Зейнел-Ғаби Иманбаев                        

Балалар балақтарын түрініп, жуа теруге шықты. Жақында ғана тасқын жүріп өткен кең алқада су тартылып, әр жерде қақтар жылтырап жатқан. Күн көзі сай-салалы, тоғайлы өлкенің үстімен биікке көтеріліп барады. Балалар шылқылдақта балбырап өскен жуаны қуана теріп жүр.

– Алақай, мен жұмыртқа тауып алдым! – деді Жәния деген қыз бала айғайлап. Барлығы солай қарай жүгірді. Жәния томаршаның үстінен алған сопақтау көгілдір жұмыртқаны қолына ұстап, күліп тұр. Балалардың барлығы жып-жылы жұмыртқаны ұстап көріп, тамашалады. Барылдауық                       үйрек ұзап кетпей, төңіректеп жүр.

– Жәния, жұмыртқаны орнына сал, – деп ақыл айтты бір бала.

– Неге?

–    Көктемде құстың  ұясын бұзуға болмайды. Құс өспей қалады.

– Жоқ, мен оны үйдегі үйрекке бастырып өсірем! – деді Жәния жұмыртқаны артына жасырып.

Жәнияның үйінің үлкен қоңыр үйрегі балапан басуға қамданып жүрген. Мына жұмыртқа кішіректеу болса да, үйрек жатсынбады. Белгісіз жылжып күндер мен түндер өтті. Бір күні ұядан әлсіз шиқыл естілді. Сарыүрпек шөжелер дүниеге келді. Түз үйрегінің балапаны қоңыр жағал екен. Ана үйрек үшін бөтендігі жоқ болатын. Барлығын жылы қанатының астына алды.

– Енді біздің үйде түздің үйрегі өсетін болды! – деп қуанды Жәния. Балапанға «Барылдауық» деп ат қойды,  онымен достасып кетті.

Күз келді. Алғашқы сілбі қар түскен күні Барылдауық аспанда тізіле ұшқан көп үйректерге қарап, қатты-қатты дауыстап жіберді де, жеңіл көтеріліп ұша жөнелді.

Ол аспанға қарай өрлей түсіп, қанаттары суылдап, үй төбесін жайқап өтті. Сөйтті де түз үйректерінің соңынан ұшып,  ұзай берді.

Жәния   бақырып жылап тұр.

– Үйрегің көктем туысымен қайта келеді! – деп, анасы оны жұбатумен болды.

 

      

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here