Қазақ радиосы дегенде есімізді еміс-еміс білгеннен төргі үйде тұратын сары радио еске түседі. Таң атқаннан түн ауғанға дейін сөйлеп тұратын бұл радио ән мен күйдің ордасы десе де болғандай еді. Көңілге қуаныш сыйлар небір дүниелерді тыңдағанда тамсанбасқа айла қалмайтын. Ол кезде көгілдір экран жоқ та еді. Бар қызығымыз, қызықтайтынымыз радио болатын.

          Әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев пен анам Кәмеш өздері де домбыраға қосылып ән салатын еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Біздің өнерге, әдебиетке құштар болуымыздың да басты себебі осы болса керек.

          Кешегі бұлбұл әншіміз Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Рахия Қойшыбаева, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Байғали Досымжанов, Ришад, Мүсілім Абдуллиндер, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің әндерін тыңдай-тыңдай жаттап та алатынбыз. Дәулескер күйшілердің жөні бір басқа. Осы өнер иелерінің ішінде орындау шеберлігі ерекше, адамның жан-дүниесін нұрландырып жіберетін жігерлі үнімен, саңқылдап шыққан дауысымен селк еткізетін Суат Әбусейітовтың орындаушылық ерекшелігі әсер ететін. Әсіресе Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін тыңдағанда, Алатау қандай болады екен деп қиялдап кететінмін. Әрине, әр әншінің шеберлікпен орындайтын әндері бар. Суат Әбусейітов дегенде халық әні «Үкілімай», «Сағындым Сарыарқаны», «Баянауыл баурайында» сынды әндер еске түседі.       

        Талай рет телеарнадан, радиодан көріп, естіп жүрген әншімен бір мекемеде қызмет ету – ол кезде түсімізге де кірмеген шығар…  Мен Қазақ радиосына қызметке орналасқанда баяғыда дауыстарын радиодан тыңдап өскен бірнеше әншілерді күнде көріп, амандасатын болдым. Олар концерт студиясында дайындалып, әндерін жазып жататын. Атап айтсам, Халық әртістері Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Зейнеп Қойшыбаева, ҚР еңбек сіңірген әртістер Венера Қармысова, Гүлвира Разиева, Люция Төлешовалар осы жерден жалақы, қаламақыларын алып, қолы боста музыка редакциясына келіп, әңгімелерін айтып отыратын. Небір композиторлар, орындаушылар біздің редакциямен тығыз байланыста еді.

          Суат Әбусейітов жер жәннаты, қазақтың мақтанышы – Баянауыл өлкесінің перзенті. Бұл өлкеден атақты Бұхар жырау, Малайсары, Жасыбай, Жанақ батырлар, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіптей ағартушы, философ-ақын, Жүсіпбек Аймауытов, Дихан Әбілов, Зейтін Ақышев, Зейін Шашкиндей жазушылар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұзафар Әлімбаевтай ақындар, Шәкен Аймановтай, Кәукен Кенжетаевтай халық әртістері, Жұмат Шаниндер қоғам қайраткері, белгілі режиссерлар шыққан қасиетті жердің топырағы да құнарлы болса керек.   Ал енді негізгі тақырыбымыз- Қазақстанның халық әртісі, телерадио ардагері Суат Әбусейітов жайлы тереңірек толғайтын болсақ, әншінің балалық шағынан бастағанымыз жөн сияқты.

          Суат елдің арасындағы әнші-күйшілерді естіп, әсіресе атақты Қали Байжановтың, әкесі Әуезбектің, анасының орындаған әндерін мұқият тыңдап, өнерге, ән-күйге құштар болып өсті. Ағасы Қуаттың да ықпалы зор еді. Суат Әбусейітов мектеп қабырғасында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән салатын. Алға қойған арман Алматыға жетелеп келді.

          Содан соғыс кезінде Алматыда киноактерларды дайындайтын мектеп ашылды. Ол кезде «Мосфильм» мен «Ленфильм» Алматыда болатын. Атақты режиссер Энштейн, т.б. өнер шеберлері сабақ беретін. Суат осы мектепке байқау арқылы оқуға қабылданды. Бұл мектепте Кеңестер одағы халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев, Қазақстанның халық әртісі Кененбай Қожабеков, Нұрмұқан Жантөрин,Зәмзәгүл Досановалармен бірге оқып, сахна шеберлігін меңгерді. Ал бітірген соң «Қазақфильмнің» бірнеше фильмдеріне киноға түсті. «Осында болған оқиға», «Біз осында тұрамыз», «Біздің дәрігер» сияқты фильмдерде шағын рольдерді ойнайды. «Шабандоз қыз» фильмінде Кененбай басты рольде ойнайды да, Суат фильмдегі әндерді орындайды. Жерлес ағасы Шәкен Айманов Суаттың өнерін бағалап, әрі қарай оқу керектігін баса айтып, консерваторияға өзі ертіп келеді. Консерваторияда академик-композитор Ахмет Жұбанов жас жігітті тыңдап көріп, «дауысың бар екен, киноны қой да әншілер дайындайтын факультетке оқуға түс» деп кеңес береді. Суат консерваторияда А.М. Кургановтың класына оқуға түсіп, 1949 жылы бітіріп шықты. Оқып жүргенде  Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев сынды жақсы әншілерден көп үйренді. Суат ұзақ күн дауыс қою, музыканың теориясы сияқты көптеген сабақтарды оқып, күнбе-күн дайындықтың, тыңдаудың арқасында шеберлігін шыңдады. Халық әндерін, халық композиторларының шығармаларын, классикалық шығармаларды, опералық жанрды осы консерватория қабырғасында зердесіне тоқыды. Халық әндеріне деген ықыласы ерекше болды. Сонау бір жылдары Естай ақын мен Мұзафар Әлімбаев, ағасы Қуат Әбусейітовтармен бірге Кереку жерін аралап жүрген кезінде халық әндерінің біразын Естай атасынан үйреніп еді. Кейін филология ғылымының докторы, ақын, өзі де әнші Тұрсынхан Әбдірахманова елден жинаған көп айтылмайтын 8 әннің нотасын бергенде қуанышын жасыра да алмаған еді.

    Суат Әуезбекұлы  консерватория бітірген соң  1949 — 55 жылдары “Қазақфильмде”, 1955 — 63 ж. Қазақ ән-би ансамблінде, 1963 жылдан 1992 жылға дейін Қазақ телевизиясы мен радиосының эстрадалық-симфониялық  оркестрінде әнші болды.

«Қазақфильм» киностудиясында бірнеше рольдерді сомдап, киноға түссе, Лидия Чернышеваның басқаруындағы Қазақ ән-би ансамблімен жылма жыл шетелге ән сапарымен барып, ел көрді, жер көрді, өнерімен қошеметке бөленді. Ол кез партия заманы, идеологияға аса мән берілетін.  Әншілердің бағдарламалары електен өтіп отыратын. Бұл ансамбльде Суат Әбусейітов консерваториядан алған білімін тәжірибе жүзінде шыңдап, дауыс мүмкіндігін ашты. Әр тілде ән айтуға машықтанды.

          Суат Әбусейітовтың композитор Нұрғиса Тілендиевпен достық, шығармашылық байланысы жайлы көзкөргендердің ішінен Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов былайша еске алады:

    – Суат пен Нұрғисаның достығы туыстықтан да қымбат еді. Рухани байланыс, шығармашылық түсініктері бір жерден қабысып жатқан өнер иелері ұзақ жылдар бір-бірін іздейтін сыйластық көңілде болды. Нұрғиса ағамыздың шығарған көп әндерінің тұсауын кесіп, алғаш халыққа жеткізген де  Суат Әбусейітов болды. Суаттың дауысына лайықтап, композитор небір патриоттық, отансүйгіштік, ыстық сезімге толы лирикалық әндерін бірінен кейін бірін шығара берді. Нұрағаңның көп әндерін орындаған Суат ағамыз еді. Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау»әні бірден тыңдаушының жүрегінен орын алды. Әсері де керемет еді. Бұл әнді мен орындағанда әлі күнге Суат ағамыздың деңгейінде орындалды ма?-деген сұрақ мазалайды,-дейді Нұрғали ағамыз.  Бұл ән жайлы Суат Әбусейітов «Қазіргі орындалып жүрген «Алатау» әні оныншы варианты шығар.Бұл композитор, ақын, әншінің достығынан туған туынды» деген еді.

          Қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрінде Суатпен бірге  Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова, Гүлвира Разиевалардың еңбек етті. Халыққа өнерімен танымал болды.

          Суат Әуезбекұлы көбіне Наталья Отаевамен көп әндерді алтын қорға жазған еді. Әншінің орындауындағы әндердің тақырыбы сан қилы. Ол халық әндерінен бастап, күрделі классикалық шығармаларға дейін шебер де әсерлі орындады. Лирик әнші еді. Әзілдесіп, әңгімелескенді ұнататын. Әзіл әндерді жанын кіргізіп орындайтын. Әр әннің мағынасына, ырғағына қарай ерекше сезім беріп орындағанда тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын.

          Қазақ радиосындағы концерттік студияда режиссерлар Меркен Баятақов пен Владислав Бырдинның жазған таспаларын ұнататын. Олар артық дыбысты, қателіктерді әсте жібермей қадағалап отыратын.

          Бағдарламасында халық әндері, халық композиторларының әндерімен қоса Абай әндері, Қазақстан композиторлары мен бірнеше тілдегі әндері бар әнші Суат Әбусейітов Қазақ радиосының алтын қорына 419 ән жазып қалдырыпты. Әбусейітов әншілік өнерде өз орындаушылық мәнерін танытты. Оның орындауындағы халықтың  “Екі жирен” , “Жеңеше”, «Баянауыл», «Үкілімай», Естайдың «Құсни-Қорлан» әндері басқа әншіге ұқсамайтын бояу-нақышымен. ерекшелігімен есте қалды. Әбусейітовтің ән бағдарламасында Қазақстан композиторларының Сыдық Мұхамеджановтың “Тербеледі тың дала”, Нұрғиса Тілендиевтің “Алатау”, «Аралдағы жеңешай»әндері, Теміржан Базарбаевтың“Ауылым”, Әсет Бейсеуовтың «Теңгетай», Қуат Әбусейітовтың «Сағындым ақмаңдай», «Ертісім», «Туған жер», өзінің «Осынау нұрлы заманда», Мейрамбек Жанболатовтың «Сағындым Сарыарқаны» әнімен қоса орыс классиктері П.И. Чайковскийдің, Н.А. Римский-Корсаковтың романстары болды. Қайталанбас үні, болмысы, адамгершілік қасиеті бар әнші өмірге келгендегі адами борышын адал атқарған, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан сахна саңлағы, ел еркесі еді…

      Қазақстанның халық әртісі Суат Әбусейітов кинофильмдерге түсіп, көптеген фильмдерді дыбыстандыруға, дубляж жасауға қатысты. Қазақ әдебиеті мен өнерінің үш рет он күндігіне (Москва 1958ж., Ереван 1968ж., Ташкент 1971ж.) қатысты. «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған. Бүкілодақтық және Дүние жүзі жастары мен студенттері фестивалының лауреаты. Есімі Павлодардағы өнер мектебіне берілген.

Авторы-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері     Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here