Келіс Рахымжан, ф.ғ.к.

 

                Тарихи роман жолы

М.Әуезовтің жазушылық жолындағы әрбір шығармасы құнды. Қазақ әдебиетіндегі ең қадірлі, рухани жағынан бағасы дүниелер. Қаламгердің кең пішінді, мол таланты алғаш осы шағын көлемді әңгімелерінде, үлкен повестерінде, ірі тартысты тарихи драмаларында көрінді. Алайда шағын жанрдағы шығармалардың қысқалығы мен көлемнің шектеуі кей тұста кең көсілуге мүмкіндік бермей шиеленісті оқиғалар, кейіпкердің ірі характері шығармаға сыймай, бұдан да кең көлемге сұранып, шағын  көлемге тарлық етіп тұрғандай әсер қалдырады.

1927-жылы «Әдебиет тарихы» оқулығын жазуға дайындық үстінде қаламгер бұрынғы әдебиет үлгілерінен көптеген материалдар жинайды. Сөйтіп, тарихи тақырыптағы «Хан Кене» драмасын жазды. Бұған жинаған материалдардың көптігі жазушыға енді Абылай хан туралы роман жазуға ой салады. Бірақ сол кездегі тарихи жағдай оған мойын бұрғызбайды. Осылайша, Абай тақырыбына ден қойған жазушы 1930-жылдардың екінші жартысынан бастап осы тақырыпқа біржола тереңдеп, шындап айналыса бастайды.

«Занимаясь со студенческих лет изучением жизни и творчества классика казахской поэзии Абая Кунанбаева, написал в 1927 г. его полную биографию и подготовил к печати первое полное собрание его сочинений. Этот том был издан в 1933 г. как одна из первых книг классической художественной литературы на казахском, латинизированном алфавите»,–деп жазды кейін қаламгер бұл жайында. (Мұхтар Әуезов Өнегелі өмір.–Алматы: Қазақ университеті, 2017, Арнаулы шығарылым.–375 б.)

Жазушының Абай тақырыбын таңдап ол жайында роман жазуына өзінің де осы елде туып-өсуі, бұл өңір тарихын егжей-тегжейлі білу себеп болды. Оның үстіне Абай заманы жазушыға Абылай заманына қарағанда жақынырақ тұр. Қазақ әдебиеті тарихын жетік білген жазушы елдің ертедегі Алтын Орда дәуіріндегі әдеби жәдігерлермен де мол танысады.

«Сол тарихшылардың кейбірі көрсетіп отырған дәуірлерге қарасақ, қазақтың ескі рулары, Шыңғысхан заманынан бергі: түрік, моңғол тарихының барлық дәуіріне түгел кіріп, толық араласып отырған. Кейінгі Жәнібек, Керей, Қасым, Ақнияз хандардың тұсында қазақ бірігіп жасаған рулар, ескі уақытта, әлгідей Қазан хандығы, ноғайлы, өзбек бірлігінің бәріне де кіріп, бірталай өмір жасап шыққан»,–дейді жазушы. (М.Әуезов, Шығармалар. 4-том. 14-б.)

Көріп отырғанымыздай қай дәуірде қандай әдеби жәдігерге қазақтың  қатысы бар деген сұраққа қаламгер үнемі жауап іздеп табады. Абайдың шығыс әдебиеті жөніндегі ізденістерін қарастыра келе жазушы орта ғасырлық тарихқа да терең бойлайды. Осылайша өзі айтып өткендей Абай сусындаған шығыс, батыс, қазақ әдебиетінің ескі дәуірі, кейінгі орыс әдебиеті жөнінде де құнды зерттеулер жүргізеді. Бұл еңбектерді кейін Абай жайлы монографиясына тарау ретінде пайдаланады.

Бұл зерттеулерді М.Әуезов ғалым, әдебиет тарихын зерттеуші ретінде жүргізсе, «Абай» романына жазғанда суреткер өзінің білген материалдарын барынша көркемдік тұрғыдан, психологиялық шеберлікпен, әдеби жағынан қызғылықты тілмен әсерлі етіп қолданады.

«Абай жолы» тарихи роман. Ол қазақ тарихы шектеліп көмескіленген, кейін ысырылған дәуірде жазылды. 1940-жылдар кеңестік дәуірдің әбден күшіне енген кезі. Кеңестік мектепте қысқартып, бұрмалап оқытылу себепті ескі уақыттың әңгімелерін ұмытыла бастады. Жас ұрпаққа ескі әдебиет үлгілері мен тарихи шығармалар ауадай қажет болу себепті жазушы осы қадамға көп дайындық жасай отырып кіріседі. Белгілі ғалым Қаныш Сәтпаев кітап жарық көрісімен бұл романды:

«Қазақ өмірінің энциклопедиясы»,–деп бағалады. (Біздің Мұхтар. «Жазушы» баспасы. Алматы–1976.) 15 жылдан артық уақытқа созылған жемісті еңбектің нүктесі қойылған соң да жазушы бұл тақырыпты кейін ысырып қалдырып қоймаған. Романды орыс тіліне аудартып, шетел тілдерінде таралуына күш салды. Орыс тіліне әр тарауды жолма-жол аудара отырып, оған ең озық деген ондаған аудармашыларды қатыстырады. Бірнеше жыл бойы орыс тіліндегі баспасөзінде әрбір тарауы біткен бойында жарияланып тұрды. Шет тілдеріне де кітап осы орыс тіліндегі аудармасы арқылы жол тапты.

«Абай жолы» романы қазақ әдебиетін бұрынғы кеңес елдері көлеміне ғана емес біртіндеп әлем халықтарының тілдеріне таныстыруымен құнды. Көркем шығарма өте зор бағаға ие болып, жазушы бұрынғы Одақ көлемінде әдебиет пен өнерге сіңірген еңбегі үшін ең жоғарғы Лениндік сыйлыққа ие болды. 

 Сол кезден бері әйгілі романның қызықты сапары даңқты әрі бақытты жолаушының дүниеге таң қала қараған, өз сырын әйгілей отырып, әлемді сүйсіндірген айрықша көзқарасы тәрізді әлі күнге жалғасып келеді. Романның құндылығы оның халық өміріне арналуында. Ақынның балалық шағынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі мерзімді қамтыған сан тарау оқиғалар шығармада халықтың басынан өткен қилы дәуірмен сабақтасып жатты.

Романды өз уақытының оқырманы қалай қызыға оқығаны, таңқала, сүйсіне қабылдағаны жайында сол уақыт естелігі баспасөзде небір деректер келтіреді. Сол алғашқы қабылдау қандай әсерлі, қызғылықты болса, содан кейінгі әрбір жас ұрпақ өкілдерінің шығармаға деген қызығушылығы, ыстық ықыласы бәсеңдемеген. Оған әр ұрпақ өзінше ден қойып, пікірін білдіреді. Романды кім оқыса да көкейден кетпей тұратын жалғыз сұрақ алдан шығады. «Бұл романды жазушы қалай жазды?»,–деген сауал жазушыға жиі қойылды. Оған арналған көптеген ғалым, зерттеушілердің мақалаларына қарамастан оқырманнан алған көптеген хаттардан кейін жазушы 1959-жылы «Как я работал над романами «Абай» и «ПутьАбая» деген мақала жазды. Мұнда жазушының бар сыры, шығармашылық шындығы, кітап жазу үстіндегі көңіл күйі толық айтылып қағазға түсті.  

Абай шығармалары оқырманда қалай сүйсіндіріп, өзіне баурап, таң қалдырып отырса, ұлы ақын жайындағы роман да осындай ыстық ықыласқа бөленді. Роман кейіпкерінің ақындық жолы, азаматтық жарқын істері, күрескерлік тұлғасы, кешкен сезімі мен тіршілік дүниесінен тартқан бейнеті, тауқыметі мен азабы жан тебірентерлік махаббатқа толы. Мұндай алапат сезім күші мен халық өмірінің қайсар күрескерлік сипаты оқырманға күйкі тіршілікті ұмыттырып, әрдайым биік, жарқын ойларға жетелейді. 

Романды бағалау барысында М.Әуезовтей ұлы жазушының даңқты талантына бас ие сүйсініп жазған мақалалар баспасөз бетінде көпке дейін толастамады. Оған сын мақалалар арнаған партиялық баспасөз өкілдері де қарап қалмады. Кеңестік жылдарда атағы шартарапқа тарай бастаған Абай тұлғасы әйгілі романның кеңірек таралып, оған деген қызығушылықтың арта түсуіне ықпал етті.

«Абай жолы» романы халық тарихының көркем шежіресі. Оған  батыстың небір даңқты жазушылары 20-ғасырдың ұлы романдарының бірі деген баға берді. Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдарда да М.Әуезов романына деген қызығушылық азайған емес. 1997-жылы жазушының 50-томдық толық жинағының басылып шыға бастауы оның барша еңбегінің бағасын арттыра түсті. Ұлы жазушының ақын туралы романы жас ұрпақты қазақ халқының бай әдебиеті мен өнерін, салты мен дәстүрін, ерлік пен даңққа толы тарихын құрметтеуге үйретеді.

Сөз соңында, кезінде халық тарихын жазуға мұрша бермеген себептер М.Әуезовтей ұлы жазушыға да өткенге деген құрметін жеткізуге мүмкіндік бермегенін айта кетуіміз керек. Абай жайындағы роман беттерін оқи отырып, қазақтың бай фольклоры мен батырлар жырының тамаша оқиға сілемдері, тарихи жырлардағы шеберлік мектептері жазушыға қандай шабыт бергенін сезінудің өзі ғанибет. Қазақ тарихының бұрынғы шежіресіндегі орта ғасырлық жазушылардың еңбектеріндегі асылдарды әйгілеп мақала жазуды жазушы басқа жолға шегерді. Өйткені Қ.Халид, З.Бабыр, М.Х.Дулати, Қ.Жалайыр сияқты бұрынғы тарихшылар еңбегі жазушы дүниетанымына әсер етпей қалмады. Бірақ ол жайында анықтап ашық айтуға түрлі шектеулер, тыйымдар қолбайлау болды.

Абай романын жазуда жазушы орыс, шетел әдебиеті үлгілерінен үйренген көп жаңалықтарын әйгілеп өз мақаласында атап көрсетті. Басқа халықтар әдебиеті тәжірибесін алға ұстай отырып, ұлттық әдебиеттегі сапалы қазыналар мен дәстүрлерге сүйенген қаламгер мазмұны жағынан мүлде жаңа сипаттағы, көлемді тарихи романды дүниеге әкелді. Оның бұрын елеусіз болып келген ұлттық сипаты, егемендік алған кезде сезіне бастаған жаңалықтары роман беттерін парақтағанда  уақыт бедерімен жаңаша тыныстап, айрықша көрініс беріп отырады.  

                                                                                                      27.09.2020

     

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here