Ұлы жазушының жазылмай қалған романдары

Ұлы жазушы М.Әуезов шығармашылық жолын сәтті бастаған қаламгер. Оның алғашқы мақалалары мен әңгімелерінің мазмұны қызықты, оқиғасы тартымды, оқушыны бірден қызықтырып жетелеп әкетеді. Ондағы кейіпкер әлемі әралуан, суреттеген жайттары тіл шеберлігін айқын көрсетіп, болған оқиғаны көз алдыңа әкеліп отырады.

Жазушының алғашқы әңгіме, пьеса, мақалалары 25 жасқа дейін жазылып, жария болды. Оның табысты болуын сыншылар әр түрлі түсіндіреді. Қалай түсіндіріп, небір құпиясын ашса да суреткердің өзіндік ерекшеліктері қанша зерттелсе де толық ашылып болмаған күйінде көп жұмбағы өзінде қала беретіндей. Оны әр ұрпақ өкілі оқыған сайын өзінше қабылдап, жаңа бірдеңе, тың ой, өзгеше бояу, жаңаша пайымдаулар тауып жатады.

Жиырмадан астам көркем әңгіме, осынша пьеса, екі көлемді повесть, жүзден аса ойлы қарасөз тақырыптарын қозғаған суреткердің 1930-жылдарға дейін дейін әдебиеттің көлемді жанры романға бара қоймауын қалай түсіндіруге болады. Әлде ұлы жазушы бірнеше жүз беттен тұратын көлемді туынды жазуға тақырып таппай қиналды ма екен. Өзінің шебер қаламына өрнек болатын ұзақ-сонар тартысты оқиға жетіспеді ме? Шағын көлемді шығармалар жазған соң кең толғаулы дүние жазуға жүрексініп, бұған көп дайындық керегін біліп толысу шағына жетуді күтіп жүрді ме? Бұған жауап беру үшін осы сұрақтардың бәрін қойып, ойлана қарағанда жазушының роман жанрына жасы 40-қа таяған шағында қадам жасауы сәтті әрі орынды болғанын көреміз.

Сонда М.Әуезов бұған дейін роман жазсам деген тәтті ойға беріліп, кез-келген қаламгер армандайтын тамаша шығарма тудыруды жас кезінде армандамады дейсіз бе? Иә, Мұқаң да ондай армандар көп болған сияқты. Тіпті, бірер шығармасын роман деген атпен журналға шығарған. «Сөніп-жану» әңгімесінің алғашқы атауы «Заман еркесі» (роман) деп аталған. «Шолпан» журналының бірнеше санында жарияланып, жалғасы бар деген күйі аяқталмаған. Бірақ жазушы бұл романды әңгіме күйінде қалдырып, осы атпен әңгімелер жинағында бастырады. Демек, жазушы өзінің алғашқы ойын жүзеге асыру жолында жүргенде, басқа жоспарға қызығушылығы артып, өзге тақырыпқа ауысып кетсе керек.

Әл жазушының өз заманы бар. Оның саясаты мен түрлі өмірлік жағдайлары шығармашылыққа ықпал етпей қоймайды. Мұндай жағдайлар ұлы суреткер М.Әуезовтің де көңіл күйіне әсер етпей қалмаған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылдың екі бірдей төңкерісі, 1930 жылдардың саяси қуғын-сүргіні жазушының бүкіл өміріне, ізденісі мен көзқарасына түбегейлі әсер етпей қалмаған. Осы ірі оқиғалардың бәріне де жазушы шығарма арнады, сөйтсе де оның кейбір қалтарыстарын қалауынша жазуға мүмкіндігі болмады. Небір үздік туындыларында саясат әсерінен анықтап айта алмай сақтанған, өмір шындығын тереңдеп жаза алмай қиналған  тұстар көп кезігеді.

Жазушы архивінде «Тұман айығарда» деген роман зскизі сақталғаны белгілі. Бұл жөнінде кезінде белгілі ғалым Рымғали Нұрғали көлемді мақала жазған болатын. Бұдан кейін де 1927 жылдар М.Әуезов әдебиет тарихынан жазған оқулыққа арналған материалдармен танысып жүріп, қазақ тарихының Абылай хан дәуірімен кеңірек танысады. «Хан Кене» атты драма жазады. Осы кезеңде жазушының ойында Абылай хан жайында роман жазсам деген құпия жоспары болған дегенді онымен аралас болған қаламгерлер бертінге дейін айтып жүрген. Ол уақыт бұрынғы тарихты айтуға болмай кезең еді, сол себепті бұл романды жазуға да Мұқаңның мүмкіндігі болмаған тәрізді. Бұл жайында белгілі ғалым, М.Әуезовтің бүкіл қолжазба мұрасын терең зерттеген ғалым Талатбек Әкім марқұм да айтып отыратын еді.

М.Әуезов түрлі наградаға ұсынылғанда, кітапқа құжат өткізгенде, бірнеше рет өзінің өмірбаянын қолмен жазып өткізген. Соның бірінде өзінің жас шағында елде тұрып бір роман жазғанын бірақ оның қолждазбасы жоғалғаны жөнінде айтатын тұсы да бар. Бірақ оның қандай тақырыптағы туынды екені жөнінде анық мәлімет келтірмеген.

Міне, өзінің атақты «Абай» романына кіріспес бұрын Мұқаң бірнеше рет роман жазбақ болғаны жайында оның өмірбаяндық деректері, қолжазба мұрасы растайтын осындай оқырман үшін қызықты бірталай деректер кезігеді. Жалпы роман жанры қаламгерден ірі талант болумен қоса көп ізденісті, белгілі бір тақырыпты терең зерттеуді керек етеді. Сөйтіп, 1930 жылдардың ортасынан бастап «Абай» романына материалдар жинаумен айналыса бастайды. Ал, оның бұған дейін жазған әңгіме, повестері өзінің әдеби шеберлігі жөнінен кез-келген романның тарауына бергісіз қызғылықты өмір суреттеріне толы еді.

                                                                                              22.09.2020

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here