«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп кезінде Потанин айтқандай, ұшы-қиыры жоқ кең-байтақ қазақ даласы адамзатты кеңдікке, дархандыққа баулитындай. Өйткені әр адам туған табиғаттың асыл қасиетін бойына сіңіреді. Шуағын шашқан күн сәулесінен бойына нұр жинаса, еркелей соққан самал желден сыр ұғып, ағып жатқан мөлдір бастаудан тазалықты үйреніп, әсем көлінен шалқар көңілдің тұнығын байқап өседі. Опасыз фәни дүниеге келген әр адам жұмыр жер бетінде ақтық демі біткенше өз қасиеті мен қабілетіне қарай бейімделіп, өсіп-өніп, асқар шыңға қол созады. Әр адам ұшқан құстай биікке самғауды армандайды. Ал кемелденген шағында өткенге байыппен қарайды. Әр саланың өз маманы, өз майталманы болады. Міне, осындай жандардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжегүл Сыздықова (1937-2003) еді. Ол Алланың берген дарынын ізденіспен шыңдаған жан еді.

Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданына қарасты «Мәди туған» аулында дүниеге келген Кенжегүл Сыздыққызы қасиетті бабалардың өнерін жастайынан бойына дарыта білді. Әкесі Сыздық әуелетіп ән салып, ел шетіне келген әнші-күйшілерді үйіне түсіріп, ән-жыр тыңдаудан әсте жалықпайтын.    Әйгілі әншілер Қали Байжанов, Мағауия Көшкімбаев, Жаңыл Қартабаевалар осы шаңырақтың әркез асыға күтетін қонағы еді. Ес білгелі өнер иелерінің ән-күйін тыңдап, осы бір сиқырлы әлемге құштар болып өскен қыз он жеті жасында Қарағанды облыстық филармониясына әнші болып қабылданады. Кішкене кезінен талай рет әнін тыңдаған Қали атасының арбасына мініп, туған жердің тау-тасын аралап, әнге шөлдеп отырған жерлестерінің құрмет-қошеметіне бөленеді. Сөйтіп аузы дуалы Қали атасынан бата алып, Кенжегүл киелі өнер жолына түседі.

Жас әнші Қарақалпақ жерінде әншілігін жалғастырып, бертін Шымкенттің облыстық филармониясына ауысады. Сол жерде еңбек етіп жүргенде өзінің өмірлік жары Дмитрий Гусинцовпен танысып, көңіл қосып, шаңырақ құрады. Кенжегүлдің кәсіби әншілікке біржолата бетбұрған кездері де осы тұс еді. Киев консерваториясын бітірген сырнайшы Дмитрий Кенжегүлдің әнді сауатты да әсерлі орындауына көп септігін тигізеді. Ол кісі Кенжегүлдің салған әндерін баянмен, фортепианомен сүйемелдеу арқылы ажарын кіргізіп, түрлендіріп жіберетін.

 Кенжегүл Сыздыққызы 70-ші жылдардың аяғына қарай Алматыға келіп, қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясына орналасып, жолдасы Дмитрий Гусинцов екеуі Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап өнер көрсетті.

Осы тұста мен де филармонияның лекция тобына жұмысқа орналасқам. Алғашқы сапарымыз – бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал, Сарыөзек аудандарынан басталды. Халқымызға көптеген лирикалық әндерімен белгілі композитор Әшір Молдағайынов ағамыз топ жетекшісі еді. Қобызшы Сматай Үмбетбаев, Кенжегүл Сыздықова мен Дмитрий Гусинцев бәріміз ұзақ жолда сапарлас болдым. Кенжегүлдің қырықтан сәл асқан кезі. Жол бойы көп сырласып, бір-бірімізді таныдық. Алдында әндерін әуе толқынынан тыңдағанымда Кенжегүлді жас қыз шығар деп те ойлаушы едім, олай болмай шықты. Ол кісі сол кезде екі қызы бар толысқан шағында екен. Дауысы нәзік те назды болғанымен мінезі тік, ойындағысын іркілмей айтатын адам болатын. Кенжегүлдің бар ойы жүрек түкпірінен төгілген сұлу әнді нәшіне келтіріп орындау, тыңдаушысын тәнті ету еді. Ол әркез ән құшағында жүретін. Ауыл клубтары мен дала қостарында жергілікті еңбек адамдарына арнап тек халық әндерін ғана емес, әр тілдегі әндерді де тамылжыта орындайтын. Сол кездегі сүйіп айтатын әндердің бірі – қырғыз композиторы Рысбай Әбдіқадыровтың «Аққулар сені сағынар» әні еді. Бұл ән жастық шаққа деген сағынышты оятып, сол бір қимас сәттерді еске түсіретін. Кенжегүлдің орындайтын әндерінің көпшілігі сырға толы сағыныштан тұратын. Әншінің жан-дүниесінің нәзіктігі поляк әншісі Анна Германға ерекше ұқсайтын. Өмірде қажырлы да қайратты болғанымен, ән салғанда үлбіреген сезім гүлін аялап, жүректен шыққан сырды тыңдаушыға жеткізуге асығатын.

 Сексенінші жылдың басында «Отырар сазы» оркестрі ашылғанда алғаш ұлттық аспаптарды жинап, ұжым құрған өнер зерттеушісі Болат Сарыбаев еді. Кейін Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің дирижерлық етуімен оркестр әлемдік дәрежеге жетті, талай рет шетелдерде өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді насихаттады.

Кенжегүл Сыздықова өмірінің соңғы жиырма жылын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына арнады, халық өнерін насихаттады. Осы ұжымның жанынан Мәди Бәпи атындағы халық филармониясын ашты. Ондағы мақсаты – арнайы есепшот ашып, дүниеден өтіп ескерусіз қалған әнші, композиторларымыздың басына ескерткіш орнатып, сол кісілердің өнеріне жанашарлықпен қарау еді. Осы жайлы көзі тірісінде өнер иесі былай деген еді: «Қазақтың інжу-маржан дүниелері – ол қазақтың байлығы. Оның бәрін бізге жеткізген өнер адамдары. Солардың ішінде халық әншісі Әміре Қашаубаев жайлы айтар ой, жазылар естеліктер әлі де жетерлік. Елу сегіз жыл басы қарайтылмай жатқан Әміреге құлпытас қойып, жаным жай тапты. Елді қуантқаным – өзімді қуантқаным деген оймен жинаған-тергенді қосып, өшпес белгі қалдырдым деп ойлаймын. Ал арқалы ақын Иса Байзақовтың 90 жылдық мерейтойына орай арнайы күйтабақ шығардым. Енді Майра Уәлиқызының басына бейіт қойсам деп армандаймын. Бірақ бейітінің орны белгісіз болғандықтан, бір арманым орындалмай тұр», – деген еді.

«Өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, кезінде әлемді дүр сілкіндірген ән атасы Әміреге 1992 жылы Кенжегүл Сыздыққызы құлпытас қойды.

 Көпұлтты қазақ жерінде әр тілде ән салып, жүрген ортасын ән-думанға бөлеген Кенжегүл Сыздыққызы көрермен жайлы ойын былайша сабақтаған: «Адамда Алланың берген дарыны болады екен, мен сахнаға шыққанда қатты терлеймін. Залда отырған адамдар көз алдымда көрініп тұрады. Мен арнайы бағдарлама жасамаймын. Залда отырған адамдарды көріп, жас ерекшеліктеріне орай ән қоржынымдағы лайықтысын орындап беремін, олардың қошеметтері маған рух береді» деуші еді…

Өмірде де өнерде серік болған Дмитрий Гусинцов Кенжегүлдің әншілік өнеріне аса қамқорлықпен қарады. Әншінің әнді сауатты да әсерлі айтуына баса көңіл бөліп, тәлім-тәрбие берді. Біздің алтын қорымызда Кенжегүл Сыздыққызының орындаған жүзден астам әні бар. Дмитрийдің баян мен фортепианода ойнаған халық композиторларының күйлері бар. Оның ішінде Дмитрий Гусинцовтың балаларға арналған әндері де жеткілікті. Адамзат бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ, – деп Абай атамыз айтқандай, әр пенденің басына түсетін бір нәубеттің барын ойлай жүрсек, өткенге құрметпен қарау баршамыздың асыл борышымыз.

 Кенжегүл Сыздыққызы өмірді ерекше сүйетін. Ұлы Фарабиді үйлендіріп, немере сүйіп, қызық көрсем деуші еді, «әлі де әнімді асқақтатып, ел араласам» деп алдағы күнге үмітпен қарайтын. Қайтыс болар жылы туған жерге деген сағынышын баса алмай қыстың көзі қырауда Қарқаралы мен Егіндібұлаққа арнайы барып, концерт қойып қайтқан. Сол жылы ол фәни дүниеден озды. Артында өлмес өнері қалып, қанаты талмай халқының алдында ән салған, қазақ өнерінде айшықты із қалдырған Кенжегүл Сыздықованың өнері келер ұрпаққа мұра, алтын қорымыздың асыл қазынасы екені сөзсіз.

Кенжегүл Сыздыққызының үлкен қызы Руфа көзі тірісінде қайтыс болған. Бүгінде Фараби үйленген. Үш баланың әкесі. Қызы Меруерт кейін қайтыс болды. Енді Меруерттің екі қызы да бойжетіп, өз алдына үй болды. Бірақ аналары осы бір қуанышты көре алмай кетті. Адамда арман таусылған ба?

Қазақ радиосының алтын қорында Кенжегүл Сыздықова мен Дмитрий Гусинцовтың орындаған бірталай шығармалары сақтаулы. Келер ұрпаққа рухани азық болар өнер иелерінің өнері өз жалғасын табуда.

Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here