқуы. Алғашқы ұстаздарының естеліктері туралы;
4. ҚР президентінің АҚШ-қа тұңғыш Мемлекеттік сапары туралы бейнефильмдерді оқуға;
5. «Хабар» телеарнасында Елбасымыздың анасы Әлжан апа жайында түсірілген танымдық-көркем фильмді оқып-дыбыстауға;
6. Осы телеарнада Ислам дінінің шығу тарихы мен оның таралуы жайында 40 бөлім. /2004-2005 ж./
7. «Жануарлар әлемі» жайлы 50 бөлімдей танымдық-құжатты фильмдер топтамасын дыбыстап жазуға қатысты. 2003-2004 ж.
Қазақ радиосының «Алтын қорында»
1. Сонау ХV ғасырмен ХХ-ғасырдың аралығында өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының шығармалары топтастырылған «Бес ғасыр жырлайды» ;
2. 2013-жылдан бері әуе толқынынан үзілмей оқылып жүрген «Қазақ поэзиясының антологиясы»;
3. Қазақ күйлерінің шығу тарихы мен оның авторлары туралы ой толғайтын, белгілі өнер зерттеуші, Төлеген Момбековтің көзін көріп, батасын алған күйші Жаулыбай Иманалиевтің 60-тан астам «Күй шежіре» хабарлары сақтаулы;
4. 2012-жылы еліміздің әдебиеті мен мәдениет тарихында тұңғыш рет Аманжан Еңсебайұлының оқуында заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы толық нұсқада аудиодискіге түсіріліп, күніне 30 минут әуе толқынында берілді;
5. «Абайдың қара сөздері» 2011 ж.
6. Қазақ хандары мен көсемдерінің, билері мен шешендерінің ел аузында ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан 300-ге жуық ұлағатты «Атадан қалған асыл сөздері» көп жылдан бері эфирден түскен емес;
7. 2013-2015 жылдары оқылған «Қазақ әңгімелері» антологиясы;
8. Сондай-ақ, өткен 2013 жылы Қазақ радиосынан ҚР президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Еуразия жүрегінде» атты кітабы мен ҚР президенті кеңсесінің басшысы М.Б.Қасымбековтың «Н.Ә.Назарбаев «Өмірбаян» деген шығармалары бүкіл елге тарады.
Қазақтың қоңыр даласындай, күмбірлеген қоңыр үнімен тыңдаушы жүрегіне жол тапқан танымал өнер иесі, Аманжан Еңсебайұлы үлкен мерекелерде, Жазушылар Одағы мен Ғалымдар үйінде өтіп жүрген шығармашылық кештер мен, ақын-жазушылардың мерейтойларына да үнемі қатысып жүреді.
Ол кісінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Қазақстан», «Алматы» телеарналары бейнефильм түсірген.
Аманжан Серіков өзінің осындай азын-аулақ еңбегі арқылы келешек ұрпаққа ұлттық мәдениетіміздің ерекше бір саласы-дикторлық өнердің орны биік екенін дәлелдегендей.
Кәсіби мамандығынан қолы бос сәттерінде Аманжан Еңсебайұлы өлең жазумен шұғылданады. Белгілі сазгер Ермек Елгезековтың әуеніне жазған оншақты ән мәтіндері соған нақты дәлел.
Аманжан Еңсебайұлы өзінің адал еңбегімен тыңдаушы қауымға қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген танымал дауысты өнер иесі, сөз қадірін өз қадіріндей бағалай білген дарын иесі. Ол кісінің көп жылғы қажырлы еңбегі ерекше бағаланып,
ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, «Әнуарбек Байжанбаев» атындағы сыйлықтың иегері атанды.Аманжан Еңсебайұлы бірталай жұмысты еңсеріп тастағанмен əлі күнге телерадио ісінен қол үзбей белсенділік танытып жүр. Əлі де тындырар ісі жетерлік. Жастайынан еңбекпен шыныққан Əбекеңнің қоңыр дауысын тыңдармандар бірден таниды. “Еңбек түбі-зейнет” деген осы шығар…
Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here