Құнарлы Қорғалжын топырағынан нәр алып, сол елдің ақындары мен әншілерінің әңгімесін естіп, Қосымжан Бабақов сынды ән сырын білетін, көкірегі ояу ақсақалдың әнін тыңдап, батасын алған, бір жағынан аталас болып келетін жас дарын, халқымызға көркем шығармаларымен күй-поэмасымен, тамаша әндерімен белгілі болған Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Кенжебек Күмісбеков жайлы интернет желісінен, газет-журнал беттерінен іздесең де көп мағлұмат таба алмайсың. Бәрі бетінен қалқып қана «иә, ондай композитор болған, мынандай шығармалары бар»  деп айта салады. Ал енді хас шебердің жанына үңіліп, ол кісінің өткен өмірін, өнерге келуі жайлы егжей-тегжей сыр ашатын адам табыла ма? Өзіміз Қазақ радиосының әуе толқынынан шығармаларын тоқтаусыз насихаттаған, халқымыздың сүйікті композиторы Кенжебек Күмісбеков жайлы кейінгі жас біле ме? Кеткен соң көңілден кетіп, торқалы тойлары атаусыз қалып жатқан қаншама өнерге еңбегі сіңген дарындар бар. Олар жайлы кім мәселе қозғамақ?

Міне, шығармаларынан жусанның иісі, даланың саумал самалы, көгорай шалғын жазира дала мен ақ қайыңды өлкенің сұлу табиғаты, бабалар үні, ата-ананың тәрбиесі, өмірге, елге, жерге, халқымыздың тарихына деген махаббаты сезіліп тұратын Кенжебек Күмісбековтың шығармалары қандай әсерлі еді…

Мен бүгін Кенжебек ағамыздың болмысын ашып, халқымызға жеткізу мақсатында сөз бастаймын.

Кенжебек Күмісбековтың 1927 жылы 23 ақпанда Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы, Құмкөл ауылында дүниеге келген. Кенжебекке киелі өнер ана сүтімен, әке қанымен бойына дарыған екен. Ол кісінің әкесі де, анасы да  дарынды адамдар болған. Әнші, домбырашы болған. Әкесі ерте көз жұмған соң анасы екінші рет Ілияс Әубәкіров деген азаматқа күйеуге шығыпты. Өгей әкесі де әнді шебер орындайтын жан екен. Заманында Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Балуан шолақ, Ғазиздермен бірге  Қоянды жәрмеңкесінде өнер салыстырған сол өңірге белгілі жан екен. Ілияс халықтың ән-күйін жетік білген, серілік құрған жан еді. Кенжебек екінші әкесінен өнерді көп үйренді. 1934 жылы Алматыда өткен өнер байқауында күй сайысынан Дина Нүрпейісовадан кейін екінші орын алған да осы кісі еді. Құлағында жатталып қалған небір ән-күйлер, елдегі әнші-күйшілер Қосымжан Бабақов. Рәбиға Есімжанова, дәулескер күйші, қобызшы Дәулет Мықтыбаевтардың орындаған шығармалары жас дарынды өнер деген киелі жолға салды.  Бұл жайында Кенжебек Күмісбеков көзі тірісінде:

       -Рабиға Есімжанова маған туыс болып келеді. Бір елдің адамымыз. Мен Рабиға апаға еліктеп әнші болуды армандағанмын. Бұл кісі Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан еді. Атақты Бабақтың балалары Қосымжан, Есімжан, Досымжан, Сейітжан, Есімжаннан Рабиға. Сондай-ақ Бабақтың Гүлжәмила, Бижан, Бағира, Қанипа деген қыздары да өнерлі болыпты. Рабиға – Есімжанның тұңғыш қызы. Міне, бұл кісілер қазақ әнінің эталоны десе де болғандай. Кезінде Қосымжан Бабақовқа Ахмет Жұбанов «қазақ әнінің энциклопедиясы» деп бекер айтпаған. Өйткені Қосымжанның ән салуында Ақан сері мен Біржан салдың, Жаяу Мұса мен Үкілі Ыбырайдың ән орындаушылық шеберлігі бар,- деп еске алған екен композитор ағамыз.

Кенжебектің дауысы жақсы болатын. Ол  Алматы консерваториясына келгенде әнші болсам деген үкілі үмітпен, арманмен табалдырық аттаған.

Консерваторияның деканы, академик Ахмет Жұбанов «сен менің іздеп жүрген балам екенсің» деп оқуға түсірген. Қысқа жіп күрмеуге жетпей жатқан кез. Кенжебек анасы ауылда жалғыз болған соң елге кетіп қалып еді, сол жерден оны әскерге алып, Өскемендегі Бұқтырма электростанциясын салуға жібереді. Сонда жүріп қарасуықта қара жұмыс істеп, өкпесіне суық тигізіп алады. Соған қарамай Ахмет Жұбанов іздестіріп, әскерден босатып алып, қайта консерваторияға оқуға алады. Жарты жылдай оқыған соң ауырған өкпе сыр беріп, ән салу қиындай түседі. Ауылдан келетін көмек жоқ. Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың демекші, қара на мен қара судан басқа татары болмаған соң әл жоқ, содан домбыра класына ауысады. Қазақтың майталман күйшісі Рүстембек Омаровтан дәріс алып, консерватория бітірерде Құбыш Мұхитовтың алдынан бітіріп шыққан екен. Кенжебек консерваторияда оқып жүргенде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы болып еңбек етіп, қосымша орыс және шетел классиктерінің шығармаларының оранжировкасын жасап, оркестр музыканттарына көмек бергені бар. Осы істі жасай жүріп Кенжебек шығарманың фактурасын, даму жолын, әннің, романстың құрылымын зерттей бастады.

Бірде композитор Мұқан Төлебаевқа Абайдың сөзіне жазылған «Қалқамай мен үндемей жүремін көп» атты тырнақалды романсын тыңдатқанда ол кісі «композитор болу үшін композиторлар дайындайтын факультетті оқуың керек» деп кеңес берді. Қайта консерваторияға түсіп, Евгений Брусиловскийдің шәкірті атанады.

Евгений Брусиловский қазақ өнеріне айшықты із қалдырған, сүбелі шығармаларымен қазақ операсын биікке көтерген жан. Брусиловский Қазақстанға келмегенде 1936 жылы Мәскеуде өткен  Қазақстанның өнер және әдебиет декадасында «Қыз Жібек» операсы болмаған болар еді. «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Айман-Шолпан» операсы шықпаушы еді. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы операның шыңы. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы қандай?!

Күләш болмаса Қыз Жібекті, Сараны кім айтар еді. Қазақ өнерін әлемдік дәрежеге көтерген. Режиссер Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтың да қазақ операсының өсуіне сіңірген еңбегі зор.

Міне, қазақ операсының қарлығаштары ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, халқын, елін сүйген нағыз өнердің өз өкілдері болды. Бұлар кейінгі ұрпақтың үлгі тұтар, мақтан етер сахна шеберлері, өнер өкілдері еді…

Кенжебек Күмісбеков композитор Евгений Брусиловскийдің тәлім-тәрбиесінен шығармашылықтың сырын ұқты, өзі де тың туындыларды радио арқылы тыңдаушыға ұсына бастады. Осы жайлы бір естелігінде:

«Жан-дүниеңді қозғап, талай түнді атырып шығарған шығармаң сәтті шыққанда ерекше қуанып, жаның жадырайды. Өйткені жаңа туынды өзіңнің ішіңнен шыққан балаң тәрізді. «Шіркін-ай, жақсы болып шықса, халқыма ұнап жатса» деп армандамайтын композитор жоқтың қасы. Әрқайсысы құмарлықпен шығатын дүниелер» деген болатын.

 Кенжебек Күмісбековтың Қорқыт, Әл-Фараби, Шоқан, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов  жайлы жазған шығармалары тарихи маңызы бар сәтті туған дүниелер еді.  Аңызға құрылған «Қорқыт туралы аңыз» деген поэмасы ажалдан қашқан Қорқыт жайлы. Қорқыт қобызбен күй тартып отырғанда ажал жоламайды. Күй тоқтағанда ажал жылан боп шағып өлтірген екен.

«Фараби сазы» поэмасы  ғұлама,  ағартушы-ғалым, дала философы Фарабидың Шыңғыс ханның зардабынан Араб жеріне кеткені, туған жерге деген қимастығы, оның ішкі жан күйзелісі жайлы айтылады.

«Кербезім» күйінде Шоқанның албырт шағы, кейін Қашқариядан ауырып келген кезі баяндалады.Мажор мен минордан құрылған шебер туынды десе де болады.

«Дала сыры» Ілияс Жансүгіровке арналған поэма болса, «Арман» деген шығармасы әкесіндей қамқор болған  Ахмет Жұбановтың рухына арналған.

Ұлы Абай  бабамыз тәлім-тәрбиелік қара сөз, өлеңдерін құран тілімен жазған  қайталанбас қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы. Абай өлеңдерінің желісімен шыққан «Қансонарда» шығармасы қазақтың жігіттерінің аңшылық өнері жайлы жазылған.

         Ел болған соң дарын туады. Елден дарын туу үшін елдегі музыка мәдениетін көтеру керек.Композитордың  «Аманат» деген күйі осы жайлы жазылады. Өлмейтін музыка.

          Композитор Кенжебек Күмісбеков өмір туралы, ел, жер жайлы көбірек толғана білген композитор. Оның «Вальс», «Биші қайың», «Еңбек салтанаты», «Ой толқыны», «Сары өзен», «Үлкен Қаратөс», «Ысқырма» күй,поэмалары  қай қазақтың болсын жүрек қылын шертіп,рухын көтеретін рухани азық екені даусыз.  Аспаптық музыкасының ішінен «Поэма», «Сюита», симфониялық оркестрге арналған «Симфония», камералық оркестрге арналған «Айлы түн» шығармалары лирикаға толы сыршылдығымен ерекше. Ал ән жанрында Сәкен Сейфуллинның сөзіне жазылған  «Сарыарқа», Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сағынышым тек өзіңсің», Ғафу Қайырбековтың өлеңіне жазылған «Сұлу Көкше», Мариям Хакімжанованың сөзіне жазылған «Тобыл әні», Аманжол Шәмкеновтың өлеңіне жазылған «Қандай әсем туған жер», Шәміл Мұхамеджановтың өлеңіне жазылған «Менің далам», Мәдеш Ниязбековтың өлеңіне жазылған «Жүрек сыры», Нұрсұлтан Әлімқұловтың өлеңіне жазылған «Алғашқы әнім-арманым», Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған «Аққу жеткен», «Асқақтасын алып ән», «Аққуым оралдың ба айдыныңа», Тұманбай Молдағалиевтың өлеңіне жазылған «Аяулы мекенім», Еркеш Ибрагимның өлеңіне жазылған «Домбырашы құрбыма» әндері Қазақ телерадио желісінен әлденеше насихатталып, халықтық әуенге айналған ғажап туындылар.

          Композитор халқымыздың аяулы ұлдары, көрнекті қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар жайлы осындай бір сүбелі поэмалар жазсам деп жоспарлап жүрген. Сәкен жайлы баллада, оның өлеңіне ән жазған. Әлі де осы тақырыптарды жеріне жеткізіп зерттеп, ғұмыры мәңгілік шығармалар жазсам деп дайындалып жүргенде 70 жасында  Кенжебек Күмісбеков дүниеден өтті. Артында сүйген жары, екі ұлы қалды. Балалары жоғары білімді мамандар.

          Қарапайым қазақ ауылынан шығып, қазақ өнерінің шыңына шыққан белгілі композитор Кенжебек Күмісбековтың өмірі мен өнері жайлы жазылған деректер осындай.

Авторы-   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері    Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here