Бұдан көп жыл бұрын Орда өңірінде атақты күйшілер Құрманғазы, Дина мен Сейтектің елінде сәби дүниеге келді. Ата-анасы ұлан-асыр той жасап қуанышқа бөленді. 

           Бала ес білгеннен білсем, көрсем, естісем деп жарық дүниедегі тіршілік сырын ұғуға асықты. Талаптанды, талпынды. Жарық сәулеге ұмтылды. Анасының әлдиінен ән-әуеннің құпия сырын бойына сіңірсе, күмбірлетіп күй төккен әке домбырасынан асау сезімге, құштарлыққа баулитын төкпе күйдің үнін жүрегінен өткізді. Сұлулықты бойына жинап, жан-дүниесін байытты. Ол атжалын  тартып арғымақ та мінді. Сән-салтанат көрді. Алқалы топта халықты әнімен, сәнімен, жыр-термесімен, кейде екпінді де жігерлі күйлерді тебіренте тартып тыңдаушысын баурыды. Ол өмірге келді, өсті-өнді, жақсы-жаманды көрді, есейді. Өзінің аз ғұмырында адами қасиетімен артына іздеушісін қалдырды.

           Міне, кешегі ортамызда жүрген әріптесіміз Қазақ теледидарының қызметкері, белгілі күйші, термеші Мұрат Каримуллин осындай жан еді.

  Өмірден  өткен жандар жайлы еске алу, ол жайлы әңгіме ету оңай емес. Дегенмен, бүгінгі  хабарымызда алыстаған сайын асылға айналған тұлға Мұрат жайлы әңгіме өрбітіп, сыр шерткіміз келеді.

   Мұрат бала кезінен күмбірлеген күй естісе жақынырақ барып тыңдауға, зердесіне тоқуға тырысатын. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, Орда өңірінде әр үйдің әр үйдің төрінде домбыра ілулі тұратын.

    Ол ауыл балаларынан көп  көп үйренді. Кейде радиодан беріліп жатқан күйлерді тыңдап, өзінің орындаған кездегі қатесін жөндеп отыратын. Ол кезде ауылда көпшілік күйтабақ тыңдайтын, содан үйренетін. Жеті жасынан қолына домбыра ұстаған жеткіншек  мектеп қабырғасында ұйымдастырған домбыра үйірмесіне қатысып, күй құдіретіне тамсанатын. Сөйтіп жүргенде өзі оқыған мектепті аяқтап, әскер қатарына алынды. Өзінің азаматтық борышын атқарып Алматыдағы оралғанда  бойға біткен өнерді жалғастыру да ойында бар еді.Осы жайлы  әңгімені Мұраттың ұстазы Қаршыға Ахмедияровтан жалғастырса:

          «Чайковский атындағы училищені қазір колледж дейді. Қабылдау емтиханында  отырғанда Нұрахмет Жорабеков қасына әдемі бір жігітті ертіп келді. Көзі от шашып тұр екен. Домбырасын ойнағанда бірден ұнап оқуға қабылдадық. Сұрастыра келе хан ордасынан болып шықты. Орда ауданы Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Динаның кіндік  қанының тамған жерлері . Сол өңірдегі әдетті, азаматтықты бойына сіңірген  жан болып шықты.».. .

   Сөйіп, Мұрат Қаршыға ағасының сыныбына шәкірт болып қабылданды. Бала кезінен арман еткен күй құдіретінің сырын ашты, нота таныды. Төкпе  күйдің иірімдері мен қағыс ерекшелігін меңгере бастады. Ол жайлы біздің алтын қорымызда сақталған Мұраттың өз ойын  ортаға салсақ:

  «Осы Алматыға  келгеннен кейін күйдің  шертпе, төкпе  болып бөлінетін, сырын, мәнін ұғындым. Бертін келе шертпе күйге әуес болып, Тәттімбеттің, Әбікеннің күйін  үйреніп орындап жүрмін. Соңғы кезде қатты қызықтырып жүрген  Қазанғаптың күйлері мен Сүгірдің күйлері.

            Күй деген адамның жан сезімін домбыра тілімен жеткізу ғой. Шертпе күйде жай назды , сазды тартса төкпе күйде дуылдатқан шабыт, шалқыған көңілді білдіреді. Күйді түсініп тарту бір бөлек. Күйшіні күйді жан-дүниесімен түсініп тартпаса, айтайын дегенін  басқа тыңдаушыға жеткізе алмаған болар еді. Әр домбырашының өзіндік ерекшелігі болады ғой. Адам күй арқылы өзінің сезімін жеткізу үшін шеберлігін шыңдау керек.  Оған өзіңнің ойыңды қосып, әдемілесең, бірақ бұзбасаң, жақсы болар еді деп ойлаймын… (Бұл ой біздің алтын қорымыздағы үнтаспадан  алынды.)

            Мұраттың бір ерекшелігі серілігі еді. Өнерлі де келбетті жігітке жомарттық, адамгершілік қасиет келіп қосылса,  қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген жігіттің өзі болып шығатыны сөзсіз. Мұрат бүкіл адами қасиетті бойына жинаған жан еді. Оның туған жерден тысқары жүрген кезіндегі асыл қасиеті жайлы Қаршыға ағамыз одан әрі әңгімелейді…

            Мәскеуде Ғазиза Жұбанованың шығармасы орындалатын болып, сонда домбыраға арналған күй бар еді, соны орындауға  барсақ, сол жерде Мұрат жүр. Қасында он бес- жиырма адам, әр өңірден келген.  Радиода істейтін қызметкерлерді жанына үйіріп алыпты. Менің жолаяғымды жасап, сол жерде де өзінің кім екенін танытқан….

          Мұрат училищені бітірер жылы жас музыканттардың Республикалық конкурсына қатысып лауреат атанды. Енді Мұраттың жақын жолдасының бірі- Біләл  Ысқақовтың ойын ортаға салсақ:

           «Мұрат Каримуллин қазақ өнерінің көгінде жарқырап өткен жұлдыздардың бірі. Мұратпен  училищеде бірге оқыдық. Жолдастыққа, адами қарым-қатынасқа сондай адал еді. Соңғы кезде жыр өнеріне ерекше көңіл аударып, сол жайлы ғылыми мақалалар жазып, ерекшелігін көрсетті. Мұрат жанұясына, туған-туысқандарына  ерекше ықыласпен қарайтын. Елпілдеп тұратын ақжарқын мінезі бар еді. Өзінің ауылдан келген анасымен, қарындастарымен таныстыратын»

          «Алып анадан туады» демекші, Мұраттың анасы жүрген ортасында жастарға ақыл-кеңес беріп, үлгі-өнеге көрсете білген дана аналарымыздың бірі. Әуелетіп ән салып, өз жанынан бірер ауыз өлең шығаратын ақындық  қабілеті де жоқ емес.  Осындай ананың ақ сүтімен тәрбиеленген Мұраттың ерекше болмауы мүмкін емес те еді…

            Мұрат музыка училищесін бітірісімен Республикалық халық шығармашылығы үйінде көп жыл бойы қазақтың ұлттық фольклоры бөлімінде қызмет етті. Республика бойынша көркемөнерпаздар ұйымдарымен тығыз байланыста болып, оларды насихаттау  жағына ерекше көңіл бөлді. Бұл ұжымда ақын Серік Тұрғынбековпен бірге қызмет етті, ол кісінің  ағалық қамқорлығын көрді. Сол мекемеде қызмет ететін  Базар жыраудың  еңбегін зерттеп жүрген Шәрібек Алдашевпен сырлас бола жүріп жыршылық өнерге қызықты. «Өнерді үйрен де жирен» дегендей, ол Базар жыраудың,  Нұртуғанның термелерін үйреніп, бағдарламасына қосты. Әсіре, Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасын  сүйіп орындайтын.

            Мұрат  Мәдениет Министрлігінде де біршама уақыт қызмет етті, кейін Қазақ теледидарының «Алатау» бағдарламасына қызметке ауысады. Осы кезде өнер иелерімен қоян-қолтық араласып, өзі де музыкалық хабарлар жүргізіп, халық арасынан  шыққан өнерпаздарды насихаттауға атсалысты. Енді Мұратпен теледидар ұжымында бірге еңбек еткен журналист Айсұлу Иманбекованың Мұрат жайлы ойын білсек.:

           « Каримуллин  Мұратты күйші- термеші ретінде бұрын жақсы танитынбыз. Кейін Қазақ теледидарына келіп,дыбыс режиссеры қызметін атқарды. Негізгі  еш уақытта қабағын түйіп жүрмейді. Киімді талғап киетін. Өзі әдемі болғанна кейін істеген ісі де, жүрген жүрісі де, ішкен тамағына дейін әдемі болатын. Жарқ етіп кіріп келеді. Тіпті қыстыгүні  ақ костюммен жүретін.

– Осы сен  ақ костюммен қайда барасың? Десек, – мына өмірде бір-бірімізді көріп, сәлемдескеннің өзі той емес пе? Құрдас, соны да білмейсің бе?- дейтін- .Осындай жолдастармен көңіл ашып отырғанға ешқандай той жетпейді- деуші еді. Ылғи домбырасын көтеріп жүреді.

 –  Концертке бара жатырсың ба?- дейтінбіз.

– Жоқ – дейді – сендерге күй тартып берейін дегенім –  деп, төкпе күйлерге кезек беретін. Өзінің өнер жолын  дұрыс таңдап алса ол өте жақсы домбырашы, орындаушы. Сахнада жарқылдап жүрер еді деп ойлаймын»

            Мұрат артына ұрпақ қалдырған аяулы әке. Бүгінде немере қызығын көрген жұбайы Ұлмекен   бала-шағасына қамқор болып, ұрпақ тәрбиесіне  ерекше  көңіл бөліп отыр.

           Мұрат аздап жырға әуес болғанымен өз жанынан ән шығаратын. Бірақ тумысынан қарапайымдылықты ұнататын ол «менің әнім еді» деп ешкімге жария етпепті. Ақын Құдайберген Қазыбековтың өлеңіне жазылған «Әке өсиеті» толғауының әуенін шығарған Мұрат болатын. Бұл толғау Мұрат Каримуллиннің ұрпағына айтар өсиеті десе де болғандай.

   Мұрат толысқан шағында баяны жоқ өмірден өтті, Бірақ артында еске алар елі, сыршыл күйлері мен мағыналы терме-толғаулары қалды. Сыр өңірінің сырбаз ақыны Зейнолла Шүкіровтың «Толғауына» Мұраттың өз мұңы да қосылғандай.  Өмірдің арты өкініш екендігі осы жыр шумақтарында ерекше баяндалады.

            Осы дәуірдің серісі, Сәкендей сұлу да сырбаз ол қас-қағым сәтте өнер көгінде  жарық жұлдыздай  ағып түсті.

Авторы-       Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here