Мақсұтбек Майшекин

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, СССР-дың құрметті радисі, Қазақ радиосының ардагері

                                                 /1897-1971/

Мақсұтбек 1897 жылдың қаңтарында Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданына қарасты Қарадоңғал ауылында дүниеге келген. Әкесі Майшеке орта шаруа адамы екен. Мақсұтбектің өнерге бейімделуіне атасы Омар қатты әсер етіпті. Омар атасы той-думанның көркі, жастарды ән-күйге баулыған көкірегі ояу, көзі ашық адам екен. Мақсұтбек жасында Естай, Майра, Әмірені көріп, өнерін тамашалап, әндерін үйреніп, көңіл көкжиегін кеңітті. Қали, Қосымжан, Манарбек пен Жүсіпбектің әндері оны өнерге қанат қақтырды.

Мақсұтбек Майшекин 1920 – 1941 жылдар кеңес мекемелерінде түрлі қызметте еңбек еткенімен, шығармашылық жолы 1941 жылдан басталды.

Ол кісі 1941 – 1962 жылдар Қазақ радиосының редакторы, кейін Музыка редакциясында редактор, Бас редактор қызметтерін атқарды. Мақсұтбек Майшекин  Қазақ радиосында еңбек етіп жүргенде академик Ахмет Жұбанов екеуі музыка редакциясын құруға көп еңбек сіңірді. Әрі қазақ әндерінің жоқшысы, қорғаны бола білді…Осы кезде шығармашылыққа ден қойып, халық композиторлары мен халықтың арасынан шыққан әнші-күйшілерді радионың әуе толқынынан насихаттады. Музыкалық-танымдық хабарлары әуе толқынынан лек-легімен өтіп жатты. Халық композиторлары Ақан, Біржан, Мұхит, Абай, Майра, Әсет,  Естай, Тәттімбет, Ықылас,әншілер Қали, Байғабыл, Рахия, Игібай, Жүсекең, Ғарекең, күйшілер Әбікен, Жаппастар жайлы радиохабар ұйымдастырып, оны жинақтарына енгізді. 

          Көптеген халық әндерінің сөзін қайта жазды. Біржанның «Ләйлім», «Жонып алды» әндеріне өң берді. Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу», «Күнде өтемін терезеңнің алдынан», Садық Кәрімбаевтың «Біздің  ән» әндерінің мәтіні жазған Мақсұтхан Майшекин болатын.

Мөлдіреп қана отыратын Мақсұтбек Шәмші мен Ильяға іш тартатын. Ол кезде Қалдаяқов пен Жақановтың әндерін Роза Бағланова, Рахия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Майра Жүрсінова, Сәжида Ахметова, Күләш Қасабекова, Гүлсара Нұрмағамбетова орындайтын.Шәмші мен Ильяны қанаттандырған, Қазақ радиосы арқылы эфирге шығарған Мақсұтбек Майшекин еді…Сол жайында композитор Илья Жақанов бір естелігінде: Осы кездерде «Салтанат», «Ақ қайың» әндерімді КазГУ-дің әншілері мен хоры радиоға жаздырды. Оған өзіммен бірге оқитын жан досым Өмірзақ Айтбаев жетекшілік етті. Өмірзақтың дәстүрлі әнші екендігін Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебековтің мойындаған кезі. Өмірзақтың басқаруымен «Ақ қайың» әнін хор орындап, ол, тіпті, Москва радиосынан да берілді. 1958 жылдың ерте көктемінде бұл екі әнді радио қабылдап алды. Бұл ретте Шәмші екеумізді өбектеп, ерекше жақсы көрген музыка редакциясының аға редакторы Мақсұтбек Майшекиннің қамқорлығын еш уақытта ұмыта алмаймын,-деген еді.

     «Жақсыдан шарапат» демекші, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың да Мақсұтбек Майшекин жайлы жылы еске алған кезі бар: – Есіме бір ағамыз түсті. Есімі – Мақсұтбек Майшекин. Көркемөнерпаздардың республикалық байқауында танысқан болатынбыз. Радиода қызмет істейді екен. Шамасы дауысым ұнаған болуы керек. «Қарағым, егер ән айтқың келсе, маған хабарлас. Міне, мынау менің телефоным» деп нөмірін қалдырды. Салып ұрып сол кісіге жетіп бардым. Сөйтіп, радиодан ән айта бастадым,- деп еді апай.

          Міне, осы сияқты жаңадан жарқырап шығып келе жатқан өнерлі жастарға ағасындай қамқор болып, жылы жүрекпен ақыл-кеңесін аямаған, қазақ өнерінің жанашыры, халықтық өнерді біздерге жеткізген екі ғасырдың алтын көпірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, СССР-дың құрметті радисі, Қазақ радиосының ардагері, белгілі журналист әрі ақын Мақсұтбек Майшекин ағамыз осындай адам болған.

Еңбектері

“Жылдар жемісі” (1957), “Көркемөнер шеберлері” (1959), “Жүсіпбек Елебеков” (1964), “Жаяу Мұса” (1966), “Портреттер” (1969), “Қалибек Қуанышбаев” (1972) ,  «Мұрагерлер»  (1977) жинақтарының, 100-ге жуық ән мәтіндерінің (“Біздің ән”, “Шаттық әні”, “Жастар”, “Кең дала”, “Орденді Қазақстан”, “Тыңға сапар”, “Бәрінен де сен сұлу”, т.б.) авторы. Майшекин ұлттық музыкалық мәдениетін насихаттауға елеулі үлес қосқан ақын.

Авторы-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here