Ғасырлар қойнауынан көне заманның күмбіріндей бізге жеткен  домбыра үні тыңдаушының жүрек қылын шертіп,  әсемдік әлеміне жетелейді. Ата-бабадан қонған асыл қасиет ұрпағына қонса, сол киелі өнерді қастерлей ұстап, ел-жұртын ән  шарбатымен сусындату – арқалы әншінің ғана қолынан келмек.

      Аспандағы аққуға үн қосып, сал-серілер дәстүрін жалғастырған, тыңдасаң мейір қандырар асқақ әнді жанына серік етіп, өмірінің мәніне айналдырған өнер иелерінің бірі – Қызылжар өңірінің перзенті, белгілі  әнші және айтыс ақыны Игібай Әлібаев еді…

           Игібай бала кезінен ағасы Рамазанның домбыра тартқанына қызығатын. Ағасы ағаштан түйін түйген шебер болатын.

   Тоғыз жасынан қолына   домбыра ұстап, ән салған  өнерпаз Қылыш ақыннан бата алады. Осыдан бастап бала әнші осы өңірдегі ойын-сауықта өнерімен көзге түседі.  Ол ән салғанда аққұба балаң жүзінен нұр төгіліп, шабыттана шырқайтын. Ондайда отты көзі ерекше жайнап, зор даусымен ән тиегін ағыта беретін. Ауылдастары «бәрекелді, көп жаса, өнерің өрге жүзсін» деп ақ баталарын беріп, тағы да ән айтуын өтінетін.

           Орта бойлы, қалың бұйра шашты  талдырмаш жігіт ән шырқағанда тыңдаушы  бір серпіліп қалатын.

          Міне, аты алысқа жайылған жас жігіт жас жігіт сөз орайы келгенде жанынан өлең шығарып, кішігірім жиында ақындармен айтыса бастайды. Тумысынан бірбеткей де қайсар, сөзі алмас қылыштай өткір Игібай сөз өнеріне ерекше ден қоятын.

   Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты «Айтуар» аулында дүниеге келген  Игібай Әлібаевтың алғаш өнерге деген талпынысы осылай басталған.

             Киелі өнер Әлібайдың отбасында  ертеректе қонса керек. Ағайынды Әлібай мен Тәжібай өз кезінде атақты әнші Біржан салдың тәлім-тәрбие алған деседі.

             Жасынан ауыл молдасынан сабақ алған Игібай өмірдің мағынасы оқу мен білімде екенін  біліп, 1921 жылы Қызылжарда ашылған қазақ педагогикалық техникумына түсіп, төрт жылда ойдағыдай бітіріп шығады. Ол өмірінің қырық жылға жуық уақытын шәкірт  тәрбиесіне арнады, ұстаздық етті.

            Игібай Әлібаев 1925 жылы  Мәскеу мен Петербор қалаларында өткен қазақ өнерінің онкүндігіне  қатысады. Осы сапарда сахна шеберлері Серке Қожамқұлов, Қалибек  Қуанышбаев, Елубай  Өмірзақовтармен танысады. Ол кісілер жас жігіттің дарындылығын мойындап, шалқыған  әндерін тыңдап, Қазақтың академиялық драма театрына жұмысқа шақырады. Игібай біраз жыл осы театрда өнер көрсетіп, сахна сырын меңгереді.

            Ел басына ауыр күн туғанда Игібай замандастарымен бірге Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы ауыр жараланып елге оралады. Сол  жылдары Қызылжардағы облыстық  филармонияда көркемдік жетекші қызметін атқарып, халық өнерін дамытуға күш-жігерін жұмсайды.

               Баласы  Әлібайдың Игібаймын,

               Сайраған гүл бақшада бұлбұлдаймын.

               Домбыра қолымдағы жан серігім,

               Ән салсам жарқыраған жұлдыздаймын,- деп ақын жырлағандай, өз тұстастары Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Темірғали Қасенов, Уахит Темірбеков, Ахметжан Нұртазин және Біржан Берденов  сынды айтыс  ақындарымен сайысқа түседі. Алдына жан салмайтын арқалы ақын осындай үлкен жиындарда өзінің әнімен, сәнімен, мағыналы ойымен ерекше көзге түсіп, талай бәйгелерде жеңімпаз  атанады.

          Сегіз қырлы, бір сырлы Игібай Әлібайұлы өмір мектебінен өтіп, біртіндеп қалыптасқан ақын. Халық композиторлары  Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері мен Сегіз серінің әншілік  дәстүрін   ұстап, ел аралап өнер көрсеткен әнші бірде Біржан аулына атбасын бұрады. Өзінің киелі өнерімен тыңдаушысын тәнті еткен ол:

      Бұл ара туған жері ақын Біржан,

      Ұшырған жер-жаҺанға әнін қыран.

      Мен-дағы  сол серінің шәкіртімін,

      Жасымнан ұстаз тұтып жолын қуған,- деп,  жыр шумағын төгілте отырып Біржан әндеріне кезек береді. Сондағы айтқан әндерінің бірі – «Ақсеркеш» еді.

            Қазақ әдебиетінің алыбы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» атты жинағында Игібай Әлібаев жайлы: «Жүрген ортасын ән мен жырға бөлеген, кейінгі әншілерге үлгі болған қыз мінезді Игібайды халық мұғалімінен гөрі әншіміз деп шын көңілден құрмет тұтады» деген екен. Шынында аса шабытпен құбылта  шырқаған әсем ән тыңдаушысының өн бойына күш-қуат беріп, мұңын тарқатып, жүрегіне қуаныш ұялататыны мәлім. Осындай әсерлі әнге жанынан шығарған ойлы әндері мен толғаулар қосылса, ұйып тыңдайтын өнер  осы болар.

    Игібай Әлібаев ел аралап Қызылжар, Көкшетау,   Атбасар, Қарағанды, Қарқаралы, Кереку, Өскемен және Жетісу жерлерінде өнер көрсетеді.

  «Алатау», «Алтайға», «Марқакөл», «Зайсан», «Ертіс әні», «Көкшемен сырласқанда» өлеңдері осының айғағы.

      Ақын «Ертіс» өлеңінде:

      Жағалап келдім, міне, мен Ертісті,

      Ертісім өзен екен ерен күшті.

      Көргенде көтеріліп ән шырқап ем,

      Аңқылдап толқындары ере түсті.

      Ән салған Ертісті өрлеп Естай ақын,

      Тұра алам жырға қалай қоспай атын,

      Дамыл ғып домбырамды көтерейін,

      Қырандай көкке жайған қос қанатын, – деп қарт Ертіспен сырласады.

            Игібай ақын Шығыс Қазақстан облысы мен Кереку жерін аралап, халықпен қауышады. Халық композиторлары Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырайдың өнері мен өмірі жайлы әңгімелей отырып әндерін насихаттайды.

             Игібай ақынның «Айтуар» атты поэмасы туған жерге деген ерекше құрметтен туындаған шығарма. Ал «Біржан аулында», «Қош бол жастық», «Марқакөл» жырлары ел аралаған кездегі әсерден туса керек.

            Ақынның Ұлы  Отан соғысының ардагері Ысқақ Ыбырайұлының ерлігіне арнап шығарған «Батырға», Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мархаба Иманқұловаға арнап жазған «Биші қыз» өлеңдері өз кезінде оқырмандардан баға алған туындылар.

            1970 жылдары белгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақанов Игібайды арнайы шақырып, Қазақ радиосының алтын қорына әндерін жаздырды. Әнші шау тартып қалғанына қарамастан  үнтаспаға  тоғыз  ән жаздырып қалдырған екен. Сол кезде әншілер көп біле бермейтін Ақансерінің «Жамал қыз», «Ақтоқты», Үкілі Ыбырайдың «Шалқыма», «Қызыл асық», Біржанның «Ақсеркеш», «12 взвод», Шыныбайдың «Аңшы» және халықтың «Жастық», «Қазақстан» әндерін жаздырған. Кейін бұл әндерден біразын Қайрат Байбосынов сахнада орындады әрі шәкірттеріне үйретті.

            Игібай атамыздың өнерін сөз еткелі отырғанымның тағы бір себебі –  мен бұл кісіні бала кезімнен көріп, әнін естіп өскенмін. Көрші «Қоскөл» аулы бізідң «Ортақкөл» аулынан үш шақырым жерде орналасқан. Осы ауылда Игібай ақын тұратын. Ол кісі біздің ауылға жиі келетін. Әсіресе, әкем жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевпен екеуінің достығы ерекше еді.

    Біздің үйге Игібай келді десе, ауыл адамдары жиналып қалатын. Қоңыр домбырасымен ойлы әуендерді тарта отырып ән бастайтын. Қыза-қыза Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығына» келіп тоқтайтын. Бұл әнді  Игібай мың құбылтып ерекше сезіммен орындаушы еді. Тыңдаушы жүзіне қан жүгіріп, осы бір әсерлі әннен, орындаушының сезім қылын шертетін әсерлі үнінен ерекше күш-қуат алатын. Екпіндете орындалған ән ауыл адамдарының көңілін жадырататын. Әзілден құрылған әдемі әнді кімде болса әркез тыңдауға құштар еді.

            Игібай ақын 1936 жылы Мәскеуден шығатын күйтабаққа Сегізсерінің «Қарғаш», Мәдидің «Қаракесек» және Мұхиттың «Айнамкөз» әндерін жазған екен. Өкінішке орай алтын қорымызда бұл әндер жоқ.

            Ән дәстүрін жалғастырып, өнер шырағын келешекке аманат етіп етіп қалдырған сал-серілердің соңғы тұяғы, Игібай Әлібаев туған халқына адал қызмет еткен сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі еді.  «Ер есімі ел есінде» демекші, бәріміз арқалы ақын әрі тамаша ақын, ұлағатты ұстаз Игібай Әлібаевтың қоңыр дауысы әлі құлағымда.

Алтын Иманбаева-

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here